4-СЫНЫП ДҮНИЕТАНУ ОҚУЛЫҒЫМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ӘДІСТЕМЕСІ

 

Арынова Г.Ғ.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

«Дүниетану» оқулығының  «Адам»  тарауында  адамның қоғамда алатын орны, ой-санасының дамуы жайында айтылады. Бұл сыныптан-сыныпқа оқушылардың адам туралы ой-пікірлерінің дамып, күрделене түсетіндігін көрсетеді.

Оқушылардың табиғат туралы ой-пікірлері де жетіле түседі. 1-сыныптан өлі және тірі табиғатқа жататын денелер мен заттарды ажыратып үйренуден басталған білім негіздері табиғат құбылыстарын және олардың заңдылықтарын танып білу арқылы, ол құбылыстарды зерттеу, тәжірибе арқылы анықтау, ақыр соңында табиғат құбылыстарының арасындағы байланысты ажырата білу және табиғатты қорғауға қатынасу дәрежесіне дейін келтіріледі. Сонымен бірге 4-сынып «Дүниетану» оқулығында ғарыш туралы түсінік беріліп,  Жер-ғарыш денесі ретінде қаралады.

4-сыныпта қоғам туралы білім белгілі бір дәрежеде тұжырымдалады. Бұл сыныптағы оқулық мазмұны оқушылардың қоғам құбылыстары туралы ұғымын қалыптастырумен шектелмей, оларды дербес жұмыс атқаруға дайындауға бағытталған. Оқушының мұғалім, тәрбиеші, директор ролін орындауы осыны көрсетеді. Жетекші әкімшілік-аумақтық басқару орындарымен танысу, мектептің ауыл немесе қала өндірісіне, мәдени, рухани өміріне араласуы да балаларды өз елінің болашақ қайраткері болуына бағыт сілтейді. Оқулықта Отанымыздың тарихы-тәуелсіздік жолындағы күрес тарихы екендігі ашып көрсетілген. Бұл тараудың мазмұны еліміздің дүниежүзілік қауымдастықтағы орнын айқындап, әлем халықтарының мүдде-мақсатының бірлігі түсінігіне дейін алып барады [1, 120].

Ең бастысы бұл үш тараудың материалдары «Адам және оны қоршаған орта» ұғымы төңірегіне топталады. Дәлірек айтқанда, адам оқулықтың бүкіл мазмұнын интеграциялаушы факторы болып саналады.

4-сынып оқулығындағы мақалалардың құрылысында мазмұнына байланысты кейбір ерекшеліктері орын алған. Бірқатар мақалалардың кіріспе бөлімінде оқушылардың өткен сыныптардағы осы тақырыпқа байланысты сұрақтарды нұсқа ретінде басшылыққа алуы керек.

Оқулыққа енген көптеген тақырыптар оқушыларға тәжірибе жұмысын жасатып, содан алынған мағлұматтар негізінде түсіндіруді міндеттейді.  Тәжірибе жұмыстары әсіресе «Пайдалы қазбалар», «Ауа  және ауа райы» тарауларының мазмұнымен байланысты. Сабақ үстінде тәжірибе жұмысын ұйымдастырғанда сол тәжірибенің нәтижесін оқушылардың өздеріне айтқызу мәселесі мықтап ескерілгені жөн.

Оқулықты сабақтың ең тиімді бөлімінде пайдалана білу мұғалімнің шеберлігіне тікелей байланысты.  Дүниетану пәні бойынша үгілетін тақырыптардың басым көпшілігін сабақтың басында баяндаса, тақырыптың мазмұнын бірден ұғып алған оқушы, әрі қарай үздігінен ізденбей, дайын түсінікпен шектеліп қалады.

Сондықтан ең алдымен оқушыларды тақырыптың мазмұнын түсінуге  дайындап, тапсырма беру және сұрақ қою арқылы сарамандық және тәжірибе жұмыстарын орындатады. Одан әрі осы тақырып бойынша оқулықтағы материалды оқытуға көшеді. Әсіресе  жер бедері, пайдалы қазбалар, табиғаттағы су, өсімдіктер мен жануарлар туралы ұғым беруге арналған тақырыптардың басым көпшілігі үлестірме материалдармен (пайдалы қазбалардың үлгісі, олардың өнімдері, өсімдік кеппе шөбі т.б.) танысу немесе карта бойынша жұмыс жасау арқылы оқушылар өздігінен қорытынды шығарғаннан кейін барып, оқулық мәтінін оқытқан жөн.

Оқулықтағы түрлі тақырыптарда берілетін мағлұматқа қарай әртүрлі көлемде оқытуға болады. Үлкен тақырыпты бірнеше бөлікке бөліп оқытқан жөн. Ондай жағдайда әр бөлімнің мазмұнын жеке қорыту арқылы оқушылардың материалды талдап жақсы түсінуіне мүмкіндік жасалады. Мысалы, мұғалім «Жанғыш пайдалы қазбалар» тақырыбы бойынша көмір, мұнай, жанғыш газдың әрқайсысын бөлек оқытып, сұрақтарға жауап бергізеді. Көмірдің қандай түрлері бар, олардың әрқайсысының ерекшеліктері неде? Қазақтанда қандай кен орындары бар, оларды картадан тап? -деген сұрақтар мен тапсырмалар орындалады.

Оқулықтағы әр тақырыптың соңында сұрақтар мен тапсырмалар берілген. Олар тақырыпты толық оқып шыққаннан кейін ғана қолдану міндетті емес. Мұғалім сұраққа жауап алуға және тапсырманы орындатуды мәтіннің мазмұнына орай қай кезеңді тиімді деп тапса, сол кезеңінде пайдаланады[1, 121].

Кейде тақырыптың соңындағы сұрақтардың бірсыпырасын (немесе соларға ұқсас түрде)  оқушыларға мәтінді оқытпай тұрып- ақ сұрауға болады. Мысалға «Отбасы» тақырыбы бойынша: «Отбасы мүшелерінен басқа қандай жақын туыс-жұрағаттарды білесің?», «Жиен деген кім?», «Жиеншар деп кімді айтады?», «Бөлең бар ма?», «Ол қандай туысың?» т.с.с. сұрақтарды алдын- ала қою арқылы өтілетін материалды жеңіл түсіндіруге болады.

Оқулықпен жұмыс істеуде ерекше назар аударарлық маңызды мәселелердің бірі-түрлі суреттер мен сызба-нұсқаларды пайдалану. Бұған мысал ретінде «Жердің күнді айнала қозғалысы» тақырыбын алуға болады. Бұл тақырып бойынша оқулықта Жер білігі тік орналасқан жағдайда күн сәулесінің түсуі және Жер орбитадағы орнына байланысты жыл мезгілдерінің ауысуы жайындағы суреттер берілген.

Мұғалім глобус пен шамды (мүмкіндігі болса) пайдалана отырып, орбитаның әр жеріне барғанда солтүстік және оңтүстік жарты шарларға  Күн сәулесінің түсу бұрышы мен мөлшері қалай өзгеріп отыратынын түсіндіреді. Бірақ бұл көрініс оқушының көз алдында тұрақты түрде қалмайды. Сондықтан оқушылардың жыл мезгілдерінің ауысуы туралы түсінігін нық қалыптастыру үшін глобусқа қосымша оқулықтағы суреттерді пайдалану жақсы нәтиже береді.

Мұғалім мәтіннің бір бөлігін оқытып, оқушыларға сурет бойынша жұмыс істетеді.

Жаз бен қыстағы күннің тоқырауы, көктем мен күздегі күннің теңелуі кезінде күн сәулесінің таралу жағдайын анықтағаннан кейін сол орындарға Жер білігі тік орналасқан жағдайын елестетеді. Соның нәтижесінде  оқушылар жыл мезгілдерінің ауысуы Жер білігінің орбита кеңістігіне көлбеу орналасуына байланысты екендігі туралы қорытындыға келеді.

Оқушылар өздері көрмеген түрлі табиғи мекен-жайлардың өсімдіктері мен жануарларын біле бермейді. Айталық, далада тұратын оқушы үшін шөлдің немесе таудың өсімдіктері мен жануарлары жұмбақ сыр.

Керісінше шөлдің аймақта тұратын оқушы даланың, орманның немесе таудың өсімдіктері мен жануарларын көз алдына елестете алмайды. Бұл жағдайда сурет үлкен көмегін тигізеді. Оқулық шалғын, дала, орман, шөл, су қоймасы, тау өсімдіктері мен жануарларының басты түрлерінің суреттері берілген.

Мәтіннің тиісті жерін оқығаннан кейін оқушылар осы суреттерге қарап өсімдіктер мен жануарлардың сыртқы түрі, кейбір ерекшеліктері туралы қосымша түсінік алады.

Мысалға, боздың шоқтанып өсіп, ұзын сабақтары желбіреп тұратыны, тамыры шашақты екендігі, жауқазынның әдемі гүл жаратындығы, тамыры жуашық түрінде болатындығы суреттерден айқын көрінеді. Саршұнақ  пен суырдың қақшиып тұрған күйінде бейнеленуінің де мәні бар. Су қоймасының жағаға жақын тайыз бөлігінде немесе шалшық су ұзақ сақталатын ойыстарда құрақ, қамыс, қоға қаптап өседі.  Көп адамдар бұл ылғал сүйгіш, әрі жиі кездесетін өсімдіктерді шатастырады. Құрақтың биік, мықты сабағы, жіңішке жапырақтары болады. Қамыс-құрақтай емес, биік,  ірі өсімдік. Оның жапырағы ұзын, жұмыр. Сабағының ұшына топтанып, үлпілдей масақтары шығады. Қоғаның жапырақтары ұзын, жалпақ келеді. Масақшалары собық тәріздес, оңай үгітіліп  ұшатын майда үлпілдек түкшелерден тұрады. Суретке қарап салыстыру арқылы бұл су қойма өсімдіктердің ерекшеліктерін анықтау қиынға соқпайды.

Дүниетану пәні сабағында тек қана оқулықта берілген суреттермен шектелмей, қабырғаға ілінетін көптеген кестелер, көркем суреттер қолданылады.

Оқулықтағы суреттер тек танымдық мәнімен ғана шектелмейді. Кейбір суреттер сонымен қатар тәжірибе және бақылау жұмыстарын атқаруға да көмегін тигізеді [1, 123].

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қожагелдиева С. Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқыту әдістемесі. Түркістан 2008

2. Аймағамбетова Қ. «Дүниетану негіздері» және «Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы». Алматы, 2006

3. Сихимбаева  С.М. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. Шымкент, 2008

 

Түйіндеме

Бұл мақалада 4-сынып дүниетану оқулығымен жұмыс істеу әдістемесі қарастырылған.

Резюме

В данной статье рассматривается методика работы с учебником 4-го класса по познание мира

Summary

In this article is examined methodology of working with  of 4th class textbook  for cognition of  the world around