Акимниязова Фарида Дайрабаевна

Қызылорда қаласы, №11 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі

(Қызылорда, Қазақстан)

Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің

тарихи мәселелері мен әлеуметтік – экономикалық салдары

 

Тың – еліміздің өміріндегі

заманалық маңызы бар оқиға.

Н.Ә.Назарбаев.

 

Еліміздің ауыл шаруашылығын өркендету ісінде айрықша маңызды болды деп есептелетін тың және тыңайған жерлерді игеру ісі талай жылдар бойы тек марапаттау ыңғайында біржақты, көтеріңкі сөдермен бағаланып келді. Тың және тыңайған жерлерді игерудің кейбір көлеңкелі тұстары турасында бүгінгі жариялылық кезеңінде айтыла бастады. Республиканың тарихи тағдырындағы өзіндік орны үлкен осы жай тарихшыларды да толғандыруда.

50-жылдардың басында елдегі астықтың тапшылығы айқын сезілді. 1953 жылы 31 миллион тоннаға жетер – жетпес астық дайындалды, ал бірақ 32 миллион тоннадан астам астық жұмсалды. Әсіресе, азық – түліктік дақыл – бидай өте тапшы болды. Мал шаруашылығының жағдайы да мәз емес болатын.

СОКП Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан – наурыз Пленумында қабылданған шешімде қысқа мерзімде Қазақстанда, Сібірде (Алтай, Краснояр өлкелерінде) Оралда, Повольже және Солтүстік Кавказдың, Қиыр шығыстың кейбір аудандарында жаңа тың және тыңайған жерлердің есебінен астықты дақылдар егістігінің көлемін кеңейту көзделді. Пленум Қазақстанның және Сібір қолхоздары мен совхоздарында әр гектардан 14-15 центнерден астық алуға және екі жылдан кейін қосымша бір миллиард екі жүз миллион пұт астық өндіруге толық мүмкіндік бар деп санады [1, 353 - б]. Тың игеру тым шұғыл және өте асығыс, осыдан бірнеше жыл бұрын аяқталған Ұлы Отан соғысының майдандарындағы шайқастар тәрізді жүргізілетін болды. Тың игергеннен кейін Қазақстан 6 рет Отан қоймасына миллиард немесе одан артық астық өткізді. Рас, бұл миллиардтар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХХ пленумында (1990 ж.) белгілі ғалым М.Сүлейменов айтқандай, кезінде шу туғызып, ол шың мәнінде ауа райы қолайлы жылдары ғана алынды. Солай бола тұрса да, қазақтың жаны жайсаң жомарт даласы шынында да кеңпейіл болып шықты. Мұны 1949-1953 және 1959-1963 жылдардағы екі бес жылдық кезеңінің көрсеткіштерін салыстырғанда айқын байқаймыз. Осы мерзімде еліміздегі негізгі тыңды игеруші аудандар астықтың орташа жылдық жалпы түсімін 227 процентке, ал РСФСР тыңында 167 процентке арттырса, ал Қазақстанның тың игерілген солтүстік аудандарында бұл көрсеткіш 500 процентке көбейді.Қазақстан біртіндеп елімізде өндірілетін бидайдың аса бағалы қатты және күшті сорттарының 60 процентін беретін аймаққа айналды [1, 354 - б].

Тың жерлердің басым көпшілігі Қазақстанның солтүстік аймақтарында – Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Торғай, Ақмола облыстарында игерілді. Соғыстан кейін енді ғана халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығын дамыта бастағанда, өзіне тән экономикалық – әлеуметтік даму ерекшелігі бар Қазақстан үшін бірден үлкен жоспар жасау тиімсіз еді. Одақ көлемінде 42 миллион жер жыртылса, Қазақстанда соның жартысы 19 миллион жер жыртылды. 1963 жылы егін көлемі 1953 жылмен салыстырғанда 4 есеге, астық өндіру осы уақыттың ішінде 4,5 есеге артқан. Егер тың және тыңайған жерді игеруге дейінгі он жылда 490 миллион пұт астық өндірілсе, кейінгі тың игеру кезеңінде, яғни 1954-1963 жылдары 3538 миллион пұт астық мемлекетке тапсырылған, немесе 7,2 есеге артық. Әсіресе, тың игерудің алғашқы жылдарында республика егіс көлемінің жалпы көлемі 1955 жылы 20,6 млн гектардан асты. Мемлекетке астық тапсыру едәуір артты.

1956 жылы егін орағы науқанында ерекше қиындықтар болды. Республикада бұрын еш уақытта осынша жер жыртылып, астық жиналып көрмеген. Оған мына төмендегі кеңшарлардың тың игеру кезіндегі жағдайлары дәлел. Мәселен, Қостанай облысындағы «Теміржолшылар кеңшары» тың игерудің алғашқы жылдарында құрылған. Бұл кеңшар он жылдың ішінде мемлекетке 19 миллион пұт астық тапсырып, одан 17 миллион сом пайда тапты. 72,0 мың гектар жердің 52,0 мың гектарына егін егілді. Кеңшарда 235 трактор, 285 комбайн, 330 сеялка, тағы басқа машиналар болды. Сонымен қатар, 1964 жылы бұл кеңшар 2911 ірі қара мал басын иеленді.

Тың игерудің әлеуметтік – экономикалық нәтижесінің осындай табыстары мен қатар, екінші жағынан тың игеру науқаны, еңбек ресурстарының санына әсерін тигізді. Себебі, жыл сайын егін жинауға көптеген студенттер, қала халқы және әскери бөлімдер тартылды. Мұның бәрі астықтың өзіндік құнына әсер етпей қоймады. Энергетикалық шығында көп болды, себебі ұлан ғайыр өлкені игеру оңайға түскен жоқ. Әлеуметтік өмірге де тың игеру өзінің әсерін тигізбей қоймады. 1954 жылы наурыз айында ғана комсомолдық жолдамамен 24970 тың игерушілер келді [2, 47 - б].

1954-1955 жылдары тың игеруге тілек білдірген жастардың саны 1600 мыңға жетіп, оның 350 мыңын тыңға жіберген. Бұдан кейінгі жылдарда мемлекеттік мұрағат деректеріне қарағанда 1959 жылы комсомолдық жолдамамен 29 мың қыз бала тыңға тартылған. Бұл жастардың арнаулы ауыл шаруашылық мамандықтары болмаған, еш ретсіз, заңсыз жіберілген. Себебі, олардың келген аудандарында арнайы мамандарды былай қойғанда, механизатор – комбайнерлер, тіпті, жұмыс қолы жетіспеді. Олар Украина, Ресей,  Белоруссия, Молдавия және тағы басқа республикадан тыс жерлерден әкелінді. Сонымен қатар, миграциялық толқын жерглікті халық санын республика бойынша 30 пайызға төмендетіп жіберді [2, 48 - б].

Жергілікті жерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірген мектеп интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Мұның өзі, бір жағынан, қазақ жастарының өз ұлтының тілінен, салт – дәстүрі мен мәдениетінен қол үзіп, мәңгүрттенуіне жол ашса, екінші жағынан жергілікті халықты орыстандыру саясаты қолпашталып ашық жүргізіле бастады. Жер су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ, бұл процесс соның өзінде де қазақ халқының оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала қазақ күйінде қалдырды. Тың эпопеясы экологиялық мәселеде өзінің теріс жағын көрсетті. Бұрын болып көрмеген көлемде жерді жыртып тастау салдарынан 1957-1958 ж.ж. Павлодар облысының жеңіл топырақты жерлерінде шаң бораны тұра бастады, ал 60 - шы жылдардың басында жер қыртысын ұшырып кету тек жеңіл топырақты аймақты ғана емес ауыр топырақты жерлерді де қамтыды. 1960 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 9 млн гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады, бұл сол кездегі Франция сияқты елдің бүкіл ауыл шаруашылық жер көлеміне тең еді. Рас, мұнан кейін егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі жерді қайырмасыз түренмен жырту тәсілі енгізілді. Алайда, эколог мамндар атап көрсеткендей қазіргі заманғы шаралардың барлық түрі де қоршаған ортаны қажетті экологиялық қорғауды қамтамасыз ете алмады. Ол тек экологиялық зардаптарды жеңілдетеді. Бұл қазіргі экологиялық мәселеде, әрине жеткіліксіз.

Тың игеру мал шаруашылығына үлкен зиян келтірді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып, малдың саны кеміді, әсіресе, түйе, жылқы орны толмайтын шығынға ұшырады. Тың игеру барысында ауыл – село тұрғындарының қосалқы шаруашылығына үй іргесінде көкөніс егуге тиым салынып елде азық – түлік мәселесін шиеленістірді. Тың игеру қарабайыр экстенсивті әдіспен жүргізілді. Мұның өзі әр гектарға шаққанда өнімді аз алуға соқтырды. Бұл жерлерде өндірілген астықтың бағасы өте қымбатқа түсті. 50- ші жылдардың басында колхоздарды күштеп ірілендіру нәтижесінде олардың саны республикада екі есе қысқарды, оның есесіне колхоз өндірісінің шоғырлануы күшейді. Осы жылдарда біраз колхоздар, олардың ішінде Қазақстанның колхоздары да ірі, экономикалық жағынан жақсы жарақтанған шаруашылықтарға айналды. Қазақстан колхоздарының ақшалай табысы өсіп, бөлінбейтін қорлары көбейді. Еңбек күннің құны 2 еседен  астам өсіп және ақшалай орташа бағасы 1958 жылы 10 сом 54 тиынға жетті. Сол жылы республика колхоздарында 63 мыңнан астам жоғары және орта білімді мамандар жұмыс істеді. 50 – ші жылдардың екінші жартысында МТС – тер таратылып, олардың қарамағында болып келген ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға сатылды, бұл процесс 1959 жылы наурызда, яғни бір жылдың ішінде аяқталды. Бұрынғы МТС – тер орнына республикада 213 машина жөндеу станциясы мен оның бөлімшесі құрылды. МТС – дің техникасының бір бөлігі совхоздар мен ауыл шаруашылығын механикаландыру училищелеріне берілді [3, 380 - 382 б.б].

Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты тыңға қатысты төмендегідей негізгі қорытындылар жасауға  болады:

1. Тыңды «игерудің» еліміздің астық балансын нығайтуда орны ерекше болды.

2. Ұлттық, әлеуметтік және экологиялық салдарлары моральдық және рухани жағынан қазақтарға жайсыз әсер етті.

3. Тыңды игеруде орын алған қайта құру процестері Қазақстанның Солтүстүк облыстарындағы мал шаруашылғының дамуына қолайсыз әсер етті.

4. Жерді шамадан тыс экстенсивті жолмен жырту топырақ құрамының тозуына әсер етіп экологиялық зардаптарын тигізді.

Міне , тың тарихының негізгі «тағылымдары» осындай. Бұлардан дұрыс ой түю, кезінде орын алған олқылықтарға алдағы уақытта жол бермеу егеменді еліміздің ұрпақтарының қасиетті міндеті.

Осы орайда Елбасымыз былай деп атап көрсеткен болатын: «Тыңды игеру өзін – өзі ақтағанын уақыт көрсетті. Қазақстанның астықты алқабы елді нанмен толық қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге республиканы әлемдік астық экспортерлерінің ондығына шығарды» [4, 59 - б].

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1 Омарбеков Талас ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. Көмекші оқу құралы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2001 – 404 бет.

2 Қазақ тарихы. // Республикалық ғылыми  - педагогикалық журнал. №5, 2003 жыл.

3 Ч.Мусин. /Қазақстан тарихы/ Оқулық, 3- ші басылым. Алматы, 2005, 592 бет.

4 Қазақстан тарихы. Әдістемелік журнал // Республикалық ғылыми – әдістемелік және педагогикалық басылым. №11 (16) 2004.