КӨРКЕМ ТУЫНДЫДАҒЫ БЕЙНЕ
ЖӘНЕ
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Ж.А.Кенжебекова, А.Ж.Аметова
Қазақстан, Қарағанды
қаласы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Қазіргі қазақ
әдебиеттану ғылымының басты да келелі тақырыптар арнасы
тарихи тұлғалардың көркем әдебиеттегі бейнесін ұлттық мүдде
тұрғысынан зерттеу өзектілігі құрайды. Сондықтан да қазақ
қоғамындағы сал-серілер бейнесінің тарихи
бағалануы бүгінгі уақыт талабымен тың ғылыми
жаңалықтармен көзқарастарды қажет етеді. Ұлт
руханиятындағы сал-серілер тұлғасы, олардың
қазақ қоғамындағы ролі бірегей құбылыс болып табылады.
Қай қоғамда болмасын
әдебиеттің алдындағы міндеті - адамды зерттеу болмақ.
Сондықтан тарихи прозада қоғам мен адам қатынасы тарихи
деректер негізінде назарда болып, қаламгерге қоғам алдындағы
жауапкершілікті жүктейді. Кеңістік - сал-серілер өмір
сүрген қазақтың кең сахарасы болса, уақыт -
XIX ғасырдың екінші жартысы.Қазақ қаламгерлері
ұлы тұлғалар бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді
жинақтай келе, уақыт талабын, заман шындығын көрсету
арқылы бүгінгі ұрпаққа ой тастайды. Сал-серілер
образында қазақ ұлтының салт-санасы, яғни
ұлттық менталитеті ұлттық мүдде
тұрғысында маңызды орын алады.
Бүгінгі таңда
қоғамдық пікірде талас тудырып отырған әлемдік
деңгейдегі жаһандану үрдісінде тәуелсіз ұлт
үшін ұлттық
мүдде қажеттілігі туындайды. Өнер
адамдары жайлы қай шығармада болмасын шындық
дәріптеледі, өмірін өнермен ұштастырған
тұлғалардың әрқайсысы жарқын
болашаққа ұмтылады. Белгілі бір дәуірде,
қоғамдық ортада ғұмыр кешкен сал-серілер
елін,жерін мейлінше сүйіп, қастерлеп, өз жандарын осы жолда
қия алатын адамға тән ұлылықты көрсетті.
Сал-серілер бейнесі -
қазақ тарихи прозасына, қазақ руханиятына айтулы
үлес қосқан әдеби, тарихи тұлғалар. Қазақ қаламгерлері өнер
адамдарының бейнесін сомдау арқылы ұлтымыздың
азаттық жолындағы сан-қилы оқиғаларын батырлар,
әншілер, ақындар, сал-серілер тағдырымен байланыстырып,
шығарма арқауына негіз етіп алды. Біртуар тұлғалар
бейнесін сомдаудың түп -төркіні ұлттық
болмыс–бітім арқылы кейіпкердің жан әлеміне үңілу,
тұтастай алғанда жекелеген адамдардың жарқын бейнесін
сомдау – қазақ ұлтының ынтымағы, ауыз бірлігі,
бүгінде қол жеткізген тәуелсіздігінің
айғағы.
Біртуар қазақ
перзенттері жайлы жазылған көркем шығармалар жайында
ғалым Қ.Әбдезұлы былай дейді: «Қазақ жазушыларының
өз туындыларында қазақ тарихында, қазақ
қоғамында елеулі орын алған тұлғалардың
елдігіміз, ұлттық бірлігіміз, рухани ынтымағымыз үшін
сіңірген еңбегін әдеби кейіпкерлер арқылы
жарқыратып ашуы оқырман назарын бірден өзіне аударды... Қазақ қаламгерлері осынау
әдеби тұлғалар арқылы қазақ тарихының
тереңіне бойлады. Ұлтымыздың, халқымыздың
тәуелсіздік, азаттық жолындағы сан тарапты күрес-
тартысын нақты оқиғалар арнасына сыйғызуға
мүмкіндік алды» [1, 5].
Тарихи шындыққа
негізделген Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди
өмірінен қоғам мен адам арасындағы қатынас, жеке
адам проблемасы туындайды. Олар
қазақ елінің мұңын өз заманында тарихи
тұлға ретінде де биікке көтерді. Табиғат ерекше дарын
сыйлаған, парасатты, ақындық-әншілік мектебі бар Біржан
сал – бір сөзін қайталамайды, тектілігі атасы
Қожағұлдан дарыса керек. «Біржан сияқты сал-серілер
халықтың осы бір көркемдік толғамын толық ескеріп
поэзиямен музыканы, әшекей, қимыл өнерлерін ұштастырып,
дамыта отырып, сол сері пішіндегі ақынның салтын қалыптастырған...
Біз сал-серілердің орта ғасырдағы Европаның
сал-серілерімен (рыцарь, трубадур) ұқсастығы да жоқ
емес деген кейбір болжамдарды еске түсіргенбіз» деп ғалым
Е.Ысмайылов құнды пікір
айтады [2, 66].
Қай кезеңде де өнерге ешкім тыйым
сала алмаған. Біржан да Ақан сияқты өнер
құдіретін таныта білген дара тұлға. Өз
ұлтының өнерін дәріптеген, рухын көтерген
әдеби қаһарман
өмір шындығын бейнелейді. Белгілі бір қоғамда
өмір сүрген Ақан сері жеке тұлға ретінде
ортасынан оқшау тұрып, табиғи жаратылысына тән
даралығын өнер иесіне тән тылсым, жұмбақ
қасиеттерін әр қырынан қазақ психологиясына
тән мінез-құлық, іс-әрекеттерімен танытты.
«Образға тән бірінші қасиет –
ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу. Олай болса, ешбір
суреткер ешқашанда тілге, ұлттық бояуға зорлық
жасай алмайды» [3, 36].
Алты алаштың
ардақтысы, аяулы перзенті, өзге ұлтқа көрсете
алар қазақтың «серісі» Ақан қиянатқа
қарсы тұрып, қоғамдық-әлеуметтік істерге
араласты, адамзат баласы өмір сүріп жатқан тіршіліктің
мәнін түсінді, елді, жерді сақтауға күш
жұмсады.
Тіршілік
нәрін сепкен күн –
Дүние
жалын, дүние от
Тіршілік
бойдан кеткен күн
Сөнген
шала, өшкен шоқ.
Сол дәуірдегі тарихи
оқиғаларды қоғамдық-әлеуметтік, саяси
жағдаяттардан бөліп алып қарау мүмкін емес. Ендеше, әр кезеңнің өзіне
тән салты, заңы бар десек, Ақан серінің өмір
сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы оның жеке басына
әсер етпей қоймады.
Ақан – өнер адамы. Оның рухы биік.
С.Жүнісов Құлагерінен айырылған Ақанның
қайғысы – қазақтың
қайғы-мұңы, аспанды қара түнек бұлт
шарлаған заманы екенін айтады. «Ақан әнші, сал, сері
қашаннан аяғымен келіп еді, ол халқының әнімен,
салтымен, сәнімен жүрмеуші ме еді. Қашан ол
рұқсат сұрап қазақ даласында шақырумен,
ояздың қағазымен жүруші еді. Ақан келсе,
ақын адам жүрегімен, адал жүрегімен келеді. Сол жүрегі
қазір қап-қара болып, өзі де, көңілі де
қара жамылып, айдалада жалғыз зарлап отыр. Ол зар
Ақанның зары емес, ол зарлаған Нұрмағанбет,
сенің зердесіз паңдығың, Батыраш сенің
зұлымдығың, Мұса, сенің айлаң, үш
жүздің баласы – сенің зарың, заманыңның
мұңы, замана шері. Ертеңгі ұрпаққа
сенің бүгінгі байлығың да бақталас
күншілдігің де жетпейді, ақынның зары жетеді» [4, 356].
Өмірінің
соңында Ақан оз ортасынан, қоғамнан жатсынып,
өзімен-өзі жеке болғанды қалайды, табиғаттан
жанына сая іздейді, жалпақ жұртқа беймәлім күй
кешеді. Бұл құбылыс
қазақ халқының ұлттық болмысы табиғи
жаратылысынан, ежелден мифологиялық дүниетанымынан да
байқалады.
Қаламгер
ұстанымы мен ізденісінің, көркемдік ойлау
нәтижесінде образ бен автор
арасындағы байланыс бірлікте болып, үйлесімділік тапқан.
Қоғамдағы оқиғаларға қатысы бар
кейіпкер «мені» басқалармен қарым-қатынаста анықталады.
Біржан салдың құрдасы Тәукебай ары, жаны таза Біржанды
надандықтан арашалап, Біржан кім екенін тағы да
ел-жұртының есіне салады.
Сал-серілік дәстүрді
өнермен ұштастырған өзіндік сән-салтанаты,
ұлттық қасиеттері, мінез-құлықтары,
іс-әрекеті жан-жақты, талантты өнер иелеріне ғана
тән. М.Мағауиннің
«Көкбалақ» романындағы Айтан сал тұлғасы
қаламгер идеясынан туындаған, көркемдік ізденістер
көмегімен айқындала бастайды. Сюжетке айналған
салдардың рәсімі – салдық дәстүрі көркем
шығармада бір қазақ ауылының, бір сәттегі
көрінісіндей суреттелген. «Сал жайындағы әңгімелердің
бәрінде де салдардың ерекше жүріс-тұрысы, ерекше
өрескел киім киюлері, оғаш мінездері айтылады. Қайда келсе
де, ауыл сыртында аттан құлап түсіп, қашан
қыз-келіншектер басын көтеріп тұрғызғанша жатып
алады екен. Ерегістірсе, намысына тисе, сал өрескел, оқыс мінездер
көрсетіп кететін болған (өз атын өзі бауыздау,
тәуір киімін жаман құрым киіз киімге айырбастау),
бойындағы бар асыл затын, ат тұрманына дейін біреуге тастап кету,
етік-мәсісін қыз-келіншектер тартып шешкенде таласып теріп алсын
деп қонышына моншақ салып жүру тағы басқалар» [5,
54].
Жазушы Д.Досжановтың «Жібек жолы» романы ХІІІ
ғасырдағы Отырардың өркендеу дәуірін баяндайды. Көркем туындыда Хисамеддин
ақын, Қадырхан қолбасы, Қайрауық күйші,
Ошақбай батырмен бірге сал-серілік дәстүрді
ұстанған Сыпа, Керім сал бейнелері тартымды суреттеледі.
Ошақбай батырдың ауылына келген Сыпа бейнесі сал-серілерге
ұқсас, киім киісі, жүріс-тұрысы, қылығы да
ерекше. «Шекесінде қисая қонған ақ киіз
қалпақ, тік жаға көйлек, сыртында желең шапаны
бар, аяғында ақ сақиян етік, етік те, шапан да, көйлек
те кірсіз, көз тартады... Елдің төбесінен қарайтын шолжаңдығын
қайтерсің. Сәлемдессе қолын кеудесіне қойып
иілетін ізетін, қол алысса бес саусағын бостекі ұстата
салатын сылқымдығын қайтерсің» [6, 86].
Романда Отырардың өмірі, көшпелі
елдің тұрмысы, Шыңғысханның шабуылы,
дипломатиялық қатынастар жайында кеңінен баяндалады.
Отырардың өркендеу дәуірінен сыр шертетін романдағы
сал-серілердің эпизодтық көрінісімен көшпелі
елдің өнер адамына деген ілтипатын, табиғи болмысты,
заманға лайық адамдардың көзқарасын
аңғару қиын емес. Ендеше, сал-серілердің
қоғамдағы қалыптасу тарихының орны ерекше.
Ұлттық рухани құндылығымен бағаланатын
көркем туындылардағы сал-серілер тұлғасы өзіндік
спецификалық ерекшелігімен, өздеріне сай атауларымен,
тағдырларымен, ұлттық менталитет сипатымен маңызды.
«Адамдардың ішкі жан дүниесіне, қоршаған ортамен
байланысына, өзара қарым-қатынастарына дендей енетін
көркем әдебиеттің сан ғасырлық даму жолы
әдебиеттің бейнелеу нысаны қашанда адам болып табылатынын
аңғартады. Көркем туындыдағы маңызды орынды
адамның иеленуі – адамзатқа тән көркемдік таным мен
шығармашылықтың ғасырлардан ғасырларға
ұласқан ұзақ сапарының жемісі» [7, 47].
Қазақ
халқының өзгеге ұқсай бермес даралық
қасиет – сипаты, ұлттық болмыстан бастау алатын ерекшелігі
ғасырлар бойы қалыптасқан сал-серілік дәстүрінен
ерекше байқалады. Сал-серілік
дәстүр – барша болмысына биік мәдениетті, ғажайып
өнерді, әншілік-күйшілікті, асқан кірпияздық пен
талғампаздықты, сұлулық пен сымбаттылықты,
өзгеге ұқсай бермес айрықша даралық пен шебер
ұштастырған құбылыс. Қазіргі таңда
әлемдік деңгейде жүріп жатқан жаһандану процесі
аясында қазақтың өзгеге көрсетер асылдарының бірі де осы сал-серілік
дәстүр.
Ғасырлар бойы
қалыптасқан әдет-ғұрып,
салт-дәстүрге сай
өнердің даму сатысында хас
таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық
талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше дарындылығы –
өнердің бірнеше түрін
меңгеруде. Олардың
әрқайсысы халықтың рухани тұрмысында
өнерді насихаттап қана қойған жоқ,
әлеуметтік тұрғыда ой
қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді.
Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу –
ғасырдан ғасырға жеткен
сал-серілер өнернамасының
негізі болмақ. «Сал–серілік
дәстүрі бірте-бірте ұмтылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал
секілді өнерпаздарға
ғана байланысты
сақталып отыр. Сал және серінің айырмашылықтарын тап басып, ажырату
үшін де этнографиялық
айғақтарды ашып көрсеткен орынды... Серілер таза,
әдемі киіну, кербез паңдық мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық,
сақылық, білімдарлық қасиеттерімен айналасына
өнеге шашатыны, тек өнер жолына беріліп, сауық
құрып, аңшылық саясатшылықпен айналысып жүрген.
Сал-серілердің топтасып жүріп, ауыл-ауылды аралаған
сәтте тұтас ансамбльді елестетеді... Серілер бірдей ат мінуі,
бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі,
басындағы үкісі де көшпелі дала артистеріндей әсер қалдырған.
Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың
көтеріп кетуінің белгілі
дәрежеде эстетикалық мәні болды, халықтық драма
өнеріндегі
ойын-сауықтың қызметін атқарған...» [8,
451].
Тарихи деректерге қарағанда сал-серілікті
насихаттаған, дәріптеушілердің бірі Жошы хан болған. «Қыпшақ даласында серілік пен
салдықты көп
таратқандардың бірі – Жошы хан. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал-серілерді,
әнші-күйшілерді топтап, бірыңғай сауық
үстінде жүреді екен.
Оның серілікті жақсы көруі
сонша, әкесі жыл сайын
Балқаш төңірегіндегі Құлан-ойнақ даласына
әдейі аң
аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат,
он мың қара ат тарту етіп отырған. Жошының аңда
жүріп көп шыққан биік жері Ортаудың
сұңқар ұя салатын ұшар басы. Ол жерді Жошы ерекше
қадірлеген, сұңқардың ең алғырын осы
арадан ұстайтын. Ол биік шыңды қазақтар осы күнге
дейін «Жошының қиясы» деп атайды. Оның серілік өмірінен
туған атақты күй «Ақсақ құлан Жошы
хан» қазақтардың есінде осы күнге дейін
сақталған» [9, 174].
Сал-серілік дәстүр
әр алуан өнер өз ортасынан оқшау тұратын
өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз сүйіспеншілігінен,
ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше сөздік қоры бай
қазақ тілінің көркемдігінен бастау алып, «сал» мен
«сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек. Адам мен қоғам арасындағы тарихи
сабақтастық өткен дәуірден сыр шертеді, адам
баласының сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді.
Сал-серілерге тән ұлттық сипат уақыт пен кеңістік
аясында әр қилы дамып, қоғамның ілгері дамуында
дара тұлғалардың ұлттық болмысын жан-жақты
көрсетіп, ұлт өкілі ретінде халық арасында болатынын
айғақтайды.
Олай болса, сал-серілердің
ұлттық келбеті, болмыс-бітімі – ұлттық менталитеттен
туындайтын қазақ ұлтының даму диалектикасымен
тығыз байланысты. Салдық пен
серілік өнерінің биік тұғыры қазақ
дәуірі «Қазақ хандарының көбі
өздерінің бабалары Жошы, Ордаежендердің серілік
дәстүрін жалғастырған. Ең бірегейі – әз
Жәнібек. Ол атақты аңшы, құладынға қу
ілдірген саятшы болып, ойын-сауықты көп қуып, ел-елді аралап
қалыңдық іздейді екен... Қасымханның баласы
Ақназар да атақты серінің бірі болған. Бірақ
серілікті ол бір сұлулық үшін, елге үлгі ету үшін
пайдаланған. Серілікті аса биік сатыға жеткізген – Есімхан.
Оның қамқа тоны, басындағы бөркі,
аяғындағы қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп
отырған. Құстың да ең қырандарын –
сұңқар, лашын, тұйғын, Алтайдың ақ
иық бүркітін ұстаған. Абылай мен Әбілқайыр
ханның ұрпақтарына дейін серілік пен сал өнері
үздіксіз дами береді. Абылайдың жауынгер батырлары Уақ Баян
батыр атақты серінің бірі» [9, 175].
Зерттеуші Е.Ысмайылов
ақын-жыраулар мұрасын зерттеуде өзіндік үлес
қосты. «Ақындар» атты
еңбегінде қазақ халқының рухани-мәдени
тарихында ерекше орын алатын ақын-жыраулардың болмысы,
сал-серілердің бір басында бірнеше өнердің тұтасып
түйіскендігі, яғни ақындық, композиторлық,
орындаушылық, суырып-салма шешендік сияқты қасиеттердің
жинақталып тұтасып көрініс табатынын ерекше бағалайды.
«ХІХ ғасырдағы аты шулы Біржан сал, Ақан сері, Толыбай, Жаяу
Мұса, Ағашаяқ, Әздембай, онан бергі Шашубай, Естай сал
тағы басқалары әншіліктің, халық
өнерпаздығының дәстүрін дамытып,
қалыптастырған Қазақтың әнші ақындары,
сал-серілері, искусствоның тұтастық қасиетін бойына
жинаған адамдар... Бұрын да, қазір де сал, сері
ақындарға тән негізгі ерекшелік ән мен
өлеңнің үнемі түйісіп, ұштасып
айтылмайтындығы дедік, осы ұштасудан әнші ақындар
тыңнан өлең, жыр ғана шығарып қоймай,
әнді де шығарып айтатын халық композиторлары болды.
Атақты Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Мәди –
барлығы да әнші, ақын ғана емес, өзінің
шығарған тың әндері бар композиторлар» [2, 66].
Зерттеуші ақындық, музыкалық, өнерпаздық
дәстүр жағынан сал мен серінің арасында үлкен
айырмашылық болмағанмен, қимыл-әрекетінде,
жүріс-тұрысы, киім-киісінде, мінез-құлқында
өзгешелік бар екенін айтады. «Салдарға тән салтанаттылықты
сауықшылдықты айта келе, профессор Е.Ысмайылов «сал» сөзін
«салдырату», «салтанат» сөздерімен түбірлес сөз деп
тапқан» [2, 149].
Қай кезеңде де өнерге ешкім тыйым
сала алмаған. Біржан да Ақан сияқты өнер
құдіретін таныта білген дара тұлға. Өз
ұлтының өнерін дәріптеген, рухын көтерген
әдеби қаһарман
өмір шындығын бейнелейді. Қаламгер ұстанымы мен
ізденісінің, көркемдік ойлау нәтижесінде образ бен автор арасындағы байланыс
бірлікте болып, үйлесімділік тапқан. Қоғамдағы
оқиғаларға қатысы бар кейіпкер «мені» басқалармен
қарым-қатынаста анықталады.
Сал-серілердің тұтас
бейнесінен жалпы ұлттың болмыс-тұтастығын ешкімге
ұқсамас даралығын, рухани дүниенің бір
кезеңнен екінші кезеңге өтуін көруге болады. Сондай-ақ, сал-серілер тұлғасы
адамзат тағдырын бейнелейтін тарихи прозаға өзіндік
үлесін қосты. Олай болса, жеке адамдар тағдырын, ұлт
бейнесін, дәуірді бейнелейтін сал-серілер тұлғасы –
шындықты айқындайтын таланттар образы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Әбдезұлы
Қ. Қазақ прозасы және ұлттық идея.
Оқу құралы. Алматы, Қазақ университеті,2005, 242
б.
2.Ысмайылов
Е. Ақындар. Алматы, 1956, 325 б.
3.Нұрғали
Р. Әдеби дәстүр мен әдеби ағыс. Монография.
Алматы, Жазушы, 1986, 440 бет
4.Жүнісов
С. Таңдамалы шығармалар. 2 томдық. Алматы, Жазушы, 1981, Т.
1. Бірінші кітап. Ақан сері. Роман. 368 б.
5.Мағауин
М. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Алматы, Жазушы, 1990, 448
б.
6.Досжанов
Д. Жібек жолы. Роман. Жазушы. Алматы, 1973, 272 б.
7.Бердібай
Р. Тарихи роман. Оқу құралы. Алматы, Санат, 1997, 336 б.
8.Ахметов
К. Әдебиеттану әліппесі. Оқу құралы. Алматы,
Қазақпарат, 2000, 184 б.
9.Марғұлан
Ә. Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер...
Қазақтың сал, серілік дәстүрі. //Жұлдыз,
1983, №9