Техника және технология магистрі - Сагилаева Г.А., Сейтпахиева А.Т.

         М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Тараз қаласы

 

Киім дизайнындағы сән бағытының даму жолдары

 

«Дизайн» ағылшын тілінен аударғанда «ниет», «жоба», «ою» (бір істі ойлану, жобалау) деген мағынаны білдіреді. Ал, тура мамандыққа қатысты мағынада, дизайн жоғары тұтыну және эстетикалық сапаға сай келетін өнеркәсіп бұйымдарын жасау мақсатындағы көркемдеу – жобалық қызметін білдіреді. Сонымен қатар, адам тұрмысына қатысты – тұрғын үй, өндірістік және әлеуметтік-мәдени жағдайлар жасауды ұйымдастыру қызметін білдіреді. Италияда Ренессанс дәуірінде "designo" деген ұғым болған, ол жұмыстың, идеяның негізінде жатқан жобаларды, суреттерді білдіретін.

Бүгінгі күнгі дизайн – пәнаралық кешенді көркемдік-жобалық қызмет, ол техникалық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын және инженерлік пен көркемдік ойлауды біріктіреді. Адамның барлық өмір сүру сфераларында жағдай жасауды білдіреді. Дизайнның басты мәселесі болып, мәдени және антропособейнелі заттар әлемін жасау табылады, ол эстетикалық құндылығы жағынан гармониялық және біртұтас болуы керек. Осыдан дизайнның ерекше маңызы туындайды – ол инженер-техникалық және жаратылыстану білімдерін гуманитарлық пәндермен – философия, мәдениеттану, әлеуметтану, психология, семиотика және т.б. бірдей қолдану. Бұл білімдердің барлығы заттық әлемді көркемдік-жобалау кезінде пайдаға асады.

Дизайн, көркемдік-жобалау қызметтерінің ішінде «қолайлық» және  жабдықталғандық» ұғымдарымен өте тығыз байланысты. Сериялық, сондықтан арзан бұйымдарды индустриялық өндірісі кезінде пайда болған дизайн, ең бастысы орташа табысты тұтынушылардың эстетикалық және утилитарлық сұраныстарын қанағаттандыруға қызмет етеді.

Мыңдаған данамен қайталанатын дизайнде жіберілген қателіктің құны өте үлкен болуы мүмкін. Сондықтан, қазіргі заманғы өнеркәсіп өндірісіндегі үлгілерді шығару үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дизайннің негізгі философиялық ұстанған жолы – аз шығындармен максималды тиімділікке қол жеткізу болып табылады.

Біз костюм дизайны жайлы әңгіме қозғасақ, бірінші кезекте сәннің жасалуын айтамыз. «Мода» сөзі латынның «modus» сөзінен шыққан, ол - өлшем, бейне, тәсіл, әдіс деп аударылады. Мода сөзін кең мағынада қарастырсақ, бір талғам түрінің белгілі бір ортада, белгілі уақыт аралығында үстемдік етуі. Оған жататындар: өмір салты (стилі), автомашиналарға, тұрмыстық заттарға, киімдерге деген талғамдар. Бұл талғамдар жиі ауысып отырады. Киім пішіндерінің талғамдарға қарай өзгеруін сәнді деп атаймыз.

Сәннің басты белгісі оның тұрақсыздығында, сондықтан оны жеңілтек деп санайды да, оны зерттеуге және маңызды қатынастарға лайықты нысан деп санамайды. Бұл әрине дұрыс көзқарас емес, себебі сәннің тұрақсыздығы адамдарды біркелкіліктен сақтайды.

Сән тарихы костюм тарихымен бірге дамиды, бірақ оларды бірдей құбылыс деп қарастыру дұрыс емес, себебі өнер танушылар сәннің пайда болуын әлеуметтік құбылыс ретінде Орта ғасырлардың соңғы кезеңінде, нақтырақайтқанда ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасырдың басында болғанын анықтаған. Осы кезеңде киім сәнге тән белгілерге ие бола бастайды, яғни костюм бұрынғыдай ұлттық немесе аймақтық емес, жалпыевропалық киімге айналды, оның пішіні де жиі ауыса бастады, киімде бұрын болмаған жаңа бөлшектер көптеп қолданыла бастады, сөйтіп көптеген адамдар осы іспен мұқият айналыса бастады, адамдарда жаңа киімге еліктеу үдерісі басталды.

Сонымен, еліктеу сәннің қажетті қозғаушы күші болып табылады және оның қарама-қайшылығын ашады. Адам сәнге байланысты бсқа адамдардан «артта қалғысы» келмейді, сонымен қатар, сәннің көмегімен басқалардан ерекшеленіп тұрады.

Әрбір сән өз уақытының (дәуірінің) айнасы іспеттес, ол қоғамның саяси-қоғамдық өмірін бейнелейді, өндіргіш күштердің даму деңгейі мен сипатын көрсетеді, дәуірдің айқын оқиғаларын, маңызды ғылыми және мәдени жетістіктерін, сол кездің адамдарының әдет-ғұрыптары мен психологиясын оның эстетикалық идеал жайлы көзқарастарын білдіреді. Костюм пішіні әрқашан белгілі тарихи дәуірдегі архитектура мен өнер стилімен параллель дамиды, солармен бірге эволюцияның барлық кезеңдерінен, яғни, пайда болу, даму және сөну кезеңдерінен өтеді. Костюмнің ескі пішінінің қолданыстан шығуы, жаңа пішіннің пайда болуына итермелейді.

Белгілі бір уақыт ішінде костюм даму тенденциясын анықтайтын үлгілеушілерді, адам қоғамы мен сәннің арасындағы байланыстырушы күш деп санауға болады. Бірақ, олардың ұсыныстарын тұтынушылардың басым көпшілігі мойындаған жағдайда ғана сәнге айналады. Мұнда тағы бір қарама-қайшылық жасырынып жатыр. Сән қисығы сәннің тұтынушылар арасында әйгілілігі артқан сайын жоғары көтеріле береді. Бұл сәнге еліктеу өзінің ең жоғарғы нүктесіне жеткен кезде, сәнді киім біртектес униформаға айналады, яғни сән – сән болудан қалады, оны тұтынушылар азаяды. Сәннің басты мақсаты – үстемдік жүргізу болса, бұл үстемдік оның жойылуына әкеліп соғады.

Тәжірибе көрсеткеніндей, әрбір сән циклын келесі фазаларға бөлуге болады: демонстрация подиумында модель-үлгісінің пайда болуы, оны аз топты тұтынушылардың қабыл алуы (мойындауы), оны арзан сериялық өндіріске қойып, кең көлемді массалардың мүдделері мен талғамдарына сай ету, зерігу (мезі болу), қызығушылықтың жойылуы, соңынан бұрынғы сәнді костюм пішінінің толық бас тарту. Киімнің белгілі бір түрі сәнге айналып, кең қолданысқа ие болған кезде үлгілеушілер жаңа сән түрін іздестіре бастайды. Сонымен, костюм пішінінің өзгеру үдерісі бірқалыпты және үзіліссіз жүріп отырады.

Әртүрлі киімдердің сәндік циклдары да әртүрлі болады. Мысалы, арзан жаздық көйлектердің циклдары жылдам ауысады, олар маусым сайын өзгеріске ұшырайды. Ал, іс костюмдері мен кешкі көйлектердің циклдары ұзағырақ болады, олардың актуальдылығы бірнеше маусым бойына сақталады. Кейбір сән жаңалақтарын тұтынушылардың басым көпшілігі қабыл алғаннан кейін, олар стандарт категориясына өтеді – осылай классикалық стильдегі киімдер пайда болады. Бірақ, классикалық үлгідегі костюм пішіндері де өзгеріссіз қалмайды, жаңа сән оларға да жаңалықтар енгізеді. Енді мысал ретінде классикалық ерлер костюмін қарастырайық. Ол ХІХ ғасырдың соңына қарай пайда болып, ХХ ғасырдың 30 жылдары қазіргі заманғы түрге ие болды да қазіргі кезге дейін өзгеріссіз секілді болғанымен, кейбір бөлшектерінің өзгергендігін байқауға болады: шалбардың төменгі және жоғарғы жағының ені (кеңдігі), пиджак иығының мөлшері мен сызықтары, лацкан конфигурациясы, мүсінге жанасып жатуы, мата түсі мен суреттерінің өзгеруі, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, классикалық ерлер костюмі әйелдер гардеробынан нық орын алды [3].

Сән қайда пайда болады деген сұраққа, әркім ойланбастан – Парижде деп жауап қайтарады. Бір жағынан алып қарағанда бұл жауап дұрыс та секілді, себебі Франция астанасы бұрыннан бері сәннің де астанасы болып саналады. Осы қалада дүние жүзіне әйгілі үлгілеушілердің салондары жұмыс істейді, оларды Кутюрье деп атайды. Сәнді жасап шығарушы әйгілі шеберлер «Haute cauture» ассоцациясына біріккен. (Француз тілінен «Жоғары сапалы тігін». Олар әртүрлі ұлттар өкілдері болғанымен Париждің даңқын нақтырақ айтқанда, дүниежүзілік сән әлемінің даңқын асқақтату үшін еңбек етуде. Осы тізімге Орыс  азаматы  Валентин Юдашкин еніп, ол ассоциация мүшелігіне қабылданып, ТМД елінің жалғыз Кутюрье болып саналады.

«Haute cauture» ассоциациясына мүшелікке қабылдану үшін мынадай міндетті шарттар орындалуы тиіс: біріншіден күздік-қыстық және көктем-жаздық киім үлгілерін, коллекцияларын жылына екі рет көрсету керек, олар киім сәнінің болашақ тенденцияларына сәйкес болуы тиіс. Бұл коллекцияның әрбір бұйымы нағыз өнер туындысы болуы керек, ол бір ғана нұсқада жасалады және қол еңбегі кеңінен қолданылып, Кутюрьенің тікелей белсенді араласуымен жасалуы тиіс. Әрине, бұл костюмдер өте қымбат тұрады, сондықтан оны сатып алушылардың саны шектеулі болады, кейде бұл костюмдер мемлекеттік немесе жекеменшік мұражайлардың экспонаттарына (жәдігерлеріне) айналады.

            Қорыта келсек, сән бағыты күннен күнге даму үстінде келеді. Сәнді қуалап жету мақсат емес. Әр адам өзінің талғамына қарай киіне білгені жөн. Әрине оның бәрі қазіргі кезде, материалдық жағдайға байланысты болып келеді. Дегенмен, сәнді киініп, әдемі болып жүргеніміз абзал.

 

 

 

            Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.      Ө.Жәнібеков  “Қазақ  киімі”,  Алматы,  “Өнер”  баспасы,  2009ж.

2.      Байешов Б.Т., «Дизайн тарихы мен теориясы» Тараз. 2012 ж.

3.      Интернет сайты: www.mail.ru, www.google.ru. www.yandex