Жукеев Т.Б.

Қарағанды экономикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҮСТЕМЕ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰРЛАУСЫЗ МҮШЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫЛЫҒЫ

 

Қазақ тілі синтаксисінде жан-жақты зерттелмей келе жатқан саланың бірі – үстеме құрылым. Үстеме құрылым синтаксистік құрылыстың өзіндік бір ерекшелігі болып есептеледі.

Үстеме құрылым деп негізгі айтылыммен бірігіп синтаксистік тұтастық жасайтын, соңғы бөлік алдыңғы, негізгі бөлікке грамматикалық жағынан да, лексикалық жағынан да байланысты, тәуелді боп тұратын және үстеме бөлік негізгі сөйлемнің мазмұнын кеңейтіп, мағыналық жағынан толықтырып тұратын бірлікті айтамыз.

Үстеме құрылым екі компоненттен тұрады: негізгі бөлік (сөйлем) және үстеме бөлік. Бұл екі компоненттің орны тұрақты: бірінші негізгі компонент айтылады да, соңынан үстеме компонент айтылады. Жазба әдебиетімізде де дәл солай. Негізгі бөлік пен үстеме бөлік айтылғанда, үзіліс арқылы бөлінеді де, интонацияның ерекше түрімен сипатталады. Үстеме құрылымның интонациясы туралы орыс тіл білімінің зерттеушісі И.И.Мещанинов былай дейді: «Үстеме құрылымның тағы бір өзіне тән ерекшелігі бұл құрылымның ритмикалық-мелодикалық жағы болып табылады. Біріншіден, үстеме құрылымның алдында дауыстың төмендеуі байқалады, екіншіден, негізгі ой айтылғаннан кейін интонациялық кідіріс болады, үшіншіден, үстеме бөлік ерекше интонациямен айтылады» [1, 7]. 

Үстеме құрылым жазба тілге уақыт өте келе ауызекі сөйлеу тілінен келіп енген. Олай дейтініміз – жазба тіл мен ауызекі сөйлеу тілі жақындап, біріндегі құбылыс екіншісіне ауысып жатады. Бұл күнде үстеме құрылым жазба әдебиеттің нормасына ыңғайланып қалыптасуда.

Үстеме құрылым құрмалас сөйлемнің салаласына да, сабақтасына да ұқсамайды. Оның өзіне тән ерекшелігі бар.

Салалас сөйлем компоненттері бір-бірімен тең құрамаласады да, сабақтас сөйлем компоненттері бірі екіншісіне бағына құрмаласады. Бірақ екеуінде де айтылатын ой санада алдын ала белгілі болады. Сөйлеуші сөйлеу процесінде айтатын ойын алдын ала жоспарлап, оны салаластыра айта ма, жоқ сабақтастыра айта ма, ойдың материалданатын сөйлем-сұлбасы пайда болады. Ал үстеме құрылымды айтқанда, үстемеленетін ой санада әлі жоспарланбайды. Ол ой тек негізгі сөйлем айтылып жатқанда, не айтылып болғаннан кейін санаға келеді.

Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Ал үстеме құрылым синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін сөйлемдердің тіркесуі емес, алдыңғы негізгі сөйлемге мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да тәуелді, көмекші сөйлемнің тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы ерекше мағыналық және экспрессивтік-стилистикалық бояу беріп, негізгі сөйлемнің мағынасын күрделендіру, кеңейту жолдары мен тәсілдері боп табылады. Басқаша айтқанда, құрамалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, құрамалас сөйлем болуын тексерсе, үстеме құрлым синтаксисі дербес сөйлемге көмекші синтаксистік құрылымның тіркесуін, байланысуын тексереді. Жоғарыда негізгі сөйлем мен үстеме сөйлемнің арасында үзіліс болады дедік. Ол үзіліс әр түрлі тыныс белгілері арқылы таңбаланады: нүкте, үтір, леп белгісі, сұрақ белгісі, көп нүкте.

Үстеме құрылымның нүкте арқылы келуі: Өлік Игіліктің шапанын жамылып, Игіліктің пәуескесінен түскені де аңыз ғой. Аңыз болғанда қандй! (Ғ.Мүсірепов).

Үстеме құрылымның үтір арқылы келуі: Екі жағы да кімнің кім екенін жете түсіндіре алған жоқ, жете түсініскен де жоқ (Ғ.Мүсірепов).

Үстеме құрылымның леп белгісі арқылы келуі: Мәңгіден бері жинала берген бітеу жара бір жарылмай қояр ма! Өзі жарылды (Ғ.Мүсірепов).

Үстеме құрылымның сұрақ белгісі арқылы келуі: Ал өлім атаулыда мән-мағына бола ма? Болғанда қандай! (Қ.Жұмаділов).

Үстеме құрылымның көп нүкте арқылы келуі: «Қақаған суық, қатаң тәртіпке төзе алмай, сол жақта ішқұса болып, буынып өліпті», - дейді, не демейді ... Алайда шындық еді (О.Бөкеев).

Үстеме сөйлем негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан қосымша сөйлем. Осы негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан, не қосымша үстемеленетін үстеме сөйлемді негізгі сөйлеммен тұтастырып, біріктіріп тұрған – логикалық екпін. Осы екпіннің арқасында үстемеленетін, не негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан мүше өзіне мағыналық салмақ алады. Негізгі құрылымнан кейін үзіліс болады: дауыстың төмендеуі, үзіліс. Бұл үзіліс үстеме құрылымды қабылдауға дайындайды. Үстеме құрылымға осындай екпіннің түсуі – үзілмелілік және бір тұтас сипат береді. Үстеме құрылым негізгі бөлікке синтаксистік жағынан да, лексикалық жағынан да тәуелді болып тұрады. Мысалы: Ауылдағы қалған үйлердің көбі кішкене, 3-4 қанат жыртықтау қара үйлер. Малшы-қосшының үйлері (М.Әуезов).

Мысалдағы үстеме бөлікте негізгі сөйлемнің баяндауышы (үйлер) қосымша меншіктік анықтауышты (малшы-қосшының) үстемелей қайталанған. Яғни үстеме бөлікте үйдің кімдердікі екені нақтыланған. Үстеме құрылым матаса байланысқан сөз тіркесінен тұрады. Осы жағынан келгенде, бұл құрылым грамматикалық жағынан да, лексикалық жағынан да негізгі сөйлемге тәуелді.

Анықтауышты үстеме құрылым.

Жазба әдебиетіміздің ауызекі сөйлеу тіліне жақындауына байланысты үстемелену тіл дамыған сайын қанатын кең жайып келе жатыр. Соған байланысты анықтауыштың да үстемеленуі тілімізде жиі кездеседі. Анықтауыштың сөйлемдегі негізгі қызметі – зат есімнен, не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді түрлі жағынан сипаттау: олар заттың түсі, түр-тұрпаты, көлемі, салмағы, саны сияқты сапаларын білдіреді де, анықтайтын сөзімен тығыз байланыста болады.

Тіліміздегі анықтауышты үстеме құрылымдар өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Анықтауыштардың үстеме құрылым құрамында қолдануларының мынадай мағыналық түрлері бар:

1) Негізгі сөйлемнен бөлініп шығып, үстеме құрылымда айтылатын анықтауышты үстеме құрылым;

2) Негізгі ойды кеңейтетін және бір мүшені анықтайтын анықтауышты үстеме құрылым;

3) Айтылған ойға авторлық баға беру немесе авторлық көзқарасын көрсететін анықтауышты үстеме құрылым.

 

1) Негізгі сөйлемнен бөлініп шығып, үстеме құрылымда айтылатын анықтауышты үстеме құрылым. Үстеме құрылымның бұл түрі ауызекі тілімізде көп кездеседі. Санадағы алдын-ала белгілі хабар айтылып жатқанда немесе айтылып болғаннан кейін келетін қосымша хабар негізгі сөйлемнің соңынан тіркестіріліп айтылады. Үстеме құрылымның ауызекі сөйлеу тіліне тән деуіміз осыған байланысты. Ал жазба әдебиетке келсек, бұл, тіптен, басқа мәселе.

Жоғарыда айтқанымыздай, жазба әдебиетімізде үстеме құрылымның көрініс беруі жазушының негізгі сөйлемде айтатын мәселесін ұмытып кетуден емес, мұнда айтушының коммуникативтік мақсаты жатыр: оқырманның назарын белгілі бір мәселеге аудару, үнемділік, сөйлемге стилистикалық әр беру, эмоционалды-экспрессивтік бояу үстеу т.б. Мысалы: Пішен төбесі мен қораның ығында жатқан иттер үреді. Сақ, мазасыз (М.Әуезов).

Автор бұл сөйлемде бірыңғай анықтауыштарды сөйлемнің сыртына (нүктенің сыртына) шығарып жіберуінің себебі – бірыңғай анықтауыштарға оқырманның назарын аудару және оларға ерекше логикалық екпін түсіріп, актуалдау. Бұл сөйлем қалыпты сөйлемге қарағанда, үзілмелі екпінмен оқылады. Мына төмендегі қалыпты сөйлем мен үстеме құрылымды салыстырып қараңыз: Пішен төбесі мен қораның ығында жатқан сақ, мазасыз иттер үреді.

Қалыпты сөйлемге қарағанда үстемелі сөйлемнің өзіндік коммуникативтік мақсаттан туған ерекшелігі бар. Қалыпты сөйлем құрамындағы бірыңғай анықтауыш ешқандай өзгешеліксіз, іргелес тұрған мүшелерден ерекшеленбей бір екпінмен айтылады. Ал үстеме құрылым бөлігінде болғанда, басқа мүшелерден ерекшеленіп, сөйлемдік интонациядан бөлек интонациямен дыбысталады. Негізгі сөйлем айтылғаннан кейін үзіліс болады да, үстеме анықтауыштарға маңыз беріле өзгеше интонациямен айтылады.

2) Негізгі ойды кеңейтетін және бір мүшені анықтайтын анықтауышты үстеме құрылым. Басқа анықтауышты үстеме құрылымдармен салыстырғанда бұл түрі жиі кездеседі. Мысалы: Енді мұның алдында бір ғана жол тұр: әрі қысқа, әрі төте өлім жолы. Ажалдың құтқармас құрығы (Қ.Жұмаділов).

Бұл сөйлемнің басқа анықтауышты құрылымдардан ерекшелігі – үстеме бөліктегі анықтауыштың негізгі сөйлем құрамындағы анықтайтын сөзінің алдына қоя алмайтындығымызда. Себебі, біріншіден, негізгі сөйлем құрамында бірыңғай анықтауыштар бар, екіншіден, үстеме бөліктегі мүше алдыңғы айтылған мәселеге қосымша мағына ғана үстейді. Басқаша айтқанда, негізгі, жетекші анықтауыш емес, негізгі ойды кеңейтетін мүше ғана.

Келесі кезекте мынандай құрылымды талдап көрейік: Қытай жұртында ескі заң бар, біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кесетұғын (Ы.Алтынсарин).

Үстемеленген анықтауыш бір сөйлемге пара-пар күрделі анықтауыш. Үстемеленген анықтауыш заң сөзін анықтап тұр. Оны қалыпты сөйлемге де айналдыруға да болады. Мысалда үстеме анықтауыш мағыналық жағынан дараланған және негізгі сөйлем мен үстеме бөліктің арасында үзілмелі байланыс бар.

Кенет бір бүйірден сау етіп бір топ салт аттылар шыға келді. Жиын қарасы қырық-елуден кем болмас (Қ.Жұмаділов). Мысалда үстеме бөлік негізгі сөйлемде айтылған бір топ салт аттылардың сандық (болжалдық) мөлшерін білдірген. Яғни негізгі сөйлем мен үстеме сөйлемнің арасындағы қатынас – мөлшерлік қатынас. Бұл құрылымның екі жақты қызметі бар: біріншіден, негізгі ойдың ауқымын кеңейтсе, екіншіден, белгілі бір мүшені анықтаған.

3) Айтылған ойға авторлық баға беру немесе авторлық көзқарасын көрсететін анықтауышты үстеме құрылым. Үстеме құрылымның бұл түрі айтылған мәселеге авторлық пікір, авторлық көзқарас қосуымен ерекшеленеді. Мысалы: Тәбеті тартып тұрмаса да, әл жинау үшін бір тостаған шай мен жарты қалашты түгін қалдырмай соғып алды. Бәлкім ақырғы атауы, соңғы дәмі (Қ.Жұмаділов).

Мысалда негізгі сөйлемде айтылған мәселеге үстеме құрылымда автор өзіндік пікірін, болжамын көрсетеді.

Толықтауышты үстеме құрылым.

Қазақ жазба тілінде толықтауышты үстеме құрылым басқа мүшелермен салыстырғанда сирек кездеседі. Толықтауыш үстеме құрылымда көп жағдайда қайталанып қолданылады. Ол – белгілі бір мүшеге аса маңыз беру үшін және ауызекі сөйлеу тіліне тән ерекшелік – нақтылау үшін толықтауыш қайталанады. Мысалы: - Шешеңді ойла, шешеңді («Қазақ әдебиеті» газеті). – Жоғары шық, Төке ... Шайға жақында, шайға ... – деп жыбырлай бастады (Ғ.Мүсірепов).

Жоғарыдағы екі мысалда да негізгі сөйлем құрамындағы толықтауыш үстеме бөлікте қайталанған. Мұндай қайталаулар ауызекі сөйлеу тіліне тән құбылыс болып табылады. Ал үстеме құрылымның ауызекі тілінен енгенін ескерсек, бұл, әрине, заңды құбылыс.

- Ал жібердім тізгіндеріңді! – деді Жұман қалың қолдың ортасында тұрып. - Өзгесі адыра қалсын, ең алдымен, Игілікті өз шаңырағын ортасына түсіріп, өзін бір сүйреп алдыма әкеп беріңдер! Өзін, өзін! – деп тоқтады (Ғ.Мүсірепов).

Мысалдағы үстеме бөлікте қайталанған толықтауыш (өзін) табыс септігі тұлғасы арқылы жасалған. Сөйлеуші өздік есімдігін екі рет қайталаудағы мақсаты – тыңдаушыларды естімей қалмасын деген оймен нақтылау және нығырлау. Және біз бұл құрылымнан сөйлеушінің психологиялық жағдайын да көреміз. Ол – ашу, ыза.

Сонымен, толықтауыш, көбінесе, қайталау арқылы үстемеленеді.

Пысықтауышты үстеме құрылым.

Пысықтауышты үстеме құрылым негізгі құрылыммен мынадай мағыналық қатынаста болады:

1) Себептік қатынас;

2) Қимыл-сындық қатынас;

3) Мезгілдік қатынас;

4) Мекендік қатынас.

 

1) Себептік қатынастағы пысықтауышты үстеме құрылым. Үстеме құрылымның бұл түрі негізгі айтылымдағы іс-әрекеттің себебін білдіреді. Мысалы: Атасы түнде, жатар алдында ғана, Қайыркөлдің жағасына барамыз деген. Ауылдан біршама қашық. Осылай желдіртіп отырғанда арбалы кісі бір жарым-екі сағатта әрең жетеді. Жаз бойы атасына еріп талай барған жері. Өстіп шөп шабуға (Ж.Шағатаев).

Үстеме бөлік негізгі сөйлемдегі талай баруының себебін білдіріп тұр. Бұл құрылымды қалыпты сөйлемге де айналдыруға да болады: Жаз бойы атасына еріп өстіп шөп шабуға талай барған жері. Демек, үстеме бөліктегі себеп пысықтауыш негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан мүше болып табылады.

2) Қимыл-сындық қатынастағы пысықтауышты үстеме құрылым. Пысықтауышты үстеме құрылымның бұл түрінде, көбіне, амал пысықтауыштың қалыпты жағдайда атқаратын қызметімен бірдей болады. Мысалы:

Ішкен-жегенім керем болып, алғаным ақыретіммен кеткір, неге ғана сатып ем Қарағандыны ... Қысты күні қырылып келе жатқандарын да көріп ем ... Енді міне, туған қызымдай болып кеткен, қарлығаштай ғана сорлы баланың ұсталғанын да көрдім-ау! – деді. Көзіне жас алып, қамығып айтты (Ғ.Мүсірепов). 

Сөйлеушінің психологиялық жағдайы үстеме сөйлемде көрсетілген. Бұл жерде үстеме сөйлемді негізгі сөйлем құрамынан бөлініп шықты деуге мүлдем болмайды. Үстеме бөлік негізгі сөйлемнің мағынасын кеңейтіп, кейіпкердің әрекетін пысықтап тұр. Ол пысықтау – сын-қимыл жағынан.

Тағы бір мысал келтірейік:

Бірақ ... Тағы да бірақ деймін-ау, көп ұзамай сол көңілдің шырқы тағы бұзылды. Мықтап бұзылды (С.Жүнісов).

Бұл құрылымда да баяндауыш қосымша сөйлемде қимыл-сын жағынан пысықтала қайталанып тұр. Егер бұл құрылымды қалыпты сөйлемге айналдырсақ, одан үстеме құрылымдағыдай әсер алмаймыз. Яғни үстеме құырылымда мықтап пысықтауышы логикалық екпінмен ерекшеленген, ал қалыпты сөйлемде ол ондай екпін алмайды.

3) Мезгілдік қатынастағы пысықтауыштық үстеме құрылым. Мезгіл пысықтауыштың сөйлемдегі қызметі сияқты үстеме сөйлемдегі мезгіл пысықтауыш негізгі сөйлемдегі іс-әрекеттің мезгілін білдіреді. Мысалы: Маңдай терісі жиырылып, жүз жасаған қариялардай түнеріп толғанып отыр. Анда-санда (Д.Әбілев). 

Мысалдағы анда-санда пысықтауышы мезгіл үстеуден жасалған. Үстеме бөліктегі мезгіл пысықтауыш негізгі сөйлемдегі іс-әрекеттің үздіксіз емес, оқта-текте, үзілмелі болып жатқанын білдіреді.

Бұл ауылға жақындағанда бәрі үйіне кіріп жоқ болады да, үйлерінде күледі. Жаз бойы, қыс бойы күледі (Ғ.Мүсірепов). Негізгі сөйлемдегі баяндауыштың қайталануы арқылы негізгі сөйлемдегі іс-әрекеттің мезгілі үстеме сөйлемде көрсетілген.

4) Мекендік қатынастағы пысықтауышты үстеме құрылым. Мекендік қатынастағы үстеме құрылым қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бет алысын, қайда екенін білдіреді.

Мен өз жеріме кетемін. Арқаға (І.Есенберлин).

Үстеме бөлік негізгі сөйлемде айтылған іс-әрекеттің бет алысын, бағытын білдірген. Арқаға деген үстеме бөлік негізгі сөйлем құрамындағы өз жерім деген тіркестің мазмұнын ашып, айқындап тұр.

Жоғарыда келтірілген сөйлем мүшелерінің барлығы дерлік үстемеленгенде, ең алдымен, негізгі сөйлемдегі ойды толықтырып, сөйлемді мағыналық жағынан болсын, коммуникативтік жағынан болсын тиянақтап, сөйлемге экспрессивтілік мағына үстеп, негізгі сөйлемнің әр қырлы толықтырмасы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, үстемеленген сөйлем мүшелері өзіндік логикалық екпінмен ерекшеленіп, сөйлемді жеткізу кезінде өзіндік мәні, қызметі бар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1) Мещанинов И.И. Члены предложения и части речи. Москва, 1945.

2) Ақынжанова А.Т. Қазақ тіліндегі парцелляция құбылысы. Филол. ғыл. канд. дисс. автореф. Алматы, 1999. 25 б.

3) Балақаев М.Б., Сайрамбаев Т.С. Парцелляция және оны аудару // Аударманың лексико-стилистикалық мәселелері. Алматы: Ғылым, 1987.

4) Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. Монография. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. – 159 б.

5) Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы: Мектеп, 1977. 92 б.