Музыка и
жизнь/1.Музыка: изучение и преподавание
Тусупова
К.А.
КГКП «Детская музыкальная школа №3»
г.Караганда, Казахстан
Әр
заман өзіне лайықтаған, өзінің даму екпініне,
дүниені қабылдау деңгейіне, түсінік танымына орай
өз музыкалық әуен - үнін ала келеді. Бірақ ол
әуен қандай бір жаңашыл болса да, өзіне дейінгі
музыкалық шығармалардың табиғатынан алыстап кетпек
емес. Ол халықтың әр кезеңдегі әлеуметтік
жағынан жаңаруындағы өзгерістерді өз бойына
сіңіріп, сол арқылы байып отырады.
Музыканың өмір сүру алаңы –
музыканы шығарушы автордың және тыңдарманның сана
– сезімі. Ал автор мен тыңдарман ата – бабадан жалғасып келе
жатқан музыкалық өнерді, яғни, рухани байлықты
өз бойына сақтап, алып келе жатқан өзіндік бір
тасымалдаушы.
Музыканы шығарушы автордың шығарма
тақырыбын таңдауына кейде халықтың басынан өткен
бір дүрбелең кезеңдер себеп болса, кейде өзінің
жеке басында, басында болып жататын
қуанышты немесе мұңды оқиғалар себеп болады.
Осындай жағдайлардың әсер етуімен өмірге келген
музыкалық шығарманың ұлттық менталитетке
қанық болатыны да ұлттық музыкалық
шығармалардың өзіндік қасиеті болып табылады. Міне,
ұлттық қасиетті бойына сіңірген осындай музыкалық шығармалар жас
ұрпақты ұлттық рухани
құндылықтарға баулып өсіруде, олардың
музыкалық мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор.
Ал жастардың рухани
құндылықтарға қанығып өсуінің
қажеттілігі қазіргі таңдағы жаһандану процесі
келіп, кезекті әлеуметтік жаңару кезеңі жүріп жатқан
кезде аса маңызды. Ал арзан жолмен жеткен шетелдік көпшілік
арзанқол әуендердің жас ұрпақтың санасын
тоқыратып тастары сөзсіз.Олай болатын себебі, арзанқол
әуендер адамның ойлану қабілетіне кедергі келтіріп, оны тек
жеңіл сезім, өтпелі әсердің ықпалында
ұстайды. Ал мұндай әуендердің жастардың
құлағына құйыла беруі оларды ой тоқырауына
ұшыратады. Оның үстіне тек қана жеңіл
әуендерді тыңдап, соны ғана бойына сіңіріп өскен
жастардың мазмұны тереңірек ұлттық
музыкалық шығармаларды қабылдауға қабілетін
төмендетеді. Бұл тек мазмұны терең шығармаларды
қабылдауға қабілеттілігін емес, жалпы әлеуметтік ортада
күнделікті тіршілікте кездесетін моральдық – материалдық
қиындықтарға тап болғанда адамның сол
қиындықтармен күресе білу қабілетін де тұсап
тастайды. Музыканың адамға эстетикалық сезім силайтыны
өз алдына, ол адамға әр нәрсеге ойлылықпен
қарауға, әр нәрсенің мәніне
үңілуге үйретеді. Ал бұл өз кезегінде
әлеуметтік ортадағы қиындықтардан шығудың
жолын өзінше іздеп, керек кезінде жандүниесіне мол қуат алып
отыруға мүмкіндік береді.
Қазақ халқының сан ғасырлар
бойы санасында жаттап жеткізген әдеби – мәдени
мұраларының ішіндегі музыкалық мұралардың,
әсіресе күй өнерінің орны ерекше. Сол музыкалық
мұраларды ұрпақтан ұрпаққа аман – есен
қазақтың ұлттық аспабы – домбыра
халықтың небір тарихи кезеңдерінен моральдік жағынын
азып – тозбай, жандүниені жұтаңшылыққа ұшыратып алмай, аман – есен
өтуіне қажет болған эстетикалық қажеттіліктерге
байланысты өмірге келгені өзінен өзі түсінікті.
Өйткені халық аса бір маңызды болмаса, көрінген
нәрсені босқа жүк етіп арқалап жүрмейді.
Домбыраның ең алғашқы аса
маңызды тарихи бір қызметі туралы бізге жеткен аңыз
күні бүгінге дейін естіген жанды тебірентерліктей
әсерлі.
Ханның алдында қаймықпай
сөйлеймін деп домбыра осындай жағдайды бастан кешіргенде, оны
тартатын күйшілердің де басынан небір кезеңдердің
өткені белгілі. Қаһары бет қаратпайтын ханға
қаралы хабарды жеткізуді өз мойнына алған, сөйтіп талай
адамды ажалдан алып қалған осы музыкалық аспап туралы осы
аңыздың өзі адамға деген сүйіспеншілікті
бейнелеудің бір түрі болып табылады. Бұл жалпы
домбыраның ішкі – сыртқы болмысын түсіндіретіндей аңыз.
Домбыра өзінің эволюциялық жолында музыкалық аспап
ретінде адам өмірі үшін аса маңызды тәрбиелік
мәнге ие қызмет атқарған болса, оның
көмейінен төгілетін әуен де биік адамгершілікті, отан
сүйгіштікті, адами құндылықтарды қастерлеуге
бағыттайтын маңыздылыққа ие. Тіпті осы
аңыздың өзі домбыра аспабын ойлап тапқанда адамдар
өздерінің тұрмыс – тіршілігін жеңілдетуге мақсат
тұтқан деген қорытындыға келуге ықпал етеді.
Осыдан – ақ қазақ халқының өзінің
тарихи даму кезеңінде музыканың тәрбиелік мәніне зор
мән бергендігін тануға болады.
Демек музыканы, соның ішінде күйді
тыңдату күй әуенін жеткізетін домбыраның Жошы хан хикаясына байланысты осы
аңызда айтылған абыздық қасиетін айтып түсіндіру
– күйді тыңдап, түсінуге тыңдаушыны дайындап алу деген
сөз. Әлгі аңызды естігеннен кейін адам көңілінде
осындай тарихи әрі қайғылы оқиғаны кешірген абыз
– домбыраның не айтатынын естуге деген құштарлық пайда
болады. Осы құштарлық күйді тыңдауға деген
ынталылықты да оятады. Ынта оянғаннан кейін тыңдаушы
күй мазмұнына елтіп, оның тілін өз
жандүниесінің тіліне көшіріп, ұғынады. Тыңдаушының
бойында күйді тыңдаудың өзіндік әдістемесі
қалыптасады. Сөйтіп адам жалпы өнер тілін ұғынуды
үйретеді. Ал бұл сезім дами келе, енді адамның өмірлік
қажеттілігіне айналады. Міне, қазақ халқы күй
өнері арқылы адам бойындағы музыкалық
мәдениеттің қалыптасуын осындай әдістемелік жолмен
жүзеге асырады. Бұл – музыканы насихаттаудың
қазаққа ғана тән үлгілерінің бірі.