Жанузакова К.Т.

Ф.ғ.д., доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан

 

Рецептивті эстетика мәселелері

 

Рецептивті эстетика оқырман бейнесі мен оның шығарманы қабылдау, зерделеу мәселесін  зерттейді. Оның басты мақсаты – көркем туындының оқырманға ықпал ету қуаты мен деңгейін айқындау, автордың  бейнелеген өмір шындығына оқырманның ықтимал әрекетін, алған әсерін, жазушы шығармашылығына қарым-қатынасын анықтау. Әдебиеттанушы ғалымдардың оқырман бейнесін арнайы зерттеуінде үлкен мән бар. Себебі оқырманның талғамы, деңгейі, дүниетаным ерекшелігі көркем шығарманың тағдырына  көп ықпалын тигізеді.

Әдеби үдерісте әдеби сынның өз орны мен мақсаты бар. Көркем туындыны оқырман қауымның өз деңгейінде қабылдап, түсінуіне, оның әдеби процесте лайықты орын алуына  тікелей әсер ететінде - әдеби сыншылар.  Өйткені олар - кәсіби деңгейі жоғары оқырмандар. Көркем туынды тағдырына ерекше әсер  ететін негіздеудің бірі - сыншылардың пікірі мен бағасы, осы маңайдағы талас-тартыстардан мәтін туралы көп мәлімет алуға болады. Нақты оқырманға қарағанда олардың филологиялық арнайы білім-білігі бар, көркем шығарманы қабылдау дайындығы жоғары. Осы тұрғыдан келгенде көркем мәтінді қабылдайтындарды былай атауға болады. 1. Оқырман қауым. 2. Рецептор.  3 Рецепиент.

Әдеби шығарманы түсіну үшін арнайы дайындықтың қажет екендігі ақиқат. Сондықтан бірқатар зерттеушілер оқырманның әдеби біліктілігі мәселесіне ерекше назар аударуды ұсынып, оның обьективтік және субьективтік факторларға тәуелді екенін мәлімдеген.  Оқырман шығарманы түсінуде дербестігін сақтай отырып, авторға тәуелді болады. Оның шығарма болмысына тікелей қатысы бар. Әдеби шығарманы дұрыс қабылдайтын, терең түсінетін, орынды талдайтын, дұрыс бағалайтын білікті оқырманның көркем әдебиеттің өмірін ұзартатынын бағамдағандар ондай рецепиенттің бойында қандай қасиеттер мен сипаттар босуы керектігі жайында көп ойланған. Айтылған ой, естілген сөз, жазылған пікірді толық  түсіну үшін ең алды мен адамның сөздік қорында табиғи тілдің  элементтерімен бірге әдеби тілдің де белгілері мұндайды тым болмаса пасив деңгейде қолданыста міндетті екен. Көркем шығарманы оқу барысында адресатты зейінді сөз мағынасын іштей болса да талқылауға бағыттап отыру, мазмұнды тұтас түсінуге икемдеу әдеби біліктілікті қалыптастырудың басты амалдарының бірі. Әдеби туындыны қабылдау түсіну, бағалау үшін білікті оқырман ондағы тілдік білгілер мен әдеби кодтарды меңгеруі міндетті. Әдеби  мәтіндер әр түрлі, сапасы сан қилы болғандықтан білікті оқырман өз таңдауын жасайды. Демек әр  әдеби мәтіннің өзіне сай дайындығы бар оқырманы әр шығармадағы мағыналық қабаттарды толығырақ түсінетіні жасырын емес.  Зерттеу еңбектерін ақтарсақ, әдеби шығарманың адресаттарын оны оқу мен тану деңгейіне сәйкес шартты түрде мынандай топтарға бөлу қалыптасқан: 1. Автор ойымен деңгейлес оқырман. 2. Қаламгердің тезаурусынан жоғары адресаттар. 3. Суреткердің шығармашылығы бағдарымен мақсаты үйлеспейтіндер. 4. Бағдары ұқсас, бірақ білігі төмен оқырман. 5. Мәтінді саналы түрде қабылдап, оның мағыналық қабаттарын, мәні мен маңызын ұғынатын оқырман [1].

Көптеген қаламгерлер жазу үстінде болашақ оқырманын елестетіп отыратынын айтып келген, осындай елес оқырманды арнайы зерттеу нысаны ету шығармашылықтың диалогтық бастауларын анықтауға жетелейді. Қаламгер барлығына арнап жазады дегенмен оның да өз оқырманын іздейтіндері бар. Кейде әдеби шығарманың ішінде оқырмандарының атын  атап, талап қоюға  ықыласты  авторлар да кездеседі. Мысалы А. Құнанбаев өз оқырманына, тыңдаушыға  үлкен эстетикалық  талап қойған, белгілі міндеттер артып отырған. Сөздің «түзелгенін», тыңдаушының, оқырманның соған сәйкес бой көрсетуін, «түзелуін» қадағалаған. Шығарманың атауы, жанры, эпиграфы мен авторлық арнау оқырманға ақпарат беру үшін ғана емес, сонымен қатар оның оқырмандық ынтасын қалыптастыру үшін қызмет етеді.  Оқырманға қойылар басты талап-танымдық ақпарат пен эстетикалық әсерді үйлестіріп отыруға тырысу.

Мәтін теориясы ұсынған функционалдық көзқарас көркем мәтіннің оқырманның жан дүниесіне әсер етуін әдеби тілдің қолдану мақсатымен  байланыстыра қарастырады [2]. Шығарманы оқу барысында оқырман санасында образдар пайда бола бастайды, өйткені мәтіннің эстетикалық әлеуеті әсер етеді. Автор бейнелеген шартты әлем мен оқырман санасындағы нақты болмыс арасында күрделі қарым-қатынас орнайды.  Әдеби шығарманы оқырманның оқуы мен оны қабылдауы барысында көркем шындық пен туынды әлімін тану, автордың өзіндік ойынының мәнісін байқау, өз оқырмандық әлемін түгендеу қатар жүріп жататынын ғалымдар жан-жақты зерттеген.  Оқырманның шығарманың терең қабаттарын түсінуі, оның мәніне бойлауы, сол арқылы туындыны қайтадан оқырман көімен  айқын бағалауы ғана көркем мәтінге жаңа мағыналы өмір сыйлайды. Көркем мәтіннің оқырманға беретін эстетикалық әсері мен ықпалы сезімдер ағыны арқылы тұтас көркем суретке айналады. Мәтіндегі  образдар мен оқиғаларды көз алдына келтіру, елестету арқылы  оқырман олардың арасындағы байланыстарды, бірлікті байқап, оларды тұтастыра бастайды. Әдеби туынды оқырмандардың көзқарастарына әрқилы әсер етуі арқылы эстетикалық талғам қалыптастыруға, ойы мен қиялын дамытуға, оған шығармашылық құлшыныс пен шабыт дарытуға қаблетті. Адамға әдемілік, әсемдік, сиықсыздық табиғаты туралы танымдық, тәжірибелік білім мен білік дарытуға қауқары бар көркем мәтіннің эстетикалық функциясының қызметі де сан түрлі. Әдебиет пен өнердің оқырманның жан дүниесіне ықпал етуі мен оның көңіл күйіне әсері өте күрделі түрде жүзеге асады.

Әдебиеттер:

1.   Есембеков . Т. У.  Көркем мәтін поэтикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2012.

2.   Савельева В. Художественный текст и художественный мир. Алматы, 1996.

3.   Мучник Г.М. Текст в системе художественной коммуникации: восприятие, анализ, интерпретация. – Алматы, 1996.