К.Т.Жанузакова

Ф.ғ.д., доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қ., Қазақстан,

 

СТРУКТУРАЛИСТІК МЕКТЕП ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Соңғы жылдары әлем әдебиеттануында кеңінен өріс алған герменевтика, семиотика, структурализм, модернизм, постмодернизм, т.б. сияқты бағыттардың ұлттық әдебиеттанудың зерттеу нысанына айналып, көркем  шығармаларды тақырып, идея, жағымды, жағымсыз кейіпкерлер образы секілді жалған дүниетанымдардан аулақтап, тәуелсіздік тұсындағы жаңаша ой-пайымдармен, тың теориялық, аналитикалық талғау-талғамдармен тану, толықтыру жағы басым түсіп жатыр. Қазіргі әлемдік әдебиеттануда формализмнің идеяларын жалғастырған структурализм кеңінен өріс алды.  Структурализмнің әдістемелік ұстанымдары  Ф.Соссюрдің құрылымдық лингвистикасы мен орыстың формалистік мектебіне негізделеді.  Тұрпайы социологизм тұсындағы көркем  шығармаларды тақырып, идея, жағымды, жағымсыз кейіпкерлер образы тұрғысынан қарастыру басымдығын мәтінді жаңаша тану, оның күрделі мағыналық қабаттарын аналитикалық талдау ауыстырды.  Структурализм (латынша structura — құрылым, байланыс, рет) деген мағынаны білдіреді. Структурализм 1940-1950 жылдары француз мәдениеттанушысы К.Леви-Строс еңбектерінде пайда болды. Оның негізгі өкілдері – Клод Леви-Стросс, Мишель Фуко, Жак Лакан, Роллан Барт. Сонымен қатар структурализм  осы әдісті пайдалануға байланысты пайда болған ғылыми және философиялық идеялардың жиынтығы, түрлі ғылым салаларындағы қолданылып жүрген зерттеу әдісі.

Структурализм  мәдени құбылыстар негізіндегі қисынды құрылымды іздестірумен байланысты пайда болған. Нақты мақсаты – мәтінге басты назар аудару, оның туу механизмін табу. Жалпы структурализм элементтердің өзінен гөрі  шығарма  құрылымындағы элементтер арасындағы қатынасқа көбірек көңіл бөледі. Құрылымдар адамның саналы және санадан тыс іс-әрекетінің нәтижесі, оларды зерттеуші ашуы керек, ал мәдени құбылыстардың ар жағында жатқан құрылымдар тіл, сөз болып көрініс береді деді.

Орыс структурализмінің басты өкілдері ретінде Вяч.Вс.Иванов, В.Н.Топоров, Б.А.Успенский, А.М.Пятигорский, Ю.М. Лотман, З.Г.Минц, Б.М.Гаспаров, П.А.Рудневтерді атап өтуге болады. Әсіресе, орыс әдебиеттануында структурализмнің іргесін қалаған В.Ю.Лотманның  «Поэтикалық мәтінді талдау», «Көркем мәтін құрылымы» [1] еңбектерінің маңызы зор.  М.Лотман структуралық талдаудағы басты көркемдік тәсіл ретінде  мәтінді құраушы элементтерді емес, олардың арасындағы қатынасты маңызды деп біледі. Структуралистік поэтиканың негізгі ұстанымы көркем мәтін бірлігінің жүйелілігі болды. Ю.М.Лотман еңбектерінде структурализмге жақын жүйелік-структуралық және семиотикалық әдіс қалыптасты. Семиотикалық зерттеу тәсілі (Р.О. Якобсон, Ю.Лотман) де структурализмнің негізін құрағанын айта кету керек. Структурализм құрылымдық әдістің, моделдеу мен математика элементтерін қолдануға негізделген. Құрылымдық әдіс әдебиеттанумен қатар лингвистикада, этнографияда, т.б. гуманитарлық ғылымдарда қолданылады. Көркем шығармалардағы жеке бір көркемдік категорияларды бөліп алып, әлемдік әдебиеттануда іргесін В.Ю.Лотман қалаған структурализм, құрылымдық поэтика тұрғысынан қарастыратын зерттеулер қазақ әдебиеттануында да соңғы жылдары көбейіп отыр.

Қазіргі таңда әлемдік әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық семиотикалық, структуралистік, постмодернистік секілді бағыттардың әдістемелері ұлттық әдебиеттану ғылымында тың теориялық, аналитикалық талғау – талғамдармен толығуда. Шығарманың көркемдік табиғатына қатысты формалистік талдаудардың орнына көркем мәтіннің эстетикалық құндылығын бағамдайтын әрі мақсатты талдаулар келе бастады. Мәселен, Т.Есембековтің “Драматизм және қазақ прозасы” (1997), А.Ісімақованың “Қазақ көркем прозасы. Поэтика, жанр, стиль” (1998), «Асыл сөздің теориясы» (1999),  «Алаш әдебиеттануы», Г.Пірәлиева «Көркем прозадағы психологизмның кейбір мәселелері» (2005),  «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы» (2007), Г.Елеукенова «Қазақтың көркем әңгімесі» (2009), Б.Жетпісбаеваның “Символ в движении литературы” (1999), С.Әшімханованың “Ғ.Мүсірепов прозасының поэтикасы” (1999), Г.Мучниктің “Коммуникативтік поэтика проблемалары” (1995), ), «Текст в системе художественной коммуникации (восприятие, анализ, интерпретация)» (1996),  В.Савельеваның “Көркем текст және көркемдік әлем” (1996), “Көркемдік антропология” (1999) С.Д. Абишеваның «Поэтическая сестема «мир природы»: структура и семантика» (2002),  А.Е. Кулумбетова  «Стиль казахского рассказа и повести» (1993), «Системный анализ художественного произведения» (1997), Б. Жетпіспаеваның «Символ в движении литературы», А. Жақсылықов «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. Типология, эстетика, генезис» (1999) «Религия и литература в эстетической взаимосвязи» (1997), «Религиозные мотивы в художественной литературе» (1998), Б.Майтановтың “Портрет поэтикасы” (2006), “Монолог құрылымы” (2006), “Романның баяндау жүйесіндегі автор” (2003), В.В.Савельеваның «Художественный текст и художественный мир проблемы организации» (1996), Л.Сафронованың «Автор и герой в постмодернистской прозе» (2006) т.б. ғалымдардың еңбегін атауға болады. Көркем шығармалардағы жеке бір көркемдік категорияларды бөліп алып, структурализм, құрылымдық поэтика тұрғысынан қарастыратын зерттеулер қазақ әдебиеттануында да соңғы жылдары көбейіп отыр. Бұл бір жағынан, герменевтика, семиотика сынды ілімнің дамып, модернизм, постмодернизм т.б. бағыттардың әдебиеттанудың зерттеу нысанына айналуымен де байланысты.

Әдебиеттер:

1.     Лотман Ю. М. Лекции по структуральной поэтике // Ю. М. Лотман и тартуская школа. - М., 1964.