Оразбекова Д.О., Әділбек Ә.К.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 КЕНЕН – АҚЫН, КЕНЕН – ӘНШІ, КЕНЕН – КОМПОЗИТОР

 

Адамзат тарихындағы үшінші мыңжылдықтың басталуы жаңа қоғамдық құндылықтардың қалыптасу жолында өткен дәуірлердегі мәдени, тарихи процестерге жаңаша көзқараспен қарауға зор мүмкіншілік тудырды. Соның ішінде, қазақ әдебиеті тарихының ХІХ ғасырдағы әдебиет пен өнер саласындағы тарлан тұлғаларының шығармашылық мұраларын қайтадан қарап, жарияланбаған еңбектерін халыққа насихаттауға еркін қол жетті. Қазақ әдебиеті тарихында сегіз қырлы, бір сырлы нар тұлғалы азаматтар көп болды. Солардың ішіндегі жан дүниесін халқына арнаған ақын әрі әнші, әрі компазитор Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы бүгінгі жас ұрпаққа мол мұра.

Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығын түбегейлі зерттеп, оның басты ерекшеліктерін, атап айтқанда, ақындар айтысын дамытудағы көшбастаушылық, жетекшілік ролін, ақындық поэзиядағы шығармаларының маңыздылығын тереңірек зерделеу қажеттігі келешек ұрпаққа тарихи мұра болып қалатынына сенімім мол.

Кенен Әзірбаев шығармашылығын зерттеу арқылы қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, жалпылық пен даралық мәселелері жан-жақты, теориялық та, практикалық та тұрғыдан қарастырылып, қазіргі әдебиеттанудың қажеттілігі мен талабы деңгейінде шешілді. Жеке ақын бойында синкреттік өнер ХХ ғасырда да, яғни жазба әдебиеттің, әр алуан кәсіби өнердің, техника мен ғылымның жоғары дамыған тұсында да өмір сүретіні дәлелденді, ал мұның өзі – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани күш-қуатының әлі де мықты екенін көрсетеді. Кененнің таланты жыршылық әрі ақындық өнер арқылы ашылғаны, яғни ХХ ғасырдың өзінде де қазақ ауыз әдебиетінің өкілдері, дәлірек айтқанда халық ақындары көп жағдайда жыршы болып бастап, даралығы бар сөз шебері ретінде қалыптасатыны – заңдылық. Мұны Жамбылдың, Нұрпейістің, Исаның, т.б. халық ақындарының шығармашылығынан көреміз.

Кененнің  жыршылық репертуарында Орта Азия халықтарына ежелден әйгілі болған “Ер Төстік”, қырғыздың атақты эпосы “Манас” (“Төкетай мен Мәнікер”) жырлары болған. Біздің дәуірімізге ақын идеялық-көркемдік мәні күшті “Қырғызбай”, “Әли батыр”, “Кенебай – Кербез”, “Жамбыл – жыр” жырларын жеткізді. Кененнің бұлардан да басқа эпикалық аңыздарды айтып келгені де белгілі. Кенен Әзірбаевтың  ақындық өнерінің сабақтасу, даму жолдарын, өзіне тән ерекшеліктерін жан-жақты сараптап, зерттеу нәтижесінде оның бүгінгі кезге дейін белгісіз болып келген қырлары, қалыптасу бағыттары айқындалды. Ақынның халық әдебиеті үлгісіндегі толғау, арнаулары, импровизация дәстүрінде дүниеге келген айтыс-қағыстарының поэтикалық өрнегі, ірі жыр бәсекелеріндегі ақындық шеберлігі тақырыпты игеру барысында талданып қарастырылды. Қолда бар материалдардың негізінде алғаш рет шығармашылық өмірбаяны жазылып, тың мағлұматтар берілді. Ақын шығармашылығының халықтық сипаты, танымдық-тәрбиелік ролі поэтикалық дәстүр аясында сабақтастырыла сараланды. Кененнің өнерпаздық тәлімінің ақындық ортасына болған ықпалы, әсері анықталды.

Кенен жасынан халық әдебиетінің сан ғасырлар үзілмей келген асыл мұраларының үлгілері мен ақындық, жыршылық, шешендік мектептердің өнер-өнегесінен нәр алып, оны өз тарапынан жетілдіре, кемелдендіре отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды. ХІХ ғасыр қазақтың ақындық поэзиясын шырқау биікке көтерсе, сол дәрежеге жеткізген соқпақ жол – айтыс өнері екені даусыз. Ілкі замандардан жеткен көне сүрлеуді жалғап, өз тарапынан кемелдендіре отырып, тың межеге көтеруде ақынның атқарған еңбегі зор. Кенен – ең алдымен айтыс ақыны. Оның есімін ел есінде сақтаған да осы өнері. Бұл анықтама өнердің өзге саласындағы қырларын жоққа шығармаса керек. Шәлипа, Ләтипа, Бөдене және Шәйнек, Бопина, Халима, Жамбыл, Кенжеқожа, Әбдіғали, Шашубай, Есдәулетпен айтыстары бұл айтқанымыздың анық дәлелі.

Кенен шығармаларының көркемдік-бейнелеу құралдары алуан түрлі, олардың атқаратын көркемдік-эстетикалық қызметі де жоғары. Ақын фольклордың  көркемдік құралдарының мол мүмкіндіктерін терең игеріп, жаңа заманды бейнелеуге ұтымды жарата алды. Ұйқас пен ырғақ байлығы, ой мен сөз жарастығы ақын жырларында асқан шеберлікпен, әрі суреткерлікпен астасып жатыр. Кенен өнерінде шешендерге тән тура сөйлеудің де, ақындарға тән айшықтап айтудың да неше алуан көркемдік үлгілері бар. Ендеше Кенен Әзірбаевтың әдеби мұрасы қазақ поэзиясының тарихында өзіндік орнымен ерекшеленеді. Ерекшелігі мен құндылығы оның сан қатпарлы мазмұнында, көркемдік қасиетінде деп танимыз.

 

Әдебиет:

1.   К.Ж.Бұзаубақова «Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру»,Алматы, 2002ж

2.   Т.Мейірманқұлова «Білім берудегі инновациялық технологиялар», Алматы, 2000ж

3.   Смайыл А.  « Ұлттық мәдениет» Егемен Қазақстан, № 145, 2014. 2б.

4.   Молдабеков Ж. «Мәдениеттілікті мәйектеу»,  «Ақиқат»  журн. № 3.2014.

5.   «Ата салтың  - халықтық қалпың» (Құрастырғандар А.Зәкірианов, М.Молдабаева)