Филологические науки

 

Рапишева Ж.Д., Жүнісова М.Қ.,

фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценттері, Қазақстан

 

ІС ҚАҒАЗДАРЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ  ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Мақалада мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу терминдерінің қолданысы қарастырылады. Сондай-ақ ресми және іс қағаздары стилінің қалыптасуына, оның терминологиясының тұрақталуына, әрі қарай дамуына әсер етуші факторлар саралап  көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары құжаттама жүйесін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытында көптеген артықшылықтар беретіні де сөз болады.

 

Кілт сөздер: мемлекеттік тіл, іс қағаздарын жүргізу, іс қағаздары терминдері, терминдердің жасалуы, қалыптасуы, тұрақталуы.

 

Іс қағаздарын жүргізудің де өзіндік жүйесі, қалыптасқан ережесі, дайындалу тәртібі бар. Олар Қазақстанның  іс қағаздарын жүргізу саласында қолданылып жүрген заңдары мен нормативтік-құқықтық актілерінде өз дәрежесінде көрініс тапқан. Кейінгі жылдары қоғамымызда болып жатқан мәдени, саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты тіліміздегі терминдер өзгерістерге ұшырап, қайта қарауды қажет ететін  маңызды мәселелердің біріне айналды. Сондықтан терминология мәселесіне, оның ішінде салалық терминдерге аса көңіл бөлініп, жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілуде.

Әлемдегі көптеген елдердің      конституциялық-құқықтық дамуындағы өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның құқықтық мәртебесін заңнамалық реттеуді жетілдіру. Тілдік қатынастарды құқықтық реттеу жаһандану үдерісі орын алған қазіргі заманда барған сайын күрделеніп келеді. Мемлекеттік тілдің қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшін оның конституциялық мәртебесін іске асырудың тиімді механизмін қалыптастыру қажет.

Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізудің негіздері Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (2020 жылға дейін ұзартылды), 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151-1 «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңындағы міндеттерге сай жүргізіледі.

Қазақстанның өз алдына тәуелсіз ел болып қалыптасуы, оның нарықтық экономикаға негізделген демократиялық құқықтық мемлекет болуға бет алуы іс қағаздарын жүргізу қызметін, құжаттамаларды жедел пайдалану мен оларды тарихи-мәдени мақсатта ұзақ уақыт сақтау ісін мемлекеттік деңгейдегі міндеттер қатарына қойды.

Егеменді елдің өз мемлекеттік тілінің болуы заңды. Ол үшін мемлекеттік істердің барлығы мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Ғылымның да мемлекеттік тілде дамуы қажет. Олай болса, ғылыми терминдердің өзі де мемлекеттік тілдің негізінде жасалғандығы дұрыс. Сонда ғана ана тілімізді қоғамдық өмірдің сан алуан саласын қамтитын толыққанды мемлекеттік тіл ете аламыз. Сонда ғана қазақ тілін еркін пайдаланатын, кемелденген сан салалы стильдік тармақтарда кеңінен қолданылатын шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналдыра аламыз.

Көптеген елдерде іс қағаздарын жүргізудің әдістемелік басшылығы мұрағат органдарына жүктелген. Құжат көп қырлы. ҚР 1037-2001 «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағат ісі. Терминдер мен анықтамалар» стандарты бәрінен бұрын құжаттың ақпарат жеткізгіш құрал екенін атап өтеді. Құжатты күнделікті жұмыста пайдаланған соң оның екінші бір ерекшелігі алға шығады, яғни оны ендігі жерде тарихи дереккөз ретінде сақтау. Қорытындысында құжат Ұлттық мұрағат қорын толықтырады. Бұл міндеттер әрқашан басқарушылардың да, мұрағат қызметкерлерінің де назарын аударады.

Кез келген тілде терминологиялық лексика екі жолмен жасалатыны мәлім. Оның бірі – ұлттық тілден жасалған  терминдер де, екіншісі – өзге халықтың тілінен қабылданған терминдер қатары. Зерттеушілер іс қағаздары терминдерін қалыптастырудың үш жолы бар деп есептейді: Біріншісі – халықаралық терминдер: валюта,  авиза, акция, аффект, баланс, вердикт, ватум, геноцид, грант, депозит, дубликат, заем, кадастр, квариум, кодекс, нотариус, коносамент, аукцион. Екіншісі – аударма арқылы енген терминдер: закон заң, законный заңды, законодательство низам, юридический заңи, государственное право мемлекеттік құқық.  Үшіншісі терминдік сипаттағы сөздер ресми стильде, сонымен қатар публицистикалық стильде қолданылып, екінші жағынан мағыналық стильдік реңкті иеленетін, бірінің орнына бірі қолданылатын терминдік атауыш сөздер: законодательная властъ низамшы билік (заң шығарушы билік); законодательство низам, заңдар; индивидуальные наказания жазаны даралау, жазасын дәлелдеу; претензия тілек шағым, талап-тілек т.б. кездеседі.

Іс қағаздары терминдері де лексикалық қордың басқа стильдік топтарының құрамындағы атаулар сияқты жаңа сөздермен толығып не болмаса терминдік мәнінен ажырап, қолданыстан шығып қалып отырады. Яғни бұл саладағы терминдер құрамында да сөздердің көнеруі (архаизм сөздерге айналуы) және жаңа қолданыстардың (неологизмдердің) пайда болуы – заңды құбылыс.  Мұндай өзгерістерге әртүрлі тарихи әлеуметтік оқиғалар, бұл оқиғаға берілген әр қилы баға мен қоғамдық пікірлер түрткі болады. Бір кезде адамдар арасындағы қатынасты жүйелі түрде жүргізуші, әділет нормасын сақтап қорғаушы, қылмыстыға жазалау үкімін шығаратындар билер болғаны белгілі. Ол кезде «би» сөзі құқық қорғау ұйымының қызметкері дегенді білдірсе, кейін осы мағынаны «сот» атауы атқара бастағанда, «би» сөзі архаизмденіп, оның қызметін атқарып отырған сөз (сот) термин құрамына енді. Сөйтіп заң терминдері құрамында неологизм пайда болды.

Іс қағаздары терминдерінің жасалу жолдарын қарастыра отырып, олардың, негізінен, қазақтың төл сөздерінен жасалғанын анықтадық. Өйткені қазақ тілінің сөздік қорының термин жасаудағы, әсіресе тіліміздегі байырғы сөздердің термин жасаудағы мүмкіндіктерінің шексіз екендігі даусыз.

Сонымен, іс қағаздарының негізгі қызметі – басқару, ақпарат беру, қарым-қатынас құралы болу. Сондықтан іс қағаздарында  бұл қызметтерді жүзеге асыратын лексиканың негізгі бөлігі қоғамдық-саяси лексика болып табылады. Іс қағаздары жанрларының түрлілігіне қарай ондағы қоғамдық-саяси лексиканың қолданылу жиілігі бірдей деңгейде болмайды. Іс қағаздар тілінде жиі қолданылатындары: әлеуметтік топ атаулары, өндіріс пен ауыл шаруашылығына байланысты атаулар, әскери атақтар мен түрлі қызмет атаулары, мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомостволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары т.б. атаулар.

Терминдік жүйе, оны түзу ісі қашаннан ұлттық тілдің ресми және мемлекеттің бүкілхалықтық тілі дәрежесіне көтеріліп, кең қолданыста толыққан тіл ретінде әлем сахнасына шығып-танылудың бір негізі болып келді. Батыс Еуропа тілдерінің де терминдік жүйесінің екі-үш ғасыр бойы қалыптасудан өткені және бұл жайт олардың ұлттық дамуында елеулі орын алғаны белгілі. Елдің ресми тілі болып қабылдануына сәйкес бүгінде қазақ тіліне де осындай түбегейлі жүйеленуден өту, тілдің қоғамдық қызметінің жан-жақты жетілдіру мүмкіндігі туып отыр. Сондай-ақ   терминдік жүйенің ұлт, ұлттық тіл, қоғам алдындағы маңызы мен бүгінде халықаралық, тіларалық қатынастардың күрт артуына орай тілге өзге тілдер мен тілден тыс ықпалдардың күшею жайлары термин түзуді күнделікті тіршілік барысында жүріп жататын, өздігінен қалыптасатын таза практикалық іс деңгейінде қалдыруға болмайтындығын, оған ерекше қарау керектігін көрсетеді. Сондықтан бұл мәселені термин – ғылым тілі, ғылыми түсініктер атауы дегендей тар шеңбер аясында қарау жеткіліксіз. Оны тілдің өз табиғатынан айнымай, бұған дейінгі тарихынан бөлінбей, қоғамның ішкі-сыртқы сұраныс-талаптарын толық қанағаттандырарлық тіл болып жетілуі және ұлттық діл мүдделері тұрғысынан қарастыру, осы мақсат-мұраттар үдесінен шығарлықтай жолға қою қажет. Ал мұндай шешімдер арнайы, мақсатты зерттеулер нәтижесіне негізделеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі. Жинақ. – Астана, 2000.

2. Қазақстан Республикасында іс қағаздарын жүргізу (мемлекеттік және ресми тілдерде іс қағаздарын жүргізу үлгілері) = Делопроизводство в Республике Казахстан / (С образцами формуляров на государственном и официальном языках): сборник. 3-ші бас., қайта өңделген. – Алматы: LEM, 2005. – 304 б.

3. Асқаров Н.Ә., Нәлібаев Ж.Б., Белғара Б.Б. Іс қағаздарын жүргізу негіздері. – Алматы,  2007. – 241 б.

4. Ресми іс қағаздары: Мемлекеттік қызметшілерге арналған анықтамалық /          А. Алдашева, З. Ахметжанова, Қ. Қадашева, Э. Сүлейменова. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2002. – 216 б.

5. Салагаев В.Г. Іс қағаздарын жүргiзу: Оқу құралы = Составление деловых бумаг: Учеб. пособие / В. Салагаев, Б. Шалабай. – Алматы: Раритет, 2000. –208 б. 

6. Организационно-распорядительные документы. Требования к оформлению документов. СТ РК 1042 – 2001. – Астана, 2001.