қазақ Билерінің танымдық тағылымы

 

Төлеу  Балкенже

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы

 

Әр халықтың өз заманына қарай хандары, билеушілері немесе рухани ұстаздары болды. Сол сияқты қазақ елінің де тарихтың даму сатысына қарай хандарына ақыл қосып, қара халықтың сөзін сөйлеп, түрлі мәселелерін шешіп отыратын билері болған.

Би болу қаншалықты қиын болса, соншалықты мәртебелі. Оның даңқы туыс-туған, ру-тегінің ғана емес, өзі туған өңірдің де атағын асыратын. Сондықтан баланы би-төрелікке тәрбиелеу ісіне ата-ана ғана емес барлық ауылдастары ат салысқан. Би болуға деген құштарлықтан қастерлеу, еркін ойлап, шешендік тілде еркін сөйлеу және айтыс-тартыста парасат-пайым танытып, ұтымды да, ұтқыр сөз табу қажет. Сонда ғана қазақ жерлерінің тұтастығын сақтап, үш жүздің бірлігін нығайту сияқты халық құндылықтарын аманат етіп, би сайлаған. Және әулеттік, рулық, қауымдық қоғамдық мәселелердің бәрін аталмыш құндылықтар қисынымен қарастырған. Бұған қарасты «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген даналық бар.

Билер ұғымы туралы түсінікті С.Негимов «Шешендік өнер» атты кітабында: «Би шешендер мұрасы – ұлт, заман, мемлекет тағдырын өмір, тіршілік тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтын, ғаламат тұжырымды тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаудар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы» деген еді.

Билер тарихында әр қайсысы жеке дәуірге лайықты Майқы би, Асанқайғы , Жеренше шешен, Әнет баба, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым, Ескелді, Қарауыл Қанай би, Байдалы би, Бөлтірік, Жанқұтты, Ақтайлақ би, т.б. атауға болады. Олар өздерінің ойлау еркіндігімен, ұшқырлығымен, тапқырлығымен алғырлығымен тілдерінің мейлінше орамдылығы, жылдам ой қорыту қасиеттерімен, сыншылдық-шыншылдығымен таңқалдырған.

Жалпы алғанда, ұлттық би-шешендік өнердің тарихы мен теориясы мәдени, саяси, рухани дәстүрлермен тамырлас. Ұлттық сананың кемелденуіне, мәдениеттің көркеюіне, дүниетанымдық дамуына «билердің биі», «Жеті жарғы» заңын жасаушылардың ірі өкілі Тәуке ханның кеңесшісі, үш кемеңгер Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Абылай ханның бас билері Байдалы мен Қарауыл Қанай бидің, қолбасшысы Ескелді мен Балтық билердің және т.б жүздеген тұлғалардың қайраткерлік ерен еңбегі қазақтың ескі сөздерінде айрықша аталады. [1,313б]

Әйтеке би бүкіл қазақ халқын парасаттыққа, сол арқылы бірліктің биігіне шақырған. Ал бір даудың ретінде: «Ашу деген – ағын су, алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген – дария, алдын тоссаң тоқырар... Кісі бірге туыспау керек, бірге туысқасын сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған кәдеге жолығады», - деп байлам жасапты. Осылардағы түйдектеген философиялық ой оралымдары ар жағы түркі, алты алаш, бер жағы қазақ жамағаттары бірлік, туыстық жолын қуып берекеге жетсек деген арнасына құйса керек.

С.Сейфуллиннің қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын атап көрсетеді.  Әдебиетші ғалым С. Негимов бұл турасында “..бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді”, - деп пайымдайды. Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С.Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емші, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, қоғам қайраткері, би – ойшыл-ғалым, би – психолог, әртіс, би – тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С.Сейфуллиннің пікіріне сүйенгендігін байқаймыз. [2,145б]

Қазақ мемлекетінің нығаюына, өркендеп дамуына би-шешендердің қосқан үлесі өте көп. Олар халқының болашағына, тағдырына, ілгері басуына, адамгершілік қасиеттерінің гүлденуіне ерекше еңбек сіңірді.  Қазақ билері сонымен қатар рухани тұтастықтың кепілі бола білді, қоғамның рухани жағынан жаңғырып-жаңаруына, бақытты заман орнауына, ұлттың тілімен дінінің құдіретін түсінуге қызмет етті.

Би – рудың  билеушісі, әкімі ғана емес сонымен қатар өз ортасының, уақытының беделді, белді азаматы, ақылшысы. Ақылы асқан, ойы түпсіз терең би-шешендердің табиғатына ісқимыл әрекетіне мейірімділік, ізгілік, ақжарқын мінез, байыптылық, көкірек көзімен, есте сақтаушылық, әр нәрсенің обал-сауабын ойлаушылық тән. Бұлар жоқ жерде дана сөзің далаға кетеді. Тыңдаушың ұқпайды. Билік айту, өнерпаздықпен  өнегелі. Сөз өрбіту – даналыққа баулу, рухани қорек беру, адамгершілікке шақыру, әдептілікке тәрбиелеу. Тағылым беру деген сөз.

Қазақ билері туралы деректер көп емес, бірақ олардың айтқан өткір сөздері және дұрыс әрекеттері халықтың аңыз-әңгімелерінде жақсы сақталып келеді. Солардың өзі де халқымыздың басынан кешкен үлкенді-кішілі оқиғалардың жаңарғанындай, жаугершілік замандардың, жауынгер ұрандарындай естіледі, елдің еркіндігі, жерінің бүтіндігі үшін күрескен ерлердің есімдері биік үлгі болып адамгершілікке баулиды. [3,56б]

Би-қазылардың пайымы, тәжірибесі мен  даналығы олардың соттық кесім-шешімдерінен айқын байқалады. Даулы істерде көбіне үш нәрсе басымдық танытатынын айта кеткен жөн: жылқы, әйел тағдыры және ер адамның қазасы.

Қазақ билерінен қалған танымдық тағылым адамдарды жаманнан сақтандырып, жақсы болуға қосады. Жаманның түр-түсін анықтап, тіпті дүнияуи, пендеуи ақыл-кеңестер беруден де қашпайды.

Қазақ билерінің мұраты «кәміл адам» тәрбиелеу болды. Ондай дәрежеге жеткен жағдайда халықтың төрт құбыласы түгел болады деп есептеді. Ол үшін жігітке, бірінші – білім керек, екінші – ғылым керек, үшінші – ұғым керек. Сонан соң отты жүрек, батыл тіл керек. Бұл орайда билер көзімен қарасақ «білім» деп ақылды, «ғылым» деп оқуды, «ұғым» деп оқығанды тоқуды пайымдасақ керекті. Оның үстіне білгеніңді батыл айтар жүрегің, жеткізе айтар тілің болмаса не пайда?

Билердің өз ұстанымдары мен қызмет-құрылым негіздерінде, бір жағынан, демократия мен халық билігінің ортағасырлық көшпелі қоғамға тән қалыптарын анық байқатса, енді бір жағынан, адам табиғатының киелі қасиеттеріне арқа сүйеген. Дәл осы соңғы аталған ерекшелік билер әділ сотының мәртебесін айқындап, ұлттық деңгейден асуға мүмкіндік берді. Бұл орайда, билер адамгершілік тұрғысындағы қадір-қасиеттерді дарытып, қызмет барысында қолдану арқылы өзінің әлеуметтік-экономикалық негізін қалай білді.

Билер даналығы – бүгінімізге үлгі, қазіргі заман билері өз құндылықтарымыздан терең дәріс алса игі болар еді.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     С. Негимов «Шешендік өнер». – Алматы: Ана тілі, 1997. – 208 бет.

2.     Б. Адамбаев «Қазақ шешендері». – Алматы, 2001. – 318 бет.

3.     С.Зиманов «Қазақтың билер соты-бірегей сот жүйесі». – Алматы, 2008. – 216 бет.