Серикбаева Нурсауле

                Қазақстан,Қостанай облысы,Рудный қ., №12 орта мектеп

                     Қазақ  тіліндегі мақал – мәтелдердің зерттелу жайы 

Қaзақ тілінің байлығын, көркемдігін ашып көрсететін тілдегі сөздер тобының бірі мақал – мәтелдер. Мақал – мәтелдер әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы. Ол өз бастауын адам баласының тым ертедегі сапалы қоғам тұрағын балаң кезінен ашып, ғасырлар бойы, толассыз торығып келе жатқан жанды құбылыс, халық даналығының қорланып жиналған қоры.Шығармадағы мақал – мәтелдер өмірдің түрлі құбылысынан өр шертіп, шығарма тілін көркемдеп, айшықтап түседі.Ғалым Ә.Қайдар Мақал – мәтелдер – халықтың атамзаманғы өткен өмір тіршілігі мен бүгінгі болмысын болашағымен жалғастыратын «алтын арқау», олар – рухани, мәдени салт – дәстүрді жалғастырудың, адамдар санасында, қоғам жадында, тілінде, діліне сақталуының бірден – бір кепілі деп атап кеткен. Бұл қазына – байлықтан айрылған этникалық қауым - өзінің өткен өмірінен айрылды деген сөз, ондай қауымның болашағы да жоқ [1; 7 бет].Этномәдени танымды айшықтайтын қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер тек сан жағынан ғана емес, сапа, мазмұнына қарай да алуан түрлі. Оның басты себебі: ұлттық менталитетіміздің тілдегі ерекше бір жарқын, мәнді де маңызды өрнегі болып саналатын мақал-мәтелдер – қазақ этносына тән дүниеьаным мен сананың айқын айғағы, халық даналығы мен философиялық толғанысының, эстетикалық танымы мен тағылым-тәлімінің, өркениеті мен мәдениетінің – барша болмысының қайнар бұлағы. Мақал-мәтелдер сан ғасырлар бойы екшеленіп, қырланған, мазмұны түрліше, әр қилы қоғамдық жағдайларда кездесетін құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға. Халық арасына көп тараған және жалпы тіліміздің қаймағы ретінде ұзақ өмір сүретін құрамдық бөлшегі де – мақал-мәтелдер [2 ;3].Зерттеушілердің пайымдауынша, қазақ тіліндегі бүгінгі жинақталған мақал-мәтелдердің саны 15 мыңнан астам. Мысалы, татар халқында 150 мыңдай мақал-мәтелдер Нәқый Исәнбәт тарапынан жинақталып, 3 том болып жарық көрді. Соған қарағанда, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің саны, сөз байлығы татар тілінен кем түспеуі тиіс, біздің де сондай байлығымыз болуы ықтимал. Көптеген зерттеушілер мақал-мәтелдерді қашаннан зерттеп келе жатса да, түгел жинақтап, санын анықтау мәселесін күн тәртібіне қойған жоқ. Демек, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер аз емес, баршылық. Халық жазушысы М.Әлімбаевтың, фольклоршы Ө.Тұрманжановтың, Б.Адамбаевтың т.б. фольклортанушылардың халық даналығына қатысты рухани мұрасын зерделеп жүйелеу – болашақтың ісі[2 ;11].

Мақал-мәтелдердің жалпы мағынасы оның құрамды компоненттердің тура мағыналарынан туындаса, мәтелдердің жеке мағынасы оның астарлап айтылған ауыспалы, идиомалық мағыналары негізінде қалыптасады. Мақал мен мәтелдің айырмашылығын ажыратудың да бір өлшемі осы. Қазақ мақал-мәтелдерінің табиғатын зерттеген ғалымдардың бірі – М.О.Әуезов өз ойын былайша топшылайды: «Мақал-мәтеледер дегеніміз – халықтың нақыл сөздері, белгілі бір ойды ықшам түрде ұтымды өткір етіп айтып беретін кестелі сөз» - дей келіп, мақал-мәтелдердің айырмашылығн ол: «Мақал толық тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте, ол бір немесе бірнеше толық сөйлемнен құралады. Ал, мәтел, мақал сияқты толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады»[ 2 ;15].

Мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері олардың сөйлем құрылысы жағынан да байқалды. Бұлардың сөйлем құрылысы қазіргі қазақ тіліндегідей сөйлем түрлеріне бай болғанымен, өздерінің құрылымдық өзгешеліктеріне қарай, яғни прозалық және поэтикалық түрде жасалуына қарай, жай, құрмалас сөйлем болып екі топқа бөлінеді.Мақал-мәтелдер сөйлемдер құрылысына өте жақын. Солай бола тұрса да, өздерінің қалыптасқан құрылымы және соған сәйкес ішкі мазмұны болады, олар бір-бірімен тығыз байланысқа түседі. Соның арқасында мақал-мәтелдердің құрамында келген сөздердің орнаасу тәртібі өте тұрақты болады.Мақал-мәтелдер жай сөйлем түрінде және құрмалас сөйлем түрінде келе береді. Жай сөйлемнің жақты, жақсыз, белгісіз жақты және жалпылама жақты түрлері мақал-мәтелдерге тән. Оның үстіне толымды және толымсыз, атаулы сөйлем түрінде де келеді.Жай сөйлем түрінде ұшырайтын мақал-мәтел негізінде прозалық құрылымда келетін болса, сонымен қатар, олардың жай сөйлем түрлері өздерінің жұмсалу мақсатына, айтылу сазына қарай бөлінгенде, хабарлы сөйлем күйінде де жиі кездеседі де, ал лепті сөйлем түрі сирек, тіпті аз ұшырайды. Бұлардың бұйрық, сұраулы сөйлем түрлері де аз да болса кездесіп отырады [2; 12].

1. Солай болып шықса айып өзімде. Жүйелі сөз жүйесін табар, Жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой.  (8 бет)

     Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табады « логикалық негізге сүйеніп айтылған сөз әрқашанда ойға оралымды, ақылға қонымды болса, бейберекет жүрдім – бардым айтылған сөз нысанаға доп тимей, айдалаға кетеді, не сөз айтқан адамның өзін жазалайды, әшкерелейді» [3, 333 бет].

       Бұл мақал-мәтелде жүйелі, жүйесіз антонимдері қолданылып, салыстырылып тұр.Жүйелі сөз әрқашан өз орынын табады, ал жүйесіз сөз керексіз зат сияқты сол айтқан адамның аузында қалады.

2. Сұңғыла қыз бұларға бір ұяларлық ұпай салып кетті емес пе! Ие, «малым -  жаным садағасы, жаным – арым садағасы» дейтін елдің нақылын еске алсаң, лайықты жұмыс болмапты. (9 бет)

Малым -  жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы  «ауыс. Қазақ қауымына тән ұлттық мораль: адам өз бойындағы ең асыл, абзал қасиеттері мен құндылықтарына ар – намысын жатқызу. Сондықтан да, ол (қазақ) жаны үшін жинап терген мал – мүлкін аямайтынын білдірсе, ар – намысы үшін сол жанын да құрбан етуге дайын екендігін аңғартып тұр. Өйткені, ер азамат үшін бұл дүниеде ар – намысын берік сақтаудан артық баға жоқ деген тұжырымға барып саяды» [3, 371 бет] .Бұл мақал сөйлемде өте ұтымды қолданылған, сөйлемге мағыналық реңк беріп тұр. Адам бойындағы ең асыл да маңыздысы ар-намыс екенін көрсетеді.

3. Мені мазақтап қой күнде бір күліп аласыңдар? «Күлсең кәріге күл» деген осы да.  (51 бет)

Күлсең кәріге күл « ауыс. Қартаймайтын адам жоқ. Ал, қартайған адамның бойынан сан алуан кемістік, кемшілік табуға болады. Ол кемшіліктер ертең – ақ мансұқ етіп күлген жастың өз басына да келеді. Мақал « міндетті түрде басыңа келетін, қашып құтыла алмайтын нәрсеге күлгенің айып емес» дегенді аңғартады».   [3, 371 бет] 

Қорытындылай келе, ғалым Ә.Қайдар мақал – мәтелдер дана бабаларымыздан қалған аталар сөзі деп атап кетті. Демек, бұл – ұлт даналығын араға талай ғасырлар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш – бояуын солғындатпай, мән – мағынасын бәсеңдетпей, көркемдігі мен бейнелілігін жоғалтпай, тұтас жеткізіп, отырған ана тіліміздің құдіретті күші. Бұл – даналықтың бір бұлағы деген сөз.

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қарсыбекова Ш.П. «Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастырудың этнолингвистикалық принциптері», Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның  авторефераты , Алматы 2004, 26 бет

2.Кенжемұратова С.К. «Мақал мәтелдердің синтаксисі», Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның  авторефераты , Астана 2002,  26 бет

3. Қайдар Ә.«Халық даналығы», Алматы «Толғанай Т», 2004,-560бет.