Педагогические науки / 5. Современные методы преподавания

М.ғ.д. Тебенова Қ.С., Дахбай Б.Д., Қасымбекова Д.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Психикалық дамуы тежелген балалардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру мәселесі туралы

 

Қазіргі таңдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу мен оқыту – күрделі әлеуметтік және педагогикалық мәселе болып табылады. Бұл  мәселелер осындай балаларды мүмкіншіліктеріне қарай, қоғамдық өмірге пайдалы, белсеңді, өз беттерінше өмір сүре алатындай дайындау мақсатындағы  негізгі сұрақтарды шешуге көмектеседі. Іс-әрекет – жеке адамның негізгі әлеуметтік қызметі, сондықтан осы ғылымды жан-жақты зерттеу кеміс балалардың әлеуметтік бейімделуіне, жүйе мөлшерлерін, қоғамның мәнділігін және ережелерін саналы түрде меңгеруге, өмір жағдайы мен еңбекке баулуларына, бейімделулеріне септігін тигізеді. Дамудағы кемістік, яғни, физикалық, немесе психикалық жетіспеушілік, баланың қалыпты дамуындағы бұзылулар тек қана жағымсыз белгілердің болуын білдірмейді.

Өмір сүріп жатқан қоғам ішіндегі әрбір тұлға әрине оны қоршаған ортадағы барлық өзгерістер мен ерекшеліктермен жүздеседі. Осы әлем бетіндегі әрбір өзгерістерге немесе әрекеттерге сүйене отырып, өз бойындағы көз-қарастарды қолдана жұмыс жасайды немесе оларға қарсылық білдіреді. Әрине жағымды және жағымсыз кенеттен болатын әрбір жағдайларға немесе құбылыстарға әр адам өз бетінше қобалжып, абыржуы мүмкін. Өмір талаптарына сай дені сау адамдардың өзі психологиялық көз-қарастар негізінде эмоционалдық ерік-жігер мінез-құлықтарына қарсы тұра алмайды, ал салыстырмалы түрде мүмкіндігі шектеулі адамдар, оның ішінде балалар қауымы бұл мәселелерді екі есе терең  қабылдайды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін үлкен қиыншылықтар жиі болып тұрады. Осыған орай, қазіргі білім беру салалары алдында қоғамдық бейімділігі бар, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, қарым-қатынас жасай білетін жастарды жаңа әлеуметтік құзырлық парадигмасы негізінде қалыптастыруды міндеттейді. Сондықтан жастардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру бүгінгі таңдағы педагогика ғылымының ең көкейкесті мәселесі болып отыр.

Балалардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастырудың негізгі бағыты – оларды бүгінгі қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, өз еркімен шешім қабылдай алатын жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Жасөспірімдердің әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру мен дамыту бағытында мектептегі оқу-тәрбие үрдісінің маңызы өте зор. Бұл жағдайда тәрбиені оқушылардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру мақсатына бағыттау қажеттігі айқындала түседі. «Әлеуметтік құзырлық» деген ұғымның этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенді негізге ала отырып, алға қойған міндеттерді шешу барысында осы ой басшылыққа алынған. Мәселен, философиялық сөздікте әлеуметтік құзырлыққа «қайталанбайтын, тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деген анықтама берілсе, педагог И.Я. Лернер: «адамның іс-әрекеті әлеуметтік мағынаға ие болу үшін білімі, оны жүзеге асыру тәжірибесі ғана емес, әлеуметтік құзырлы тәжірибесі де керек» - деп тұжырымдайды. Демек, әлеуметтік құзырлық – білім, білік, дағдыны жаңа жағдайға тасымалдай білуді, объектінің жаңа қызметін көре білуді, жаңа шешім табуды белгілейді. Әр адам өзінің «Менін» сезінуге, толықтыруға, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзінің әлеуметтік құзырлығын қалыптастыруда белсенділік танытуға ұмтылады. Әлеуметтік құзырлық – адам ойлауының және өзбетінше әрекетінің жоғарғы формасы бола тұра, бұл мәселе қоғамның өрлеуі мен тоқырауының көрсеткіші деп айтуға болады [1].

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту және тәрбиелеудің негізгі міндеттерінің қатарында бала тұлғасын толық қалыптастыру, әлеуметтік компетенциясын немесе құзыреттілігін жоғарлату (басқа біреумен қауышуы, коммуникативтік қабілеттілігі, соқтығыстардың менеджменті ретінде), танымдық әрекеттерінің дамуы, оларды қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде ортаға қосу мәселелері қарастырылады. Осы шаралар дефектология саласының педагогтары мен әлеуметтік педагогтар шешуге құқылы. Маллер А.Р «Дефектология» баспасында былай деп атап көрсеткен: «Арнайы түзету мекемелеріндегі әлеуметтік педагогтың іс-әрекеті келесі бағыттарды қамтуы керек: диагностикалық болжау; түзете білім беру мен әлеуметтік-мәдени; функционалды-ұйымдастырушылық; құқықтық бағыттар» [2, 3].

Түзете білім беру мен әлеуметтік-мәдени бағыттың мәні ол әлеуметтік, ұлттық, мәдени және басқа да кедергілер оқыту процесін қиындатқан жағдайда көмек көрсету ретінде көрініс табады. Сонымен қатар мұнда педагогикалық ұжыммен, әсіресе, жас мамандармен кеңес беру жұмысы жүзеге асырылады.

Түзету мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық көмек қызметі төмендегідей принциптердің негізінде құрылады: жұмыстағы объективтілік, шешім қабылдаудағы тәуелсіздік, жеке ықпал ету, гуманизм, адам тұлғасының құндылықтарындағы принциптер т.б. Психикалық дамуы тежелген балалар өздерінің даму деңгейіне орай арнайы әлеуметтік талаптарды қажет етеді, әлеуметтік-эмоционалдық, дене жағдайы, ақыл-ой дамуымен байланысты күрделі мәселелерін шешуін және сәтті түрде әлеуметтенуін, жан-жақты қолдауды талап етеді. Әрине, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу барысында шешімін таппаған мәселер жеткілікті. Соның алдын алу жолдарын анықтау үшін тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асырылуы керек. Егер әлеуметтік педагогикалық үрдісте дамуында ақаулары бар балаға алғашқы сәттерде көмек беру үшін оның отбасын, ол өмір сүріп отырған ортасын зерттеп, талдай алсақ, онда баланы өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаға араластыру, бейімдеу, әлеуметтендіру мәселелеріне белсенді қатыстыру мүмкіндігі туады. Тек осы жағдайда ғана әлеуметтік педагогикалық үрдісін дұрыс ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік кедергілерге қарсы тұра алатын, білімді, мәдениетті, еңбекқор жеке тұлғаны қалыптастыру мүмкін болар еді. Бұл қасиеттерді бала бойына дарыту үшін мүмкіншілігі шектеулі балалардың психологиясын терең, жетік меңгеру керек. Әлеуметтік бейімдеудегі, тәрбиелеудегі кемшіліктерді жеңу үшін ата- аналар мен бірігіп арнайы түзету жұмыстарын ұйымдастыру қажет және оны неғұрлым ерте бастаса соғұрлым әлеуметтік бейімделуде нәтижелі болады.

Психикалық дамуы тежелген оқушылар өздерінің эмоционалды ерік жігерінің әлсіздігінен қиын мәселені шешуге жол табуда қатты қиналады, ісінің мүдделігін жоғалтады. Осыған байланысты балалардың белсенділік, жұмыс істеу қабілет деңгейі құбылмалы, өзгермелі. Олар сабақта 12-15 минуттан артық жұмыс істеуге қабілетсіз, оқушылар қатты шаршайды, белсенділік пен зейінділік күрт төмендеп, енжарлық, салғырттық пайда болады. оқушылардың іс-әрекетінде ойланбаушылық пен импульсивтілік басым болып, ол содан жұмыстан бас тартуға немесе күйгелектеніп ашулануға апарады.

Психикалық дамуы тежелген оқушыларда үлкендермен және балалар ұжымымен қарым-қатынас жасау қажеттілігі төмен. Көбінде өздері бағынатын үлкендермен, яғни ата-ана, мұғалімдермен қарым-қатынас жасауда үлкен алаңдаушылық, қорқыныш кездеседі. Сондықтан да олар өз іс-әрекеттеріне немесе тапсырма орындау барысында үлкендерден көмек сұраудың орнына жұмысын аяқсыз тастай салуы мүмкін. Үлкендердің «жарайсың» деген көтермелеуіне ие болуға талпынбайды.

Дефектолог З. Тржесоглова бұл категориядағы оқушылардың эмоционалды ерік-жігерінің әлсіздігін дәлелдейді, яғни өз іс әрекетін басқара білмейді, тәртібінің агрессиялығы, балалар ұжымына бейімделудегі кездесетін қиындықтар, өз серіктерімен бірден ортақ тіл табысып кете алмауы, өзіне деген сенімсіздік, шыдамсыздық пен көңіл-күйінің аумалы төкпелілігі, қорқыныш сезімі, үнемі біреулерге еліктеуіш – мұның барлығы психикалық дамуы тежелген оқушылардың ерік-жігерінің әлсіздігінің айғағы.

М. Вагренова мына жайтты анықтап көрсетеді, оқушылардың көбі өз ата-аналарының дегеніне қарсылық туғызады, кері реакция жасайды, қоғамдағы өзінің әлеуметтік рөлі мен орнын түсінбейді. Жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастың маңызды екендігін сезінбейді. Зерттеулерден шығатын қорытынды бұл балалардың әлеуметтік тұлға ретінде өсіп жетілмегендігі болып табылады.

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың келесі бір диагностикалық белгілерінің бірі – ойын әрекетінің қалыптаспағандығы. Балаларда сюжетті-рөлді ойындар ойнауда қажет компоненттер қалыптаспаған: ойынның сюжеті тұрмыстық тақырыптан ары аспайды. Ойынның мазмұны да, қарым-қатынас түрлері де, іс әрекеттері де тұрмыстық деңгейде. Ойындағы рөлдер жұпыны, шағын ғана уақытқа сай және аз ойнаушы тобына арналған. Ойындағы адамгершілік нормалары мен қарым-қатынастардың әдептілік ережелерінің шеңбері өте тар, сондықтан да ойынның мазмұны жұпыны, қызықсыз. Ойында бұл балалардың шығармашылық қабілеттерінің жоқтығы мен қиял шеңберінің тарлығы айқын байқалады. Ал ойынның шарты мен ережесі сәл күрделене бастаса, ойын бұзылады. Ойынға мән-мағына беретін жаңа бір әрекеттер ойлап табу немесе ойыншықтарды дұрыс пайдалана біліп ойынды қыздыруға түрткі болатын себептердің жоқтығы байқалады [4, 5].

Бұл аталған қиындықтардың негізі ең алдымен бейнелі іс-әрекеттің жұпынылығы: топтау және талдау қабілеттерінің төмендігі, өмірдегі іс тәжірибенің аздығы, мағлұматтарының кемдігі, іс әрекеттеріндегі эмоционалдық бояулардың, қызығушылықтың аздығы болып табылады.

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың тіл ерекшеліктері де орын алады, осы сөйлеу ақаулары аталмыш балалардың қарым-қатынасына, әлеуметтік коммуникациясына кері әсер тигізеді. Н. А. Никашина, Н. А. Цыпина, С. Г. Шевченко, У. В. Ульенкова сияқты дефектологтар қатарының психологиялық-педагогикалық зерттеулерінде мынандай жайттар анықтылды, яғни бұл балалардың сөздік қоры шектеулі, ұғымдары мен алған мағлұматтары аз, практикалық топтауларының деңгейі төмен, көптеген сөздердің мағынасын түсінбейді және сөйлеуде қолдана алмайды, өз істерін сөз арқылы толық ұғындыра алмайды [1, 2]. Мәтіннің тілін ұғынбайды, ішкі сөйлеу қабілеті кеш жетіледі де, өз ойын жүйелі, анық жеткізуге қабілетсіз. Ойын бейнелі түрде баяндауға сөздік қоры жетпей, қолын сермеп әр түрлі ым-ишараларды қабат қолданады, сөйлеу тілі жас шамасы өзінен кіші балалармен деңгейлес. Тіл жұпыны, бейнелі тіркестерді мүлдем қолданбайды, кейде олардың мағынасын өзі де түсінбейді. Е.В. Мальцеваның айтуынша, бұл балалардың көпшілігінде, яғни 65%-да тіл кемістігі бар. Осы өзгерістердің дәрежесіне сай, баланың жасын ескере отырып, оларды әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу, оқыту және тузету жолдарын айқындау өте маңызды болып табылады. Сондықтан нәтижелі арнайы әдістерді қолдану осы балаларға арналған арнайы балалар бақшаларымен мектептерде, мектеп-интернаттарда, немесе жалпы мектептердің арнайы түзету сыныптарында дұрыс жолға қою өзекті шаралардың бірі болып есепке алынады.

Әдебиет:

1. Асқарова Ғ.А. Жоғары сынып оқушыларының әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру // Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның автореф. – 2010.

2. Астапов В. М., Лебединская, Шапиро Б.Ю. Теоретико -методологические аспекты подготовки специалистов социально-педагогической сферы для работы с детьми, имеющими отклонения в развитии. — М., 1995.

3. Технология коррекционно-развивающего обучения детей с задержкой психического развития (пособие для учителей классов коррекционно- развивающего обучения)/ Под редакцией Шевченко С.Г. - Самара: Изд-во Самарского ИПК ПРО 1998. 138 с.

4. Тебенова К.С. Дамуында ауытқулары бар балалар. Қарағанды: ҚарМУ б.- 2005.- 131 б.

5. Ахметжанова Н. Мінез-құлқы қиын балаларға психологиялық мінездеме. // Бастауыш мектеп, 2001, №1,2