«ЕДІГЕ» ЭПОСЫНДАҒЫ ТОҚТАМЫС ХАН БЕЙНЕСІ

 

Жұбаназар Асанов

филология ғылымдарының докторы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

          

 

Эпостағы Тоқтамыс бейнесі тым астарлы. Мұның бір себебі «Едігені» шығарған, жетілдірген адамдар жыраулар екендігінде. Ал жыраулар поэзиясының бір ерекшелігі – оның астарлы болып келуінде. Шығармадағы Едіге бейнесін де, тарихи Едігені де Тоқтамыстан, Ақсақ Темірден бөліп алып қарауға болмайды. Едіге образын жеке тексеру ойдағыдай нәтиже бермейді. Эпос кейіпкерлерінің бірі дүниені тітіреткен, үкімі зор Жошы негізін салған, бүкіл Еуразия кеңістігін алып жатқан алып та қуатты империя Алтын Орданың азулы хандарының бірі Тоқтамыс болуы – көркем шығарманың құнды, бағалы жағы. Қазіргі әр түрлі халықтар арасында кең тарауының негізгі себептерінің бірі де – осы. Сондықтан Едігені айтқан соң Тоқтамысты қатар алып жүруге тура келеді. Әлем тарихынан ойып орын алатын бұл аса ірі тұлғалардың тарихи бейнелерінің қалтарыс-бүкпесін ашып, жан-жақты зерттеу – тарихшылардың еншісіндегі нәрсе, біз эпосқа қатысты тұстарына ғана назар аударуға тырысамыз. Себебі, соңғы екі тұлғаны танымай тұрып, Едігенің кім екенін білу мүмкін емес. 

Қазақтың «Едіге», «Едіге батыр» эпосын өзге түркілер кейде басқаша атайды. Белгілі ғалымдар да осы жолды ұстанған. П.М. Мелиоранский оны «Сказание об Едиге и Токтамыше» десе, Алексей Белослюдов жариялаған нұсқа «Едиге би и Токтамыш» деп аталады. Ал Дағыстаннан шыққан оқымысты Мұхаммед Османовтың «Ноғай уә Құмық шиғырлары» (СПб, 1883) жинағындағы бұл эпостың нұсқасы «Тоқтамыс ханның хикаяты»  аталады.  Профессор И. Березин өзінің «Турецкая хрестоматиясында» мұны «Рассказ о Тохтамыше» дейді. Көріп отырғанымыздай, «Едіге батыр» жыры деп жүрген жырымыз кейде «Тоқтамыс» жыры атанып кетеді екен. Түркі жұрты шегінен асып, дүние жүзі фольклорының алтын қорына кірген атақты шығарманың басты екі кейіпкерінің бірі – Тоқтамыс бейнесін зерттеу әрі қызықты, әрі зәру мәселе екені сөзсіз. Кеңес үкіметі тұсында Тоқтамыс образы «жағымсыз образға» жатқызылып, үнемі қараланып келді. Мұның тарихи себептері бар. Туындының ұлттық версияларында тарихи оқиғалар сәулеленетіндіктен, яғни Тоқтамыс туралы жырдың генезисінде нақтылы тарихи оқиғалар жатқандықтан, Тоқтамыстың көркем бейнесі мен тарихи бейнесін салыстыра зерттемей, жыр табиғаты түсініксіз күйде қала бермек.

«Қазақ Совет Эциклопедиясында» Тоқтамыс хақында: «Тоқтамыс таққа отырысымен Ордадағы Шыңғыс хан тұқымының тақ үшін 25 жылға қырқысуларын жойды. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Хажы Черкестің, Астрахань игіліктері мен Мамай Ордаларының басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды» делінген [1, 86-б.].

Жырдың татар версиясында Тоқтамыс хан туралы:

Борын үткән заманда

Болгар белән Сарайда,

Жаек белән Иделдә,

Алтын Урда, Ак Урда –

Данлы кыпчак жирендә,

Татардан туган Нугай илендә

Туктамыш дигән хан булды;

Ил булганга – ил булды,

Яу булганга – яу булды.

Биләгәне кол булды,

Әйдәгәне мал булды.

Сарай дигән каласы,

Сиксән күчә арасы,

Сары мәрмәр Алтын Таш

Сигез йортка дан булды, – деп таңбаланған [2, Б.11-12].

Шынында да, Тоқтамыс Алтын Орданың босай бастаған іргесін қайта бекіткен айбынды хандарының бірі еді. Соған қарамастан ноғай, қазақ, қарақалпақ, татар ғалымдарының еңбектерінің Тоқтамысқа қатысты тұстарында қараланады. Ал «Едіге» эпосына «Ақымақ хан мен ақылды уәзір» туралы шығарма деген пікірлер айтылды. Мысалы, осы замандағы белгілі татар оқымыстысы, профессор Ф. Урманче «Халық эпосы – Едіге» атты  монографиясында: «... Что с этого времени Токтамыш начинает свой многочисленные войны против полководца, который сделал немало для того, что бы посадить Токтамыша на золотоордынский трон – против Тимура», – деп кінәлайды [3, 145-б.].

Муин-ад-дин Натанзидің «Ескендір анонимі» деп аталатын еңбегінде Тоқтамыс ханның шығу тегі былайша сипатталған: Шыңғыс ханнан Жошы, одан Сасы Бұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, одан Тайқожа,  одан Тоқтамыс [4, Б.129-130]. Ал Қадырғали би Қосымұлының шежіресіндегі «Тоқтамыс хан дастаны» бөлімінде: «Бұ Тоқтамыс хан Еділ бойында өтті. Тайқожа ұланның ұлы  еді.  Оның  хикаялары  әр түрлі (сипатта)  мәлім  және  белгілі » дейді [5, 252-б.]. Осы деректерден анықтайтынымыз, Тоқтамыс – Жошы ханның ұрпағы, әкесінің аты  – Тайқожа.

Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыс-наме» атты еңбегінде былай дейді: «Бұл Орыс хан да ұлы патша болды, бүкіл Түркістан уәлаяттарына билік жүргізді. Тоқтамыс хан мен Темір-Құтылы ханға ол кезде хандық тимеді. Бұлар аталмыш ханның қызметінде жүрді, Алланың рахымымен Тоқтамыс оғланның бойында патшалық фәрр байқалды да, аталмыш оғланның нөкерлері мен басқа адамдар оған ықтиярмен тағзым етті. Осы себепті аталмыш хан Тоқтамыс оғланды жек көріп кетті де,  оның көзін құртуды ойластырды»,    дейді [4, 190-б.]. Низам-ад-дин Шамидің «Зафар-наме» кітабында қашқан Тоқтамыстың Темірмен жолығуы сипатталған. «Зафар-намеде»: «Тоқтамыс оғлан келген кезде  әмірлер араға жүріп, оны Темірге таныстырды. Оның ұлылығы оған құрмет пен сый-сияпат көрсетуі де мүмкін болғанның бәрін жасауға күш салды. Ол онымен бірге Самарқанға келді, патшаға лайық тартулармен той өткізді, оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын сансыз көп алтындарды, қымбат әшекей бұйымдарды, малдар мен маталарды, аттар мен өгіздерді, шатырлар мен қостарды, барабандар мен жалауларды, жасақтар мен әскерлерді бөліп берді.

Ол (Темір) Отырар мен Сауран аймақтарын бөліп берді және оны сол жерлерге жөнелтті», – деп таңбаланған [6, 370-б.]. Тоқтамыстың осылайша Көк Ордамен іргелес жерге қоныстануы Орыс хан үшін  онша қолайлы болмаған. Бұл туралы «Шыңғыс-намеде»: «Хан жайлауға бара жатқанда оның еліне [Тоқтамыс оғлан]  қуып-жетіп, жылқыларын айдап кетті.  Қуғыншылар орта жолда оларға жетіп, талқанын шығарды, – делінген. Соғыста жеңілген Тоқтамыс қашып тағы да Ақсақ Темірге келеді. Ақсақ Темір Тоқтамысқа одан әрі құрмет көрсетіп, көп әскермен Көк Ордаға қарсы қайта аттандырады. Темір Тоқтамысты жақсы көргеннен емес, оғланды өз саясатын жүзеге асыру үшін пайдаланған. Ақсақ Темірдің мұндай харекетінің сыры туралы А. Якубовский өзінің әйгілі «Тимур» атты еңбегінде былай деп жазады: «Урус хан задумал стать не только саранским ханом,  он решил объединить обе части Улуса Джучи под своей властью. Тимур знал обо всем, что происходило в той и другой Орде, боялся объединения и тем самым усиления опасного соседа и искал случая помешать ему», – дей келіп, мұндай жағдайда Тоқтамыстың өз аяғымен алдына келуін ұтырымен пайдаланғанын айтады [7, 106-б.].

Деректер бойынша, Орыс ханның кездейсоқ өлімінен соң Көк Ордада бұдан кейін бірнеше хандар алмасады. Ақыр соңында Темір Мәлік таққа отырады. Бірақ Темір Мәлік қарамағындағы елді жөнді басқара алмайды. Ол жөнінде Шараф-ад-дин Әли Жезді былай деп жазады: «День и ночь пьет, спит полудня. Если даже будет сто важных дел, никто не может разбудить его. По этой причине все потеряли надежду на него. В улусе Джучи-хана хотять прихода Токтамыша» [8, 87-б.]. (Астын сызған-А.Ж.). Тоқтамыс 1379 жылы Көк Орданың тағына отырады. Кеңестік тарихшылар Көк Ордада Тоқтамысты қолдаушылардың көп болғанын, олардың Темір Мәліктен түңіліп, хан тағына Тоқтамысты шақырғанын  ескере бермейді.

Бұл уақиғалардың барлығы хижраның 780 жылы (1378-1379) болып еді. Осыдан кейін қажырлы Тоқтамыс хан Көк Орда мен Ақ Орданы  біріктіру қажеттігіне айналасындағыларды сендіреді. Көктемде Тоқтамыс Еділ бойына жорыққа аттанып, Сарай Беркені басып алады. Тоқтамыс аз уақыттың ішінде Алтын Ордаға қарасты елдер мен жерлерді қайта біріктіреді. Орданың әл-қуатын арттыруға күш салады. Муни-ад-дин Натанзи Тоқтамыс туралы: «Ол қабілетті, ер жүрек, кең пейілді әдемі патша болды. Оның әділеттілігі мен жақсы мінез-құлқы жалпыға мәлім» деп жазады [4, 303-б.]. Мұны халық эпосы да жоққа шығармайды. «Едіге» эпосының ұлттық версияларының басында Тоқтамыс әділ болып көрінеді. Оның әділдігі қойшы баланың төрт рет дұрыс шешім жасағанын естіп, ордасына шақырып, үстіндегі ескі-құсқы киімдерін тастатып, асыл тон кигізіп, тұлпар ат мінгізіп, ел-халықтың билігін  қолына беруінен байқалады. Жыршылар Тоқтамысты түпкілікті қаралай бермейді. Оның адамға тән адамгершілік сипаттарын көрсетіп отырады. «Бир күни хан мойнымдағы парызымнан қутылайын деп Едигени жети жасына келгенде мектепке берди. Ол он жыл оқып сауатхан болды.

Катта хазират устазынан пәтия алды. Жасы да онсегизге толды. Тоқтамыс хан хожа урыуының  ишинен сайлап Қарақас айым деген қызды алып берди. Баласына арнап ақ отау тикти. Хан жети парызынан қутылды », – деп көрсетеді Тоқтамыстың адамгершілігін Қияс жыршы.

 Ол – орынды жерде қолы кең мырза. Мәселен, Нұраддин жеті жасында алдына арыз айтып келгенде Тоқтамыс жөн сөзге тұрып, оған бабасы Шыңғыстан қалған бір ләген ділдә сый береді. Және  ел арасына іріткі салып жүрген Ағай, Тағайды зынданға қамайды.

Ш.Уәлиханов нұсқасында елін тастап, қашып бара жатқан Тоқтамыс халқына қарап:

Едігем менің ер еді,

Едігемнің мінгені

Аузы ақтан кер еді.

Едігемнің асу ісі сол еді,

Өзінен бір жас үлкенді

Әзіз ағам, сіз біліңіз дер еді.

Өзінен бір жас кіші тұрса,

Үкем, сен тұра тұр,

Мен сөйлейін дер еді.

Едігемнің ескіден кегі бар еді,

Кете алмай-ақ жүр еді,

Көре алмасы көп болды,

Көтермесі жоқ болды,

                   Мен сүйтіп айырылғанмын, Едігемнен, – деп өткенге өкініш білдіреді [9, 52-б.]. «Едігемнің ескіден кегі бар еді» деуін кейбір ғалымдар Тоқтамыстың Балтышахты өлтіруімен байланыстырады. Бартольдтың жазуынша Балтышах – Едігенің әкесі.

Бірақ Тоқтамыстың жоғарыдағы сөзінің басқаша мәні болуы да ықтимал.  Тоқтамыстың ол сөзінің негізгі астары хан сарайында қызмет етіп, үлкенді аға, кішіні іні тұтып, өте инабатты болған, ішкі дауды бітіріп, сырттан келген жаудың бетін қайтарған Едігені азғырғанға еріп, басын алмақ болғанына өкіну болуы да мүмкін.  Сыпыра жыраудың да:

Еділден әрмен өтсе сол,

Сәтемір ханға жетсе сол,

Осы өшін сірә да

Сенен алмай қалмас-ты боғай құбаша ұғыл! – дегенде айтып тұрғаны – ханның Едігені жазықсыз қуғындап өлтірмек болғаны [9, 37-б.].

Жыршылардың айтуынша, ханның Едігемен араздасуы екі ортадағы айдап салушылардың кесірінен болады. Тоқтамыс образындағы көзге түсетін ең кемшін сипат – сөзге ергіштігі. Бұны біз ханның нөкерлерінің сөзіне, әйелінің, Кеңжанбай, Ағай, Тағай сөздеріне еріп кетуінен көреміз.

   Тоқтамыс та пенде. Пенделікпенен азғырғанға ереді. Эпостың қарақалпақша версиясында екі ортаға әуелгі от жағушылар ханның төңірегіндегі билер.

                     Расын айтып сөйлесем,

                     Едіге сенің жалшыңыз.

                     Жұртыңды билеп барады,

                     Жылқыңды баққан малшыңыз, – дейді хан нөкерлері [10, 148-б.] .

Тоқтамыстың кеңес үкіметі кезінде асыра жамандалуының себебі: ол 1382 жылы Мәскеу қалаcын шапқан. Мамайды жеңген Тоқтамыс Мәскеу княздігін бұқтырып қоюды да естен шығарған жоқ. Бұл жөнінде Карамзин: «(1381 г.) В следующее лето Хан послал к Дмитрию Царевича Акхозю и с ним 700 воинов требовать, чтобы все Князья наши, как древние подданные Моголов, немедленно явились в Орде» деп жазады [11, 230-б.]. Бірақ Куликово шайқасынан даңққа бөленген ұлы князь Дмитрий  хан сөзіне құлақ аспайды. 

Айтқан сөзге мойын ұсынбаған соң Тоқтамыс үнсіз қалады. Орданың  ішкі тірлігін қалыпқа келтіру жұмысы мен шындап айналысқан хан Мәскеуге жорық жасауды да есінен шығармайды. 1382 жылы хан әскері қалаға жақын келді. Мәскеудің ұлы князі Дмитрий ІV адам жинау үшін Костромаға баруым керек деп отбасын өзімен бірге алып, қасына негізгі қолбасшы Владимир Андреевич Серпуховты ертіп, қашып кетті. Мәскеу ұлы  князсыз, әскербасысыз қалды. Қалада үрей орнады. Митрополит Киприан да шаһарды тастап қашты.

Алтын Орда жауынгерлерінің алдыңғы шебіндегілер 23 тамыз күні Кремль іргесіне келді. Қорғанды айналып көрді, сосын князь Дмитрийді сұрады. Содан соң көзден таса болды. Кремльді қорғаушылар оқиғаның осылай жақсы біткеніне қуанысты. Ертеңіне Тоқтамыс хан бастаған негізгі күш жетті. Кремльге шабуыл жасады. Келесі күні де шабуыл жалғасты. 24 мыңдай мәскеулік қырғынға ұшырады. Тоқтамыс хан қаладағы алуға жарайтын дүниенің бәрін алды. Икондарды, қымбат бағалы заттарды, алмас пен алтынды, бүкіл қорды тиеп алып кетті. Қайтар жолында Тоқтамыс хан өз әскерінің барлық княздіктерді тонауына жол берді.

Тоқтамыстың  Кремльді  алуын  орыс  тарихшылары орыс адамдарының ақ көңілділігінен, аңқаулығынан болды дейді. Мәселен, Карамзин «В четвертый день осады неприятель изъявил желание вступить в мирные переговоры. Знаменитые чиновники Тохтамышевы, подъехав к стенам, сказали Москвитянам, что Хан любит их как своих добрых подданых и не хочет воевать с ними, будучи только личним врагом Великого Князя; что он немедлено удалится от Москвы, буде жители выйдут к нему с дарами и впустят его в сию столицу осмотреть ее достопамятности», – дей келіп, сенгендіктен қақпаны ашқанын айтса [11, 231-б.], қазіргі орыс тарихшысы Ю.В. Мизун: «Он только хотел бы осмотреть его изнутри. Доверчивая русская душа! Ворота (Спасские) отворили и поплатились за это жизнью», – деп жазады [12, 158-б.]. Әрине, бұл адам сенерлік нәрсе емес. Ал Лев  Гумилев трагедияны арақтан көреді: «Чего хотел посадский люд? Выпить и погулять. Поэтому население Москвы, простые московские люди, сев в осаду, прежде всего направились к боярским погребам, сбили замки, вытащили оттуда бочки с медом, пивом, винами и основательно напились. ....Через некоторое время, когда был выпит весь запас спиртного, москвичи решили договориться с татарами: татарам было предложено изложить свои условия мира, для чего осажденные собрались впустить в город посольство. Но, когда открывали ворота, никому из представителей «народных масс» не пришло в голову выставить надежную охрану, дабы пропустить только послов. Посадские просто открыли ворота, татары ворвались в город и устроили резню», – дейді [13, Б.211-212]. Әлбетте, бәрі де – баланың сөзі.

Тоқтамыстың Мәскеуге жорығынан соң Куликово шайқасы ұмытылды. Орыс княздіктерінің Алтын Ордаға бұрынғыдай салық төлеп тұруына тура келді, ал атақты Дмитрий Донской болса 1384 жылы өзінің ізбасары, баласы  князь ІІ Василийді  Тоқтамысқа кепілдікке берді. Мұнымен ғана шектелмей, Алтын Орда ханы 8 мың сом алтын ақша алып, оны да кепілдік ретінде ұстап отырды. Саясатқа жетік Тоқтамыс хан  Мәскеуге қарсы оны теңгеріп тұра алатын антисимметриялы күш ұйымдастыра білді – Мәскеу княздігімен Тверь, Рязань, Суздал княздіктері  жаулық қарым-қатынаста болды. Алтын Орда күшейіп, орыстар бұрынғы қалпына толық келтірілді. Осылай болып ұзақ кете беруі әбден мүмкін еді, Ақсақ Темірдің  Алтын Ордаға қарсы жүргізілген  жорықтары бұған бөгесін жасады. Бұл жөнінде Ю.В. Мизун: «Казалось, что русские обречены на вечное рабство. Но им помог Бог руками (мечами) Тамерлана. Тамерлан разгромил Орду», – деп жазады [12, 160-б.].  

Тар кезеңде халқын тастап, қатынын алып қашқан Дмитрий князь орыс халқының мақтанышы болып қала берді. Әлі де ұлттық мақтанышы. Сол князьді тізе бүктіріп, баласын кепілдікке алып кіріптар қылған, Алтын Орданың айбарын қайта асырған Тоқтамыс өз елінде, өз жерінде қазір жаман аталады. 

Жоғарыдағы Мәскеу жорығына, Алтын Орда мен орыс князьдіктері арасындағы бұрынғы жағдайды қалпына келтіруге байланысты Ресей тарихшылары сол кезден бүгінгі күнге дейін Тоқтамыс хақында ұнамсыз пікірлер қалыптастырып келеді. Олардың көрсетуінше, Тоқтамыс тек татардың ғана ханы, тегі де белгісіз. Мәселен, Л. Гумилев: «Трудно сказать, был ли мусулманином сам Токтамыш?»  – дейді [14, 432-б.]. Алтын Орданы төрт-бес ай емес, он сегіз жыл басқарған Тоқтамысты тағы да былай деп жазғырады: «Бедный Тохтамыш! Сев на престол Золотой Орды, он оказался на должности выше уровня его компетентности. При этом он не представлял себе всех трудностей, с которыми было связано управление полиэтничной страной, и не отдавал себе отчета в том, что грозит и что ему необходимо для спасения» [14, 595-б.].

Тоқтамыстың ең басты арманы Алтын Орданың абыройын көтеру еді. Бұл мәселе туралы А.Якубовский айтқан мына пікір шындыққа саяды: «Тимур был доволен таким оборотом дела, он думал сделать Тохтамыша своим верным вассалом и проводником своей политики в Улусе Джучи. Тохтамыш, однако, не оправдал надежд Тимура и, став акордынским ханом, пошел по стопам политики Урус-хана, т.е. начал внутри Улуса Джучи борьбу за объединение и создание сильной Золотой Орды. Тохтамыш делал как раз то, против чего готовил его Тимур. Стремясь  вернуть Золотую Орду к лучшим дням времени Узбек-хана (1312-1340)».

Низам-ад-дин Шамидің «Жеңістер кітабында» Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорығы 1391 жылы 22 қаңтарда басталғандығы айтылады. Бұдан бұрын Тоқтамыс Ақсақ Темірге өз елшілерін жіберген еді. Елшілер Темірге Алтын Орда ханының атынан көп сый-сияпат ұсынады. Сәйгүлік жылқылар, қыран құстар сыйлайды. Тоқтамыс Әмір Темірден үлкен кешірім өтініп, арада орын алған келеңсіздіктердің себебін түсіндіруге тырысқан. Өткен  әрекеті үшін ұялатынын және шын ниетіменен қапаланатынын айтып, енді өзіне ұсынылған шекарада тұруға ризалық  білдірген. Сол кездегі қалыптасқан еларалық заңға қарағанда бұл Тоқтамыс тарапынан жасалған көп төмендеу еді. Себебі ол замандағы Қыпшақ даласын билеушілер Шыңғыс ханнан қалған заңдылықты басшылыққа алған. Ал Тоқтамыс  болса, Шыңғыс хан тұқымы, тақтың заңды мұрагері. Ақсақ Темір қарадан шыққан. Тоқтамыс бұл жағдайды жақсы білді. Білгендігі халық эпосында:

Сәмәркандта утырган

Аягы чонтык Шаһ Тимер

Ел біткенге жау болды,

Мен де оған жау болдым.

Асылсыздан туган Тимер би

Сәмәркандта шаһ булса,

Унике йортка баш булса,

Яны мин шаһ дип белмимен, – деп ханның өз аузынан беріледі.

Темір қалыптасқан низамды бұзып отыр. Соған қарамастан хан Темірдің қойған шарттарына келісемін деп ризалық білдірді.

Ал ол болса, «мен оны өзімнің балаларымның деңгейіне дейін көтердім, мені тыңдамады» деген сияқты тайғақ дәлелдер айтып, өз райынан қайтпайды. Тоқтамыс Ақсақ Темірмен мүмкін болғанынша соғыспауға тырысты. Темір төніп келгенде қолын кейін шегіндіріп, жүріп-тұруға қиын жерлерге қарата кетті. Бұл оқиғалардың сілемі де халық эпосынан көрініс тапқан. Едіге баласы Нұраддинді ертіп, жаулық мақсатпен келгенде, ел дүрлігеді. Қорқыныш туады. Бұл жөнінде: «Ел қорқып бүлді. Тоқтамыс ханға хабар етті. «Едіге екі бөлек келді», – деп. Хан айтты: «Әй, жұртым! Қойыңызды сойыңдар, қол қусырып алдына барыңдар. Сізге тимес, менің үшін бүлмеңдер», – деді», – делінген [9]. Ханның осы лепесінен елді бүліншіліктен сақтап қалайын деген адамгершілікке толы көзқарасы көрінеді. Эпоста бұдан әрмен қарата Тоқтамыс қол астындағы өз ел-жұртының тыныштығы мен болашағын ойлаған трагедиялық бейне есебінде көрінеді. Едігені мақтап басталған шығарманың шешімі  Тоқтамыс ханның баласы Қадірбердінің қайта таққа отыруымен аяқталады. Шоқан нұсқасында:

Қалған-құтқан ел болып,

Қадірберді сұлтан хан болып...

...Қадірберді сұлтан садағын сала байланды,

Жұртқа құрбан боламын деп,

Жұртын үш мәртебе айланды, – делінген [9, 62-б.].

Бұған қарап халықтың елді би емес, хан басқарғанын хош көретіні аңдалады. Әуелде Едігені мақтап басталған, одан соң оның ұлы Нұраддинді  дәріптеген эпос ақыры аяғында екеуін өзара жауластырады. Қазақтағы Шоқан нұсқасында Қадірберді әкелі-балалы екеуін де өлтіріп, Тоқтамыстың тағын қайтып алса, ноғайдағы Ә.Сикалиев жазып алған нұсқада оларды өлтірмей-ақ айбарын асырып, хан тағына қол жеткізеді. Эпос Тоқтамыстың баласы Қадірбердіні халықтың басын қосып қайтадан іргелі ел қылу жолындағы күрескер етіп көрсетеді. Былайша айтқанда, эпосты тудырушылар Едігеге іш тартқанымен, одан бастау алатын билер өктемдігіне үзілді-кесілді қарсы. Хан тағында Шыңғыс хан ұрпағы отырған жағдайда ғана мемлекет дұрыс болады деген сарын байқалады. Едігенің ел шекарасын бекітудегі, қолбасылықтағы, мемлекеттің экономикасын көтеріп, әл-ауқатын арттырудағы рөлін,  Ақсақ Темірмен ұтымды саясат ұстанып, Москва, Литва жеріне жасаған жеңісті жорықтары туралы біле тұра, халық эпосы төре тұқымынан шыққан басшыны жөн көреді. Халық қателеспейді. Шынында да кейін  билер басқарған алып Ноғай Ордасы аяғында азып-тозып көрінгенге жем болды.

Әрі Тоқтамыс билік құрған, одан соңғы Едіге әмір жүргізген кезеңдер қым-қиғаш күреске толы болғанымен,  Алтын Орданың ыдырап кетпеген, күші қайтпаған уақыты еді. Эпостың Едігені көтермелей отырып, Тоқтамысты да теріс көрмеуі содан деп ойлаймыз.

Ақсақ Темір 1395 жылы ақпан айында Алтын Ордаға қарсы 400 мың қолмен  жаңа жорыққа аттанды. Өзінің қисынсыз жорығын ақтау үшін Темір Тоқтамысқа хат жазып, онда сен менің алдымда борыштарсың, сол борышты ұмыттың, бойыңды жын билеген дей келіп, «сен бейбітшілікті қалаймысың, жоқ әлде соғысты қалаймысың? Таңда. Мен қайсысына болсын дайынмын. Бірақ есіңде болсын, бұл жолы сені аяу деген болмайды» дейді [14, 613-б.]. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақсақ Темірдің Тоқтамысты аяп, істеген жақсылығы жоқ еді. Әуелгі баста-ақ Тоқтамысты пайдаланып, Көк Ордаға билік жүргізу ойында болғанын Ақсақ Темір ғұмырбаянын зерттеуші-ғалымдардың бәрі атап өтеді. Бұл хат – Темірдің өзін ақтау үшін жазған дүниесі.

Низам ад-дин Шамидің айтуынша, Алтын Орданың ханы осы жолы да алдын ала басын кішірейтіп, Ақсақ Темірден кешірім сұраған. Өзінің бейбіт келісімге дайын екендігін мәлімдеген [5, 363-б.]. Бұл тарихи оқиға халық эпосында да сәулеленген. Қияс нұсқасында Сәтемір (Ақсақ Темір) қисапсыз мол әскер алып, ноғай елінің шетіне келгенде Тоқтамыс хан жүз адамнан құралған қазірет, ишандарды, жасы үлкен білімділерді елші қылып жібереді.

Шын мәнісіне келгенде, Темірге ешқандай бейбіт келісімнің қажеті жоқ болатын.  Зор майдан Терек өзенінің Сарай-Беркеге жақын жерінде өтті.

Эпостың ұлттық версияларындағы ұрыс алаңының суреттелуі, Тоқтамыс пен Сәтемір хан әскерлерінің  бір-бірімен соғысы өзге қаһармандық эпостардағылар сияқты. Екі ортадағы 1395 жылғы соғыстың себебін  А.Якубовский: «Войны Тимура с Тохтамышем не преследовали захвата земель, ...Тимур стремился лишь к полному ослаблению Улуса Джучи», – деп түсіндіреді [7, 108-б.].   

  Темірдің тарихын жазған тарихшылары Низам ад-дин Шами, Шараф ад-дин Әли Жезді Темірдің жауы Тоқтамысты жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысуы – заңды құбылыс. Ал Тоқтамыстың ғұмырбаянын жазған өз тарихшысы болмаған. Болса Темірдің іс-әрекеттерін теріске шығарар еді. Темірді мақтаған жеке тарихшыларының өзі жаңа соғыс алдындағы жағдайдың қандай болғандығын таңбалап, шындықтан көп ауытқи алмаған. Дүние жүзі халықтарының тағдырын шешкен, оң нәрсені теріске айналдырған, бүкіл мұсылман қауымының басына зұлмат әкелген, кең байтақ Еуразия кеңістігіндегі түркілердің кейіннен отарлық езгі, құлдық бұғауға түсуіне себепші болған қанқұйлы соғыстың басталар алдындағы екі әмірші арасындағы жағдай осындай болған. 1395 жылы Алтын Орда әскерлері толық жеңіліс тапты. Түркілердің бағы тайды.

Эпостың 1937 жылы Мәскеуден шыққан Ерполат нұсқасында:

Тоқтамыстың геллеси

Жерге түсти аллалап,

Тоқтамыстай патшада

Тарыдай гүна жоқ еди.

Шуғыллардың тили менен

Болып жүрген сауда еди.

Гүнасы жоғын буннан бил,

Қан орнына сүт ақты, – делінген [16, 91-б.].

Жалғыз Ерполатта ғана емес, татар версиясында да:                

Ир Норадын сукканда,

Кылычы белән чапканда,

Туктамышның чал башы

Жиргә төште «алла» лап.

Қан урынына сөт акты, –деп таңбаланған [2, 184-б.].                 

Тоқтамыстың ата жауы Едігенің өзі:

Белиңе жеңил болсын деп,

Қайыңнан садақ буурдым.

Көкирегиң өскин болсын, деп,

Қашқан жауды қуудырдым.

Уллыдан жесин тойды, деп,

Тоқтамыс ханды, жалғызым,

Гүнасыз ханды өлтирттим, –  деп өкініш білдіреді [17, 93-б.].

  Өз кезегінде өткен іске өкінген Тоқтамыс та:

Ардақты ханым Құлқаныс,

Тілін алып, сыйладым.

Едігені нақақтан,

Өлтірмек болып қинадым.

Асыл текті тұқымды,

Қойға салып қорладым.

Сол қорлықтың зарпынан,

Өзім бүгін сорладым, – дейді [18, 150-б.].

Бұл айтылған жағдайлардан эпосты шығарушылар мен айтушылардың, оны тыңдаушылардың Шыңғыс ұрпағы, заңды хан әрі Алтын Орда мемлекетін қайта қалпына келтіруге өлшеусіз еңбек сіңірген, он сегіз жыл билік құрған Тоқтамысқа бейжай қарай алмайтындығы анық аңғарылады. 

Тоқтамыс ханның есімі Қарашай-Шеркеш республикасында жер атауы арқылы сақталып қалған. Черкесск қаласының Солтүстік-Шығысында, қаладан 20 шақырымдай жерде «Тоқтамыс аулы» деген  елді мекен бар. Кубань өзенінің Черкесск қаласының Солтүстік-Шығысына құлайтын  тармағын «Тоқтамыс суы» деп атайды. «Тоқтамыс суының» жоғарғы жағын «Тоқтамыс тамағы» деп атайды. Осы республикадағы Қарашай ауданының Жоғарғы Мара аулының Оңтүстігіндегі тау «Тоқтамыс тауы» деп аталады. Черкесскімен екі аралық 60 шақырым шамасында. Ал Кіші Қарашай ауданындағы Бичесин үстіртінің Солтүстігіндегі қырат «Тоқтамыс сырты» деп аталады. Осы үстірттегі жайлау «Тоқтамыс жайлауы» деп аталады. Бұл жайлау Черкесскіден гөрі атақты Кисловодск қаласына жақын. Кисловодскімен екі орта 40 шақырым шамасында. Осылардың өзі-ақ Тоқтамыс есімінің халық жадында берік сақталып қалғанына нақты айғақ болса керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Тоқтамыс//Қазақ Совет Энциклопедиясы.– Алматы, 1977.–Т.11.–648 б.

2 Идәгә. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988. – 254 б.

3 Урманче Ф. Народный эпос Идегей. – Казань: Фән, 1999. –  200 с.

4 Прошлое Казахстана в письменных источниках V в до н.э. – ХV в. – Алматы: Өлке. 1997. – 370 с.

5 Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның  жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 272-б.

6 Из глубины столетий. 2-е издание. – Казань: Татарское книжное издательство, 2004. – 271 с.

7 Якубовский А. Тимур // Властелин Евразии. – Алматы: Кочевники, 2003.

8 Шараф-ад-дин Әли Жезді. Зафар-наме.–Ташкент: SANAT,2008. –486 б.

9 Мағауин Е. Едіге. – Алматы: Айқап, 1993. – 76 б.

10 Едиге. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1990. – 400 б.

11 Карамзин Н.М. История государства российского. – Москва: «Олма–Пресс образование», 2004. – 879 с.

12 Мизун Ю.В., Мизун Ю.Г. Ханы и князья. –Москва: Вега, 2005. – 336 с.

13 Гумилев  Л. Н. От Руси к России. – Москва: АСТ, 2004. – 392 с.

14 Гумилев Л. Н. Древняя Русь и Великая степь. – Москва: АСТ, 2007. – 768 с.

15 Греков Б.Д., Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. – М.-Л: Наука,  1950. 16 EDIGE.–MOSKVA: MӘMLEKET KӨRKEM-ӘDEBIJAT BASPASЬ, 1937. 

17 Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. – Ленинград: Наука, 1974. 

18 Кенжеғұлұлы Нұртуған. Қанекей тілім сөйлеші, 1-кітап. – Алматы: «Маржан» семьялық жеке шағын кәсіпорыны, 1992. –  223 б.