ӘОЖ  37.018.11. - 055.25

 

Әбжан Г.М., Абылханова  Г.А.

 

Абай атындағы  Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті,

«Мәңгілік ел және өзін-өзі тану» кафедрасының аға оқытушысы

 

Қалыңдыққа   қатысты   тұрмыстық   рәсімдер

 

Қалыңдық сөзінің мағынасы екі түрлі қолданысты – 1) тұрмысқа шығатын бойжеткен; 2) дәстүрлі қазақ қоғамында – айттырылған қыз дегенді білдіреді. Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігу – құда түсіп, қалың мал беріп, үйлену арқылы жүргізілген. Жігіт үйленер алдында өзіне ұнайтын теңін іздестіреді (“қыз көру”, “жар таңдау”). Кейде оның ата-анасы атастыруы, ғұрыптық салтымен алдын ала қыздың әке-шешесімен келісуі де мүмкін. Екі жақ келісіп, құйрық - бауыр жесіп, баталасқаннан кейін қыз айттырылған немесе атастырылған болып саналады. Алдын ала қалың мал төленеді. Қалыңдық атауы “қалың мал” сөзінен, яғни мал беріп әйел алуға байланысты шыққан. Келісілген мерзімде жастар міндетті түрде бас құраған. Қалыңдықтың басқа адамға шығуына қатаң тыйым салынған.

Қазақ халқының тұрмысында құда болу салты айрықша орын алғандығы белгілі. Әдетте, қызды бесіктегі кезінде немесе ол бойжете бастаған кезде атастырған. Егер екі жақ балаларын бесікте жатқан кезінде атастырса, ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертіп белгі салған. Бұл ғұрыптың бесік кертпе деп аталғандығы белгілі. Өсе келе ол қыз бесік кертпе қыз деп аталған. Егер қыз бой жете бастаған кезде атастырылса, оның құлағына жігіт жағы сырға таққан. Бұл рәсім сырға салу, сырға тағу деп аталған. «Қалыңдық» мағынасындағы сырғалы қыз немесе сырғалы атауы осыған байланысты шыққан.

Әрбір қыз бала бойжетіп, әке-шешенің аясында бұлғақтаған дәуренін қалдырып, басқа бір елге келін болып түсіп, келін атанады. Өз шаңырағын көтеріп, үй мен шаруаға иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып, өмірге перзент әкеледі. Жар құшып, ана болу – қыз баланың мақтанышы әрі бақыты. Өз теңін тапқан қыз бала жұптасқан өмір табалдырығын ақ көйлекпен аттайтыны белгілі. Қуанышты мерекенің, ар мен жан тазалығының белгісіне айналған ақ көйлектің тарихы тереңде жатса керек. Жүсіп Баласағұн: «Әйелдің жалғыз артықшылығы бар: ол дақ түспеген ары», – деп айтқан. Қазақ қалыңдығының үлбіреген ақ көйлегі – аппақ ар мен адалдықтың, пәктіктің белгісі. Ақ көйлек ең алғаш Еуропада киілген екен. Ғасыр ағысымен әлемге тарап, қазаққа да жетеді. Қыз – кие. Қыз – қасиет. Қыз – намыс. Қыз – адал. Қыз – қызғалдақ. Қыз – жар. Ар мен жан тазалығының белгісі бүгінгі ақ көйлектеріміз ар-иманға сын.

Қалыңдық ойнау – тұрмыстық рәсім. Дәстүрлі қазақ салтында айттырылған қалыңдық пен оның болашақ күйеуі ұрын барып танысқанға дейін бірін-бірі көруге, кездесуге рұқсат етілмеген. Күйеу баланың қалыңдығымен ресми кездесуін – “ұрын келу”, осыған орай ұйымдастырылған той-думан – “ұрын той” деп аталады. Осы рәсімнен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Болашақ күйеудің қалыңдық ойнауға келуін қалыңдықтың туған-туыстары көрсе де көрмеген, білсе де білмеген рай танытады. Жастардың кездесулерін ұйымдастырған қыз жеңгелері күйеу жігіттен арнайы сыйлықтар алып, жастарды оңаша қалдырады. Бұл түні күйеу мен қалыңдықтың еркін сырласуына мүмкіндік жасалады, бірақ олар одан әрі жақындаса алмайды. Таң атар-атпастан, атасы мен енесі оянғанға дейін, күйеу өз үйіне кетуге тиіс. Қалыңдық ойнау кезінде жастар ақ некелі түнге дейін абыройын сақтап, адалдықтың ала жібін аттап өтпеген   (1)

 «Қыз көру» салты кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос – жолдастарын ертіп қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса бұрын да қыз-жігіттің ұнатып, сүйіп қосылған кездері болған. Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен. «Қыз көру» салты Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романында кеңірек суреттелген (2).  Қазақы неке — Петр Маковецкий (1886 ж) кітабында 1. Отбасының заңдары. Некелесу төмендегідей беріледі:

Ертеректе, хан Тәукенің тұсында еркек 15, әйел 16 жасында некелесуге ерікті екен. Әйелдің тұрмысқа жасы жетіп, шығуын ел ағалары текке көздемесе керек, үйдің ішкі, сыртқы тіршілігінің бар тауқыметін тартатын  әйелзатының еркектен гөрі естірек, төзімдірек болуы өмірдің қажеттілігі еді. Бертін келе бұл заң күшін жойып, қазақтардың некелесуіне жас жағынан шек қойылмайтын болды.

Осы некеге қатысты ежелден келе жатқан, кәзір де сақталатын бір шарттың барын айта кеткен жөн. Қазақта 7 атадан қосылатын туыстардың некелесуіне тиым салынған. Өгей шешеге, асыранды тариқызға, келінге, енеге үйленуге болмайды. Сондай-ақ, әйелінің көзі тірісінде еркек балдызына, қайынбикесіне, қайынағасының қызына үйленуге болмайды. Бөле, немере ағайындардың некелесуіне тиым жоқ.

Неке ісіне барлық мәселені ата-ана мен ру басылары шешеді, күйеу жігіт пен қалыңдық тек солардың айтқандарына құлақ асуға тиіс. Көп жағдайда қыз бен жігітті бесікте жатқанда атастырып қояды. Қазақтардың  құдаласу рәсімі өте күрделі, ол кейде 10 жыл немесе одан да көп уақытқа дейін созылуы мүмкін.

Ең әуелі қыз бен жігіттің әке шешесі құдаласуға келісіп, қалың мал жөнінде сөйлеседі. Жігіт әкесі осы келісімнің белгісі ретінде қызға үкі тағады. Егер қыз әкесі келісімді бұзса, үкіні қайтарып қана қоймай, айып төлейді. Ал келісімді жігіт жағы бұзса, үкі қайтарылмайды(3). Бата аяқ салты.
Құда болған кісі екі жақтың келісімінен кейін жігіт әкесі қыз аулына келіп «бата аяқ » өткізеді. Кейде мұны «сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалың мал жөнінде келіседі.
Мұны бата, келісуді «баталасу» дейді. Батаның екі түрі бар:
1. Кесімді бата жасау, мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері: алыс-беріс, келу-кету
2. Кесімсіз бата – мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді.
Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді.

Ер адам кейпінде яғни «әке» деп ұғынып, оның қосағы, серігі Жер  — «ана» деп түсінді. Космогониялық түсінікке сәйкес, ғаламды жұмыртқа моделінде елестеткен халықтың бұл пайымын Серікбол Қондыбай сөздің түбірінен іздейді. Жұмыртқа деген сөздің «жұм» деген түбірін басшылыққа алады да, түрлі мысалдарды келтіре отырып (жұмарлану, ұмар-жұмар болу), былай дейді: «Егер мифтегі ғаламдық жұмыртқа әлі ажырамаған аспан мен жер болса, онда аспан — еркек пен жер — ұрғашының әлі ажырамай, аймаласқан сәті «жұмарласу», сол сәттегі сыртқы пішіні жұмыртқа болатыны түсінікті» (4).

Осы ретте ұлы Абайдың мына өлең жолдарын еске алсақ:

«Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынышты, Құмары екеуінің сондай күшті …».

«Сәукеле» сөзі «сау келеді» дегеннен шыққан екен. Жоғарыда сәукеленің қалай жасалатынын және оның құны қандай қомақты болатынын айтып өттік. Ендеше ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайынан хабар беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукеледен дәмелілер де аз болмаған. Қалыңмалдың құнын орап әкететін бұл «байлықты» қолға түсіру үшін ұры-қары, қарақшылар жол торып, келін әкеле жатқан топқа тосыннан шабуыл жасайтын. Тек сәукеле емес, қыздың жасауына да қол салып, кейде кісі өлімі де болған деседі. Күйеу, һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездер де болған екен. Сондықтан келін түсіріп отырған ауылдың балалары осынау күйеу-келін тобын қозыкөш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп, «сау келеді, сау келеді» десіп, сүйіншілеп, ауылға хабар беретін болған. Міне, содан сәукеле атауы шыққан деседі.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған салт-дәстүр, әдет-ғұрып – асыл қазынамыз. «Халқым  қандай  десең, салтымнан  сұрап  біл» дейтін қазақ салт-дәстүрден кенде емес. Мән-мағынасы тереңде жатқан салтымыздың бірі – сәукеле кигізу.

Сәукеле – тек сәндік үшін киілетін бас киім емес, бұлғақтап өскен оң жақтағы өмір мен ақ босаға аттар арасындағы қимас та, қызықты сәттің ескерткіші, жаңа өмірге жасалар қадам. Өмірінде бір-ақ рет киілетін сәукеленің әйел заты үшін киімдері ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті екені түсінікті. Сондықтан қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бөлек. Ол – ерекше бір салтанат. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукелелі келіншек ажарлы да, базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды.

Қыздың қалың малы төленіп, ата-енесінің риза батасын алған соң күйеу қалыңдығымен танысып, жақын барып, еркін күліп ойнауға есік көргелі келеді. Сонда да күйеу қыз жеңгелерінен көмек алып, оларға кәде өтеуге тиіс. «Кәде» сөзі еңбек деген мағына береді. «Мынаны кәдеңе жарат» деп бірдеме беріп жататыны сол. Күйеу қалыңдығына жақындау, бірге болу үшін жеңгелеріне кәдеақы береді. Кәдеақыға жейде, көйлек,айна,тарақ,теңге,тағы сондайлар жатады.

Қалыңдыққа бөлек үй тігіледі, не отау үйдің бірін оңаша дайындайды. Ол үйге бөлек төсек салынып, шымылдық құрады. Түнде қалыңдықты алып келіп соған жатқызады. Қалыңдық ойнауға келген жігіт ойын және сый кәдесі деп екі түрлі кәде алып келуге тиіс.

Ойын кәдесі. Қалыңдық ойнағалы келген жігіт сол күнгі кешкі барлық ойын- сауықтың ойын кәдесіне бір ат әкеледі. Оны  жігіттер  көкпар ойынын ойнап,  қай жеңгені алады да, жастарға кештік ұйымдастырады. Кештік ән-күй, ойын-сауықпен өтеді. Оны ұйымдастырғандарға күйеу, күйеу жолдас ризашылығын айтып, ойын кәдесін береді. Сыйкәде. Кештік тарап біткен соң, күйеу бала бөлек үйде жатқан қалыңдығына келеді. Солай беттеген кезде қыздың бір жеңгесі:

– Ал, күйеу, төсектеріңді салған мен едім, кәдемді бермесең олай жібермеймін, – дейді. Оған сыйкәде ұсынады. Отауға таяғанда тағы бір жеңгесі не балдызы:

– Күйеу ауылдың  итінен  қорып тұрмын, ит ырылдатар? – дейді. Оған да кәде береді. Енді бір жеңгесі тағы алдынан шығып:

– Күйеу, асықпа, бақан аттап кеттің, айып кәде бер – дейді. Оған да ұсынады.
Есіктің алдында қыздың ең жақын сырлас екі жеңгесі тұрады. Күйеуге есік ашып, ішке кіргізеді. Екі жеңгесі екі қолынан ұстап, бірі қыздың шашынан сипатады. Екіншісі қыздың оң қолынан ұстатады да: – Енді мәңгілік жарастық табыңдар, – дейді. Күйеу бұларға да сыйкәдесін береді. Таңертең бір жеңгесі ерте келіп, олардың жатқан үйінің түндігін ашып, тұрғызады. Қыз күйеуіне адал қосылғандығының куәсін алып шығып жеңгесіне көрсетеді.  Жеңгесі оны жігіт анасына естіртіп, «пәк екен» дейді. Ол әйел жігіт анасынан сый алады.  Күйеу жігіт те сол жеңгесіне пәк түн кәдесі деп береді. Егер қыз пәктігінен айырылған жағдайда күйеу қалыңдығын «талақ» етуге, құдалықты бұзуға ерікті. Бұдан дау, талас туып, екі жақтың ренішін туғызатын жайттар да кездеседі (5).

Қазақтың қалыңдығы десе, менің көзіме ­ – көз  алдыма шолпысы сылдыр қағып, сәукелесі төгілген, сүмбіле шашын шашбауымен сәндеген, ою-өрнектері көздің жауын алар ұлттық нақыштағы киімді бойжеткен елестеп, тұрады. «Қызды тәрбиелеген ұлтты тәрбиелейді» деген ғой дана халық. Ұлтымыздың анасы болашақ қалыңдықтарымыздың ақ көйлегіне қалыңдық киіміне  үлкен мән бергеніміз абзал!

            

Әдебиеттер:

1.        «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том.

2.        Салт-дәстүрлер кітабы, Атамұра 2011ж.

3.        Шолпан .Қазақы неке.3.12.14.

4.        С.Қондыбай. Қазақ мифологиясына кіріспе. – Алматы: Зерде, 1999 жыл.

5.        Саян Қажыбайұлы «Қазақ болсаң – керей бол» кітабынан. Монғолия.