Халық музыкасының бала тәрбиесіндегі
рөлі
Карсыбаева
А.М.
ЮКГПИ
г.Шымкент, Республика Казахстан
Бүгінгі
таңда еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі
мәселелердің бірі-білім беру. Сондықтан да жалпы білім
беретін орта мектеп – халқымыздың толығып
өсуінің, рухани әрі мәдени дамуының тірегі
және түп қазығы болып табылады. Осыған байланысты
қоғамдағы өзгерістерге сәйкес, өсіп келе
жатқан ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру
мектеп табалдырығынан бастау алады.
Мектептегі
оқушылардың жалпы білімдері мен музыкалық
қабілеттерінің қалыптасып дамуына, музыкалық
тәрбие, білім беру жұмыстарының алдына қойған
мақсаттары өз септіктерін тигізеді. Осы қойылған
мақсаттарға жетуде мектеп мұғалімінің ролі ерекше
орын алады.
Қазақ
халқының ұлттық –мәдени қайта
өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты халық
дәстүрлерінде баулып тәрбиелеудің заңды,
объективті қажеттілігі арта түседі. Мұндай жағдай
жеткіншек ұрпақты өз халқының рухани
қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, әдет
– ғұрыпы, дәстүрлерімен неғұрлым
тереңірек таныстыруды талап етеді. Өйткені мұндай негіздерді
білмей, өз халқының ұлттық ерекшеліктерін
сезінбей, басқа халықтың өзіне тән белгісін
толық түсіну мүмкін емес екені мәлім. Әрбір
халықтың тәрбиелік идеялары, ұлттық рухқа
қаныққаны соншалық, оларды бөтен
топыраққа көшіре салу әсте мүмкін емес.
Халықтың өзі жасаған және
халықтық бастау
көздерге сүйенген тәрбие дерексіз идеяларға негізделген
немесе басқа халықтан алған ең таңдаулы
жүйелерде жоқ тәрбиелік күшке ие болды (К.Д.Ушинский).
Әлбетте, мұның бәрінен бір халықты басқа
халықтардан бөлектеу немесе жоғары қою керек деген
пікір тумауға тиіс. Олардың
әрбірінің тәрбиелеу мен оқыту саласында өз
жетістіктері мен табыстары да, сондай –ақ олқылықтары да бар.
Бұл арада ең маңыздысы мынау: әрбір адам ең
алдымен өз халқының перзенті, өз отанына бар жан –
тәнімен берілген азаматы болу керек екенін, ұлттың
болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға
тиіс. Оның осындай тұжырымға
тоқталуына ұлттық әдет –ғұрыптар мен
дәстүрлер көптеп көмектеседі, солар арқылы ол
жалпы адамзаттық әлемге аяқ басып, өз
халқының игілігін басқа халықтарға жақын да
түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ
өзі кезі мен өткеннің талаптары, объективті факторлар
негізінде жеткіншек ұрпақты өмірге даярлап, оны
жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып,
өзінің ата – бабаларының тәжірибесін игере түсуі
керек.
Өмір мен
тұрмыстағы өзіндік ерекшелік, ХІХ ғасырдың екінші
жартысына дейін нота жазуының, музыка мен ән мамандарының,
тұрақты музыкалық оқу орындарының болмауы
қазақтың әуен ырғағын асқан
сезімталдықпен қағып алу және
таңқаларлық есте сақтау қабілетін
қалыптастырды. Мұның өзі далада оңай бағдар
табуға ғана емес, сонымен бірге ұнаған музыкалық
немесе әдеби шығарманы
дереу есте сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Ғасырлар бойы суырып салып айтудың өз қағидалары
қалыптасты. Әрине, суырып салып айту белгілі бір дәрежеде
дүниетанымның кеңдігін, шеберлікті, сан қилы
дағдыларды талап ететіні белгілі. Биік шеберлікке жеткен суырып салу
өнерін халық жоғары бағалаған. Бұл
өнерге өмір мен халықтың тұрмыс
-тіршілігінің өзі ерте жастан үйретті.
Халық
ақындары, әнші-күйшілері, жыршылары музыкалық
және әдеби шығармашылықты таратушылар болды.
Қазақ халқының бірде –бір мерекесі олардың
қатысуынсыз өтпеген. Ал мұндай жиын-тойдағы
музыкалық сайыс әнші-күйшілердің орындау шеберліктерін
ұштай түсті.
Музыкалық
шығармаларды таратушылардың арасында сал-серілер аз болмаған.
Олар 15-20 адамнан топталып, ауылдарды аралап, өз өнерлерін
жұртшылыққа танытып отырды. «Шынында салдар мен серілер ол
заманғы өнердің өкілдері. Бұл күндегі
әртістерше сахнаға киетін киімін чемоданға салып алып келіп,
әдейі оларға арналған бөлмеде қайта киінетін
жағдай сал мен серіде болған жоқ. Олар ат үстінде де,
ауыл сыртында да, базарда да, жәрмеңкелерде де өнерлерін
көрсетті. Сондықтан басқа кісіге алабажақ,
әсіресе қызыл көрінетін олардың киімдері сол сахнаға киетін киімдер.
Ал олар өмірде де сслай киініп жүреді. Өйткені өмір мен
өнердің екеуі бірі мен бірі қосылып, ұласып кеткен»
-деп жазды А.Жұбанов. [1]
Оларды
жұртшылық қуанышпен қарсы алып, үлкен де, кіші де
тағатсыздана күтіп отырған. Тіпті олардың көрші
ауылға келгенін ести салысымен тайлы-таяғы қалмай сонда
ағылып, түн ортасына дейін ән-күй тыңдайтын.
Мұндай
музыкалық көріністер талғамды, жалпы ой-өрісті дамытып,
қазақ даласының түкпір-түкпірінде туып
жатқан ән-күйлермен таныстырып отырған.
Халықтың
музыкалық-әдеби шығармашылығын таратуда отбасының
(ата-аналардың, қарттардың), ән-күй, айтыспен
сөзсіз қатар жүретін алуан түрлі ұлттық мерекелердің,
сауық-сайрандардың, ойындар мен жарыстардың
қосқан үлесі мол.
Музыкалық-әдеби
шығармалар (ән-күйлер, ертегілер, эпостар, аңыздар
т.б.) тәрбие мақсатында кеңінен пайдаланылғанын атап
айта кету керек. Олар балалар мен жастардың ақыл-ойы мен сезіміне әсер
етіп, музыкалық ләззат берген және танымдық,
тәрбиелік маңызға ие болған. Балалардың
музыкалық тәрбиесі неғұрлым бай болған сайын,
олардың дербес шығармашылық еңбегі жемісті бола
түсетіні аян. Себебі, көркем әсерлермен шебер байытып отыру
балалардың шығармашылық қабілеттерін, олардың
әсерлілік құралдарын іздестірудегі белсенділігін
дамытуға жәрдемдеседі.
Қазақ
халқының экономикалық және қоғамдық
құрылысы, сондай-ақ оның тұрмыс-тіршілігі мен
көзқарастары ауыз әдебиеті шығармаларында өз
бейнесін тапты. Сондықтан, «Қазақстанда жиналған аса
бай ауыз әдебиетінің ондаған томдары туралы
оқыған кезіңде басыңа: «егер бүкіл осы
байлықты қазақ халқының санына бөлетін
болсақ, онда сірә, әрбір қазақ
әндердің, мақал-мәтелдердің,
аңыз-әңгімелердің авторы болып шығар еді, -деген
ой келеді» [2]
Қазақ
халқы қашаннан әнге, өлең –жырға бай,
яғни ән халық өмірінің ажырамас бөлігі
болған. «Қазақта әнсіз өмір жоқ.
«Тойбастар» айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен
қыз –бозбала, шілдехана күзеткен жас-кәрі, «Жар-жар»
айтқан екі топ, елінен еріксіз алысқа ұзатылып бара
жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір,
түйеге мініп, әр үйдің сыртында
қақсаған жарамазаншы, ақ киім киіп, өгізге мініп
ауыл аралаған дуана, «жынын» шақырып, зікір салған
бақсы-бәрі де әндетеді. Бәрі де жай сөзбен
айтқанда жетпейтін сезім тасқынын ән арқылы
шығарады» [1] Әннің халық өмірімен осылайша
тығыз тамырласып, сабақтасып жатуы төңкеріске дейінгі
Қазақстанда музыкалық тәрбие міндеттерін шешуді
жеңілдетті. Ол әндерде қазақ халқы
өмірінің көп ғасырлық тарихы, оның
этикалық және педагогикалық идеялары өз көрінісін
тапты. «Өлең –сөздің патшасы», «Ән
–көңілдің ажары», «Ақылды болсаң, ән
тыңда», деп әнді жоғары бағалай отырып, халық
әнін адам өміріндегі маңызы мен рөлін атап
көрсетіп, оған аялап қарау жөнінде зор талап
қойды.
«Қазақ
әндері құдіретті де күшті, өктем, сонымен бірге
жатық, құлаққа жағымды естіледі, -деп жазды
өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында А.Эйхгорн.-...Жапан
түзде немесе ауылда, болмаса мал арасында, айдала мен жазық
өңірлерде, таулар мен көсілген алқаптарды
аралаған кезінде, жым-жырт аспан астында жалғыз келе жатып
оның салған әні тіпті әдемі естіледі.
Түнде де,
күндіз де, таңертең де, кешке де, жазда да, қыста
да-қашан, қай кезде болмасын қазақ қиялсыз
жүрмейді, не ыңылдаған сарынмен көңіл күйін
білдіреді, немесе ән салады, әйтпесе өлең
шығарады, енді бірде шежірелік сөздерді мақалдап айтумен
болады. Олардың қарапайым сөздері сырт өмірден
алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір
қалтқысыз айқын баяндайды».
Басқа жанрлар
сияқты, қазақ халқының ән
шығармашылығының да жанрлары сан алуан. Бұл –отбасылық
–тұрмыстық, әдет –ғұрыптық, еңбек,
лирикалық, тарихи әндер, әлеуметтік наразылық
әндері, эпикалық дастандар мен
аңыз -әңгімелердің музыкалық
сабақтастыққа берілуі. [3]
Отбасылық
–тұрмыстық жанрдың кейбір салалары (айтыс, жыр, терме,
толғау) мен эпикалық дастандар,
аңыз-әңгімелердің тәрбиелік мәні,
өзіндік ерекшеліктері поэтикалық шығармашылық
бөлімінде жүйелі түрде ашып көрсетілген,
сондықтан оған қайта тоқталып жатпаймыз.
Отбасылық-тұрмыстық
әндердің ішінде балаларға, жастарға арналған
ән, ойындар мен сауықтар, қоғамдық және
отбасылық өзара қарым-қатынастар проблемалары ашып
көрсетілетін нақыл әндер өте көп кездеседі.
Мысалы, «Мақтаншақ», әнінде шектен тыс даңғаза
кербездік тәлкек етілсе, «Көксау шал» әнінде теңсіз
неке айыпталады және т.б.
Сол сияқты
халықтың балаларға деген нәзік, мейірбанды, аялы
ықыласын соларға арналған тұтас әндер сериясынан
айқын көруге болады. Бұған мысал ретінде шілдехана,
туған күн, бесік жыры, тұсау кесу, жеті жас, он үш жас,
жиырма бес жас сияқты елеулі сәттерге арналған әндерді
айтар едік. Бір сөзбен айтқанда, қазақтардың жас
мөлшеріне байланысты әрбір маңызды кезең: баланың
алғашқы езу тартып күлуіне, бірінші рет ат жалын тартып
мінуіне, тұңғыш рет бәйгеге қатысуына дейін
ән арқылы бейнеленіп отырады.
Оларда ата –аналардың
балаға деген сүйіспеншілігі, оның тағдырына деген
жауапкершілігі, бала болашағы туралы терең ой толғаныстары
ашып көрсетіліп, адал, мейірімді, ақылды адамзат болуға,
өз халқының лайықты қорғаны, батыры,
ең бастысы –бала кім болсын, мейлі шебер, мейлі малшы болсын, адам болып
қалуға деген үлкен үміті, тілегі айтылады.
Балалар
қаршадайынан отбасылық –тұрмыстық және әдет
–ғұрыптық әндердің ортасында өсті.
Халық арасынан суырылып шыққан небір тарландардың
шығармаларын ести жүріп, балалар мен жастар солардың негізінде
немесе соларға еліктей отырып, бірте –бірте өз
шығармашылық өнерін қалыптастырады. Көптеген
әдет –ғұрыптық әндер музыкалық және
ақындық даярлықты, бай сөздік қорын, автор
қиялының бейнелілігі мен әсерлілігін талап еткенін атап айта
кеткен жөн.
Бұл арада
төңкеріске дейінгі кезеңдегі қазақ
халқының музыкалық мәдениетін зерттеумен
айналысқан этнографтардың, музыканттар мен зерттеушілердің
арасында қазақтардың ұйқастырып айтуға туа
біткен қабілеттілігін атап көрсетпегені жоқ екенін еске сала
кету қажет. П.Тихов қазақтың әншілік өнерге
деген құрметін, ыстық ықыласын, осы өнерді
көзінің қарашығындай сақтап атадан балаға
мұра етіп жеткізген, сонымен қатар қазақтың
таңқаларлық музыкалық қабілетін сөз еткен.
Балалар мен
жастардың тәрбиесінде еңбек әндерінің рөлі
ерекше болды. Халық әндердің мазмұны арқылы
оларды еңбектің түрлерімен, әрекеттерімен таныстырды,
халықтың ауыр тұрмысын суреттеді, «Еңбек –ырыстың
бұлағы, еңбек –бақыттың шырағы» -деп
оның өмірдегі қажеттілігін ашып көрсете білді. Мысалы,
Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай» әні бейнеті мол малшы
еңбегінің шынайы суреті десе болады. Онда бала Кенен
өзінің өмірінің бір белесі арқылы ертелі-кеш бай
малының соңында дамыл көрмей жүрген малшының ауыр
тұрмысын көрсете білді.
Сонымен өз бойына адамның
музыкалық мұраттарын, оның болмысқа
көзқарасының бай тәжірибесін, көркемдік
әсерліліктің айшықты құралдарын сіңірген
қазақ халық музыкасын мектеп оқушыларына тәрбие
берудің тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Халық музыкасы оқушыларға орасан зор эмоциялық
әсер етіп, оларға музыка арқылы тәрбие беру мейлінше
нәтижелі болып шығады.
Қорыта айтқанда, оқушы, жастарды өткеннің
мұрасына сын көзбен қарап, оны елеп-екшелей отырып,
жан-жақты пайдалана білуге тәрбиелеудің маңызы зор.
Халқымыздың халықтық-музыкалық шығармашылығын
өскелең ұрпаққа насихаттаумен қатар, жеке
тұлғаның ой-өрісі, мәдениеті мен
өркениетінің дамуына қажеттілігін ескеріп жүрген
жөн.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. А.Жұбанов «Замана
бұлбұлдары». – Алматы: «Білім», 1963 ж.
2. Ерзакович Б.Г. Песенная культура
казахстана. – Алматы: «Ана тілі», 1963 ж.
3. Қазақстан:
Литературно-художественный сборник. – Москва, 1935 ж.
Сведения
об авторе
Карсыбаева Айман Мусаевна – ст.
преподаватель кафедры «Музыкальное образование» Южно-Казахстанского
государственного педагогического института