Заман тынысын танытқан «Таңбалылар»

(Жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің шығармашылығы бойынша)

 

Ниязова Ғайша Мұхамбетқызы

Филология ғылымының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

 

 

Көпшілікке белгілі коллективтендіру дәуірінде жер-жерде асыра сілтеушілік етек алып, ұжымдық шаруашылыққа бірлестіру зорлықпен, күшпен жүзеге асырылғаны тарихтан аян. «Таңбалылар» повесіндегі оқиға нақты өмірден алынғандығын Ж. тілепбергеновтің 1930 жылы 7 апрельде «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Асыра сілтеушіліктің зардабы» деген мақаласынан көруге болады. Тереңөзек ауданында:

-    Науқан қалай жүріп жатыр? Қанша орындадыңдар? – десем, мұртынан күліп, мақтанып:

-    Аудан халқының 83 проценті артель ұйымдастырып, байларды

конфискеледік. Кохозымыз 12463 гектар егін салды. Тұқымды артығымен 42008 пұт қылып жинадық. Е, тағы нелер еттік, жалпы айтқанда, жағдайымыз жақсы… дейді.

Бұны естігенде тамсанып, таңқалатын едік.

-    Ал істе не боп шықты?

Аталған мақалада Жиенғали аудан басшыларының жеке меншіктілерді коммуна уставына тура «кіргізе» бастағынын, артельге ұсақ мал, құстарды, сатармандығы жоқ сүт сиырларды, тұратын үйлерді қоғамдастыра бастағанын, осыдан артельдердің бірсыпыраларын қолдан ышқындырғанын жазады. «Бісмілдадан тұқым жинауға келсек, өкілдер қолдарына бір-бірден істік алып, бай-кулагіне, кедей-батрагына қарамастан үй басына жүк піскілеп, тінту жасаған. Ішерліктен дым қоймаған. Таба алмағандарының үй мүліктерін саттырып, шұбыртып жіберген. Бұлай істеуге аудандық партия комитетінің 22 апрельдегі №415-хаты себеп болған. Ол хатта:

— «Тұқым қорын мал сатып қана емес, үй мүлкін саттырып өндіру керек» - деп соққан. Коллективке ұйымдастыруға келсек, одан әрі сорақы зорлық, күшпен кіргізу, сыртынан жазу дегендердің дағдылы іс болып кеткен. Соңғы кезде «Коллективтің құр санын көбейткенге мәз болмай, сапасын арттырып нығайтыңдар!» деген деректив барғасын марттың аяғында: «Бұдан былай колхозға мүше алынбасын, кіргендер шығарылмасын!» деп райком  «басшылықты» беріп кеп қалған.  Колхозды қамап қойған. 4 мартта райком бір жасырын хатында (әшкерелегенімізді ғапу етіңіз) «Колхозға кіргендердің барлық малдары, күштері 100 % ортақтастырылсын, сонда колхоз жұмысы тез аяққа басады…»- деп ұялмай соққан.

Ауатком ауданды осылайша бүлдіріп, «жоспарды» артығымен орындайды ғой. Үй мүлкі тұқым үшін сатылып, қойларды 15 қадақ астыққа сатып, малсыз; мүліксіз қалған кедейлер, өкілдер темір істікпен жүргенде, тас қораға қамалған шаруалар шұбырып кетті, аяғында ашыға бастады. Шұбырып ауданға келіп, тамақ тілеп, ыңырсиды». («Сыр бойы» газеті, 1930, 7 сәуір) Ж. Тілепбергенов бұл мақаласында көп сұмдықтың бетін ашады. Қолдан жасалған аштықтың нақты  себебін ашып көрсетеді. «Тереңөзек ауданы осылай адасып, асыра сілтеп, партия жолын бұрмалап, елді бүлдіріп жатыр» («Сыр бойы» газеті, 1930, 7 сәуір) деп жар салады. Ал бұл тек қана Тереңөзек ауданы ғана емес, асыра сілтеу кеңестік басқару жүйесі әкелген кесел,халықты қасіретке душар еткен сорақылық еді.

Жиенғалидың бұл мақаласы арқылы «Таңбалылар» повесіндегі оқиғалар нақты өмірлік шындықтан алынғандығына көз жеткіземіз. Жазушы өмірдегі шындықты көркемдік шындыққа ұластырады. «Таңбалылар»- Жиенғали Тілепбергеновтің 1930 жылы «Қазақстан» баспасы жеке кітап етіп басып шығарған повесі. Бұл шығармаөзінің көркемдік құндылығы жағынан Жиенғалидың творчесвтосының шыңы болып табылады. Бұдан кейін 1940 жылы Д. Әбілев пен Ж. Саин құрастырған орта мектепке арналған «Қазақ Совет әдебиеті» оқулық-хрестоматиясына еніп, бағдарлама бойынша мектепте оқытылады. 1996 жылы «Ақтөбе» газетінің №25, 27, 30 сандарында повестен үзінділер жарияланып, жерлестері жазушы туындысымен алғаш рет танысты. Содан кейінгі «Таңбалылардың» баспадан көрінуі «Жалын» журналының 1996 жылғы 9-10 сандарында болды. Толыққа жақын нұсқасы «Жалын» журналы арқылы республика оқырмандарымен тұңғыш жүздесті. 1969 жылы Т. Кәкішев  құрастырған Жиенғали Тілепбергеновтың «Ізбасар» атты жинағына белгісіз себептермен «Таңбалылар» енбей қалған болатын.

Танымал әріппен тұңғыш рет толық нұсқасы 1997 жылы Ақтөбеде жарық көрген Жиенғали Тілепбергеновтің «Таңбалылар» атты жинағына енгізіліп, 67 жыл араға салып, халық қолына тиді.

Заманында тиісті бағасын алған бұл повесть — Жиенғали творчесвтосының шыңы, жазушы қаламының қайратын көрсете алған туынды. Профессор Б. Кенжебаев: «Таңбалылардың» тақырыбы қазақ ауылын колхоздастыру мәселесі, соған байланысты бұл повесте де қазақ шаруаларының бұрынғы, бүгінгі тұрмысы, болашағы толық, жарасты көрсетілген. Социалистік реализм әдісі қазақ прозасында 1920-1925 жылдары Сәкен мен Бейімбеттің, Ысмағұл мен Жиенғалидың, Елжас пен тағы басқалардың бірді-екілі әңгімелері, повестерінде қолданыла бастады. Бұл елеулі өскендік еді», ( Кенжебаев Б. 20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті; Алматы: ҚМҚӘБ, 1964, 64-66 беттер) - десе, қазақ повесінің қалыптасу кезеңін зерттеуші ғалым Ә. Әзиев «Қазақ повесі» атты еңбегінде: «Осы жылдар өресінен қарасақ, Жиенғали Тілепбергеновтың прозалық еңбегі зая кетпегенін көреміз. Оның колхоздасу мәселесін қозғаған «Таңбалылар» повесі – бұған толық айғақ. Повесть шұғыл оқиғалы тартысқа құрылғандықтан уақыт, қоршаған орта болмыстары, кейіпкерлердің  ішкі жан дүниесі  тәуір ашылған», (Әзиев Ә. Қазақ повесі-Алматы:Мектеп, 1989, 123 бет) – деп өз тарапынан  бағалап өтеді.

Өз заманында өзекті деп танылған жеке меншікті шаруашылықты ұжымдық шаруашылыққа  бірлестіру науқаны порвестегі оқиға желісіне негіз болған. Жазушының жаңа саясатты қолдап, оның баянды болуын насихаттағаны анық байқалады.

Уақыт тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеген бұл повесть – кейіпкерлер жан дүниесін терең ашатын, оқиғалы тартысқа құрылған көркем туынды.

«Таңбалылар» повесінің негізгі мазмұны ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың алғашқы кезеңінде болған асыра сілтеушілікті, заңды бұрмалаушылықты, ел ішінде кездескен келеңсіз оқиғаларды, әділетсіздікті, еңбек адамының шеккен зардабы, зорлыққа қарсы күресі, ақырында әділеттің жеңгенін суреттейді.

Қалман түрмеге қамалады. Артель ұйымдастыруға шыққан уәкіл Жазықпаев Тұяқбайдың көрсетуімен Қалманға көтере алмас жүк артады. Құрманбай сияқты ауқатты баймен бірдей салық салады. Қалманның өкіметтен аяйтын ештеңесі жоқ, бірақ жоқты жерден қаза алмаймын дегені себеп болып, тонын айналдырып киген Жазықпаев яки  бұрынғы бай баласы  Жақып Қалманды  суық қораға қамап, үстіне түнімен суық су құйып қинайды. Сөйтіп, түрмеге жөнелтеді. Жазықпаевқа не жазғанын қалманның өзі де білмейді. Кедейлерге зәбір көрсеткен Жазықпаевтың сыры ашылып, түрмеге жабылады. Қалман отырған камераға қамалады. Ұйықтап жатқан Жазықпаевтың шоқша сақалының астындағы таңбаны көріп, баяғы Тұяқбайдың ауыз жаласып жүрген «оқымысты» бай баласы Жақып екенін таниды. Қалман түрмеге түсу себебін енді түсініп, адал адамның, еңбек адамының түрмеге жабылуы осындай жасырынған жаудың кесірі екенін ұғады.

Повесті теориялық жағынан талдамас бұрын, «Таңбалылар» атауының мәнін ашуға ұмтылдық. Повестің «Таңбалылар» аталуында авторлық позицияны аңғартар үлкен сыр жатқандай көрінеді. Бас кейіпкер Қалманның басында Тұяқбай күрекпен ұрып салған таңба болса, повесть кейіпкерлерінің біразында денесінде зорлықшылар қалдырған таңба бар. Ал асыра сілтеуші өкілдердің жиынтық бейнесі  ретінде алынған Жақыптың иегінде бай баласы болып, шолжаң өскен өмірінің белгісі іспетті асау тайдың тұяғынан түскен таңба сақталған. Соққыға жығылып, өлім аузынан қалған «Қалманның басындағы таңба жалшылықта жүрген сор өмірін еске түсіріп, повестің өн бойында  тілге тиек етілген оқиғаны  шиеленістіруге қызмет етсе, Жақып иегіндегі таңба – үріп ішкен өткенін аңсататын, бүгінгі күнін ауырсындыратын өкініш белгісі шиеленіскен сюжет желісін шешуге қызмет етіп тұр. «Бұл сондағы байдың салған мәңгілік таңбасы. Басымдағы таңба  сүйегіммен кетсе, байға қарсылығым өміріммен кетеді», - дейді Қалман.

Повестің сюжеттік желісі күрделі де, тартымды. Композициялық құрылым үйлесімді қиыстырылған. 13 бөлімнен тұратын жазушының бұл туындысы - өзі өмір сүрген  кезеңінің анық айнасы, дәуір шындығын шынайы суреттеген көркем шығарма. Қазақ аулындағы теңсіздік, еңбек адамының сүреңсіз тұрмысы, «кедей», «бай» деп бөлінуді  таңып отырған саясаттың салқыны повестің өн бойынан сезіліп отырады. Екі «тап» арасындағы тартыс анау дегендей екі топқа  бөлініп айқасудан гөрі, «сол елдегі азуы алты қарыс Тұяқбай бай» мен осы ел ішіндегі «кірме қыпшақ деген аз рудан шыққан Қалманның» арасындағы жеке тартыс повестің өн бойында үзілмейтін желідей тартылған. Байқалатын бір ерекшелік автор өткен мен бүгінгі күн оқиғасын жиі шегіністерге  бара отырып, егіз өрбітіп отырады.

Оқиға бас кейіпкер Қалманның түрмеге қамалуынан басталады. Қазақ ұғымына жат түрмеге қамалу оқиғасын автордың кейіпкердің түрлі психологиялық арпалысы, ішкі монологтары арқылы нанымды суреттейді. Жалаң баяндауға бармай, кейіпкердің  жан сырын ашуға ұмтылады. «Қалман түрменің есігінен кіріп келе жатқанда мықтап қорықты, түрмені ол суық сарайдан да суық шығар, неше түрлі азаптың ұясы шығар деп санады. Түрмеге қамалғанда кешегі қамалған суық сарайды, оған кірерде өкілден жеген таяқты, Жұмат белсендінің түнімен төбесіне құйып тұрған суық суын – ол ойыншық есебінде ойлады. Бастап жабыларда, үйіне келіп милиция айдап кетерде, бұрын мұндайды көрмегендіктен қатын-баласының шулап жылағаны есіне түсті, өзі де жылағысы келді. Ауылған келген   өкіл сияқтанып, бірдеме десе, қасындағы қалалық милиция салып жіберетіндей, бас салып сабайтындай көрді. Сондықтан көзінен жас шығармасқа тырысты». Үстемдіктің зардабын шегіп, әбден басылып қалған адамның мінез-машығы оқырманның көз алдына елестеп кетеді.

Қалманның түрме есігін ашардағы үрейлі кейпі, ішкі алай-дүрей арпалысын суреттеу 20-жылдардағы балаң прозаның сапалық деңгейге көтерілу дәрежесін көрсетеді. Өйткені осы кезде жазылған әңгімелерде мазмұн маңыздылығына мән берілетін. 20-30 жылдары социалистік реализм әдісінің өріс алуына орай идеологиялық, таптық, тақырыптық т.б. мәселелер алдыңғы қатарға шығып кетті де, жеке адам проблемасы, оның жан жүйесіндегі, ішкі рухани әлеміндегі сезімдік құбылыстар назардан тыс қалып қойған еді. Ал «Таңбалылар» повесінде Ж. Тілепбергеновтың оқиға сырын ашуға   оған қатысушы  кейіпкердің жан дүниесін, психологиялық өзгерісін суреттеу арқылы ұмтылысын байқаймыз. М. Әуезовтің: «Орыс жазушыларында анық сүйенетінім – Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша, қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні жоқ… Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» (Жұлдыз журналы, 1991, №10), дегеніндей, шебтер де көркем проза адам психологиясының ішкі иірімдері, сана  сезімдегі  жанды қозғалыстарды  ашу арқылы ғана жасалмақ. Ж. Тілепрбергенов бұл повесінде адам жанын қойма ақтарғандай ашып көрсетпесе де, оқиға сырын кейіпкердің тебіренісі  арқылы ашуға  ұмтылып, психологиялық нанымдылықпен көрсетуге талпынуы төселген қаламгерлік деңгейін көрсетеді.

Психологизм – адам өмірін әдеби көркемдік тұрғыдан бейнелеудің ең тиімді тәсілі. Әдебиеттегі психологизм адам әлемін бейнелеудің бедерлі тәсілі ретінде түрлі қырынан қарастырылуда. Қазақ психологиялық прозасының алғашқы үлгілерін жасаушылар Б. Майлин («Күлпаш», «Әже», «Аштық құрбаны»), М. Әуезовтер болса («Қасеннің құбылыстары», «Қорғансыздың күні», «Жетім»), Ж. Тілепбергеновтың «Таңбалылар» повесі де адам жан дүниесінің психологиялық құбылысын көрсете алған туынды. Қалманды қорқақ, бұқпа етіп отырған – дәрменсіздік. Қолында билігі жоқ, қауқары аз адамды зорлықшылдың оп-оңай қорқытып алатынын автор: «… Бәрінен де қорықпаушы еді. Өзінің осы күнгі кім болса  содан қорыққанына, үріккеніне таң қалғысы келеді. Бірақ ондай таңданған жоқ. Кешегі көрген қорлық-зорлықтары әлі есінен шыққан жоқ. Сондықтан қорықпаса болмайды», - дейді. Ауылдан ұзап шығып көрмеген Қалманның қамалу себебі де жұмбақ. Тіпті неден жазықты болғанын өзі де түсінбейді. «неге түскенімді өзім де білмеймін, менің түк жазығым жоқ, мені бас салып жазықты қылып жүрген – Жазықбаев деген өкіл. Қалай жазықты қылып жүргенін де, оның мәнісін де білмеймін. Ол Жазықбаевтың қай Жазықбаев  екенін де білмеймін», - деп Қалманның өзі де аң-таң болды. Қалманның қамалу себебіне оқырман да жауап іздейді. Оқиғаның дамуына келесі бір соны сюжетті енгізуде автор орынды байланыс табады. Онысы – түрмедегі түкті сарының Қалманның шекесіндегі жарықтың қуысына қағаз қыстырып, оны жағуы. Қалманның басына түскен таңбаның тарихын тізбектеуге түкті сарының қылығы әсер етіп, жаңа сюжетті желі сабақталады. «Таңбалыларда» Жиенғали лирикалық шегіністерді де өте орынды қолданған. Әрбір лирикалық шегіністен кейін де логикалық байланыс үзілмей, оқиға әрі қарай өрби береді. III бөлімде Қалманның өткен өмірін әңгімелеуі лирикалық шегіністердің үздік үлгісі деуге болады. Қалманның басына түскен таңбаның тарихын оқырманға таныстыруда жоғарыдағы іс-әрекет өзіндік әсерін тигізіп, бұдан 10-15 жылғы оқиға тізбектеліп Қалманның көз алдынан көлбей өтіп жатады. Осы тұста жазушының суреткерлік шеберлігі көзге ұрып, қаламы жүрдектеле түседі. Қалманның Тұяқбай есігінде жүргені, оның талай қанды істерінің куәсі болғандығы, екеуінің арасы суып, ақыры ата дұшпандай араздасуы қызықты дәлелдермен, ширыққан оқиға, сәтті сюжеттер арқылы оқырманды баурап алады.

«Көш баратын жеріне жетпей қонды… Бай келіп:

-    Бұл жерге неге қондың?- деп ат үстінен ақырды.

Қаны қарайып отырған Қалман:

   - Мына соғымың жүре алмады, - деді.

Бұл «соғым» деген сөзді естіп байдың бойы мұздай болады. Өмірінше қатты сөзді қарсы айтып  көрмеген Қалманның тіке айтуы да отқа құйған тұздай болды. Бай оған ештеңе демеді. Сол жұртта жеті-сегіз күн жатып, қыршын Бибігүлдің жазықсыз жас жаны жай тауып, кіршіксіз денесі қомағай қара жердің қойнына кірді…»

Жаңа туған ботаны көтере алмай, жерге түсіріп алған тоқалын бастан салып кетіп, қансыратып өлімші етіп сабаған Тұяқбайдың таяғынан бейшара Бибігүл көз жұмды. Оның аянышты  өліміне Қалман куә болады. Осыдан бастап Қалман мен Тұяқбайдың арасы алыстайды. Бұндай кісімен дәмдес болып, одан жақсылық дәметуге Қалманның дәті жетпейді.      Повестегі мінездемелер, кейіпкер кескіндемесін ситуацияға сай бере білу, кейіпкерлер арасындағы тартыстың нанымдылығы – шығарма шырайын келтіріп тұрған детальдар. «Қалман кетпенді Тұяқбайға беріп, шыбықты қасына алып, інді шұқып, қайта басын көтере бергенде:

- Сен Қыпшақтан-ақ өлдім ғой! – деп Тұяқбай кетпенмен керіліп тұрып басқа  салып кетті. Кетпен 3-4 тигенде, Қалманның басы 3-4 жерден жарылып, есінен танып құлап кетті. Қалман жығылған соң:

-    Бәлем, құл, өз көріңді өзіңе қаздырдым ба? – деп, шақшасын кетпенге қағып, насыбайын атып, Тұяқбай демін бір алды. Сөйтті де өзі інге түсіп, қалманның басын үңгірте тығып, бір қолын ілгері, бір қолын кейін жіберіп, ұзынынан салды». Түлкіқазған қанды оқиғасы Тұяқбайдың Қалманда кеткен кегін әперген іс болды.

Повестің сюжеттік желісі күрделі де сан алуан. Композициясы үйлесімді қиыстырылады. Автор едәуір көлемді повесте талай сюжеттік тарауларды жүйелеп,  өрбітіп отырады. Шығарманың кей тұстарында бірыңғай сарынды баяндаулар кездескенімен, оқушысын жалықтырмайды. Кейінгі бір бөлімдерде Қалманның абақтылас көршісі, қашаннан түрме тұрғыны болып кеткен ақсақал Ақмырзаның өз басынан кешкен сан қилы тағдырын әңгімелеуі – жаңа бір соны сюжеттің желісін тартады. «Шалқар төңірегіндегі Шектіде Бердібек деген бай болады» деп басталатын, өз алдына жеке шығарма болуға оңтайлы, оқырманды еріксіз сүйрей жөнелетін оқиғалар тізбегі бас көтертпей, қызықтырып әкетеді. Әрбір халықтың болмысы, оның жер бетіндегі өмір-тіршілігі сөзбен таңбаланады. Халық тілегіндегі  осындай дәйекті де деректі атаулардың күрделі бір саласы – топонимдер, яғни жер-судың, туған-өскен атаулары. Суреткер туындысында өзі туып төскен өңір атаулары жиі кездесіп отырады. «Бір жылы Жем басынан өтіп әрі жайладық. Жемнің басы Мұғалжар тауындағы айрықтан, Жоғары Қызыладырдан шығады. Олардың басы Ақсу, Құласу, Миялы көлден шығады. Ор мен Елек Жайыққа құяды. Міне, осы үш саланың ұштасқан басы – нағыз жер шұрайы. Орқаш, Көкнұра, Бестау, Көктөбе, Қарағанды жыра, Тобылғылы Нұра дегендерің сол жерлерде болады». Тағы бір тұсында: «Мына Мұғаджар тауының ар жағында Жем деген қала бар, оның ар жағында Ойыл бар. Сол Ойылдың бойында, Қалмаққырған деген жерден шүрен деген ел бар». Тағы да сондай тұстарында Ақтөбе өңірінің ата қонысы, жер атаулары көзге оттай басылады. Халық ауыз әдебиетінің бір саласы батырлар жырының ішіндегі сонысы «Қобыланды батыр» жырында Тайбурыл тұлпардың шабысы:

   Қампай-құмпай қасынан,

   Жем,Темірдің басынан,

Қалбағайлы шөлдерден.

Тобылғылы Нұрадан.

Сексеуілді жырадан…

Жалғыз шауып жол шекті

-    деген жолдардан Қобыланды батырдың жауға шапқан сапары «Хан сайлаған Алатаудан, Би жайлаған Алатаудан басталып, Жем, Темірге келіп жеткендігін көреміз… Сол тәрізді XV ғасырда өмір сүрген, халқы үшін қайғырып, қан жылаулы күн кешкен жырау, ұзаншы, қазақ әдебиеті тарихының бастауында тұрған Асанқайғының Жәнібекке айтқан толғауындағы:

Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған

                      Оймауыттай тоғай егіннің

                      Ойына келген асын жейтұғын,

                      Жемде кеңес қылмадың,

                      Жемнен де елді көшірдің!

                      Ойыл деген  ойынды

                      Отын тапсаң тойынды

                      Ойыл көздің жасы еді

                      Ойылда кеңес қылмадың,

                      Ойылдан елді көшірдің! Жыр желісіне арқау болып тұрған жер-су атаулары Ақтөбе жерінде осы күнге дейін сақталып отыр. Жемді Ембі, Эмба деген орыс отаршыларының ішінара өзгерткені болмаса, ата-бабаның өсиет қылған қасиетті атаулары кейінгіге де мирас болмақ. Оның өшпес, өлмес сақтаушысы «Таңбалылар» сынды туындылар ғой. Повестегі тағы бір сәтті шыққан лирикалық шегініс – Қалманның әйелі Мағрипаның баснына кешкен талайлы тағдыры мен екеуінің бас қосу баяны. X бөлімде түрмедегі Қалманмен жолығуға келген Мағрипаны оқырманға таныстыру үшін автор кейіпкердің өткен өмір белестерін ерекше тартымды етіп өрбітеді. «Қалман жақындап келе жатқанда, қызарып түсін бұзып, біресе Қалманға қарап, одан көзін алмастан қарап тұруға жүзі шыдамай емес-ау, көңілі шыдамай, сондықтан біресе төмен қарап, аяғының ұшымен жерді шұқып қарағанда, көзінің жанарына жас толып, домалап ағып кетуге  ауыздан жалғыз сөздің шығуын күтіп іркіліп тұрды. Сырттан қараған кісіге ұялып тұрған сияқты, яки дөң астында, сай ішінде сүйгенін күтіп тұрған сұлудай еді. Қалман  келіншегінің осы кейпін  танып, барғанда, жолыққанда бірден сөзді неден бастауға да білмей келе жатты. Қанша шыдамды, сабырлы көрінгісі келсе де өзінің жүрегінде ыстық қан пайда болып, ол бетіне сезіліп тұла бойын шымырлатып, балқытып бара жатыр еді. Аяқтың басуынан жүректің  толқуы, қанның тасуы, әлденеше ойдың қабаттасып жүгіруі асып-тасып келе жатыр еді» – деген  жолдар Абай өлеңінің:

                      Егер де қолың тисе білегіне,

                      Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.

                      Бетіңді таяп барсаң тамағына,

                      Шымырлап бу енеді сүйегіңе,

- деп келетін ғашықтар жан тебіренісінің прозадағы көрінісіндей әсерлі. Бірін-бірі ұзақ көрмеген адал жардың ішкі сезімін, алай-дүлей жан арпалысын, кейіпкер психологиясын оқырманға айқын сездірердей шеберлікпен суреттеген. Повестің соңғы тарауында Қалманның түрмеде Жақыппен кездесуі оқиғаны шарықтау шегіне жеткізсе, Жақыптың Жазықбаев болып, жаңа өкіметке «қалтқысыз» қызмет етіп жүргені, Қалманның түрмеге жабылу себебі нақты дәлелдер арқылы нанымды шешімін табады. Соңғы тарауда жазықсыз түрмеге түскен Қалман ақталып, елге оралып, жаңа тұрмыс тіршілігіне белсене аралауының куәгері боламыз.

Сан салалы сюжетті шебер байланыстырып, қиыннан қиыстыра қиюын тауып бір-біріне жымдастыра өріп, заман тынысын тамыршыдай тап басу — қаламы  шираған жазушының қолынан келер іс. Сан рет шегініске бара отырып, ойына алған межеге жетуі жазушының суреткерлік талантын, шығарма құрылысын қиыстыруға ұсталығын байқатады.

Енді повестегі кейіпкерлер әлеміне келер болсақ, мұндағы бас кейіпкер, негізгі тұлға – Қалман. «Әр жазушының творчестволық лабораториясын зерттеген адам, оның өмір шындығын көркем жинақтау, яғни әдеби бейнелеуді типтендіру әрекеті, көбіне әр типке прототип табудан басталғанын байқар едік. (Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы:Мектеп, 1976, 102 бет) Ж. Тілепбергенов шығармаларынан Қалман образын жасауға жазушының қаншалықты нобай, этюдтер жасағанын байқау қиын емес. Жиенғалидың 1926-30 жылдар арасында жазған әңгімелері мен суреттемелерінен Қалман образы жиі кездесіп отырады.  Жерлестерінің айтуы бойынша, Жиенғалидың нағашы жұртында Қалман есімді кісі болған көрінеді.

Көркем сөздің шебері, қазақ кеңес әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлин әр жылы жазған шағын сюжетті миниатюралармен Мырқымбай образын жасаған болатын. Оның бұл тәсілінен көп жазушылар үлгі-өнеге алғанды. 20 жылдары Сәбит Шоқпыттың, Асқар Қойбағарды өз шығармаларының негізгі кейіпкері етпек болған. Осыны проза саласында Жиенғали Қалманның өсу, әр ортада көріну, етілу жолдарымен толықтырмақ болған. Ж. Тілепбергенов шығармалары кейіпкерлерінің дені қарапайым еңбек адамы десек, сол бейне бірте-бірте нақтыланып, дараланып сипатталады. Автордың осындай ажыраспас кейіпкері, бірде ұнамды, бірде ұнамсыз кейіпте ұшырасып отыратын Қалман образы «Таңбалыларда» әр түрлі қырынан танылады.

Әдебиетте көркем бейне жасаудың әр алуан жолдары бар. Образ – адам өмірінің көрінісі, образ өмірден алынады. Адамдар әрекетінің жиынтығынан құралып, қаламгердің ой-қиялымен астасып жатады. Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті».(Тимофеев Л.М. Әдебиет теориясының негіздері, - Москва: 1966, 66-бет).

Қалман – «Таңбалыларда» салқын қанды ұстамдылығымен, сөзге ұсталығымен, ақ ниет адалдығымен, кейбір сәтте ақ көкірек аңқаулығымен оқырманның көңілінен шыққан таза қазақы бейне Қалман бейнесін «Қалман – жынды, Қалман-қу», «Есбикенің егіні», «Шайдың кесірі», «Қымбат – арзанға қарамады», «Мені де жаз… Мені де жаз» сынды шағын прозалық әңгімелерінде, «Перизат – Рамазан», «Ораза» пьесаларына өзек етіп, Мырқымбайдың інісіне айналдырған жазушы Қалманды бірде – қу, бірде – жынды, бірде – қой аузынан шөп алмайтын момын, бірде – ағаштан түйін түйген шебер, бірде – жақынға жанашыр етіп суреттейді. Қалман бейнесінде жаңашылдық, ұлттық характерге тән оңды сипаттар мол. Асылы, әдеби бейне бойынан сол елдің рухы, жаны, лебі есіп тұруы – заңды құбылыс. Әдебиет зерттеушісі Р. Нұрғалиев: «Образға бірінішт тән қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу», (Нұрғалиев Р. Телағыс. – Алматы: Жазушы, 1986, 36-бет) - дейді. Қалман бейнесін сомдауда Ж. Тілепбергенов осы талап деңгейінен көрінген. Сөйтіп, әдеби кейіпкерлер галереясына Жиенғали Қалман есімді кейіпкерді кіргізіп кетті. «Таңбалыларда» автор өзінің сүйікті кейіпкерін: «Қалман: туғаннан-ақ жұмысқа қайым шоқпақ қара болып, омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей болып туыд. Осы елдің ішіндегі кірме қыпшақ деген аз рудан еді. Оның үстіне әке-шешесі өліп, бала жігіт күйінде жалғыз қалды», - деп таныстырады. Тұяқбай өтірікке куә болуды сұрағанда, «ақ ниет, адал жүрек Қалманның қайырымы оған келмейді, намысы оған сенбеді, айтқанынан көнбеді, нақақ антты бермеді, алдағанға ермеді»,- дейді. Қалман басына қатер бұлтын шақырған да оның ақ ниет адалдығы еді. Қалман әрі шебер әңгімеші еді. Осы қасиетінің арқасында түрмеде күннен-күнге қадірі артады. «Қалман әңгіменің майын тамызып, бабын келтіріп айта біледі. Өмірдің ащысы мен тұщысын, тұщысы емес-ау ащысын көбірек тартқан, тұрмыс талқысына көп түсіп, соққысын талай жеген. Қойшы бола жүріп, қойшы мен қасқырдың айтысқанын, жетім қалған лақ пен өзінің айтысқанын біледі, жылқышы болып жүріп, жылқышы мен құрықтың айтысқанын, бай мен жылқышының айтысқанын біледі, алты тазшаның алпыс ертегісін, жеті кемпірдің жетпіс ертегісін, қалашының қырық ертегісін біледі». Әңгімесін тамсандыра бажайлай баяндайды, өз басынан өткендерін жыр ғып айтады. Еңбекпен көзі шыққан, тұрмыс тауқыметін тартып, «төбеден түскен төрт сүйекті орап алып» әділет іздеген Қалманға оқырманның іш тартып, сүйсінетін тұстары аз емес.«Жазушының өмірдегі ұсақ—түйек, кездейсоқ жайлардан аулақ, биік талғамы арқылы жинақтау және даралау әрекетіне әдеби бейне туады. Әдеби бейненің өмірдегі модельдерін өзгерте, құбылта, құлпырта келгенде, суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс бітіміндегі бір адамның емес, бір алуан адамның сыр-сипаты жатады. Сонда бұл белгілі бір әлеуметтік ортадағы бір топ адамның өкілі ретінде танылады». (Қабдолов З. Сөз өнерінің зергері. – Алматы: Мектеп, 1976, 108 бет) Жиенғали еңбек адамының сор тұрмысын, көрген азабын Қалманның басына жинақтайды.

«Еңбекпен шыныққан еңбекшінің жаны сіріден де берік келеді» деп автор айтқандай, Қалман талай қорлық пен азапты арқалай жүріп дегеніне жетеді. Ор қазған арамзалар торға өздері түседі. Автор «Таңбалылар» повесінде бас кейіпкер Қалманды намысты  қолдан бермейтін өжет, жаңа өмірдің жасаушысы дәрежесіне жеткізген.

Тұяқбай, Жақып.  Омар сынды ұнамсыздар бейнесін жасауда авторлық суреттеулер мен жанама мінездеулер, прортрет берудегі қаламгерлік ерекше байқалады. «Аждаһадай ақырған Омардың даусы күйектей қалың сақалы, таңырайған түлкен танауы, көнектей қырық қыртыс беті, түксиген жар қабағы, талтаңдаған аяғы, қолындағы қайың таяғы, күбі шелектей семіз қарны, оның барлық суық, ызғарлы денесі көз алдына келіп, төніп тұрғандай, албастыдай басып, езейін деп тұрғандай. Күйек сақалымен тұншықтырайын деп, қайың таяқ басында ойнайын деп, қолаң қара шашын жұлайын деп тұрғандай, залым тырнағы бүрейін деп тұрғандай борлып сезіледі». Автор суреттеуінде Омар бейнесі екі аяқтының құбыжығы, жан алғыш әзірейілдей елес берері сөзсіз. Тұяқбай түйе баласы үшін тоқалы Бибігүлді соққыға жығып өлтіреді. Қалманды алдап апарып, Түлкіқазғанда кетпенмен қан жоса қылуы, Қалманның тірі қалғанын көріп, шімірікпестен оған жала жабуы, Жақып арқылы Қалманның көзін жоймақ болған жауыздығын суреттеуі – Тұяқбай бейнесін сомдаудағы таптырмас детальдар. Сол сияқты Бердібек байдың бейнесі де біршама сомдалған. Ол айтқанын күшпен де, іспен де, арамдық еппен де істейтін» ұнамсыз кейіпкер. Қолына өзі сойыл ұстап, ұрлыққа бармаса да, даланы ен жайлаған шұрқыраған жылқы жиып, Ақмырза сынды қол қайраты мол жігіттер арқылы «барымта» дегенді бетке ұстап, берсе қолынан, бермесе жолынан мал жиған айласы мен арамдығы қос қыртыс кейіпкер.

Повесте біршама тартымды суреттелген әйелдер бейнесі де бар. Мағрипа - әйелдер бейнесін жасаудағы суреткер ұсталығын танытатын бірден-бір әйел. «Бидай өңді, шолақтау кішкене мұрынды, өткір мөлдір көзді, көзі оттай жанып, анау-мынау сабырсыз еркекті арбап, басын айналдырып әкететін еді», - тәрізді. Мағрипаның сұлулығын дүркін-дүркін суреттей отырып, оқырман талғамынан шығатын, Қалмандай кейіпкерге лайық жар дейтіндей бейне етіп шығарған. Повесте Бердібек байдың үкідей үш қызын, соның ішінде Ұмсындық қыздың сұлулығын автор: «Ұмсындық керім кербез еді. Сұлулығынан, оның кербездігі тазалығы, сөзге ұсталығы, әзілге шеберлігі артық еді. «Мен жігітпін» дегендердің Ұмсындықтан үміт етіп, қолынан бір шай ішпегені заманында кем болған шығар».

Повестің көркемдігі, әрине, жазушының шеберлігіне тікелей байланысты. Олай болса, повесте қым-қуат оқиғалар жалаң өрілмейді. Оңды көріністермен, оқырман жанын жаулап алар этнографиялық суреттерімен қосы  өрнек тапқан. Туған жердің келбеті, саф ауасы тұнық таза қалпымен көз алдымызда көлбеп жатқан көрінісі кім-кімді де бей-жакй қалдырмас.

«Заманында жайлауға көшудің өзі бір қызық нәрсе еі. Оның қасында айт пен тойың қызық емес. Бір жылы Жем басынан әрі өтіп жайладық. Жемнің басы Мұғалжар тауындағы Айрықтан жоғары Қызыл Адырдан шығады, аяғы Құрдым құяды. Міне, осы үш саланың ұштасқан басы – нағыз жер шұрайы – қанша ел жайласа да қайыспайтын кең жайлау. Ойылып жатқан бұлақ, кілемдей төселіп жатқан бетеге мен бөз, көкорай шалғын. Жатқан құлынның жамбасы жерге тимейді. Көптен мал баққан елге ондай жайлы қонысты көргеніміз жоқ»,- деген тұстарда өскен өңірдің көрікті көрінісі жазушы қаламына жел беріп, қиялына қанат бітіргендей болады.

Қазақ халқының ұлттық өнері, күй құдіреті суреттелер тұс аса тартымды. «Жәңгір онша ажарлы жігіт емес. Азырақ ән салады. Ал енді домбырамен күй тартқанда құйқылжытып жібереді. «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Нар идірген», «Ақша ханның керілмесі», «Балбырауын», «Ақжелеңнің 62 күйі», тағы басқа сондай атақты ескі күйлерді тартқанда есіңнен танасың. Домбыраға өзгеше жан бітеді, тіл бітіп сөйлейді». Осы үзінділер арқылы қазақ ауылының рухани өмірінің куәсі боламыз.

Бердібек аулының көші-қон салтанаты, халықтық-тұрмыстық суреттерді қызықты бейнелеу-автордың жеткен тамаша жетістігі. «Ауыл жапа-тармағай көшіп жатыр, уық-керегелерін сарт-сұрт еткізіп біреулер жүгін артып жатыр, біреулер артып болып тартуын тартып жатыр. Біреулер түйелерін тұрғызып, ауғанын басып, бұраумен бұрап жатыр. Біреулер шаңырақты түйесі бақырып-шақырып, азан-қазан жұрттан қалмау үшін асығып әбігер болып жатыр» сөздерінің жиі қайталануы абыр-сабыр болып, әбігерленіп көшіп-қонып жатқан ауылдың қозғалыс динамикасын көзге елестеткендей. Бір қызығы – шаңырақты түйесі ауып қалған көшпелінің әбігері Жеинғали үшін ең сүйкімді көрініс тәрізді. Себебі, «Садақ» қолжазбасының 1915 жылғы 3-санында жарияланған «Жазғы көш қазақтың көшпелі салты суреттелген және осы көш көріністері жол-жөнекей қыз-жігіттердің шырқата салған әнімен, ат жарыс, көкпар ойындарын, «Мүше, мүше!» - деп шаба жөнелген торшолақ мінген бала бейнесін қоса қайталап беріп отырады.

Адам мен табиғат егіз. Повесте автор суреттеуіндегі психологиялық егіздеуде автордың қаламгерлік шеберлігі ерекше танылады. «Тап сол кезде күн ұясына жақындап, көзінің нұры қашып, төңіректі күңгірт бұлт басты, теріскейден ызғарлы жел соғып, жел бұтаның басын ызыңдатты. Бейне бір табиғат қара салынған қатынның, қайғылы жүректің қасіретті күйін тартты. Бейне бір ызғарлы жел аят оқып үшкіріп, суық қолымен шымшып алып, Қалманның үстіне топырақ  салады», - деген үзіндіден болғалы тұрған қанды оқиғаны табиғаттың алдын-ала сезіп, қасіреттің хабаршысындай кешқұрым мезгілде жауыздықтан шошынып, бетін басып, күн ұясына тығылғандай. Мұндай суреттер повестің өн бойында жиі ұшырасады. Тағы бір ауыз толтыра айтар ерекшелік – кейіпкерлер  бейнесін мүсіндеуде ұлттық мінез, қазақы байымдау бар. Автордың сөз қолданысы, әңгімелесу әдісі де таза халықтық тұрғыдан көрінеді. Кейіпкерлер тілі қарапайым, табиғи іс-әрекеттеріне сай келеді.

-    Бөтен сөз жоқ…

-    Бөтен ештеме айтпайды.

-    Бөтен әңгіме айтпайды, - деп алып, ел шінің әңгімесінен өсек өтірігін теріп, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтатын Орынбай тілі өзінің табиғатынан лайық-ақ. Автордың кейбір баяндаулары эпостық жыр өрнектерімен үндес келіп, фольклор үлгісінде көрінеді. «Тұяқбай деген бай болды, не тілесе соны істеп, көңілі оның жай болды… Күндерден күн өтті, жылдардан жыл өтті. Қалманның оған жүргеніне он жыл өтті». Повесть тілі үнемі леңдей өріліп, жазушының ырғақты прозасы қара сөзге сыймай, екпіндеп кететін тұстары да бар. Мысалы: «Ол жылғы патша жарлығы – елге ылаң болды, ел арасы бұлан-талан болды. Ел мал қамын ойламады, бас қамын ойлады. Шаруашылық адыра қалды. Қора-қора мал қырда бағусыз қалды. Қарақалпақ Әлмен ұлы дегеннің 70 қойы желдеп кетті. Желдей-желдей 90-ға жетті. Тоқсан қой тобымен келіп, Тұяқбайға тап болды. Тұяқбай оған шат болды. Тұяқбайдың окопқа баратын баласы жоқ, Қызылқұмын жайлай береді. Тұяқбайдың түпсіз бұзық екенін көрсе де, Қалман амалы жоқ, бай шаруасын үндеместен  үндеместен жайлай береді».  Повест халық тілінің айшықты өрнегіне аса бай, мейлінше шұрайлы.Бердібек байдың салтанатын автор былайша суреттейді: «Ақтылы қой, алалы жылқы дегенің төс айыр, бір туған, шал құйрық, аруана-қомы астаудай түйе дегендерің сонда болды. Сегіз қанат ақ үй, бес қанат ас үйінің іші  бау-басқұр, кілем-көрпе, крестеп жиналған жүк. Өңкей сырлаған сандық, оюлаған кебеже, сүйектелген керует, саба аяқ, сықырлауық, ең аяғы піскегінің басына дейін, шөмішінің сабына дейін оюлап, сырлап тастаған. Күмістен ер-тұрман, шашақты шақша, үкілі домбыра – о да содан табылатын еді. Осы үзіндіден қазақ үйінің халықтық көрінісі, тұрмысы, ұстап-тұтқан қазақы шаруашылық заттары, төрт түлігі, үй ішілік сән-салтанаты әсем көррінісімен көзге елестейді. Қазақ баласы үшін осыдан  асқан дүние-мүлік болмаған. Ал шығарманың көркемдік сапасына келсек, Жиенғали суреттеулері едәуір көңіл аударады. Повесте адам характерін, өмір болмыстарын жеткізе елесететін сәттер көп». «… Көргенде қорлықты алдымен өзімнің құлымнан көрдім. Өзіңмен тең кісімен шайқасып, жығылсаң да, жықсаң да айыбы бар ма? Бәрінен де мені қартайтқан осы Қалман деген құл  болды», - деген Тұяқбайдың мұңы үстемдігін асырып келген жуанның жығылғанын мойындағысы келмейтін психологиясын жазушы жатық тілмен жеткізе білген. «Болашақ шығармасына шындық кіргізіп, мазмұндық өң беретін сол ақиқат пен өткір тартыс табылса ғана жазушы шабытына мінеді. Тереңдікті еркін сезінген қиналыстан кейін, шырайы кірген үлкен, күрделі көркемдік туады». (Әзиев Ә. Қазақ повесі-Алматы: Мектеп, 1989, 125-бет) Ж. Тілепбергенов өзінің «Таңбалылар» повесінде осы деңгейден  шыққан, тақырып пен мазмұн, тартыс тудыра алған көркемдікті сезінеміз «Таңбалылар» повесінің жеткен жетістіктерімен қатар кемшін түскен тұстарын да айтып кету керек.  Бұл туралы профессор Т. Кәкішев те повестің солғын тұстарын біршама ашып көрсеткен. «Автор сюжет желісін тартарда әңгіменің композициялық құрылысын берік етуге мән бермеген. Біріне-бірі тең, әрқайсысы әрбір әңгіме түгіл, повестің мазмұны боларлықтай екі тақырып «Таңбалыларда» қатар өрбіп отырады. Әңгіменің негізгі тақырыбы колхоз құрылысына арналған соң, екінші тақырыпта – совет түрмесінің тәрбие мектебі екендігін негізгі эпизодтарға байланысты ашу керек  еді. Алайда, автор олай етпей қатар жүргізіп отырғандықтан әңгіменің композициясы босаң болып шыққан.

Сонсын, «Таңбалыларда» жеңіске жету жолдарын мейлінше ұқыптылықпен шиеленістіре суреттеп, жаңаның ескіні жеңуінің қиын өткелдер арқылы өтетіндігін көрсете білген. Жиенғали нақ үстемдік алатын, жеңіске жететін кезеңді солғын көрсетіп, финалды босаңсытып жіберген. Бұл арада шығармадағы тартысты онан әрі өрбіте түспей, жаңаның жолындағы кедергілерді күшейте түспей, оңай жеңіске жеткізіп, схематизмге ұрынған», (Социалистік жол, 1959, 21 сәуір) - дейді зерттеуші. Әйтсе де «Таңбалылар» туған тұста ұжымдық шаруашылықтың жолға қойылып, тұрақтана қоймаған кезі болғандықтан, жазушы Бейімбеттей колхоз тұрмысының сән-салтанатын терең ашып, көрсете алмаған. Қазаққа жат түрме тұрмысы да — Жиенғали тәрбие мектебі етіп көрсетпек болғанымен, аса нанымды шықпаған.  

Шығарманың кей тұстарында бірыңғай сарынды баяндауларға ұрынған. Түрме тұрғындары, оның тыныс-тіршілігі суреттелер тұста іш пыстырарлық жалаң баяндауларға  орын берілген. Сол сияқты сот процесінің сағыздай созылып шұбалаңқы баяндалуы да – олқы түскен тұс. Повесте өмір бойы ұрлықты кәсіп еткен Ақмырзаның әңгімесі қаншалықты шебер  суреттелгенімен шығарманың сюжеттік арқауына жанаспай, оқшауланып тұр.  Рас, бүгінгі талғампаз, білімді ұрпақ үшін Ж. Тілепбергенов шығармаларының кенжелігі көзге ұрары сөзсіз. Әйтсе де  төл әдебиетіміздің  марқаю тұстарындағы бір сатысы болған 20-30 жылдардағы әдеби  мұралардың құндылығы да сол дәуір шындығын шынайы суреттеуінде ғой. «Аша тұяқ қалмасын» сынды асыра сілтеудің анықтығын қайталанбас шынайылығымен растайтын осындай асыл қазынаға айналған әдеби мұраларымыз емес пе?

Профессор Т. Кәкішев «Әдебиетке келгендердің бәрі бірдей генерал бола бермейді. Ол жасақтың офицерлері, сержанттары да, қарапайым солдаттары да болады. Әрқайсысының сіңірген еңбегіне қарай әдебиет тарихы бетінен елеп-екшеп орын береді. Солардың ішінде Ж. Тілепрбергеновтің әсем орны, биік сөресі бар», (Ақтөбе газеті, 1995, 2-қараша) - деп Жиенғали творчествосында орынды баға береді.

Сонымен, заманында тиісті бағасын алған, көп жылдар бойы мектеп бағларламасы бойынша оқулық-хрестоматияларға еніп, мектептерде оқытылған бұл повесть — Жиенғали туындыларының өркештісі. Повестің көркемдік қасиеттері негізінен шығарманың ұлттық ерекшелігінде. Ұлттық өрнегі жібектей есілген өңкей ұлттық нақыш, қазақы бояулар — оның шынайы халықтық шығарма екеніне көз жеткізеді.