Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың профессоры, п.ғ.к
Уайсова Гүлнар
Инаматқызы
Бастауыш сыныпта сөз
құрамын оқыту мәселелері
Мектепте
оқытылатын қазақ тілі грамматикасының
оқушыларға білім-тәрбие берудегі маңызы зор.
Оқушылар
қазақ тілі грамматикасын оқу арқылы қазақ
халқының ана тіліндегі сөз байлығын меңгереді,
сөздерді түрлендіріп, олардан алуан түрлі ұғым
беретін мағыналарды туғызады, сөйлемдер құрап
өздерінің логикалық ойын дамытады, соның
нәтижесінде грамматикалық категориялар мен оның қызметін
талдап білетін болады. Мысалы, ақыл,
айып, аз, адам, ел, сыйла деген сөздерді грамматикалық байланысқа
енгізбей, осы қалпында айтатын болсақ, оқушылар ондағы
сөз мағыналарын түсінгенмен, олардан тиянақты ой
түсіне алмайды. Егер осы сөздерді грамматикалық
байланысқа енгізіп:
1. Болат
әкесінің ақылын тыңдады.
2. Арсыз
адамды ел сыйламайды десек, белгілі бір тиянақты ойды білдіреді.
Бұдан оқушылар грамматиканың қызметін түсінеді.
Грамматиканың бұл сияқты қызметтерін оқушылар
мектеп жасына дейін ана тілінің сөйлеу нормасында практикалық
тұрғыда оқып үйренеді, өздері ізденіп,
грамматиканың ішкі заңдылықтарын түсінеді.
Грамматикалық ұғымдардың ішіндегі сөз
құрамын дұрыс оқытудың мәні зор.
Сөз
құрамын немесе сөздердің жасалуын оқыту
жөнінде біраз әдістемелік еңбектер жарық көрген.
Атап айтсақ, Ш.Сарыбаев, Д.Әлімжанов, Ы.Маманов,
И.Ұйықбаев, Б.Кәтембаева, М.Балақаев тәрізді
белгілі әдістемеші-ғалымдардың еңбектерінде сөз
құрамын оқытудың амал-тәсілдері кеңінен
сөз болады.
Әдістемеші
ғалым Ш.Сарыбаев «Сөздің түбірі мен қосымша» тақырыбын
оқытқан кезде домбыра,
домбырала, домбырашы, домбыраның шегі деген сөздерді талдатып,
олардың түбірі бір, тұлғалары төрт түрлі
екендігін дәлелдеу қажеттігін айтады. Сол арқылы
сөздің түбірі мен қосымшасы туралы түсінік беріледі.
Ғалымның бұл пікірі осы кезге дейін қолданылып
жүргені белгілі. Ол өзінің «3-кластың Қазақ
тілі оқулығына методикалық нұсқаулар» атты
еңбегінде жұрнақ пен
жалғауды оқыту туралы былай деп жазды:
«Жұрнақтың жалғаудан басқалығын білуге
негіз салу үшін түбірі бір екі сөзді мысалға алады.
Бұл екі сөздің бірі жұрнақты, біреуі
жұрнақсыз болады. Мысалы көл,
көлшік деген сияқты екі сөзді тақтаға жазып
қойып, бұл екеуінің түбір мағынасы бір екендігін,
екеуі де көл екендігін,
сүйте тұра араларында болмашы айырма барлығын, яғни -шік деген қосымша
қосылғандықтан, көл
деген мағынаның үстіне кішкене деген үстеме
мағына қосылғандағын ескертеді. ... Мал, малшы деген екі сөз
тақтаға жазылады. Мал
деген малшы-ның түбірі
бір болғанымен, -шы деген қосымша қосудың салдарынан
бұл екі сөздің мағынасы бір емес, бірі – мал, екіншісі –
адам (адам болғанда, мал бағатын адам) деп түсіндіреді» [1].
Бұдан біз жұрнақтың сөз мағынасын
өзгертетіндігіне назар аударту арқылы ұғындыру
қажеттігін аңғарамыз. Одан әрі Ш.Сарыбаев:
«Жалғауды білдіру үшін алдымен екі сөздің байланысып,
байланыспағанын білдіру керек. Мұны білдіру үшін
мұғалім тақтаға Асан
дәптер деген екі сөзді жазып, бұл екі сөздің
бір-бірімен байланыспай тұрғандығын, байланысса Асанның дәптері
болатындығын айтады», – дейді [1]. Осылайша бір сөзбен екінші
сөзді байланыстыру үшін қолданатын қосымшаның
жалғыз болатындығы ұғындырылады.
«Түбір
сөз мектеп оқытушыларының әр түрлі
тәжірибелері бойынша, түрлі әдістермен оқытылып
жүр. Кейбір мұғалімдер бұған жеке сөздерден
мысалдар алып оқытса, кейбірі бір тұлғадан өрбіген
түбірлес сөздері бар бірнеше сөйлемдер алып, сол
сөйлемдердегі сөздердің негізгі түбірін таптыра отырып,
олардың түрленуге байланысты мағыналық
өзгерістерін, ондағы тұлғалық жағынан
түрлену ерекшеліктерін, түбірдің негізгі, туынды болып келуін
өздеріне байқата, талдата отырып түсіндіреді», – дейді әдістемеші
ғалым Д.Әлімжанов [2].
Одан
әрі мысалдарға талдау жасалады.
1.
Омар, сабағыңды оқы!
2.
Оқу бірінші
қыркүйекте басталады.
3.
Өнер оқығаннан шығады.
4.
Оқушылар колхозға
жәрдемдесті.
5.
Оқушылық уақыт – ең
қызықты шақ.
Мұғалім
бұл сөйлемдегі сөздерді негізгі түбірін көрсете
отырып түсіндіреді. Сөйлемдердегі ішінде
ұқсастығы бар сөздерді теріп жазғызады, не теріп
айтқызады. Олар: оқы,
оқу, оқыған, оқушылар, оқушылық. Бұл
кезде мұғалімнің өзі де оқушылардың
айтқанын тақтаға бірге жазып отырады да, сол
сөздердің барлығына ортақ негізгі түбірін
оқушыларға тапқызады және олардың дұрыс
табуына өзі басшылық етіп отырады.
Осылайша
әрбір сөздің негізгі түбірлерін талдап тапқаннан
кейін, қосу белгісі арқылы қосымшаларын ажыраттырып,
оқушылардың дәптерлеріне көшіртіп жаздыртады.
Мысалы: оқы – негізгі түбір
оқы + у – оқ
оқы +ушы – оқушы
оқы + ған – оқыған
оқы + ушылық –
оқушылық
Осылай
негізгі түбірін бөліп жазғаннан кейін, мұғалім:
–Осындағы
оқы деген сөзді
бұдан ары тағы да бөлшектеуге бола ма? –деп сұрап, оған оқушылар
дұрыс жауап беру үшін ойлануына мүмкіндік береді.
Бұған
оқушылардың бірсыпырасы: оқу
деген сөзді оқ деп
бөлшектеуге болады – деп, қете жауап берсе, бірсыпырасы:
бөлшектеуге болмайды, оның өзі – түбір,– деп
дұрыс жауап береді. Осы кезде мұғалім оқ деген сөз оқы
деген сөздің түбірі болмайтындығын және бұл
екі сөзді мағыналық жақындығы жоқ екендігін
айтып түсіндіреді [2].
Оқушыларға
негізгі түбір туралы тиянақты ұғым білгізу үшін
бір сөзден өрбіген әр түрлі мағыналы
сөздерді беріп сызба арқылы
түбірін тапқызып отыруға болады.
Д.Әлімжанов
қосымшаны оқыту туралы былай деп жазады: «... Қосымша тұлғаны түсіндіру үшін
сөйлемді мысалдар алып, сол арқылы айтайын деген ойымызды толық
тиянақтайтын және ондағы сөйлем мүшелерін
байланыстыру қызметін атқаратын қосымша тұлғалар
екенін байқатады. Ол үшін:
Болатын жас
үйренгіш келеді,
Озатын жас
ізденгіш келеді, – деген сөйлемдерді тақтаға жазғызып,
әр сөздің қосымшасын алып тастаса: бол, жас,
үйрен, кел, оз, жас, із болады да, олар өзара байланыспай
қалады.
Мұғалім
соны көрсете отырып, қосымша дегеннің өзі айтайын деген
ойымызды тиянақты түрде жеткізу үшін, жеке сөздерден
сөйлемдер құрап жазу үшін қажет ең негізгі
арқауы екендігін байқатады да, соған байланыстыра отырып, жоғарыдағы
келтірілген мысалдардың ішіндегі: -атын, -гіш,
-еді, -ден, -гіш сияқты бөлшектердің қосымша екенін
айтады.
Бұдан
кейін жұрнақ пен жалғаудың айырмасы
түсіндіріледі. Қосымшалардың қызметі мен олардың
мағыналық ерекшеліктерін оқушыларға
анығырақ байқату үшін оның жалғау,
жұрнақ болып бөліну ерекшеліктерін мынадай сызбадан
көрсетеді:
данбайды
Қосымша тұлғаларды
оқушылардың өздеріне ажыраттыру үшін текстер беріп
талдатып отырады» [2]. Бұдан біз әдістемешінің
қосымшаны нақты мысалдар талдата отырып, оқушылардың
өздеріне тұжырымдатуға ұмтылғанын байқаймыз.
Бұл пікір қазіргі дамыта оқыту ұстанымдарына да
жақын келеді.
«Қосымша
деген сөздің мағынасын оқушылар көп
қиналмай, бір нәрсеге қосылатын үстеме, қосымша
екеніне бірден түсінеді. Сондықтан түбір сөздерден кейін қосылып тұрған
сөз бөлшектерін қосымша
дейміз, ал түбір мен қосымшалардан құралып
тұрған сөзді қосымшалы
сөздер деп атаймыз деп, тақтаға жұмысшылар деген
сөзді жазып, түбір сөз жұмыс
екенін таптырып, -шылар
бөлшегі қосымша екенін айтып, жұмысшылар
деген сөз түбір мен қосымшадан құралған қосымшалы
сөз екеніне көздерін жеткіземіз.
Бастауыш
сыныпта сөз құрамын оқыту жөнінде М.Балақаев:
«Балалар түбір, туынды сөздерді салыстырып оқып,
мағыналық айырмашылығын, соған лайық
тұлғалық айырмашылықтарын айтуға тиіс.
Бірақ бала бірден сөздерді жүгіртіп оқып, тапсырманы
тез орындай салмасын. Сызықшаның екі жағындағы
сөздерді кластағы барлық бала бір-бір рет өздері
оқып алғаннан кейін, бірнеше бала оларды дауыстап оқып,
әр сөздің мағынасын айтып беруі керек. Балаға құлын мен құлыншақты, өгіз бен өгізшені айырып айтып беру де оңай емес. Соны айттыру,
білмесе, білдіру үшін бірнеше қосымша сұрақ, салыстыру
үшін сөздер беруге болады. Сөз мағыналарын
танытқаннан кейін оған жалғанған
жұрнақтарға назар аударту қажет. Бала
сөздердің мағыналарының бұрынғыдан
өзгеруіне қосымшалардың әсері барын
аңғаратын болсын»,– дейді [3]. Ғалымның бұл
айтқандары сөз құрамын оқыту барысында пайдаланып
жүргені белгілі. Сөздің түбірге жалғанатын
бөлшегі – қосымша екенін, қосымша жалғанған
сөздің қосымшалы сөз екенін түсініп, оқушы түбірден
қосымшаны айыра алатындай болған кезде, жуан, жіңішке
қосымшаларды сөздерге жалғатып машықтандырамыз.
Сөйлемдерден түбір сөздерді таптырамыз. Осы арада
түбірге қосымша жалғатып айттыру керек. Енді оқушылар
қосымшаның сөзге
жалғанғандағы қызметін аңғаратын
болады.
М.Балақаев:
«Сөзге жалғанатынның бәрін қосымша деп тану да,
таныту да қиын емес. Қиыны – қосымшаның жалғау,
жұрнақ болып бөлінуі», – дейді [3]. Сондықтан
сөзге жұрнақ жалғанғанда оның
бұрынғы мағынасы өзгеріп, басқа затты
білдіретінін, ал жалғау жалғанғанда сөздер ондай
мағыналық өзгеріске ұшырамайтынын білдіру қажет.
Мұғалім
сөздерге көптік, тәуелдік, септік жалғауларын
жалғатып, олардың сөз мағыналарын мүлде
өзгертіп жібермейтінін, байланыс үшін жалғанатынын
оқушыларға түсіндіруі тиіс. Бұл арада жекелеген
сөздерге
жұрнақтардың тиістісін жалғата білумен
қатар қосымшалардың буын үндесуі жайындағы
бұрын өтілген емле ережелері де ескеріледі. Ол үшін
әрқайсысы өз беттерімен үш қатардағы
сөздерге іштей тиісті жұрнақтарды жалғап
байқасын.
Қосымша
туралы жалпы түсінік қалыптасқанда олардың түрін
(жұрнақ пен жалғауды) бір-бірінен айыра білу мақсаты
қойылады. Осы тұста оқушы туынды сөз дегенді,
жалғаудың жұрнақтан кейін жалғанатынын да білетін
болады.
Бұл
қосымшалардың қызметтері арасындағы ерекшелікті
толық түсінбей тұрып, балалар біреуінің неге
«жұрнақ» деп аталатынын, екіншісінің неге «жалғау» деп
аталатынын ұғынбайды. Сондықтан жұрнақ пен
жалғаудың бір-бірінен өзгешелігін түсіндірудің
ең төте жолы –«жаңа сөз» және «байланысқан
сөз» деген ұғымдарды меңгерту арқылы жүзеге
асуға тиіс. Бұл үшін
төмендегідей сызбаны пайдалнуға болады:
тер ды
Сызбадағы сөздер
жеке-жеке талданып, қосымша қосылған кезде олардың
мағыналарында өзгеріс болған-болмағаны
түсіндіріледі. Мысалы, сусын
дегенде сөздің мағынасы өзгерді, ал суға дегенде сөздің
мағынасы өзгерген жоқ. Ол
суға түсті деп сөйлем ішінде айтсақ,
қосымшасы не үшін қолданылып тұрғанын
анығырақ байқауға болады. Мәселен, Ол су түсті деп айтамыз ба?
Жоқ, яғни қосымша сөздерді байланыстыру үшін
керек екен. Осындай талдаулардан соң шәкірттерге «Жалғау
сөз бен сөзді байланыстырады екен, ал жұрнақ не
істейді?» деген сұрақ қойсақ, «Жұрнақ
жаңа сөз жасайды» деп оқушылар өздері-ақ айтатын
болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Ш.Сарыбаев. Қазақ тілі оқулығына методикалық
нұсқаулар. А., 1956
2.
И.Ұйықбаев, Д.Әлімжанов, Б.Катенбаева. Қазақ
тілі методикасының мәселелері. Алматы, 1969.
3.
М.Балақаев. «Қазақ тілі грамматикасы мен емлесін оқыту
туралы», «Бастауыш кластарда қазақ тілін оқыту методикасы»
атты кітапта. Алматы, 1987
Түйін
Мақалада сөз құрамын оқыту мәселесіне
байланысты әдістемеші ғалымдардың пікірлері талданып,
бастауыш сыныптарда сөз құрамын оқыту жолдары
қарастырылған.
Резюме
В статье анализируются труды ученых методистов, связанные с проблемами
состава слов и рассматриваются пути его изучения в начальных классах.
Resume
In the following article considers the scientific works of scientists, which are connected with the
word formation and its ways of
teaching in the primary school.