Боканова
А.М.
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті
Арнайы және әлеуметтік
педагогика кафедрасы
Отбасындағы
тұлғалық қарым-қатынас мәселелері
Қай заманда да, қай елде болса
да отбасының адамзат ұрпағына тигізетін ықпалы мен
әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен
салыстыруға болмайды. Отбасы-адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені отбасында өтеді. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап, ата-ана өздерінің негізгі борыштарын-тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Алайда,
қазіргі кездегі елдегі экономикалық әлеуметтік
жағдайлардың қиындығы, жұмыссыздық,
материалдық-рухани қажеттіліктердің тапшылығы
осының бәрі отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы
қарым-қатынасты күрделендіріп отыр. Бала
тәрбиесінің негізі-бұл оның отбасы [1].
Еліміз тәуелсіздікке қол
жеткізгеніне байланысты Елбасының «2030 жылғы жолдауындағы», мақсаттар
мен мұраттар мүлтіксіз жүзеге асырылса, ұрпақ
тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар болары
сөзсіз. Ұрпақ қамы ертеңгі ел қамы. XXI
ғасырда өмір сүріп еңбек ететін жастарды
тәрбиелеуде қазақ халқының ғасырлар бойы
жинақтап уақыт талабынан өткен бай қазынасын отбасы
тәрбиесінде қолдану – кезек күттірмейтін мәселе екені
даусыз. Отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде XVII-XVIII
ғасырларда өмір сүрген батыстың, орыстың педагог
ғалымдары жақсы ой-пікірлер айтқан болатын. Мысалы, И.Г.Песталоцци:
«Бала тәрбиесі, оның дүниеге келген күнінен басталуы
керек. Баланың дүниені түсінуі отбасында басталып, мектепте
әрі қарай жалғастырылуы шарт» - деген қағиданы
ұсынды. Сонымен бірге, қазақ халқында отбасы
тәрбиесіне, ұрпағының жан-жақты болып
өсуіне айрықша мен берілген. Баланы қайратты,
қайырымды, ақылды, өнерлі, әділ адам етіп
тәрбиелеу - әр уақытта қазақ отбасындағы
басты мәселенің бірі болған. Қазақ отбасындағы
ата–ана мен баланың кісілік қарым - қатынасы, эмоцияналды
сезімдері – олардың жаны мен қанының табиғи бірлігі
негізіндегі жақындық арқылы орындалған. Қазіргі
уақытта баланы заман талабына сай жеке тұлға етіп
қалыптасыру қазақ отбасындағы барлық ата-аналар
үшін көптеген қиындықтар туғызуда. Бұрын
бәрімізге белгілі халқымыздың аса күшті қасиеті
балажандылығы деп саналған [2].
Қарым-қатынас – баланың
психикалық дамуының негiзгi факторы, әрi шарты. Психология
мен педагогика қарым-қатынасқа бiрнеше анықтама бередi.
Бiреулер, қарым-қатынасты ақпарат алмасу деп түсiнсе,
келесi бiреулер, қарым-қатынасты – адамзат дамуының
құрамдас бiр бөлiгi деп қарастырады.
«Қарым-қатынас – қаншалықты әлеуметтік
құбылыс болса да, соншалықты – жеке даралық
құбылыс. Сондықтан да, қарым-қатынастың
ең маңызды құралы – тілде, оның жеке
даралық көрінісі мен механизімі болып табылатын – сөйлеуде,
әлеуметтік пен жеке даралықтың бір тұтастығында
көрінеді...». Қарым-қатынас тек тіл арқылы
әрекеттесу ғана емес, ол аса маңызды тәрбие құралы
да болып табылады. Адамды қалыптастыратын қоршаған орта,
қоғам екендігі белгілі шындық. А.А.Бодалевтің айтуынша,
мәселе басқада: ол қай уақытты, қалай және
қандай жақтарымен жеке тұлға дамуына әсер етеді,
сонымен қатар, адамның кез келген дене және рухани
сипаттамаларымен ғана емес, жеке тұлғаның
қоғамның жоғарғы идеалдарына
сәйкестілерімен қалыптасуына әсер ететін
жақтарының қалай өзгеретінін анықтауда. Көптеген
ғалымдардың пікірінше қарым-қатынасқа
қажеттілік, адамның басқа ниеттерімен қауышпайтын,
ерекше, өзіндік іс-әрекеті болып табылады. Зерттеушілердің
бақылауларынан, қарым-қатынасқа қажеттілік,
баланың өмір сүру барысында, нақты
қарым-қатынас үстінде қалыптасатын іс-әрекеті
екенін көреміз. Ерте балалық шақ пен мектепке дейінгі
кезеңде қарым-қатынас өзіндік-сапалы формаларымен
ерекшеленеді. Баланың ересектермен қарым-қатынасын осы
іс-әрекеттің бірнеше формаларының ауысуы ретінде
қарастыруға болады. Қарым-қатынастың
алғашқы формасы-жағдайға байланысты жеке
тұлғалық, келесі – жағдайға байланысты-іскерлік,
үшіншісі – жағдайдан тыс-танымдық, ең
соңғысы – жағдайдан тыс жеке тұлғалық.
Біздің қарастырып отырған мәселемізге байланысты,
мектепке дейінгі кезеңдегі ең негізгісі жағдайдан тыс-жеке
тұлғалық қарым-қатынас ерекшеліктері [3].
Отбасындағы ата-ана мен бала
арасындағы қарым-қатынас мәселесiн В.С.Мухина мен
Л.А.Венгер де ғылыми тұрғыдан зерттедi. Олар отбасында
отбасында дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас пен
тәрбие үрдiсi нәтижесiнде мектеп жасына дейiнгi бала
өздiгiнен дербес түрлi әрекеттер орындағандарымен,
ата-ана тарапынан көрсетiлген эмоционалды қарым-қатынасты
әлi де болса аса қажет етедi деп тұжырымдайды. Адамдар
арасындағы қарым-қатынастар барысында балада әр
түрлі тәртіп формалары қалыптасады. Бұл жерде бала
үшін ең бастысы-ата-ана тарапынан ұйымдастырылған
жағымды қатынас. Ата-ана сенімі мен махаббаты балада оптимизм,
жақсы, үлгілі болуға деген тілекті қалыптастырады. Бала
әр уақытта өзіне жасалған эмоционалды қолдауды
қажет етеді [4, 5]. Баланың жан-жақты дамуына отбасының
әсерін көрсете келіп, ол жердегі тәрбиелік
ықпалдардың дұрыс ұйымдастырылмауы,
қарым-қатынасқа қанағаттанбау, ұжымда өз
орнын дұрыс сезінбеу, отбасындағы кикілжің жағдайлар,
осылардың бәрі бала тәртібінде біраз қиындықтар
тудырады деп қорытындыласа, ресейлік ғалым Б. Лихачев отбасы
баланың жеке басына екі жақты: біріншіден, отбасының
материалды жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру
дәстүрі арқылы, яғни, отбасы мүшелерінің
материалдық және рухани қажеттіліктері мен әлеуметтік
құндылықтары арқылы; екіншіден, әлеуметтік
және белгілі бір мақсатқа бағытталған
әрекет арқылы әсер етедi. Бұл көбінесе
отбасындағы негізгі көзқараспен тәрбие үрдісі
қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеологиялық,
адамгершілік және эстетикалық талаптарына қаншалықты
сәйкес болуына байланысты жүзеге асырылады деп көрсетедi.
Баланы дұрыс, толыққанды азамат етіп тәрбиелеу
үшін ынтымақтастық қарым-қатынастың керек
екені белгілі. Осы қарым-қатынас түрін дамыту жолдарына баса
көңіл бөлген жөн. Халық педагогикасында
тәрбие ісі баланың жас ерекшелігін ескере жүргізуді талап ете
отырып: "Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он
бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан
соң ақылшы досыңдай бағала"- делінген. Осылайша,
баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен
қараудың, ақылшым деп санаудың өзі ғылыми
педагогиканың ынтымақтастық заңдылықтарымен
байланысады.
Әдебиеттер
тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030».
Ел президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы:
Білім, 1997, 176 б.
2. Жарықбаев Қ.Б. «Ұлттық
психологияны оқыту – ұлтшылдық емес» - Қазақ
әдебиеті, 1 – қырқүйек, 2000 ж.
3. Запорожец А.В. Развитие общения у дошкольников. - М.:
Просвещение, 1974, 287с.
4. Мухина В.С. Детская психология. - М., 1985, 272с.
5. Әбеуова И.Ә. Әлеуметтiк психология.
(оқу құралы) - А., 2001, 58 б.