Жанузакова К.Т.
Ф.ғ.д.,
доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті, Қазақстан
МИФОПОЭТИКА
МЕН ПРОЗА ЖАНРЫ
Қазақ
прозасының көркемдік жүйесінде қашанда
фольклорлық мотивтер мен образдардың, мифологиялық
сарындардың ықпалы зор болды.
ХХ ғасырда қазақ әдеби процесінің дамуында
діни-мифологиялық мотивтердің ықпалы зор болғанымен,
оның дамуы біркелкі жүрген жоқ. Қазақ
әдебиетінде мифопоэтикалық
ойлау дәстүрінің генетикалық тұрғыдан сабақтастығы үзілмеген, ол дәстүр А. Иассауи (12 ғ.), Асан
қайғы (15 ғ.) шығармаларынан қоса алғанда
ХХ ғасырдың басына дейін
жалғасқан. Мифологиялық желі ХХ ғасыр басындағы
әдебиетте жақсы көріне бастады да, 1930-60 жылдар
аралығында әдебиетте үстемдік еткен большевиктік идеология
себептерінен салдарынан үзіліп қалды, кейіннен 1970 жылдардан
бастап қазақ прозасындағы осы эстетикалық
сабақтастық қайта жалғасты. Мифтік
шығармашылықтың көркем әдебиетте тамырын
тереңге жібере бастауы 1980
жылдардағы әдеби сында көп айтылып, қызу
талқылау нысанына айналды. Бүгінгі күнге дейін бұл
мәселе әлі
жан-жақты зерттеліп біткен жоқ деп айта аламыз.
Әсіресе, 1970-80 жылдары мифтердің қолданылу ерекшеліктеріне
байланысты сыни-теориялық мақалаларда бұл мәселе
пікірлер айтысын тудырды. Шын мәнінде, қазақ прозасында
парадигматикалық ассоциаивті мифопоэтикалық ойлау
жүйесінің алғашқы үлгілері, сюжетті
мифтік-фольклорлық сарындармен
суару С. Сейфуллин, С. Ерубаев, М. Әуезов,
М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов шығармаларында айқын
көрінді. Көне түркілік эпикалық дәстүрге
сүйене отырып, болмысты бейнелеудің тиімді тәсілі ретінде
мифопоэтикалық архетиптерді М. Әуезов алғашқы
әңгімелерінде ұтымды
қолдана білді. Сюжетті ауыз әдебиетіндегі аңыздық
сарындармен әдіптеу 1940-50 жылдар прозасында көрініс берді, алайда
ол қосымша этнографиялық материал деңгейінде
қолданылып, сюжетті қосымша желілермен күрделендірген
жоқ. Қазақ көркем сөз өнерінің хас
шебері М. Әуезовтің алғашқы туындыларындағы
эпикалық метафоризм 1960-70 жылдары Ә. Кекілбаев,
Д. Исабеков, М. Мағауин, Д. Досжанов,О. Бөкеев,
С. Санбаевтың прозалық туындыларында ежелгі
фольклорлық-мифологиялық мәдениетпен
сабақтастығын, байланысын жалғастырып, қайта
жаңғырады. Қазақ прозасындағы мифологизм
М. Әуезов, С. Мұқанов,
Ғ. Мүсірепов т.б. қаламгерлер туындыларынан нәр
ала көктеп, көркемдік көкжиегін кеңейтті, қазіргі
қазақ әдебиетіндегі
мифопоэтикалық формаларды қолдану дәстүрі
күрделене түсті.
1960-70 жылдардан бастап қазақ суреткерлері фольклорлық
мұраларға, сол арқылы мифопоэтикалық архетиптерге жиі
назар салатын, алайда әлеуметтік-тарихи контексттің сан алуан
болуына байланысты ол да түрлі сипат алып отырды. Осы кезеңде
мифологема өз дәуірінің тақырыбын
идеялық-образдық тұрғыдан шешу құралы
ретінде батыл қолданады. Ғылыми-техникалық даму мифтік
шығармашылыққа жаңа тақырыптар берді. Осы
тұстағы қазақ жазушыларының тарихи романдармен
қатар, бүгінгі күн тынысын бейнелейтін символдық
астарлы мәндегі әңгіме, повестерде, хикаяттарда, күй
аңыздарында, т.б. прозалық туындылар түрлерінде аңыз
жаңаша қолданыс тапты. Олардың қатарына қазақ әдебиетінде
Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев С.Санбаев, Д.Досжанов,
О.Бөкеев, М.Ысқақбай, С.Сматаев, Д.Досжанов т.б., шет
елдер әдебиетінде – В.Быков, В.Астафьев, Р. Гамзатов,
Ш. Айтматов, О. Чиладзе, Г. Мотевосян, А.Ким, В.Белов т.б
қаламгерлерді жатқызуға болады.
Мифопоэтикалық
формаларды пайдалану қазақ прозасында жаңа көркемдік
ізденістерге бастады. 1960-70 жылдардан бастап социалистік реализм
қазақ жазушыларының талабына толық жауап бере
алмағандықтан, әдебиетте өзгеріс, өзгеше рух
тілеген жаңа эстетикалық жағдай қалыптасты. Мифологизм
социалистік реализм канондарын бұзып, жаратылыс жұмбағы мен
өмірдің мәнісі туралы философиялық ой айтудың
тәсіліне айналды. Қазақ қаламгерлері өз
шығармашылықтарында аңыздарды, фольклорлық
үлгілерді тұжырымды пайдалана білді. Олар өзінің
өмірлік ұстанымына, адамгершілік өлшемдері мен
көзқарастарына мифологиялық бастаулардан бағдар іздеді.
Өздерінің шығармашылық жолында фольклорлық бастауларға
ден қойып, мифтердің сұлу поэтикалық тіліне,
экспрессивтік көркемдігіне
жүгінді. Қазақ
суреткерлері алыптар салған соқпақты кеңейтіп,
мифологизмге жаңаша жинақтаушылық сипат берді.
Ә.Кекілбаев, С.Санбаев, О.Бөкеев, М.Ысқақбай,
Ә.Әлімжанов, Д.Досжанов, т.б. қаламгерлердің стилі мен
көркемдік ойлау жүйесінде мифологизм толымды сипатымен, өзіндік ерекшеліктерімен көрінді.
Олар аңыздық прозаның айшықты үлгілерін
жаңа мазмұндық формада қолданғанын көреміз.
Мифтік шығармашылық көркем шығарманың стильдік
ерекшелігін, құрылымдық мәнін, идеялық,
эстетикалық әсерін ұтымды бейнелеуге ықпал етеді.Көркем
ой тәжірибесінде аңыздар мен мифтер көркем
әдебиеттің әр жанрына терең сіңіп,
өзінің символикалық және аллегориялық
мән-мағынасымен баса назар аударды. Қазіргі қазақ
әдебиетінде жазушылар халық
шығармашылығының дәстүріне сүйене отырып,
тың, жаңа әдебиетке тән жаңа «ертегі»,
«аңыз» жасайды.
Аңыз-әңгімелерді пайдалануда болсын, оларды
жаңадан «жасауда» болсын, жазушылар ұстанатын басты принциптер өзара жақын.
«Аңыз-ертегілік үлгілер бір шығармаларда өмір шындығын суреттеудегі көптеген амал-тәсілдердің
бірі ретінде қолданылса, басқа бір
шығармаларда «авторлық идея мен объективті идеяның
жарыса дамып, тоғысып түйісер арнасына айналады» [1, 70 б.].
Кеңес
дәуірінде әдебиет адамтану құралы емес, саясаттанудың идеологиялық
құралына айналғанда жазушылар аңыздар мен мифтерден
адам рухын ардақтайтын терең философиялық жинақтаулар,
мәңгілік уақытпен үндесетін тың тақырыптар
тапты. Жазушылардың қолдануындағы «аңыздық,
мифтік сюжеттердің кей кездері символдық образдар арқылы
берілуі, шығарма кейіпкерлерінің бейнелілік бітіміне
нұқсан келтірмейді. Аңыздан ақиқат іздеген
суреткер оның бетіндегі бүркеусіз тұрған бітімін емес,
жұмбақ сыры жатқан ойыңды ойран, ақылыңды
айран ететін астарынан символдық жұмбақ бейнелерден
мән-мағына табуға ұмтылады» [2, 81 б.].
Қазіргі
қазақ әдебиетінде айқын көрінетін мифопоэтика
шығарманың көркемдік әлемін жаңа мазмұнмен,
терең уақыттық межемен байытады. Жазушы тілінің
мүмкіндіктерін кеңейтіп, мәдени метафоралар мен ассоциациялар
қорын молайтады. Нәтижесінде мағыналық мәні
күшті мифологиялық образдардың, архетиптік сарынның
жандану, мазмұн мен пішін тұрғысында жаңару процесі
жүреді. Қаламгерлер өз шығармаларында
аңыз-әңгімелерді, діни
көне сюжеттерді
кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде
олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік өлшемдердің күрделенуіне әкелді. Бұл ретте
қаһармандардың ішкі әлемінің
ұңғыл-шұңғылын, олардың жан
дүниесінің, санасының, жадының, қиялының
кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан
адаммен байланысты философиялық
мәселенің түп негізіне бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен
кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.
Адам өткеннің, қазірдің және
болашақтың тоқайласар
нүктесінде бейнеленіп, ал оның ішкі әлемі тарихи уақытпен, мифпен бірлікте
қарастырылды. Мифологизмнің өз дәуіріндегі
қоғамда бел алған рухани бастауға қарсы, адамзат
дамуына кері әсерін тигізетін жат құбылыстарды
әшкерелеудегі көркемдік қызметі ерекше. Миф бүгінгі
өркениеттің даму сатысында қайталанбас жаңа
мазмұнға ие. Ол жаңа қасиеттермен толыға
түсті. Ең алдымен, мифологизм өсиетшілдіктен, дидактизмнен,
ақыл айтушылықтан арылды. Мифтік сюжеттер шығармада
бүгінгі күннің күрделі де
қарама-қайшылығы мол адамгершілік, рухани жағдайымен үндес келеді. Қазіргі қазақ
романындағы мифологема метафора ретінде, қазіргі болмысты жалпы
адамзаттық адамгершілік тәжірибесі контекстіне енгізудің
қандай да бір көркемдік тәсілін айқындау факторы
ретінде көрінеді.
Әдебиеттер:
1.
Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті:
лекциялар курсы. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 284 б.
2.
Бердібаев Р. Қазақ эпосы. – Алматы: Ғылым, 1982. – 229 б.