Қазіргі қазақ романдарындағы тарихи таным және көркемдік шешім

(Қ. Мұхамбетқалиұлы «Тар кезең» романы бойынша)

 

А. А. Ақболатов

Абай атындағы ҚазҰПУ докторынты

 

Бұл мақалада ХХІ ғасырдағы қазақ тарихи романындағы тарихи таным мен көркемдік шешім мәселесі талданған. Қ. Мұхамбетқалиұлының «Тар кезең» романы талданып, романның көркемдік ерекшеліктері қарастырылған. Романдағы тарихи тақырыптың көркемдік тұрғыда игерілуі, авторлардың шығармашылық ізденістері жан-жақты сөз болады.

         Түйін сөздер: тарихи роман, тарихи таным, көркемдік шешім,

 

ХХІ ғасырдағы қазақ тарихи романдарының жаңа көркемдік-эстетикалық биік өредегі ұлттық және адамзаттық өзекті тақырыптарға дендей енуі заңды құбылыс. Себебі, тәуелсіздік кезеңінін орнауымен тарихи санадағы ақтаңдақ беттерді жазу тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ерекше қарқынмен  дамып, еселей түскені хақ. Бұл туралы профессор, филология ғылымдарының докторы Ш. Елеукенов: «Еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес тақырыбы енді қазіргі тарихи романның жаңа беттерінің сүбелі бөлігін құрап отыр. Тәуелсіздік жазушылар санасына күрт өзгеріс енгізді.                         

Қазіргі тарихи романның өткенге сұрау салуы бұрынғыдан батылырақ, ауқымдырақ. Бұлжымас принципі – шындық. Әр дәуірдің күнгейі мен теріскейін қаз қалпында көрсете білу. Сөйтіп ата бабаларымыздың ұлағатты сөзін қару ету»,[1,469] - дейді.

ХХІ ғасырдағы қазақ романы туралы сөз қозғасақ, мемлекеттік сыйлыққа ие болған Қ.Мұқамбетқалиевтың «Тар кезең» романын атап өту орынды. Романның құндылығы туралы ғалым,филология ғылымдарының докторы Т. Тебегенов: «Тар кезең» романының идеясы – Ресейдің отарлау саясатындағы озбырлықтардың (атақоныстардан, жайылымдардан еріксіз айыру, жазықсыз ауылдарды шауып, адамдарды өлтіру, тонау, барымталау, өзішілік басқару жүйесіне тиым салу, т.б.) етек алуына халықтық қарсыласу қуатын таныту. Жазушының «Тар кезең» тарихи романына арқау болған сюжеттік-композициялық желілердегі қақтығыстар, қазіргі «Қазақстан тарихының»  жаңаша жазылған тарихнамалық-дерекнамалық деректі тұжырымдары негізінде жазылғандығымен ерекшеленеді»,[2,162]- дейді. 

«Тар кезең» романы өмірде болған, қазақ тарихында орны бар тарихи тұлға, қазақ даласындағы ұлт азаттық көтерілістің көсемдерінің бірегей тұлғасы, би әрі шешен, батыр, өз заманының саясаткер әрі дипломаты болған Сырым Датұлы тарихи тұлғасын көркемдік тұрғыдан суреттеген туынды. Қаламгер аталған тақырыпқа кездейсоқ барған жоқ. Қаламгер Сырым Датұлының тарихи тағылымдық жолын зерттеп, терең зерделей отырып, тарихи тағылымдық еңбегін шығарды. Автордың айтуы бойынша, жиырма жылға жуық ғұмырын сарп еткен ғылыми танымдық зерттеу еңбектің нәтижесінде көркемдік құндылығы жоғары, әдеби сында жылы қабылданған роман дүниеге келді.

Романға автор Қ. Мырза Әлидің: «Бұл жерде ел ұрандасқан, айқайласқан, Бұл жерге жау аяғын байқай басқан! Ерліктің етегінен ұстап тұрып, Еркіндік сонда алғаш тәй-тәй басқан» [3] деген өлең жолдарын эпиграф ретінде алуы тарихи романның елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан өткен тарихқа жаңаша көзқарас, пайым парасат тұрғысынан келген елдік, патриоттық бағыт-бағадарын бірден аңғартады. Эпиграф оқырманға романдағы кешегі өткен тар кезең, алмағайып замандағы елім деп еміренген ерлердің рухынан хабар бергендей әсер қалдырады.

Романда қазіргі Батыс Қазақстан территориясы аймағын Еділ мен Жайық өзендері бойын жайлаған қазақтардың ата қоныстарынан айырылып, патшалық үкіметтің басқа бодандары тарапынан қазақтарға жасалған шапқыншылық, қысымдардың арты ұлт азаттық көтеріліске, хандық биліктің құлдырауына әкеліп, сол кездегі қазақ даласында елі үшін намысын жыртқан, тек батырлығымен ғана емес, сұңғыла саясаткер, тапқырлығымен елді артынан еріте білген Ер Сырымдай тұлғаның тарихи тұлғасы көркемдік шешім тұрғысынан бейнеленеді. 

  Тарихи дерек бойынша Уфа және Симбирск аймағының жаңадан тағайындалған наместнигі – генерал-поручик барон Игельстром мен Сырым арасындағы саяси қарым-қатынастар жасауда Сырымның тапқырлығы, батырлық тұлғасы, ұлттық қаһармандық бейнесі тарихи деректер негізінде көркем суреттеліп, елдің ішкі ынтымағы мен сыртқы саяси тәуелділіктің болашағын болжай алуын автор  нанымды тұрғыдан суреттейді. Бұл жерде автор тарихи деректер мен қоса, шешендік сөздермен, тарихи жырларды интерпретациялау арқылы романның көркемдік құндылығын арттыра түскен.

«Тар кезеңде» шекара істері жөніндегі экспедицияда істейтін титулярный советник Нұрмұханбет Әбдіжәлеловты (Нұралының күйеу баласы), Айырбас Сарайдың делдалы Шүкірәліні, мешіттің молдасы Шәпиді алғаш көрген Игельстром қазақтар туралы оң тұжырым жасайды. «Риза болғаны – осы уақытқа дейін төңірегіндегілер: «тағы», жартылай жабайы», «бұлармен сөйлескеннен гөрі, азулы жыртқыштың өзімен аңдысып-арбасқан әлдеқайда жеңіл» деп, әбден түңілдіріп тастаған мына қырғыз-қайсақтар, қарап отырса, әлгідей сөздерді айтып жүргендердің өзінен әлдеқайда әдепті де сыпайы; үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деп орнымен сыйлай білетін жұрт екенін өз көзімен көріп, бұл елді мүлде басқа жағынан танығаны бір болса; оның үстіне бұлардың аса маңызды шаруаларға да атүсті қарамайтын, әр нарсені артқы жауапкершілігі мен ұятын ойлайтын арлы халық екендігі екендігіне сүйсінгендігі де бар еді» [3], - деген жолдар жаңа басшының қазақтар туралы көзқарасын көрсетумен бірге, оның авторының бұған дейін бұратана аталған халықтың тектілігі туралы ойларға жетелейтіні жасырын емес. Жазушы қазақта үлкен тұрып, кішінің сөйлемейтіндігін мәдениеттің ең озық үлгісі ретінде бейнелеуі – шығарманың негізгі жетістіктерінің бірі ретінде көзге түссе, сондай жетістіктің бірі бұған дейін бұратана, көшпелі атанған қазақ халқына деген көзқарастың өзгеруі[4].

Қаламгердің авторлық көзқарасы көрініс табатын тұстар романда анық байқалады. Сол кезең үшін Ресей империясы еркін жатқан халықтарды отарлап отырса да, өз ішінен іріп-шіріп отырғанын автор кейіпкер сөзі, Ресей империясының өкілі Игельстромның «...демек, ұлы Империяның сарқылмас қайнарын көзінің қарашығындай қадағалап отырған адамдардың да бар болғаны ғой!.. Бәсе, бүкіл мемлекет билігі тақ иесінің төсек жақындары мен төңірегінен шықпай жүргендерге ғана бөлініп берілсе, және олар әлде біреулер айтып жүргендей, әншейін пысықайлар ғана болса, осынша байтақ ел әлдеқашан-ақ ит жыртқан терідей боп талан-таражға түсіп, анталаған шет-жұрттардың бірінің тісінде, бірінің тырнағында ту-талақай болып кетпес пе еді?!»[3,16] деген пікіріндегі «төсек жақындары» деген бір ғана детальмен біршама ойды аңғартып өтсе керек. Барон Игельстром көзқарасы арқылы автор сол кезеңдегі Ресейдің саяси-әлеуметтік жай-күйі туралы баяндап өтеді. Кешегі кеңестік кезеңде бұндай ойды айту мүмкін бе еді? Әрине, мүмкін емес еді. Авторлық ұстанымы қазақ емес, Ресей империясына шынайы берілген шенеуніктің ойы арқылы сыпайылап жеткізіледі.

Романда негізінен екі сюжеттік арна өрбиді, бірі орыс отаршылдық империясының көзімен қараған патша билігінің айналасындағылардың әрекеті болса, екінші қазақ даласындағы дүрбелең, тар кезеңдегі қыспаққа түскен көшпенді ел, ата-бабамыздың тарихи кеңістіктегі елдік, ұлттық азаттығы үшін күресі. Сол тұста көрінген Сырымдай дара тұлғалардың тарих сахынасына шығуы.

Сырым Датұлы туралы, оның тарихи тұлғасы хақында би-шешендер, батырлар дәстүріне қатысты тарихи деректерде, ел аузындағы әңгімелерде, фольклортану, әдебиеттану, Қазақстан тарихы зерттеулерінде біршама қарастырылып келді. Ал аталған тарихи тұлғаның елдің басына бақытсыздық орнаған қаралы кезеңдерде көрсеткен ерлік, қайраткерлік, батырлық істерін жан-жақты көркемдік тұрғыдан бейнелеу автор Қ. Мұхамбетқалиұлының еншісіне тиіп отыр.

Жоғарыда аталған романдағы басты екі сюжеттік тізбектен тарайтын жекелеген сюжеттік бөліктерде Сырымның тарихи тұлғасын даралайтын көркемдік шешім өрнектерінен тарихи танымның сөз өрнегі арқылы көрініс тапқанына куә боламыз. Сырымның батырлық тұлғасын, шешендік қабілетін, саяси көзқарасын, соғыс өнері туралы стратегиялық шеберлігін, ұлты үшін жанашыр қиялдағы батыр емес, қарапайым адам ретіндегі бейнесін де реалистік тұрғыда суреттеп жеткізеді.

«...Ертелі-кеш еңіреп келіп арыз айтқан ағайын-туғанның, ел-жұрттың көз жасына шыдай алмады. Ең алдымен істегені – өзі Текенің түрмесінде жатқан кезде, бұның бетін енді қайтып көрмейтіндей-ақ, ағайын-туыстарына жөн-жосықсыз тізе батырып, әркімдерге зәбірі әбден өтіп кеткен Есім сұлтанды – кәдімгі біраз жылдан бері бес Сұлтансиыққа ұлыс басы болып жүрген хан баласы Есім төрені ел ішінен айдап тастаған. Көктем әбден шығып, жер аяғы кеңісімен, қысастығы кеңірдектен келген Жайықтың казак-орыстарына қарсы қайтадан атқа мінді.

...Казак-орыстар пәлен ауылды шауып кеткен екен десе, Сырым барып олардың күтірлерін шапты...»[3,128]. Бұл үзіндіден романда бейнеленген батыр тұлғасының да қарапайым адам ретінде, ұлтының басына түскен ауыртпалық, хан сұлтандардың қарапайым халықты қанауы, ашу-ыза, халық қиналғанда бас тіреп келгенде мәселенің шешімін табуға тырысқан ақыл-парасатымен қоса, ел басына күн туғанда қолына ақ найзасын ұстап, ақырып тендік сұрауға шыққан батырлық тұлғасы анық көрінеді. Сырымды көтеріліске итермелеген, намысқа жетелеген халық тағдыры болатын. Романда батырдың ішкі жан-дүниесіндегі халық тағдыры, ел тағдыры туралы толқыныстары тарихи танымның көркемдік шешімге шебер ұласқанын көрсетеді. Романның соңындағы Сырым бастаған халық көтерілісінен кейінгі батырдың алдағы ел тағдыры туралы толғанысы осын айғақтайды.

-  Сізге де рахмет, Алдар аға! Тар кезеңге тап келіп, тынысы

тарылғандай болған жұртымызды бір төбенің басына шығарғандаймыз...Енді келер күні қандай болар?!

         Тек бір Алла жар болғай-дағы оған! – деп, Жаратқанға іштей мың да бір шүкіршілік еткен Сырым би, алдағы алмағайып күндерге ой жіберіп, бұлыңғыр заманының бұдан кейінгі бейнесі қандай боларын болжағысы келгендей, көгілжім тартып тұрған түу-у алыс көкжиектен көз алмай қарай берді, қарай берді...[3,580].

         Сырым батыр бастаған халық көтерілісінің бірнеше жылға созылуының өзі соғысты стратегиялық тұрғыдан ұйымдастыра білген әскери-қолбасылық шеберлігінде болғаны тарихтан мәлім. Автор сол тарихи деректерді көркем тілмен, монолог, диалог, көркем детальдармен шебер жеткізе білген. Романнан үзінділер келтіріп өтсек.

         «...соңғы он шақты жылда аннан-мұннан тірнектеп жиып, әр үйдің тең-теңінің ішіне, кебежесінің түбіне тығып сақтатқан, тот баспасын деп таза матаға оратқан орыс мылтық, бұхары мылтық, Хиуадан алдыртқан шамқал, бағзыдан келе жатқан қозыкөш, күлдірмамайларды бірінші рет жарыққа шығартып, майлатып-сайлатып, жалтыратып сүрткізіп, осының икемі бар-ау деген жігітттерге жеткенінше үлестіріп бергізді.

Бұдан әрә жасырынбақ ойнаудың енді еш жөні жоқ еді. Әрі қан қасап ауыр шайқасқа бел байлағандарын ел анық сезсін деген...

Тығынды қаруларды түгел алып болған бойда, қаптай көшіп келе жатқан елді батыр осы жерде екіге жарып: қатын-бала, қара орманды қалың тау ішіне жедел асырды да, өзі Мұғалжардың қойнау-қолаттарына кіре берістегі ауызда самсаған  сары қолмен тосқауылда тұрып қалды. Онда да қарап жатпай аңыс аңдауға деген осы бір-жар күнде жігіттерді мылтықпен соғысудың жай-жапсарына қанықтыруға шұғыл кірісті»[3,154-155]. Жоғарыдағы үзіндіден Сырым батырдың отаршыл империяның қарулы әскеріне тойтарыс беру үшін әскер жасақтауы, жалаң қылышпен емес, заманға сай от қаруды қолдану қажет екенін терең түсінген әскери қолбасшылық қабілетін танимыз. Тарихтан белгілі деректемелердегі Сырым бастаған көтерілістің нәтижесінде отаршыл империя әскеріне бірнеше мәрте тойтарыс берген шайқастары роман композициясында көрініс тапқан.

Романда Сырымның сыртқы кескін келбеті, мінез-құлықын, ішкі жан дүниесін поэтикалық тұрғыдан терең суреттеуде автордың қаламгерлік шеберлігі анық байқалады. Автор қазіргі қазақ романдарындағы психологиялық талдаудың аналитикалық және динамикалық принциптерін [5,15] пайдаланып, кейіпкердің іс-әрекеті мен ойы, сөзі де қоса-қабат көрінетін тәсілдерді қиюластыра қолданады.

Қорыта айтсақ, автордың көркем шығармашылық қиялы тарихи танымның көркемдік шешім табуына жол салып, тарихи тұлғаның көркем әдебиеттегі сөзбен сомдалған бейнесі одан әрі ашыла түскен. Бұған дейін ел ауызынан жиналған Сырым батырға қатысты шешендік сөздер арқылы оның би, тапқыр ойшылдығын танысақ, өз заманының сұңғыла саясаткер болғанын дәлелдейтін тарихи фактілердің көркемдік тұрғыдан игерілуі тарихи тұлғаның ұлт үшін күресін, сол жолдағы еңбегін келешек ұрпақ санасына сіңіруде қызмет етері сөзсіз. Жалпы әдебиеттің көркемдік эстетикалық қуатының арғы жағында, түптеп келгенде, тәрбилік мәні бар екендігін есте ұстауымыз қажет. Ендеше, «Тар кезең» ХХІ ғасырдағы қазақ романдарының іргелі туындысы ретінде, әдеби көркемдік, тарихи тағылымдық мәні жоғары туынды деп есептейміз.

         Пайдаланылған әдебиеттер:                                  

1.     Қазақ романы: өткені мен бүгіні: Ұжымдық монография. – Алматы: «Алматы баспа үйі», 2009. -644 б.

2.     Тебегенов Т.С. Тәуелсіздік дәуіріндегі жаңа қазақ әдебиеті (ХХ ғ. 90-жылдары және ХХІ ғ. Бас кезі): Монография. – Семей: «Үш биік» баспасы, 2013. -380 б.

3.     Мұқамбетқалиев Қ. Тар кезең. Роман. – Алматы, 2012

4.     Орда Г. Соңғы жылдар прозасы // Қазақ әдебиеті, №23, 2014 жыл.

5.     Рахымжанов Р.Н. Қазіргі қазақ романдарының поэтикасы. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 1993.