МЕМЛЕКТТІК ТІЛДІҢ  ДАМУЫ МЕН БОЛАШАҒЫ

 

Даутова С. Б.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың   “Әдебиеттану және тіл білімі”

ҒЗИ-дың директоры.

 

Қазақ тілі еліміздің мем­ле­кеттік тілі болғандықтан, оның даму кезеңдерін зерттеп-зерделеу – ұлт болашағы мен мемле­кетімізд­ің келешегін бағдарлауда маңызды мәнге ие. Ол тек мемлекеттік тіл ғана емес, барлық рухани-мәдени құндылықтарымыздың тірегі, елдігіміздің негізі. Оны жастарға оқытып-үйретіп, қолданылу аясын кеңейту қашан да алдыңғы орында тұрады. Себебі, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғына қарай еліміздің еркіндігі мен елдігін, тәуелсіздігі мен бостандығын көксеген, сол мақсат-мүдде жолында саналы өмірін тұтастай арнаған, тоталитарлық заманның саяси қуғын-сүргінін көріп, саяси репресияға ұшыраған Алаш арыстары ақталып, олардың ұлт мүддесі үшін еткен ерен еңбектерімен қалың жұрты қайта қауышқан еді.

Ал бұл болса, қазақ қоғамын кеңестік жүйе саясатының ұлы ұйқысынан оятып, отаншылдықтық сана-сезімдерінің жоғары деңгейге көтерілуіне айтарлықтай деңгейде өз ықпал-әсерін тигізген болатын. Сөйтіп, осы тұста ұлттық сана-сезім белсенді күйге келіп, «қазақ ұлты», «туған жер», «атамекен», «отан», «ұлттық тіл», «ұлттық діл», «ұлттық құндылық», «ұлттық ой-сана», «ұлттық салт-дәстүр», «ұлттық әдет-ғұрып», «ұлттық мәдениет», «ұлттық әдебиет», «ұлттық өнер» сияқты т.б. көптеген ұғымдар алдыңға қатарға шықты.  Әрбір адамның белгілі бір ел-жұртқа, ұлтқа, ұлысқа жататыны және соны терең  сезінуі сол кезде ерекше сыр-сипат алған еді. Жоғары деңгейдегі осындай психологиялық көңіл-күй, сана-сезім қазақ жастарын 1986 жылы кеңестік режимге қарсы көтеріліске әкелді. Бұның да түп-тамырында отансүйгіштік, елжандалық сана-сезім жатқаны баршаға аян.  Елбасы       Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» [1].

Алайда сол уақытта, яғни 1986 жылы кеңестік мемлекеттің құрамында болған және өзі де жүздеген ұлт өкілдерінен тұратын ҚазКСР-дің қоғамдық ой-санасы түрліше, қазіргімен салыстырғанда тіптен өзгеше болғаны жалпы жұртқа мәлім. Ал қазір еліміз тәуелсіздік алған кезеңдегі Қазақстанның түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қоғамының ой-санасы айтарлықтай дәрежеде бірізденіп, қазақстандық рухта дамып келе жатыр деп айта аламыз. Сондықтан да Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде жергілікті ұлт қазақтардан басқа жүздеген ұлт диаспораларынан тұратын Қазақстан Республикасы халқының ауызбірлігін, татулығын, ынтымақтастығын берік қалыптастыру үшін: «Қазақ ұлтының біріктіруші рөлі жағдайында барлық халықтардың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Кез келген басқа жол апатты қақтығыстарға, демократиялық реформалардың тежелуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты біз үшін өзекті идеологиялық міндет – ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады» [2; 22-23], – деген еді.

Ұлтымыз тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес ел болып, Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, 1992 жылы еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін (статусын) алды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде осы Конституцияны дайындап, қабылдау кезінде ең өткір мәселенің бірі Қазақстан Республикасындағы тілдер мәртебесі туралы пікірталас болғанын айта келе: «Ұзақ уақыттардан бері қиын жағдайда болған мемлекеттік тіл – қазақ тілін қайта түлету мен дамыту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі тұрды. Екінші жағынан алғанда, қазақ тілін дамытуды Қазақстандағы орыс және басқа халықтардың тілдеріне қысым жасау есебінен жүргізуге үзілді-кесілді болмайтын еді» [3; 57], – деп жазады.

Расында да бұл – аса сақтықпен қарап, асығыс шешім қабылдауға болмайтын және бұған дейін 1989 жылы  қыркүйекте «Тілдер туралы заңның» қабылданып қойылуына байланысты өткір де өзекті мәселе еді. Сол себептен, Президент 1992 жылы 11-12 қарашада өткен әкімшілік басшылары мен жергілікті кеңестер төрағаларының кеңесінде сөйлеп, былай деген еді: «Тіл мәселесі ешқашанда арзан популизмнің, көпірме сөзді саудагерліктің өзегіне айналмауы керек. Қабылданған заңды тоқтатып қоюмен Қазақстанда тыныштық орнатуға болады деп шынымен біреулер ойлай ма екен? Қасақана айтпайтын адамға, қазақ тілінің мүшкіл жағдайда екені, әңгіме осы тілді құтқару туралы болып отырғаны ниеті дұрыс адамға қалай түсініксіз болады? Біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының тілі жойылып кетуге тиіс емес. Кім өз еркімен мылқау болғысы келеді екен? Біздің тіл саясатымыз заңды да, және шынайы өмірде де қазақ және орыс тілдерінің, сондай-ақ аз ұлттар тілдерінің дамуына жағдайды қамтамасыз етуге тиіс» [3; 57-58].

Елбасы өзінің осы мәләмдемесінен кейін ҚР Конституциясына мынадай қағида қабылданды дейді: «Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады. Орыс тілі ұлтаралық қатынастар тілі болып табылады. Мемлекет ұлтаралық тілдің және тағы да басқа тілдердің қолдану аясының сақталуына кепілдік береді, олардың еркін дамуына жағдай жасайды. Мемлекеттік тілді және ұлтаралық қатынас тілін меңгермеді деген сылтаумен азаматтардың құқтары мен еркіндіктеріне шектеу қоюға тыйым салынады» [3; 58].

Қазақ тілінің еліміздің мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болуы қисынды және заңды шешім болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде қазақ тілі егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретінде дамудың жаңа жолына түсті. Президенттің жаңашыл ұсыныс-ұстанымдарына және тікелей бақылауына негізделіп, ҚР-ның «Тілдер туралы заңы» және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама» өмірге келді. Осы маңызды құжаттарға сәйкес ол еліміздің бүкіл аймағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданыла бастады. Ол – тәуелсіз Қазақстанның  мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін, іс қағаздарын жүргізу тіліне айналды. Елбасының сөзімен айтсақ: «Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр. Біздің елімізде бұл мәселеге қатысты тиісті конституциялық бап бар. Қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Еліміздің өңірлері бірінен соң бірі іс қағаздарын мемлекеттік  тілде жүргізуге көшіп жатыр» [4].

Алайда еліміздің «Тіл туралы Заңында» айқын көрсетілген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі нақты өмірде ойдағыдай жүзеге аспай келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі кезде еліміздің әлемдік бәсекеге қабілетті ел болып  қалыптасып дамуымен тығыз байланысты қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған маңызды мәселелелердің бірі – мемлекеттік  тілдің жай-күйі, болашағы болып отыр.

«Мемлекеттік тіл – ол халық бірлігінің негізгі факторы» [5]. Мемлекеттік тіл – Мемлекеттік ту, Елтаңба, Әнұран, Ата заң секілді қасиетті рәміздердің қатарына жатады. Оны егемен еліміздің барлық азаматы оқып-үйреніп, жетік меңгеріп, өз өмірінің өзегі ретінде пайдаланып, құрметтеуі тиіс. Осы ретте Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылдың 24 қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында ел жастарына қаратып айтқан мына бір сөзінде үлкен мән жатыр: «Қазақстандағы жастар мынаны білуге тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек. Бұл – әбден қалыпты және өркениетті шарт» [6]. Осыған байланысты еліміздің қазіргі қоғамдық пікірі бірізге түсе бастады деп айтуымызға толық негіз бар.

Кеңес үкіметі кезінде А. Байтұрсынұлы, Х. Досмағанбетұлы,                      Қ. Кемеңгерұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Қожанов, С. Сейфуллин,      М. Әуезов секілді т.б. ұлт зиялыларын алаңдатып, қатты толғандырған да тіл мәселесі еді. Кез келген халықтың ұлт ретінде жойылып кетуі – тілдің жойылуымен тығыз байланысты.  Ахмет Байтұрсынұлы сөзімен айтсақ, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Мұны кезінде Алаш азаматтары, жақсы түсініп, ұлттық тілдің қамын әріден ойлап, ерен еңбек еткен болатын.

Тіл мәселесіне қатысты өзінің өзекжарды ойын Ахмет Байтұрсынұлы былай білдірген еді: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз оңша емес. Осы күні орыс пен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек» [7;150].

Алаш ардақтыларының бірі – Халел  Досмұхамедұлы өзінің «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген қазақ тіл білімі және қазақ дүниетанымы үшін аса құнды еңбегінде: «Қазақ-қырғыз  жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгесінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттың тілі бай болады» [8], – деп сапалы білім алудың ең маңызды тетігі тілді дамытуда жатқанын атап көрсетіп кеткен еді.

Ал академик-жазушы М. Әуезов  рухани тәуелсіздіктің негізі тілдің қоғамдық қатынастағы кең қолданысында екенін ерте түсініп, алаш азаматарының игілікті істерін әрі қарай жалғастырды. Өзінің «жасқа жас» кезінің өзінде-ақ ана тілінің қамын жеп, оның болашағына алаң болып, «ойға кәрінің» сөзін айтты. Сол заманның тынысын, қазақ ұлтының тұрмысы мен тіршілігін, мәдениеті мен әдебиетін жандүниесімен терең сезінген  ол – жиырма  жасының өзінде-ақ, 1917 жылы қазақ тілінің тағдырына алаң болып, сол кездегі қазақ қоғамында араб пен орыс жазуының қатар қолданылып жүруіне байланысты «Қайсысын қолданамыз» деген мақала жазса, 1918 жылы өзінің редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Абай» журналының №7 санында «Ғылым тілі» атты мазмұнды да көлемді тағы бір мақала жариялап, қазақ зиялыларын ашық пікір-таласқа шақырған еді [9].

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен бүгінге дейінгі уақыт аралығында қазақстандық азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы арта түскенін байқауға болады. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді біліп, қолдануларына аса мән беріліп, ересектерге мемлекеттік тілді тегін оқытып-үйрететін орталықтар, арнайы курстар еліміздің барлық мемлекеттік мекемелерінде ашылып, қызмет көрсете бастады.

Қазір мемлекеттік тілдің қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас қызметін кеңейту, оны оқытып-үйретудің бағдарламаларын жетілдіру мақсатында дайындалған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, сөздіктер, бағдарламалар еліміз бойынша жеткілікті мөлшерде бар десек артық айтқандық емес. Оларды қазіргі заман талабы мен қоғам сұранысына лайықтап  әзірлеу және қайтадан өңдеп шығару жұмыстары әлі де жалғасуда.

Елбасының тапсырмасы бойынша дайындалған «Қазақстандағы тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай мыңға тарта қазақ мектебінің ашылуы,  тіліміздің қоғамдық-саяси өмірдің бірқатар саласында қолданыс табуы, қазақстандық өзге тілді ұлт өкілдеріне және орыс тілді білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытылып-үйретілуі, еліміздің бас ордасы Астана мен Алматыда және облыс орталықтарында мемлекеттік тілді оқытып-үйрететін оқу-әдістемелік орталықтардың ашылуы мемлекеттік тілді дамытуға айтарлықтай серпін әкелді. Бұның бәрі – Елбасының көреген саясатының арқасында іске асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар саясат екені барша бұқараға мәлім. Бұған мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылай қамқорлық та дәлел бола алады. Мәселен, Елбасы  2008 жылы 29 мамырда еліміздің қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен болған сұхбатында: «Менің ел басшы ретіндегі де, қазақ ретіндегі де парызым қазақ тілін өсіріп – өркендету», – дей келе: «Қазақ тілін дамытудың қоғамдық қорын құруды ұсынып отырмын. Оған ана тілін ардақтайтын, қолында мүмкіндігі бар азаматтардың қаржы жинайтынына сенемін. Әуелде біз оған Тұңғыш Президент қорынан бастапқы қаржы аудара аламыз. Қордың аумағы жылдан-жылға өсе түсуге тиіс. Қазақтың мемлекеттілігінің, Қазақстандағы тұрақтылықтың арқасында бай болған, қалталы біздің қазақ жігіттері толып жатыр ғой, ақшасын кім көрінгенге шашып жүрген, ана жақтан, Мәскеуден әртістерді алып келуге, қабат-қабат үй салуға, мәшине алуға ақша аямайтын. Солар еліне, жұртына, қазағына ақшасын салсын. Тілге жаны ашитын адамдардан кеңес құрылсын. Қазақ тілінің ең қаражаты қажет ететін мәселелеріне осы қор есебінен де көмектесетін боламыз. Бірақ біз мұны өзге тілдің есебінен жасамаймыз» [4], – деп кесіп айтты. Сондай-ақ, осы сұхбатында мемлектеттік тілді дамытуға бөлініп жатқан қаржы-қаражат туралы да өз ойын ортаға слып: «Мемлекет тілді дамытуға 2005 жылы 133 млн. теңге бөлсе, 2006 жылы 560 млн. теңге, ал 2007 жылғы қаржы көлемі 3 млрд.-тан асып кетті. Ал, биылғы 2008 жылы тілге бөлінетін қаражат 5млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл – қыруар қаржы. Орнымен пайдалана алса, осы қаржымен талай іс тындыруға болады. Басқа шығындарды шектесек те, тілге бөлінетін қаржыны қысқартпайтынымыз анық. Қазақ тіліне деген мемлекеттің қамқорлығы одан әрі артып отыр деп айтуға болады» [4], – деді. Президенттің осы ой-толғамынан мемлекеттік тілге деген шынайы жанашырлық нақты аңғарамыз. Дегенмен, еліміздің мемлекеттік тілінің қордаланып қалған көптеген мәселелері республикамыздың ішкі-сыртқы саясатына сәйкес ауқымды да маңызды біраз жұмыс атқарылуын қажет етеді.

.

Пайдаланған әдебиеттер

 

1 Назарбаев Н.Ә.  Нұрлы жол – болашаққа бастар жол. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша. 2014

2 Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. Алматы: ПО «Кітап», 1993 жыл.

3 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы.  Астана, 2007 жыл.

4 Назарбаев Н.Ә. Ұлттың ұлы мұраты жолында Үкімет бюллетені = Правительственный бюллетень,  №3. Астана, 2008 жыл.

5 Назарбаев Н.Ә. Президентің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында жасаған баяндамасы 27  қазан 2009 жыл. http://www.akorda.kz.

6 Назарбаев Н.Ә. Президентің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі. «Егемен Қазақстан» газеті, 2006 жыл 25 қазан.

7 Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. -Алматы: «Ана тілі» газеті, 1992 жыл.

8 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Алматы, 2003 жыл.

9 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы, ХІХ том. Алматы: Жазушы, 1985 жыл.