ҚАЗАҚ
РОМАНЫНДАҒЫ МӘДИ БӘПИҰЛЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ
ТҰЛҒАСЫ
Аметова А.Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.
Әдебиеттің дамуы
ұлттық сананың өсуіне әлеуметтік әрі
азаматтық парасаттылықтың толыса бастауына тікелей
байланысты. Олай болса, халық арасынан шыққан өнерпаз
тұлғаларды ерекше алып, қарастыру заңды
құбылыс. Әлемдік өркениетке көз салып,
жаңаша даму жолына түскен егеменді еліміздің өнер
әлемін сапалық жетілдіру міндеттері тұрған
кезеңде әдебиетімізге жаңаша тұрпатты шығармалардың
қосылуы – ұрпақ санасын ұлттық тарихи негізге
бағыттаудың бір жолы.
Сал-серілер
тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік –
қазақтың ұлы даласын, өзгеге
ұқсамайтын төлтума мәдениетті, ұлттық
болмыс тұтастығын көруге болады. Бұл ретте ғалым
Ш.Ыбыраев «Уақыт пен кеңістік ұғымдарының
дәстүрлі ұлттық сипатта, алдымен фольклорда
сақталатыны айтып, көркемдік ойлаудың тарихынан уақыт
пен кеңістік туралы ұғымдардың қалыптасу тарихын
бөліп алуға болмайтынын ескертеді» [1: 14]. Ерте дәуірден
басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты.
Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық әкеледі.
Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер –
тіршіліктің иесі – адам. Қоғамның жаңғыруы,
уақыттың алмасуы сал-серілер өміріне әсерін тигізбей
қоймайды.
Өнер адамдарының тағдыры
әртүрлі бұралаң жолдармен келсе, олардың
өмір сүрген ортасы сондай әлеуметтік
қайшылыққа толы, сан қилы қиындыққа
толы. Ұлттық психология мен халықтың санасы
қоғам дамуы мен тарих заңдылығынан тыс қала
алмайды. Рухани құндылықтар ел санасына сіңіп, жаңғырған
бүгінгі таңда өткенге үңіліп, ұлт
тәуелсіздігі жолындағы сал-серілердің қоғамда,
қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде өзіндік орны
бар екенін айта аламыз. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өмір
сүрген қазақтың сал-серілері өзіндік
өнернамасымен қазақ қоғамында
қайталанбайтын үрдісті көрсетті. Бір-біріне
ұқсамайтын, бір-бірін қайталамайтын әр кезеңде
өмір сүрген қазақ сал-серілерінің
тұрмыс-тіршілігі әлеуметтік оқиғалар барысында
халықтың тыныс-тіршілігімен байланыста болды.
Мәди қай
кезде де бұқара халыққа жақын, өз
тектілігін көрсетіп, қай істе болмасын кесіп айтып, нақты
шешім қабылдайды. Өзіне тағылған жалған
жалаға ар-намысымен қарсы шығып, күреседі, қол
байлау болып отырған заманыма налиды: «Мен әруақты
бабаларымның әулеті болсам да, кеудесін кек тескен сорлымын. Олар –
көп, мен – жалғыз. Намысыма сондайлардың оғы тиген мен
бір жаралы жанмын».
Қазақ
қоғамында сол кезеңде етек алған саясат туралы
М.Дулатов «Қазақ» газетінде былай деп жазады: «Степной
положениенің ІҮ-нші статиясы бойынша Дала уалаятының
генерал-губернаторына өкіметке сенімсіз (саяси) һәм мал
ұрлаушы қазақтарды бес жылға жер аударуға ерік
берілген. Сол себепті Ақмола, Семей облыстарында жер аудару деген нәрсе соңғы жылдары
өте күшейіп тұр. Сотқар адам
бұзықтыққа салынып, халыққа зиян келтіріп,
шаруасын күйзелтетін болса, лайықты жазасын тартпасын деп ешкім ара
түспейді. Бірақ, өсек байланған адамның
ақ-қарасын жете тексеріп, қара болса – кінәсін мойнына
аударып, нахақ болса –
ақталуы үшін дәлелін көрсетуге жол беру -
әділдіктің барып тұрған маңдайы...
Жер аударылған
қазақтар ақ болсын, қара болсын, бір-ақ
күні өзінің абақтыға жабылып қалғанын
біліп қалады. Көбі не үшін екенін де білмеді. Бұлардың
біразы жұртқа белгілі, анық болғанымен, көбі
дұшпандарының астыртын шағымымен, яки билеушілердің
назарында қалумен бақытсыздыққа душар болған
нахақтар» [2].
Он жыл сергелдеңге
түсіп, «жалған жала» жабылған Мәдидің
тағдырына қоғамдағы саяси жағдай әсерін
тигізбей қоймады. 1905 жылы қазақ жерінде де патшаға
қарсы наразылылық күшейді. «Заты Мәдидің «ісінің»
шұғыл басталып, бері бірден теріс бұрылуына, әуелдегі
бес жыл жер аударудың он жыл қуғын-сүргінге айналып
асқынуына Ресей империясындағы саяси жағдайлар тікелей себеп
болған. Жалпыға мәлім, Жақып Ақбаевтар 1905 жылы,
Ахмет Байтұрсыновтар 1909 жылы ұсталып, қамалып, сотталып
жатқан аласапыранға Мәдидің «ісі» де дәл келіп
қалған. Сол жылдары қазақтың бүкіл
көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған, озық
азаматтары бір шеті Архангельскі, Якутия, ішкі Ресей аудандарына жер
аударылған болатын» [3: 159].
Қазақтың
біртуар асыл тұлғаларына қара күйе жағылып,
азаттықты аңсаған азаматтар атылып, отаршылдық
саясаттың құрбанына айналды. «Кеңестік коммунистік
жүйенің түсында Ресейдің
отаршылдық-озбырлық саясатының сыртқы сұлбасы
өзгергенімен, ішкі-пиғыл нитетінің баяғы жыртқыштық
қалпымен өзгермегені мәлім. Озбыр жұртыңыз
қазақтың рухани әлемін жасаған асыл перзенттері
ұлт мақтанышына айналып кетуден қауіптеніп, оларды құстаналаудан,
қара күйе жағудан танбады. Біржан сал, Ақан сері жынды,
Шәкәрімді банды, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ пен
Әсетті қашқын, Иманжүсіп пен Мәдиді
қарақшы-барымташы атандырған тексіз тобырды қолдап,
кейінгі ұрпаққа теріс ақпарат беруге тырысты» [4: 5].
Мәдиді
ашындырған, намысына тиген ағайынның алауыздығы,
жалған жаласы, таныс-тамырлық етек алған әділетсіздік.
Мәди жасып, жаншылмады. Әділдік қашанда жеңбейтініне
көзі жеткен күрескер өмірінің соңына дейін
өз ұлтының рухани көсемі, серісі болды. Ертеңгі
күнді алыстан болжаған батыр іштен шыққан жауына сенген
жоқ, аштық жайлаған халқының қамын ойлады.
«Е, шырағым,
бақытсыз елді қашанда бассыздар билейді, ел сорына да ол да болыс
бола қалған-ды. Мені айдалсын деп мөр басқан жеті
болыстың бірі, менің өшігерім сол жетеудің ішінен
өзімнің ағам Қақабай мен Текеш» [5: 52].
Мәдидің
ақындығы мен сазгерлігін, әншілігі мен күрескер батыр
екендігі, жеке басының адамшылығы, сері мен батырға тән
аңғалдығын, оның өр тұлғасы,
болмыс-бітімі айқындап тұрғандай.
Сұрасаң
руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным
көп қылған өсек
Дұшпанның
қудалаған жаласынан
Бір күнде қу
қара жер болды-ау төсек.
«Жалпы шынайы
тарихтағы Мәди тұлғасы - өте күрделі, сан
қырлы болған. Әр таланттың ғұмырнамасында
тектілік, ата-бабадан тамыр тартқан гендік қасиет үлкен роль
атқарады десек, бұл жағының арғы атасы
әулие тұрпаттас Қаз дауысты Қазыбектен басталатын
Мәди тұқым-нәсілі атақты би-сұлтандар
Өскенбай, Құнанбайдан алты шынжыр жалғастырған
ұлы Абай мен Абылай хан тұқымы Шоқанды еске
түсіреді» [6]. Мәдидің кеудесінде жауынан алмаған кегі
бар, ол – қара халықтың кегі. Ол қашанда дұшпаннан
кек алу жолында күресті. Жазықсыз біреуді шабу үшін де
байланған бас жоқ. Ашыққан елді қырғыннан
құтқару үшін Түнекбайды шапсақ та, онда
елдің кегі бар, ол кек қайтпай кеудедегі шер тарқамайды.
«Мәди туралы
деректі немесе көркем туындылармен танысқанда оның
жалғыз жортқан жортуылшы емес екеніне көз жеткіземіз. Ол еш
уақытта өз серіктестерін жау қолына қалдырмаған.
Жиырма екі болыстың ақсақал-қарасақалының
арызымен Мәдидің жиырма жеті серігі Қарқаралы
абақтысына қамалған екен. Сонда ер Мәди уезге келіп,
өзі беріліп, жолдастарын босатып жіберіпті. Текті Мәдидің:
Көп үшін
өзім келіп қолға түстім,
Білмеймін не боларын
ақырын істің.
Ерім деп еркелеткен,
еркінсіткен
Қайран ел,
көзден жас боп бір-бір ұштың, – деп толғанғаны да
шын оқиғаны дәлелдей түсетін тәрізді» [6].
Адам қоғамнан
тысқары дами алмайды. Ұлттық мүддені көрсете
алған Мәди тұлғасы
ұлттық мінез–құлықты дара сипатымен көрсете
алуы. Халық ортасында Мәдидің күрескерлік
рухы,азаматтық тұлғасы қалыптасты. Мәди
тағдыры – қазақ ұлтының тағдыры. Қазақ
халқының жарқын болашағын ойлаған күрескер,
сері Мәди парасаттылығы, жан әлемі қазақ
қоғамындағы орын алған өнер адамдарының
тағдырына ұқсас сыр шертеді. Образ-
қоғамдағы адам проблемасын туғызды. «Адам болмысы
дегенде оның табиғаттан шығу тегі, қоғамдық
өмірі және жеке даму туралы мәселелер жиынтығы еске
түседі. Бұл мәселелер өмірдің өзі
тәрізді әрі көне,әрі жаңа. Ұрпақтар
үздіксіз өзгереді, ол әрбір тарихи заман
қоғамдық өмірдің мән-мағынасын
өз ұғымымен болашаққа жеткізеді. Әр
дәуірдің өкілдері мынадай маңызды да, мәңгі
сұрақтарға жауап беруге тырысады: Адам дегеніміз не?... Адам
не істей алады? Ол не істеуі керек? Не үшін өмір сүреді?» [7: 22].
Мәди жанының
тазалығы - өнер
адамдарының болмысында кездесетін табиғи құбылыс. Ағайынның
жаласынан жапа шеккен Мәди өр мінезімен, батылдығымен бір
кезеңнің шындығын дәріптейтін кесек
тұлға.Оның кеудесін кек кернеді,жаралы
сұңқар қанатын самғап алысқа ұша алмай
назаланды.
Ұлттық
руханиятта өзіндік рөлі бар Уақыт, Адам, Қоғам
категориялары тұрғысында Мәдидің ұлттық
болмысы ұры-барымташы немесе қолы кісендеулі қылмыскер емес,
тарих қойнауынан ғасырдан ғасырға жарқырап
көрінетін ұлт мақтанышына айналды. Ғылыми деректер мен
мақалаларда Мәди жайлы пікірлер, ғылыми тұжырымдар
жаңа заман еншісінде таразыланып әділдігін көрсетіп отыр.
Әділеттілік жолындағы
күресте құрбан болған Мәди ұзақ уакыт
бойы ескерусіз қалып келген болатын. Мәди өте күшті
және епті болған. Қақтығыстарда ат үстінен
арқа өңірінде оны ешкім түсіре алмаған. Осыдан
біз оның бабаларымыздан қалған жауынгерлік өнерді жете
меңгергенін байқаймыз. Топты қараға жалғыз
қарсы шыға берген. Бұл оның өте жүректі
болғанын білдіреді. Осының бәріне қосыла, ол кісі мәңгі
өшпес әндер шығарып, артында мол мәдени мұра
қалдырған адам. Мәди Бәпиұлының
күрескерлігі өз алдына, ақын, сазгерлігі өз алдына бір
әлем. Оған музыка зерттеушісі Александр Затаевич және Ахмет
Жұбановтар кезінде баға берді. Мәдидің әніне
тұңғыш рет ғылыми баға беріп, нотаға
түсіріп алған А. Затаевич екендігі Зарқын Тайшыбайдың
«Алтын бесік ән орда» кітабында жан-жақты суреттелген.
1926 жылдың жазында
Қарқаралы-Қу өңіріне сол кездегі үкімет
төрағасы Нығмет Нұрмақовпен бірге келіп, екі апта
жатып, Мәди әндерін нотаға түсірді. Бағалы
мұра осылайша тұңғыш рет ғылым игілігіне
қосылды. Мәдидің есімі, оның музыкалық
мұрасы қазақтың әндері мен күйлерін
терең зерттеуші, бес аспап білгір Александр Затаевичтің
қаламына да ілікті: "Қазақ халқының 1000
әні" және "Қазақ халқының 500
әні мен күйі" деген іргелі ғылыми еңбектерге
Мәди әндерінің нотасы мен сөздері енгізілді. Ал одан
бұрын 1914-1915 жылдары қазақ даласында ән-күй
жинаған, Шоқан Уәлихановтың сүйікті досы
Г.Н.Потаниннің назарына Мәдидің әндері іліккен. Белгілі
орыс оқымыстысы «Сібір өмірі» дейтіп кітабында «Бүкіл
Қарқаралы даласы Мәдидің әнін шырқап
тұрғандай» деп айтқан.
Тарихи прозалық
шығармаларда қаһарман тұлғасы әлеуметтік
ортамен бірге тұтастықта бейнеленеді. Бас кейіпкердің болмысы
сал-серілер өмір сүрген беймезгіл заман лебінен алшақ кетпейді,
ұлттық характер сатылап дамып, қоғамдық
құбылыстың бір бөлігіне айналады. Өнер
адамдарының іс-әрекеті, табиғи болмысы, характер
жиынтығын көрсететін типтік бейне қоғамның
тіршілік тынысымен бірге дамиды. Шағын детальдан басталатын ой образбен
ойлауға әкеледі, жазушыға үлкен әсер береді.
Қаламгердің талант пен қиял ұштасқан
сезімталдығы қазақ қоғамындағы тарихи
оқиға бір адамның өмірімен тығыз байланыста
көрінетін көлемді туындыға айналды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы: Университет, 1997. – 300 б.
2.
Дулатов М. Жер аудару. //Қазақ, 1913, № 9
3.
Тайшыбай З. Атыңнан айналайын, Қарқаралы. //Жұлдыз,
2006, № 4
4.
Балташұлы Е. Мәдитанудың кейбір мәселелері.
//Орталық Қазақстан, 2005, 9 шілде.
5.
Әбішев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. –
Алматы: Жазушы, Т. 5. Найзағай: Роман. Жаралы сұңқар:
Повесть. 1983. – 476 б.
6.
Омарбекұлы М. Қазақ нояндарының соңғы
тұяғы. //Орталық Қазақстан, 2005, 2 шілде
7.
Молдабеков М. Адам құпиясы және қабілеті.
//Ақиқат, 1993, №3