Оқытушы: Ахметченова М.А.

 

Талдықорған агро-техникалық колледжі

 

Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себеп-салдары және маңызы

 

Қазақстан Республикасы-қазақ халқының тәуелсіз ұлттық мемлекеті. Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы-қазақ халқының талай ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі.

Он алтыншы жылғы көтеріліс, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліс – патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді. Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды.

Ол отаршылдық езгінің күшеюінен, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының жерін тартып алудың қарқынмен жалғасуынан, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюынан, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуінен көрініс тапты.

Көтерілістің басталуына Николай ІІ патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің “бұратана халықтарының” ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынас жолдарын салу, окоптар қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды.[1]

Стихиялы түрде басталған қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат ала бастады. Оның Торғай мен Жетісуда дала халқынын танымал өкілдері, көпке белгілі жетекшілері Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев    т. б. бастаған ірі орталықтары пайда болды.

Қазақтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі патша Жарлығы Орынборға 1916 жылғы 28 маусымда жетті. Торғай облысының әкімшілігі метрополияның тікелей өкілдігі ретінде патша жарлығын сөзсіз, бұлжытпай орындау жөнінде шешім қабылдады. Алайда

Торғай уезінде Амангелді Иманов бастаған ірі көтерілісшілер жасағы құрылды.  Көтеріліске дейін-ақ Амангелді даладағы халық бостандығын  жақтаушы, отарлық тәртіптің бітіспес қарсыласы ретінде танылған еді. Ол бірнеше рет түрмеге де түсті, заңсыз сотталған жерлестердің ісімен Петербургке де сапар шекті.[2]

1916 жылы шілдеде Амангелді шашыранды қазақ жасақтарын көтерілісшілердің бірыңғай сапына жинай бастады. Көтерілісшілер Амангелдіні көтерілісшілер әскерінің бас қолбасшысы – сардарбек, Оспан Шолақты оның етіп, Әбдіғапар Жанбосыновты хан етіп сайлады. Амангелдінің әскері көтерілісшілердің басқа жасақтарынан ұйымдасқандығын және тәртібімен ерекшеленді. Сарбаздар ондық, жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Басқару жұмысы штаб міндетін атқарған Әскери Кеңес арқылы жүзеге асырылды. Кеңес жанында барлық әкімшілік мәселелерді шешіп отыратын хатшылық жұмыс істеді, пошта орналасты. Басшы орталық жанындағы әділқазылар алқасы әр түрлі заңдық мәселелерді шешумен, арыздарды, шағымдарды қараумен айналысты. Бейбіт халық пен сарбаздардың арасындағы даулы мәселелерді басшы орталық  әр бір мың шаруашылыққа тағайындалған елбегі (әкімшілік жетекшісі) шешті. Көтерілісшілер үшінсалықтар мен азық-түлікті жасақшылар жинады, қаражат жөніндегі жұмыстарды арнайы тағайындалған қазынашы атқарды.

Торғай көтерілісшілеріне көрші облыстардың қазақтары қосылды. 1916 жылдың қарашасында көтерілісшілердің саны 50 мыңға жетті. Көтерілісшілер жергілікті отарлық өкімет орындарының жұмысын толықтай дерлік тоқтатты. Жазалаушы отрядттар көтерілісті баса алмады. Патша үкіметі ең соңғы шешімге бел буды. Құрамына майданнан әкелінген бөлімдер енген генерал Лаврентьев басқарған арнайы экспедициялық корпус құрылды. Корпус шабуылды бірден үш бағыттан — Қостанай, Ақтөбе мен Шалқардан бастады.

Көтерілісшілер Торғайды патша әскерлері келіп жеткенше алуға ұмтылды, алайда 6 қарашадағы  қаланы тікелей шабуылмен алу әрекеті сәтсіз аяқталды. Қала 10 күн бойы қоршауда болды, қоршауды одан әрі соза беру мүмкін емес еді, өйткені қалаға жазалаушы экспедицияның негізгі күштері жақындап қалып еді. Көтерілісшілер қоршауды тоқтатып, әскерлерге қарсы қозғалды. 16 қарашада көтерілісшілер Түнқойма пошта бекеті ауданында жазалаушы отрядқа шабуыл жасады. Көтерілісшілер шебін күшпен бұзып өткен жазалаушылар отряды сол күні Торғайға кірді.

Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі бөлігі Торғайдан 150 шақырымға шегініп, Батпаққара шатқалы ауданында, бір бөлігі Аққұм құмында топтасты. Көтерілісшілер Батпаққарада әскери қимылдарға басшылық  жасау мен басып алынған аудандарды басқару жөніндегі Кеңес құрды. Көтерілісшілермен күрес жүргізу үшін Самарадан генерал Макаровтың жаңа жазалаушы экспедициясы шығып, оған Орынбордан әскери бөлімдер келіп қосылды. Нашар қаруланғанына қарамастан көтерілісшілер күрестің партизандық әдістерін кеңінен қолданып, жазалаушылардын негізгі күштерінің  қолын байлады. [3]

30 қарашада полковник фон Розеннің отрядының келе жатқаны жөнінде мәлімет алған 6 мындай көтерілісшілер жазалаушыларға қарсы аттанды. Зеңбірек, пулемет, мылтықтардың жаудырған оғына қарамастан көтерілісшілер жазалаушылар шабуылын тойтарды. Ерте басталған қыс, қатты аяз бен жауған қар көтерілісшілердің  қимылын қиындатты. Амангелді Иманов пен Әбдіғапар Жанбосынов өз сарбаздарын жазалаушылар жете алмайтын жерлерге жинақтады. Көтерілісшілер өздерін азық-түлік» жем-шөппен қамтамасыз етіп, жертөлелер салды, киіз үйлерде тұрды. 1917 жылдың басында Амангелді отаршылдарға қарсы күресті қайта бастауды қолға алды. Қостанайдан шыққан жазалаушы отрядтардың көтерілісшілер жолын бөгеп, жазалаушылар шегінуге мәжбүр болды.

Ақпаннын сонында Доғал Үрпекті көтерілісшілердің қолында қалдырып, жазалаушылар шегінді. Ақпан төңкерісінің жеңісінен соң даладағы көтерілісшілер отрядтарының саны шұғыл өсті, ал 1917 жылдың  соңында Амангелді Торғайды алды.

1916 жылы жазда кетерілісшілер Қарқара жәрмеңкесін  қоршады. Толқуларға 5 мыңнан аса адам қатынасты. Верныйдан әскербасы Фольбаум өзіне бағыныштыларға телеграфпен: «Қазақтардын аз адам болып шоғырлануын бүлік деп санаңдар, ондайды басып-жаныштаңдар, болыстыққа үрей таратып, бүлікшілерді тұтқындаңдар, далалық сотқа беріндер, бірден дарға асыңдар... Күдікті деп есептелгендерден кез келгені ұсталса, басқаларға үлгі болу үшін дереу дарға асыңдар» деп нұскау берді. Көтерілісті басып-жаныштау мен жергілікті халықты адам қоныстанбайтын жерлерге түгелімон тықсыруды жоспарлаған генерал Куропаткин Жетісуға аттанды. [4]

1916-1917 жылдары көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтып, ұлт-азаттық қозғалыс дәрежесіне дейін өсті. Ол патшаның әскери-басқыншылық саясатына, әрі белгілі дәрежеде даланың жемқор бай-феодалдарына қарсы да бағытталды. Сонымен бірге бұл көтеріліс экономиканы дағдарысқа ұшыратқан империалистік соғысқа да қарсы жүргізілді. 1916 жылғы көтерілістің негізгі мақсаты ұлттық және саяси жағынан азаттыққа қол жеткізу, Қазақстанның барлық азаматтарына тең қарым-қатынас пен құрметті талап ету еді.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші қазақ шаруаларынын қалың бұқарасы, сонымен бірге қалыптасып келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды. Көтеріліске қазақ халқының басқа топтарының өкілдері: байлар, болыстар мен билер де қатысты. Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс сипаты жағынан ұлт-азаттық, соғысқа, патшаға қарсы көтеріліс болды. Антифеодалдық сипаты да бар еді. Қазақстанда көтерілістің бірнеше орталықтары болды. Ол кең аймақтарды қамтып, патша үкіметін оны басып-жаныштауға елеулі әскери күшті тартуға және бірнеше жыл бойы соғысуға мәжбүр етті. [4]

Осылайша патша өкіметі қазақтардың көтерілісін баса алмады, бірақ көтеріліс кезінде қазақ ауылының  әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлады. Көптеген шаруашылықтар жазалаушылардын тонауына ұшырады, көтерілісшілердің бір бөлігі Қытай мен Монғолия аумағына қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақстан ауылдарынан қарудың күшімен 150 мыңнан аса еразамат тыл жұмыстарына аттандырылды.

         Бірақ қайғылы салдарларына қарамастан 1916 жылғы көтеріліс Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының ұлттық сана-сезімінін өсуіне қуатты түрткі болды. Отарлық езгінің көп жылдарынан сон олар өздерін бірінші рет Ресей самодержавиесінің отарлық экспансиясына қарсы қарулы күрес жүргізе алатын күш ретінде сезініп, ұлттық мүдделердің ортақтығын түсіне бастады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.«Қазақ тарихы» 2004ж. №1 87

2.1916 жылғы көтерілістен кейінгі Жетісу босқындарына түркі-мұсылман халықтарының қолдау танытуы хақында // 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: тарихы және қазіргі заман. Әбдіғаппар Жанбосыновтың туғанына 140 жыл толуына арналған халықаралық конференция материалдары. – Алматы, 2010. – 105-109 б.

3. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. «Атамұра», 1999

4. Ч. Мусин: «Қазақстан тарихы», Алматы, 2005.