Арынова Г.Ғ

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

Дидактикалық материалдарды сабақта қолдану әдістемесі

 

Бастауыш сыныпта қай пәнді оқытылмасын көрнекілік әдісі қолданылмай оқу-тәрбие мәселесі жүзеге асуы мүмкін емес. Көрнекі құралдар сабақтың дидактикалық мақсатына сай тиянақты таңдалыну керек. Мұғалімнің жаңа сабақ материалын теориялық тұсын жақсы білуі және көрнекі құралдарды шебер қолдануы сапалы оқытудың негізі болып табылады. Сонымен бірге сөз обьектіні қарастырған уақытпен сәйкес келсе, онда мұғалім  үлкен тиімділікке қол жеткізіп көрген бейнені есте сақтауға мүмкіндік жасайды. Мұғалімнің сөзі-оқытуда жақсы нәтижеге жетудің негізгі факторы болып табылады.

Қарастырған жағдайға байланысты көрнекі құралдар түрлі кезеңде іске асырылады, айталық  затты не болмаса құбылысты түсіндіргенде иллюстрация ретінде,  ал кейде керісінше демонстрациялық құрал ретінде оқушыларға мұғалімнің сұрағына жауап іздеуіне көмектеседі. Мысалы, дене және заттар ұғымдарын түсіндіру кезінде, мұғалім барлық  дене заттардан тұрады, бір заттан әртүрлі бірнеше дене пайда болады немесе әр түрлі заттан бірдей дене пайда болады. Әңгімелеу  түрлі денелердің бір заттан жасалғанын не болмаса бірдей дененің  әр түрлі заттан жасалғанын демонстрациялау арқылы ұштастыра түсіндіріледі. Алайда материалды түсіндірудің басқа да жолы болады. Мысалы, мына дене қандай заттан жасалған?  Әр түрлі заттан жасалған бірдей денені атаңдар?  Дене неден құралған?  Дене мен заттың айырмашылығы неде? Мұндай жағдайда обьектілер білім көзі болып табылады, яғни олар анықтап бақылау арқылы оқушылар мұғалімнің сұрақтарына жауап іздеп табады. Ендеше бұл жағдайда материалды меңгеру алдыңғы жолға қарағанда белсенді жүреді.

Қажетті көрнекілік сол мезетте көрсетілуі керек, алдын ала ашық іліп қою, бала зейініне кері әсер етіп, қызығушылық, ынтасын төмендетуге әсер етеді.

Оқытуда көрнекіліктерді қолданудың басты ерекшелігі-оларды пайдалануда негізгі ақпарат көзі ретінде сөз емес, әр түрлі обьектілер, құбылыстар, техникалық және көрнекі құралдар танылады. Көрсету, иллюстрация, бақылау, көрнекілік принципін жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды, бұл әдістердің барлығы да оқушыларға эмоционалдық әсер етеді. Оларға да  көрнекілік принципіне қойылатындай (көрсетілетін обьектілердің, құбылыстардың реттілігі, қабылдаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету) сияқты талаптар қойылады.  Әдістердің  бұл тобына оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдалану (магнитофондағы жазбалар (құстардың дауысы), радиохабарлар, экрандық-дыбыс құралдары, телехабарлар, компьютерлік  бағдарламалар) жатады.

Оқытуда көрнекілік әдістерін пайдаланғанда төмендегі шарттар сақталуы керек:

а) қолданатын көрнекілік оқушы жасына сай болуы керек;

б) көрнекілік шектеулі пайдалануы керек және оны бірте-бірте тек сабақтың қажет сәтінде көрсету керек;

в) оқушыларға көрсетілетін дүниені жақсы көре алатындай етіп ұйымдастырылуы қажет.

г) иллюстрацияны көрсеткенде басты, маңызды жақтарын бөліп көрсеткен жөн.

д) құбылыстарды  көрсету кезінде берілетін түсініктерді тыңғылықты ойластыру керек;

е) көрсетілетін көрнекілік материалдың мазмұнымен сәйкес болуы керек;

ж) көрнекі құралдардан немесе көрсету қондырғыларынан  ақпаратты табуға оқушылардың өзін белсендіру.

Түсініктер мен ұғымдарды қалыптастыруда тиянақты жұмыс жүргізе отырып, ұғымдардың мазмұнын жете түсінуге көз жеткізу керек, өйткені тек осындай білімдер ғана сенімге айнала алады. Балалардың табиғат обьектілерін мақсатты қабылдауын  ұйымдастырудың маңызды шарты оны көрсетуді мұғалім түсіндіруімен ұштастыру керек.  Көрсету әдісі табиғатта немесе кинофильм, телехабар қою, суреттер көрсету, тәжірибе уақытында заттық сабақта өтуі мүмкін. Жұмыстың мұндай әдісі балалардың санасындағы сөз бен табиғат құбылысының немесе обьектінің нақтылы бейнесі арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Тірі табиғи заттарды сабақта қолдану оқушыларға нақты тіршілік ететін обьектіні көрсету мүмкіндігінің жүзеге асуы. Ол бала санасына тікелей әсер ете отырып, қабылдау нақты жүзеге асады. Мысалы, бөлме өсімдіктерін, тордағы құстар,  аквариумдегі балықты сабақта қолдану және тікелей табиғат аясындағы топсаяхат барысын айтар едік.

Дүниетану пәні бағдарламасы бойынша 3- сыныпта «Тау жыныстары және пайдалы қазбалар» мазмұнында арнайы тарау беріледі. Бұл сабақтарда өлі табиғи обьектілерін танып білу әрекеттері жүргізіледі. Айталық, гранит және оның құрамдас бөліктері, құмтас, құм және саз, сондай-ақ пайдалы қазбалар түрлері тас көмір, мұнай, газ және кен пайдалы қазбалар-темір, мыс, алюминий, кенге жатпайтын пайдалы қазбалар- тұз, фосфориттер, әктас, мәрмәр, топырақ түрлері т.с.с. өлі табиғат элементтерімен тікелей көзбен көріп,  қолмен ұстау арқылы танып білудің қажеттігі туындайды. Сондықтан осы дүниелердің міндетті түрде ірілі-ұсақты жинақтамалары болуы қажет және оны орынды пайдалана білген жөн. Мысалы, тығыз тау жыныстарымен танысу сабағында гранит, мәрмәр,  құмтас, тас көмір жинақтама- үлгілерін пайдалана отырып олардың түсіне,  құрамына зер салып, қолмен ұстап көру және олардың табиғи таза түрлері мен құрылысқа, тұрмысқа қажетті өңделген түрлерін көрсету арқылы таным үдерісін тереңдетуге мүмкіндік туады. Жанғыш пайдалы қазбалармен танысу сабағында тарапта материалдар тұрғысында шымтезек, көмір жинақтамалары және мұнай, оны өңдеу барысында  алынатын қалдық өнімдер вазелин, парафин, машина майы т.б. түрлерін пайдалана таныстыруда балаларға заттардың сыртқы түр-түсін, иісі және т.б. қасиеттері арқылы сол затты танып білуге толық мүмкіндік туады.

Сабақта  қолданатын таратпа материалдар арнайы қораптар мен жәшіктерде сақталынады. Сабақ барысында өзінің арнайы қорапшаларымен немесе жайпақ подносқа салып әр партаға жеке таратылып қойылады. Мұндай сабақтар дүниетануды оқыту әдістемесінде заттық сабақтар түрі деп аталады.

Заттық сабақ-балалардың танып білетін заттың суретін немесе модель түрінде немесе тікелей өзімен жұмыс жүргізетін сабақты айтады.

Заттық сабақтар- бұл оқушылардың айналасындағы материалдық дүниені құрайтын кез келген жеке бір зат не болмаса дене туралы сабақ. Оған табиғаттың алуан түрлі заттары-минералдар, өсімдіктер, жануарлар, табиғи материалдардан жасалған әр түрлі заттар жатады.

Заттық сабақтар заттармен алғашқы рет түйсік арқылы танысуға мүмкіндік беру керек. Танып біліп отырған затымыз біздің сезім мүшелерімізге әсер ететін болса, онда таныс емес затымызды білетін болып шығамыз.

Заттық сабақтарда оқылатын заттар өте алуан түрлі: табиғаттың тірі обьектілері: жануарлар мен өсімдіктер, көмірдің жеке кесектері, шымтезек, саз балшықтар, қар және мұз, тұсбағдар, термометр, флюгер және т.б. заттар болуы мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сихимбаева С.М., Тастанов Е.А., Рысбаева  Ғ.А. Дүниетанудан дидактикалық материалдар дайындау әдістемесі.  Шымкент, 2012

2. Қожагелдиева С. Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқыту әдістемесі. Түркістан, 2008

3. Аймағамбетова Қ.А. «Дүниетану негіздері» және «Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы». Алматы, 2006

Түйіндеме

Бұл мақалада дидактикалық материалдарды сабақта қолдану әдістемесі қарастырылған.

 

Резюме

В данной статье рассматривается методика применения дидактичных материалов на уроке

Summary

In this article methodology of application of didactics materials is examined on a lesson