Педагогические  науки/ 5.Современные методы преподавания

 

ж.ғ.м., Кервенев Қ.Е.

Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Математика сабағында дидактикалық ойындарды

қолданудың тиімділігі

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттер ретінде  ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды жан-жақты дамытуға, іскерлік дағдыларын қалыптастыруға, және кәсіби бағытта шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау мақсаты көзделген.[1]

Оқушылардың іс-әрекеттің ерекше  түрлерінің бірі ойын болып табылады. Ойын оқу қызметіне тән бірқатар қасиеттерге ие екендігі баршаға мәлім. Мұны мектеп оқушыларының білімі мен дағдыларын қалыптастыруға бағыттауына мақсатталуы айқын көрсетеді. Сондай-ақ, ойын оқушыларға қозғау салуға, оларға түрткі болуға да бағытталған.  Ол жайында келесі бірқатар  қайталанбас қасиеттерді айтуға болады: балалар мен жасөспірім жеткіншектер үшін оның оңайлығы мен игерімділігі, игерілуі тиіс шынайы ақиқаттың барынша әралуан қырларын модельдеуге мүмкіндік беретін ойындық құралдардың бейімділігі, демократиялылығы, және де балалар үшін ойынның тартымы жақтары. Ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай, бала өмірінде ерекше орынды ойын алады.  Баланың қоршаған ортаны танып білу, еңбекке араласуы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасатыны айқын. Ойын ойнау барысында балалар өздерін еркін сезінеді. Ерік арқылы байқалатын іздемпаздық, тапқырлық әрекеті: зейін қою, сезіну, ойлау, қабылдау.

Оқу үрдісінде ұлттық және дидактикалық мазмұнды ойын есептерін барынша біржақты түсіну, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар тарапынан оған деген әралуан қарым-қатынасты байқауға болады. Мұғалімдер мен әдіскерлердің көпшілігі, мұндай ойынмен «қызықты» сипатта берілген жаттығулармен тапсырмаларды ғана байланыстырады. Олардың ойынша рольдік және басқа да ойындарды сабақтарда қолдану орынсыз және  мақсатқа сай келмейді. Сонымен қоса қазіргі кезде көбінесе, ойынды екінші қатарға шығару байқалады. Негізінен ойын  игерілген білімдер мен дағдыларды бекітуге арналған құрал ретінде ғана танылды. Кейбір зерттеулер мен әдістемелік құралдарда оқыту үрдісіндегі дидактикалық ойындарды пайдалану ерекшеліктерін айқындайтын ойын мен оқу іс-әрекеттерінің өзара байланысы жеткілікті дәрежеде айқындалмағандығы көрінеді.[2]

Балалардың бағалы өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ ойын әрекеті маңызы зор. Ойын трлерінен халық жасаған мұралар сан алуан. Сондай ойындардың бірі ұлт ойындары. Ұлттық ойындарды отбасы тәрбиесінен бастап, мектептегі жеке пәндерді оқыту барысында, қосымша материалдарды меңгертуде, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін пайдалануға болады. Мұндай ойындарға тек ойын ретінде қарамай, халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тәрбие құралы деп қарауымыз қажет.

Сабақ барысында сан алуан ойын түрлерін пайдалану сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің шешуші бір буыны. Кез келген ойын түрлерін оқу үрдісін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында , сынақ сабақтарында пайдалануға болады. Дидактикалық ойын материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдылық маңызы да арта түсетіні айдан анық.

Дидактикалық ойындарды іріктеп алуда нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударған жөн. Оқушының ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін мектеп мұғалімінің басты қолданатын тәсілінің бірі ойы н екені тәжірибелі мұғалімдерге айқын жағдай.

Сабақта дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдығын күшейтеді, оқушылардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады.

Математика сабақтарындағы дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл түсінікті болып келеді.

Дидактикалық ойынның маңызы зор. Біріншіден ол, білу және үйрену, екіншіден, ойнай отырып, өзіндік білім алуы оқушының өмір тәжірбесін жинақтауға жағдай туғызады. Тағы да айта кетерлік, ойынның әуестену, кәсіптік, оқу-жаттығу ойындары сияқты түрлері бар. Ондай сергу, көңіл көтеру бола тұра оқуға, шығармашылыққа, емделуге, қарым-қатынасқа, еңбектенуге мүмкіндік береді.[3]

Ойын халық педагогикасында, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерде кеңінен қолдаланылады. Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс-тәжірибесін жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған. Ойын әрекеті қазіргі жағдайда сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде, сыныптан тыс жұмыстың технологиясы ретінде, ойын пәнінің тарауын және тақырыбын түсіну үшін өздік технология ретінде, жалпы технологияның элементі ретінде, қолданылады.

Математика сабағында дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру мәселелерін жеке қарастырайық. Қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі  қазіргі заман талабына сай болуы баршаның мақсаты болып отыр. Сондықтан қазіргі таңда сапалы білім беру мәселесі қоғамды толғандырып отыр.

Елбасы биылғы Жолдауында «Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс», – деп атап көрсетті.

Ал оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағытта пәндерді игеруі- математикадан басталады. Математика пәнін дұрыс игермеген оқушы осы бағыттағы қай салаға  да маман болып барса да шеберлік шыңына жетуі қиынға соғады. Сондықтан ғылымның негізі болып табылатын математика пәнін оқушы сапалы түрде игеруі тиіс.

Қазір оқушыны жан-жақтан, қоршаған ортадан алаңдататын көптеген қызықты, қолжетімді «объектілер» көп: теледидар, компьютер, интернет желісі, т.б. құрылғылар.

Осындай ортадан оқушының назарын оқуға, білімге тарту оңайға түспейтіні белгілі. Бірақ қай заманда болсын ұстаздың шеберлігі сонымен сомдалады, түрлі кедергілерді жеңе біліп, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыта отырып, білімді шәкірт тәрбиелеу.

Мұғалімнің шеберлігінің кілті оның сабақ технологиясын меңгеруі, әдістемелік тәсілдерді тиімді қолдана білуі болып табылады. Осындай  тиімді де, нәтижелі әдістердің бірі-дидактикалық ойындар. Ойын-адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал оқыту үрдісінде жаңа технологияның маңызды бөлігі т.б.

Сабақта қолданылатын дидактикалық ойындар оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан оқушылар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Дидактикалық ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырылуы тиіс. Мысалы, дайындық сыныбында қарапайым ғана ойын түрлерін ойнатсақ, жоғары сыныпқа  барған сайын баланың жас ерекшелігіне сай болып күрделенгені дұрыс. Олай болса, ойын элементтерін пайдаланудың маңызы зор. Дидактикалық ойынның көптеген түрлері бар. Сондықтан ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін сабақтың тақырыптарынының мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Оқушы ойын әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды.

Дидактикалық ойындар да халық педагогикасының құрамдас бір бөлігі болып келеді. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларына байланысты туып, дамығандығын халқымыздың ұлттық ойындарымен таныса отырып көз жеткізуімізге болады. Ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалану оқушылардың білімдерін күнделікті өмірмен ұштастыруға қолайлы жағдайлар туғызады.

Бала үшін ойын өмір сүрудің белсенді формасы. Ойын бала әрекетінің негізгі бір түрі. Олар ойын арқылы ересектерге еліктейді. Ересектердің адамгершілік нормаларын игереді, іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне біледі, әлеуметтік рөлдер атқарады.

Оқу үрдісінде тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері, жүргізілетін жұмыс түрлері оқушылардың ой белсенділігін қажет етеді. Сол себепті әр мұғалім өз сабағында дидактикалық ойын түрлерін орынымен қолданып, оны тиімді қолдану арқылы оқушылардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, мұғалім өткізетін сабағын оқушының қабілет деңгейіне, психологиялық ерекшелігіне сай байланыста жоспарлауы тиіс. Сондай жағдайда ғана сабақ ұттымды, жеңіл игерілімді және білім алушыларды жалықтырмайды.

 

Әдебиеттер тізімі

1.   Білімдегі жаңалықтар // 2007. №4

2.   Семяшкина Н. И. Значение дидактических игр на уроках математики // Начальная школа. - № 2, 1997 – с. 28

3.   Кроль В. М. Психология и педагогика. Учебное пособие. – Москва:Высшая школа, 2004 – с. 362