Қаныбек Сарыбаев – азаматтық және қоғам жыршысы

Маликова Акерке

Республика Казахстан, г. Шымкент

 

Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаев өлеңдерінің көбісі азаматтық лирикаға жатады. Себебі, әрбір өлеңінен, ақын жүрегінің туған халқына, Отанына деген сүйіспеншілік сезіліп тұрады. Атақты ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың «Азаматтық лирика – әрбір ақынның  барлық саладағы шығармаларының бірден-бір барометрі. Азаматтық лирика  – әрбір ақынның адамдық және әлеуметтік бейнесі, оның барлық поэзиясының қан тамыры, тіршілік беретін жүрегі» [17,292] деген тамаша тұжырымы да азаматтық лириканың ақындардың шығармашылығында қаншалықты маңызды роль атқаратынын айқындай түскен.

Азаматтық! Адамдық! Адамгершілік! Мағыналас бұл үш сөз  – адамның адамдығын, азаматтың азаматтығын, ердің ерлігін, жігіттің жігіттігін танытатын үш өлшем. Осы үш сөздегі үш қасиет ақын бойынан табылуы тиіс. Поэзия мінбесіне көтеріліп, сөз алған ақын  – азаматтық поэзияны шеп құрып, қорғап, адамдық үшін алысып, адамгершілік үшін айқасып, олар аяққа басылған жерде шырылдап жатқан шындыққа ара түсуі қажет. Табиғат сыйлаған сол тамаша қасиеттердің қоғамда, адамдар арасында ұя басып орнығуы үшін қаламын қару етіп,  жалынды жырларымен күресіп жүрген ақын Қаныбек Сарыбаев. Отан деп отқа түсіп, әділдік үшін тартысқа түскен Қаныбек жырларына назар салып көрсек.

Уақыттың мініп жел маясына,

Жылжыған жұрт алмады саясына.

Олар қайтіп аңғарсын алыптарды,

Симаған соң көзінің аясына.

 

Жаман екен жаныңның құрттайлығы,

Құрттайлардан құралған ұлт қайғылы.

Жаны үлкенді жабыла кеміріп жеп,

Тынбайды екен ақыры құртпай мұны.

Шын мәнінде, елі үшін еңіреп, халқының ертеңі үшін алаңдайды да қабырғасы қайысады. Бірақ тығырықтан шығар жолды халқына көрсетіп жұбата алады. «Қазіргі шақ – таң сәрі» атты өлеңінде:

Еркіндік – ел аңсары,

Қазіргі шақ таңсәрі.

Жарылқайтын күн тусын,

Жарлы атанған баршаны.

 

Жанған жаңа жұлдыздың

Жағындамын күндіз-түн.

Айналайын халқым-ау,

Кіндігіміз бір біздің.

             ***

Жақсылыққа ұйғар да

Асып-сасып қиналма:

Жылатпаймыз Отанды,

Басымызда ми бар да!

             ***

Таусылмасын шыдамың

Өмір өзі мұғалім,

Берекесі қазақтың

Бірлікте деп ұғамын... [18,5].

Бүгінгі нарық заманында азаматтық лирика жанрында жазылған өлеңдер аса қажет. Мың құбылған нарық адамдарға кез-келген секундтар ішінде, ауыртпалықтың қара бұлттарын әкеле алады. Ал, Қаныбек өлеңдері сондайлық қауіп-қатерлерден ел-жұртын қорғап, сақтандырады. Патриоттық сезім, азаматтық айқын поэзия ақын Қаныбек өлеңдерінде бірінен соң бірінде көрініс тауып түрленеді.

«Уақыт үні» өлеңінде,

Бақыт туы, ар туы – елім деймін,

Ел жолынан ешқашан шегінбеймін.

Өлсем егер өлейін шындық үшін,

Құлқыныма құл болып жегілмеймін!– деп, ақынның елі үшін өлермендікке баруы адамды ойландырады [10,41].

Ақын Қаныбек жөнінде, «Жалын» журналының бас редакторы, Мұхтар Шаханов өз естеліктерінде былай дейді:

«Қаныбек Сарыбаев Оңтүстік топырағындағы арқалы ақындардың бірі. Қанекеңмен алғаш танысуым алпысыншы жылдардың басында болды. Марқұм Төлеген Айбергеновтың біздің үйге бір топ Қызылорданың ақын жазушыларын (ішінде Зейнолла Шүкіров, Нәсіреддин Сералиев, Зұлқорнай Сахиев т.б) ертіп келгені бар. Ол кезде Шымкент қаласының шет жағында анам екеуміз пәтер жалдап тұратынбыз. Кезек-кезек жыр оқумен, әдебиет жөніндегі пікірталаспен таңды көзбен атырдық. Сонда Қаныбектің жырларына сүйсіне, қуана қол соғып едік. Әлі күнге дейін сол ықыласым суыған емес. Қаныбек Сарыбаев шын мәніндегі үлкен құрметке лайық ақын. Иллаһи, оның жұлдызы биіктен жана бергей!».

Қаныбек ақынды Төлеген Айбергенов ақын тыңдаған екен. Шын қолдап, қол соғыпты. Мұхтар Шаханов «Қанекем» десе, онда біздің де Қаныбек өлеңдеріне берген бағаның лайықты болғандығы да. Оңтүстікке мәшһүр жазушы Әдһам Шілтерханов: «Ұрпақ жуасып, жасып, майдаланып бара жатса, оны ең алдымен байқап, жігерін жанып, ерлік пен өрлікке, ынтымақ пен елдікке шақыратын – ақын. Қаныбек сондай дауылпаз, арқалы ақындардың бірі. Оның жырларында ұлтымызға тән ой құлдығынан азат, еркіндіктің лебі есіп тұрады» – дейді. Бүкіл әлемдік, азаматтық проблемаларды биік пафоспен, үлкен ақындық қуатпен, ерекше екпінмен жыр еткен Қаныбек:

Атақ іздеп Алматы тентіремей,

Мен Пегасқа ауылда-ақ жүген салам, [20,104] – деп өз екпінін екшейді.

Азаматтық жырдың үлгілері мен түрлерін зерделей келе оны екі салада қарастыруға болады. Біріншісі – жауынгер жырлар, екіншісі – адамгершілік жырлар. Аты аталған бірінші арналарда Қаныбек Сарыбаев өлең өрбітіп өрнектеген. Жоғарыда ақынның адамгершілік сипатындағы отан, туған жер мен өскен ел, бейбітшілік, достық, бірлік тақырыптарындағы жырларға тоқталған болатынбыз. Енді, екінші арна-саладағы күнделікті қоғам өмірінде әділетсіздік тудырып,   адал адамдар өмірін улайтын, оларға қайғы-қасірет шеккізетін жамандықтармен жаға жыртысып жауласатын, әділдік үшін алысып, жақсылық үшін күреске түсетін жалынды да жалаулы ақын Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдеріне бойлай еніп көрсек.

Кешегі көлбеңдеп өткен тарих тартулары, Кеңес үкіметінің ыдырауы, одан кейінгі Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаны, алғашқы қиыншылықтар, жекешелендіру саясаты, ақын назарынан тыс қалмаған. «Сілем қатты» өлеңінде:

Күндегіден күнгіртпін,

Жетім үйдей жым-жыртпын.

Қас-қабағы әйтеуір

Түнеріңкі тым жұрттың

           ***

Ұры-қары арамы

Тақырлады қораны

Мал түгілі адамға

Ашылды әбден араны

            ***

Еш болмаса шай пұлға,

Жарайтұғын қай тұлға.

Осыны да өмір деп

Арзиды ма айтуға?! [18,5]

Аянышты көріністер, бір кездегі тоқшылықтың жоқшылыққа ауысуы тек ақын емес қара халықты да есеңгіретіп жібергенге ұқсайды. Шай-пұл таппай, жерге қараған ер азаматтар, базар жағалаған әйелдердің шаршап күрсінгенінен не пайда? Бірақ ақын халқын сабырға шақырады. «Қазіргі шақ – таңсәрі» өлеңінде:

Оңалатын тәріз бар,

Басылады әлі ызғар.

Ырыс-несібемізге,

Бір құдайым қарыздар – деп, азаматтық тұғырынан таймай, ел алдына шығып, жігерлі сөзімен ұрандайды.

Ересек бол, бала бол,

Бір-біріңе пана бол!

Қол ұстасып жүрейік,

Оңай емес жаңа жол!

Бұл ұран, ақын айқайы, оның жауынгер жырлары халыққа дер кезінде жетіп отырғаны белгілі. «Набыт болды-ау» өлеңінде:

Қыстың көзі қырауда

Дарияға жұрт құлауда,

Шыңғырады байғұстар

Шыдамай қыл бұрауға.

Сырдария өзені тасыды, іргесіне қоныс тепкен халық әбігер, табиғаттың тосын әрекеті жұртты қыл бұрауға салып, шыңғыртып жатқандай. Су тасқынын айта отырып, қыл бұрауға түскен  ел тағдырын да қамтиды.

Нысанаға ытқи дәл

Жүзгіш қулар жүткиді, ал!

Сау шықса – тек жытқырлар

Сау шығуы ықтимал.

Ел басына түскен кез-келген нәубеттен жытқырлар ғана жол тапқыш.  Жытқырлар деп адамдар арасындағы алаяқ, пайдакүнемдердің ел әбіржігенде қалтарысты пайдаланып, оңай олжа табатындығын айтып отыр.

Аман өтіп бөрілер,

Набыт болды-ау момын ел.

Қияметтің қайымы

Орнағандай көрінер.

Мұндағы бөрілер кәнігі ұрылар. Табиғат апаты жағдайында момын елдің малын барымталайды. Ақын да елім деп еңірейді. Жылдар өткенде Қаныбек ақынның су тасқынына да тосқауыл қойылды. «Көксарай» су қоймасы салынып ел тыншыды. Бұл жерде Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегіне ризашылығымыз шексіз.

Көңіл – жүйрік, көңіл – көктем, алабұртқан көңілдің дегенін тауып беру адамзатты мың ойландырып, мың толғандырады. Қаныбек ақын да көңілінің күптілігін күй етіп шертеді.

Байлығыңда шаруам не бұйырмаған,

Не қылайын қатырып миымды оған.

Қарным ашса бір үзім нан табамын...

Көңілімді тойдыру қиын маған!

 

Көтеруге ауырды жаралды иін,

Қорлық емес мен үшін жаман киім.

Көйлегімнің жыртығы бүтінделер...

Тек көңілдің жыртығын жамау қиын.

Ақын көңілі не сұрап тұр, не істесе көңілі толады? Әрине ақынның сұрайтыны еркіндік, әділдік, теңдік, бірлік. Осылар түгенделсе, ақын көңілі де орнығар.

Қаныбек Сарыбаев шындықты шырылдатып айтатын азаматтық жырларымен танымалдығы әрбір өлеңдерін оқыған сайын дәлелдене түседі. Адамдарды ойландыратын, толғандыратын, адамгершілікке шақыратын азаматтық жырларымен елін сусындатудан жалықпайды.

Екі жүзді наданға

Құдай мейір төксе егер...

Онда менің оған да

Ретім жоқ өкпелер?!! – деп, ақын өзін өзі жұбатады да, жаңа жырға кезек беріп жатқандай болады. «Сутегі бомбасы» өлеңінде:

Бұл нарық зілмендей

Мойныма мінгендей

Миымда тырбаңдап

Тасбақа жүргендей – деп, нарықты нақтылайды.

Кез келген елде немесе халықта талантты тұлғалар, жазушылар, ақындар, суретшілер, данышпан қайраткерлер тарих ағымының биік жолында дүниеге келіп жатады.

Қаныбек антитоталитарлық бағытты ұстанғандығы өлеңдерінен кездесіп отырады. Мұнысы тоталитарлық астамшылыққа атылған оқ дерсің. Қаныбекті Махамбеттің із басары дерсің. Не десек те ақынның рухани бекзаттығына, рухани тәкаппарлығына, азаматтық, күрескерлік тынысының кеңдігіне, сәулелі жырлар төккеніне ризашылық танытасың.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Ә.Тәжібаев. Өмір және поэзия. – Алматы, 1996.

2. Сарыбаев Қ. Айы оңынан туған ақын. // Отырар алқабы. – 1998, 28 маусым.

3. Сарыбаев Қ. Ақын:Өлең. // Оңтүстік Қазақстан. – 1998, 28 наурыз.

4. Ә.Жапықов. Көзімнің қарасы. // Түркістан. – 2011, 3 наурыз.