Жуынтаева З.Н. (кандидат филологических наук, доцент);

Жарылғасын Д.Н. (студент)

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды, Қазақстан

 

ЕТІСТІКТІ СӨЗ ТІРКЕСІНІҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сөз тіркесінің қазіргі жүйесі – тілдің ғасырлар бойы дамып жетілуінің жемісі. Ол тіліміздің даму барысында сөз қолданыс тарихымен байланысты қалыптасқан. Етістіктермен байланысқа түсіп, сөз тіркесінде бағыныңқы  сыңар ретінде барлық сөз таптары жұмсала береді. Соның ішінде ешбір жалғаусыз, орын тәртібі арқылы қабыса байланысатындары – үстеулер, еліктеуіштер, сын есімдер, сан есімдер, есімдіктер, көсемше етістіктер,  кейде зат есімдер. Зат есімдер етістіктермен тіркесіп келгенде, негізінен, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірін қабылдап, оларға меңгеріле байланысады. Яғни, етістікті сөз тіркестері байланысу формаларына қарай қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері және меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері болып екіге бөлінеді.

Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сөздің тұлғасына қарай табыс, барыс, табыс, шығыс, көмектес жалғаулы сөз тіркестері болып бөлінеді. Енді солардың әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.

Табыс жалғаулы сөз тіркестері. Басқа да түркі тілдері сияқты қазақ тілінде де табыс септігі арқылы байланысқан сөз тіркестері іс-әрекеттің тура объектіге көшуін білдіреді. Сол себепті де мұндай тіркестің бағыныңқы сыңары өзінің бастапқы лексикалық мағынасының қандай болғанына қарамастан, табыс септігінің жалғауын қабылдағаннан кейін, тура толықтауыш қызметін атқарады. Басқа септіктер формасында (атау мен іліктен басқа) сол қызметті атқарады да. Сонысына қарамастан, бұл сөзге табыс жалғауы жалғанғанда, тек тура объектіні білдіреді. Осындай сөз тіркестеріндегі табыс септікті сөздің бұл мәні мен қызметі тілдің тарихи даму барысында өзгерместен келе жатқан құбылыс деуге болады. Оған көне түркі ескерткіштеріндегі мысалдармен дәлелдеуге болады: Бұ сабығ ешітіб – Бұл сөзді есітіп. Ол чығрыны чавүрді – Ол шығырды айналдырды [1,100]. Келтірілген осы мысалдарда табыс септігі арқылы байланысқан сөз тіркестерінің қазіргі қазақ тіліндегі сондай тіркестерден ешбір өзгешелігі жоқ екені байқалады. Табыс септігі тұлғалардың ішінде қазіргі тілімізге жетпеген көне тұлғасы - -ғ, -ығ, -іг, -уғ, -үг. Мұның қызметі –ны жалғаулы сөз тіркесіне ауысқан. Мысалы: Сіні табғачығ өлүртечі тірмен – Сені табғашты қырар дермін. Табыс септігіндегі етістікті сөз тіркестері тек қана тура объектінің іс-әрекетке қатысын білдіріп қоймай, істің орын-мекенін, бағытын білдірген. Мысалы: Отүкэн йэріг қондым – Өтүкен жеріне қондым. Эмді оны кім йэтэр  – Енді оған кім жетер[1,101].

Барыс жалғаулы сөз тіркестері. Көне ескерткіштер тілінде барыс септігінің жалғаулары қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда көп мағыналы әрі сан жағынан әлдеқайда көп болған. Осы жазбалар тілінде барыс септігінің -ғару, -геру жалғаулары кездеседі. Кейбір түркі тілін зерттейтін ғалымдар бұл қосымшаларды -ға-ру, -ге-ру деген екі элементтен тұрады деген пікір айтады. Осылардың ішінен -ру элементі табыс септігінің ең көне жалғауы деп қаралады және -ғару тұлғалы сөз тіркестеріне қарағанда әлдеқайда бұрын қалыптасқан деп саналады. Орхон-енисей ескерткіштер тілінде -ғару, -геру тұлғалы сөздер сөз тіркесінде зат есіммен қатар үстеулердің де  қызметін атқарған. Бұл -ғару қосымшасы көбінесе мекен мәнді тіркестер құрамында кездесетінімен байланысты болса керек және осы ерекшелік негізінде тілдің кейінгі даму барысында -ғару (немесе -ру) тұлғалы сөздердің көбісі үстеуге айналып кеткен. Қазіргі қазақ тілінде бұл көрсеткіш әрі, бері, кері сияқты үстеулер құрамында ғана сақталған.

Көне түркі ескерткіштерінде барыс септікті етістік сөз тіркестері шығыс септікті сөз тіркестерінің қызметін де атқарып, сол мағынада қолданылған. Мысалы: қары окүз балдуқа қорқмас – кәрі өгіз бастадан қорықты, ол аны ашқа тыдты – ол оны астан тыйды [2,99]. Барыс септігінің –қа, ке тұлғасы да қолданылған: Талйуқа кічіг тегмедім – Теңізге сәл жетпедім. Бунча йірке тегі йорытдым – Осыншама жерге дейін жорыттым. Сүйтіп, -қа, -ке, -ға, -ге қосымшаларына тән ерекшелік – ықпал заңдарына бағынбай жалғанушылық болып табылады [3,3-б].

Жатыс жалғаулы сөз тіркестері. Жатыс септігіндегі сөздер көлемдік қатынасты білдіретін етістікті сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары қызметінде қолданылады. Негізінен қазіргі тілдегі жатыс септік жалғауына  тән негізгі қасиеттердің бұрын да болғандығын байқауға болады. Дегенмен де тілдің даму барысында бұл арада да белгілі дәрежеде мағыналық айырмашылық болғаны айқын.

Жатыс жалғауында тұрып, етістік сөздермен мезгілдік қатынаста жұмсалатын сөздер – негізінен қимыл есімдері.  Қимыл есімдері іс-әрекеттің атауы болумен қатар етістік мәндегі сөз болғандықтан, іс-әрекеттің шақтық мәні де оларға жат емес. Бұл қасиеті жатыс жалғауы жалғанғанда ашыла түсіп, бұл сөздер қатысты етістік сөз тіркестері мезгілдік қатынаста білдіреді. Бұл – көне түркі тілінде де көріне бастаған мағына. Мысалы: адырылмышда саңынур эртіміз [2,107] – айырылғанда сағындық т.б. Кейінгі дәуір жазбаларында бұл үлгінің едәуір етек ала бастағаны байқалады: көрүрдэ көзүг хам өтүкде сөзүг [2,107]  көрерде көзді, айтарда сөзді (сақтау керек). Көне түркі тілінде жатыс септікті сөз тіркестері көбінесе қазіргі шығыс септікті сөз тіркесінің қызметінде қолданылған. Егер жатыс септік тұлғалы сөз тіркестері көлемдік, мезгілдік мағыналарда жұмсалса, онда олар өз міндетін атқарады да, ал қимыл-әрекеттің басталар орнын, шығар жерін білдірсе, шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің қызметін атқарған. Тек XI ғасырдағы  ескерткіштер тілінен бастап жатыс жалғаулы сөз тіркестері шығыс жалғаулы сөз тіркестері қызметін атқару қасиетінен біртіндеп айырылып, өз қызметін атқаратындай болып қалыптаса бастайды. Алайда бұрынғы қалыптасқан дәстүр көп уақыттарға дейін ізін жоғалтқан жоқ, оның қалдықтары қазіргі кездерде де кездесіп қалады. Мысалы: далада көрдім – даладан көрдім, білімді мектепте алдым – білімді мектептен алдым.

Шығыс жалғаулы сөз тіркестері. Шығыс септігінің қалыптасу тарихын әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе десе де болады. Дегенмен, өте сирек болса да шығыс тұлғасының кездесетін жайттары бар:  Оғуздантан көрүг келті – Оғыздан хабаршы келді. Өңден қағанғару сү йорыдым – Оң жақтан хандыққа қарай әскер аттанды. Түргес қағанта көрүг келті – Түргеш қағанынан елші келді.

Көне ескерткіштер тілінде жатыс септігінің шығыс септігі қызметінде қолданылғаны мәлім. Бұл сол кезеңдерде аталған осы септіктердің тұлғалық жағынан да, мағыналық жағынан да сараланбағандығын көрсетеді. Бірақ орхон-енисей ескерткіштер тілінде жатыс септігі мен шығыс септігі іштей сараланып, дербестікке ие бола бастайды. Бұл шығыс септігінің -дан тұлғасының және екі септікке тән мағыналардың іштей саралануына байланысты болса керек, яғни мекендік, мезгілдік мағынасы жатыс септігінің үлесіне тиеді. Демек, бұл шығыс септігінің жатыс септігі негізінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Көмектес жалғаулы сөз тіркестері. Сөз тіркестерінің -мен (-бен, -пен) тұлғасы қазақ тіліне ғана тән. Қазақ тілінде мұндай жалғаулы сөздер іс-әрекеттің құралын, іске асу тәсілін және бірлескен әрекетті білдіреді. Қазіргі түркі тілдерінің барлығында бірдей кездеспейтін септік жалғауы – көмектес септік. Дегенмен, арнаулы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік – қазақ тілінің ғана ерекшелігі. Басқа түркі тілдерінде бұл жалғаудың қызметін біле (білен) шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі –мен септік жалғауы мен басқа түркі тілдеріндегі біле шылауының мәнін беретін арнай жалғау –ын, ін, -н тұлғасы қолданылған [4,168-б].

 Қазақ тіліндегі көмектес септік жалғауы орхон-енисей ескерткіштер тілінде құралдық септіктің -н (-ын, -ін, -ун, -үн) тұлғасы және бірле шылауы (түркі тілдерінің біразында күні бүгінге дейін қолданылып келеді) арқылы берілген.  Орхон-енисей ескерткіштер тілінен кейінгі мұраларда құралдық септіктің -н (-ын, -ін, -ун, -үн) аффиксі арқылы құралған сөз тіркестері өздерінің қолданылу шеңберін біртіндеп тарылтып, өзімен қатар қолданылып жүрген бірле шылауының қызметін арттырды. Соның нәтижесінде құралдық септікті сөз тіркестерін білідіретін барлық грамматикалық мағыналар бірле шылауы арқылы құралған сөз тіркестері арқылы берілетіндей болып қалыптасады. Осы бірле шылауынан келіп -ла, -менен, -нен тұлғалары тарайды. Бұдан құралдық септіктің -ын тұлғасы арқылы құралған сөз тіркестерінің үлгісі тым ертеде, көне дәуірде қалыптасқан да, ал түркі тілдеріндегі бірле шылауы мен қазақ тіліндегі -мен тұлғасы арқылы құрылған сөз тіркестерінің үлгісі кейінірек тілдің дамуы барысында қалыптасқандығын көреміз. Көне түркі тілінде –н тұлғасымен қолданылған көмектес жалғаулы сөз тіркестері жиі қолданылады. Бір еріг оқ-ун урты – Ол бір жауынгерді оқпен жарақаттады. Сүңүгін ачдымым – Сүңгімен аштық. Інім Күлтегін бірле сөзлешдіміз – Інім Күлтегінмен сөйлестім. Бұлар қимыл-әрекеттің немен істелгенін, болып өткен орнын, кейде бірлестік мағынасын білдіреді.

Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің де көне түркі тілінен бізге жеткендігін байқауға болады. Анықтауыштық қатынастағы тіркестерді құрайтын зат есімдер бір-бірімен атау тұлғада қабыса байланысады.Түрк будун (түркі халқы), Алтун йыс (алтын қойнау), Қапаған қаған (Қапаған қаған). Сан есімді тіркестер: тоқуз оғуз (тоғыз оғыз), екі-үч бың сү (екі-үш мың қол), үч отуз балық (жиырма үш қала), икінті сүңүс (екінші соғыс); сын есімді тіркестер: семіз буқа (семіз бұқа), йірчі йір (жершіл ер), өрүң күмүс ( ақ күміс), қызыл қан (қызыл қан), йарақлығ йағ (қарулы жау). Есімдікті сөз тіркестері. Бу йол (бұл жол), ол суб (ол сөз), ол йер (ол жер), не буңы (не мұңы). Есімдіктердің ішінде сілтеу, сұрау есімдіктері қабыса байланысқан сөз тіркестерін жасауға қатысады.

Көне түркі тілінде есімшелер –дуқ, дүк, дұқ, тұқ, мыш, міш, ығма, ігме қосымшалары арқылы жасалған. Бардуқ йірде (барған жерде), келігме беглер (келген бектер), йатығма тағ (жатаған тау), будун болмыш үчүн (халық болғаны үшін). Бұлар - есімшенің көне тұлғалары. Қазіргі тіліміздегі есімшенің –ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтін тұлғалары кейін қалыптасқан. Көне түркі тілінде қазіргі тіліміздегі есімшенің –ар, -ер, -р тұлғалары бізге сол күйінде жеткен. Мысалы: көрур көзім (көрер көзім), білір білігім (білер білімім).

Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарының тұлғасына қарай бөлінуіне мысалдарды «Жамиғат-ат тауарихтан» келтірейік.

Зат есімді тіркестер. Шежіреде зат есімді тіркестің кездесетін бір түрі – оның көмекші етістікпен тіркесуі. Зат есімдер көмекші етістікпен тіркескенде ешбір жалғаусыз қабыса айтылып та, кейде септік жалғау арқылы да байланысады: Қауым Қоңқырат ерді. Өзіндин соң ол хан болды [5,64].

Сын есімді тіркестер. Шежіреде кездесетін сын есімдер етістікке тіркесіп келген жағдайда не күрделі баяндауыш жасайды, не амал пысықтауыш қызметінде тұрады. Мысалы: Ұғлан биғаят ауру, сахып жамал уа хұп сортлығ болды. Ол бұл ішні ұлығ көрді. Хатұн яшұрұн иман келтірді. Бір күн Оғұз яшұрын ол қызға айды [5,65]. Келтірілген мысалдың алғашқы екі сөйлеміндегі сын есімдер болды, көрді деген көмекші етістіктерге тіркесіп, күрделі баяндауыш жасап тұрса, кейінгі сөйлемдердегі яшұрын деген сын есімдер келтірді, айды деген етістіктерге тіркесіп, сын пысықтауышы болып тұр. Бірақ барлық жағдайда да сын есім өзі тіркесетін сөзімен қабыса байланысып келген.

Сан есімді тіркестер. Мұнда сан есімдердің етістікпен тіркесетін тұсы сирек кездеседі: Ұғлан бір яшады. Ұғлар бір яшар ерді [5,66].

Есімдікті тіркестер. Өздері тіркесетін сөзімен қабыса байланысатын, негізінен, сілтеу, белгісіз, жалпылық есімдіктері. Сілтеу есімдіктерінің жалғаусыз тұрып есімшелермен тіркескен түрлері де кездеседі: бұ ішләгәні, шол айтылмыш, ол ешішкәнін, һишбір сөзләшмәй [5,67].

Қорыта келгенде, етістікті сөз тіркестерінің байланысу түрлері мен тәсілдері тілдің даму барысында аздаған өзгерістерге ұшырағаны болмаса, қазіргі қазақ тілінде қалыптасқан сипатынан көп ерекшеленбейтінін байқауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Аблақов А. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. –Алматы:

    Мектеп, 1986, 141 б.

2. Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі. –Алматы: Мектеп, 1986, 112 б.

3. Аблақов А. Қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері. – Алматы, 1973. –71 б.

4. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1981. – 207 б.

5. Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері. –Алматы: Ғылым, 1964. – 262 б.