Жанузакова К.Т.

Ф.ғ.д., доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қ., Қазақстан

 

ПОЭТИКА САЛАЛАРЫ МЕН ЗЕРТТЕУ ОБЪЕКТІСІ

 

Әдебиет теориясының  өзегін жалпы поэтика (сонымен бірге ол теориялық деп те аталады)  құрайды.  Ол  - көркем шығарма, оның құрамы, құрылымы мен функциялары, сонымен бірге әдебиеттің тектері мен жанрлары туралы ілім. Жалпы поэтикамен қатар теориялық әдебиеттану әдебиеттің өнер түрі ретіндегі табиғаты туралы ілім мен оның тарихи даму заңдылықтары туралы ілімді  (әдеби процесс теориясы) қамтиды. 

ХІХ ғасырдың  аяғы  мен  ХХ  ғасырдың  басында  әдебиет  теориясын поэтикадан бөліп қарастыру тенденциясы бел алды. Алайда бірқатар ғалымдар мұндай көзқарастың ғылыми негізі жоқ екенін жазды. Әдебиеттану мәселелерін байыпты талдаған іргелі еңбектің бірі – американдық авторлар Р.Уэллек  пен  О.Уорреннің  «Әдебиет  теориясы» болды [1]. Олар әдебиет  теориясы  мен  поэтиканы  ұқсас ұғым ретінде  қарастырады. Ал  В.Томашевский  өзінің  «Әдебиет  теориясы. Поэтика»  кітабында  бұл  түсініктердің  бір  мағынада  ғана  қолданылатындығын  ескертеді. Аристотельдің «Поэтикасы» да, Н.Веселовскийдің «Тарихи поэтикасы» да - осы саланың бастауындағы үлкен еңбектер [2]. Өйткені әдебиет   теориясы  - өзіне  тән  теориялық  және  тарихи  бастаулардың  тамырластығын,  жалғастығы   мен  байыптылығын  қарастыратын  ғылым. Поэтика болса, әдеби туындыдағы бейнелеу құралдарының көркемдік жүйесін құрап,  әдебиеттің тегі мен жанрларының, әдіс пен ағым-бағыттарының, стилі мен тәсілдерінің спецификасын, олардың ішкі байланысы мен көркемдік тұтастығын   зерттейді.

Қазіргі әдебиеттануда поэтиканы жеке көркем шығарманың құрылысы, әдеби  құрылымы және оның кешендері туралы ғылым ретінде  қарастырамыз. Бірақ поэтика мақсат-міндеттері белгіленген және дәстүрлі әдебиеттану салалары: әдебиет теориясымен, әдебиет тарихымен тығыз байланысты арнаулы пән ретінде де қалыптасуда. Әдебиет теориясының ауқымында, ол жалпы поэтика, яғни, мәтіннің (дыбыстық, сөздік, образдық) құрылымы туралы ілім деп қарастырылады.

«Нақты» әдебиеттану ауқымында  жеке жазушының шығармашылығын және белгілі бір шығарманың құрылымын сипаттайтын жеке (немесе сипаттама) поэтика  ұғымы да бар. Ондағы басты мәселе – композиция, яғни эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесім-үндестігі.

Әдебиет теориясы мен әдебиет тарихының  тоғысқан тұсында жекелеген көркемдік компоненттердің (жанрлардың, сюжеттердің, стилистикалық бейнелердің) туу, қалыптасу және даму тарихын, тағдырын, барлық әдебиетке тән ортақ типологиялық белгілерін айқындайтын  тарихи поэтика  дамиды.

А.Байтұрсынұлының  «Әдебиет  танытқышы» қазақ әдебиеттануындағы алғашқы әдебиет теориясы оқулығы болса да, ғалым теориялық толғамдарды ұлттық танымға сүйене отырып талдады.   Уақыттың өзі дәлелдеп бергеніндей, «Әдебиет танытқыш» еңбегі әлемдік теориялық ойдың биігінен көрінеді. Ал Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының негіздері»,  Қ.Жұмалиевтің  «Әдебиет теориясы» еңбектері  жас ұрпақты сөз өнерінің ерекшеліктерімен  сусындатып, әдебиет туралы таным-түсінікті қалыптастыруға үлкен үлес қосты.                           

Әдебиет сүйер қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде З.Қабдоловтың «Сөз өнері» атты зерттеу кітабының атқарған ролі зор [3]. Ұзақ жылдар бойы студенттердің қолынан түспей жүрген кітапта  әдебиеттің теориялық мәселелері қасаң қағида түрінде ұсынылмай, суреткердің шеберлік мәселесімен, әдеби шығармашылық психологиясымен сабақтастықта қарастырылған.  Кітап әдебиеттану ғылымы мен әдебиет теориясының өзекті мәселелерін оқытудың жақсы дәстүрін қалыптастыруға мұрындық болды. Сонымен бірге бұл іргелі еңбек жалпы шығармашылық өнердің қыр-сыры, нәзік иірімдері мен құпия қалтарысы туралы сыр толғайды, теориялық мәселелерді қазақ әдебиетінің мысалдары негізінде терең талдайды.

Қазақ әдебиеті теориясының қалыптасуына А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Ә.Тәжiбаев, Б.Наурызбаев, М.Дүйсенов, Ә.Шәрiпов, З.Қабдолов, Ә.Нарымбетов, З.Ахметов зор үлес қосты. Қазiргi әдеби процесс мәселелерін, жеке қаламгерлер шығармашылығын, жанр, стиль, әдеби әдіс проблемаларын терең талдауға арналған Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, М.Базарбаев, Р.Бердiбаев, Т.Кәкiшев, Б.Ыбырайым, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, А.Жақсылықов, А.Iсiмақова, Т.Есембеков, Г.Пірәлиева сынды ғалымдардың еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа бір белеске көтерді.

Қазақ әдебиеті теориясының қалыптасуына А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Ә.Тәжiбаев, Б.Наурызбаев, М.Дүйсенов, Ә.Шәрiпов, З.Қабдолов, Ә.Нарымбетов, З.Ахметов зор үлес қосты. Қазiргi әдеби процесс мәселелерін, жеке қаламгерлер шығармашылығын, жанр, стиль, әдеби әдіс проблемаларын терең талдауға арналған Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, М.Базарбаев, Р.Бердiбаев, Т.Кәкiшев, Б.Ыбырайым, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, А.Жақсылықов, А.Iсiмақова, Т.Есембеков, Г.Пірәлиева сынды ғалымдардың еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа бір белеске көтерді.

 

 

Литература:

1.     Уэллек Р., Уоррен О. Теория литературы.М.: Прогресс, 1978.

2.     Томашевский Б.В. Теория литературы. – М., 1996.

3.                 Қабдолов З. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1983. – 2 т. – 392 б.