Хасен Бота, Шаймерденова
Жадыра
Сулейман Демирел
атындағы университет, Қаскелең қаласы
ЭКСПРЕССИВТІЛІКТІ
БІЛДІРУДІҢ СИНТАКСИСТІК АМАЛДАРЫ
Синтаксистің зерттеу нысаны ретінде сөйлем мен сөз
тіркесін көрсетіп жүрміз. Синтаксисте сөздердің тіркесу
қабілеттілігі мен байланысу тәсілдері, сөз тіркестері мен
сөйлемнің түрлері, олардың құрамы
қарастырылады. Сонымен қатар синтаксистік ережелер мен
заңдылықтар айқындалып, синтаксистік
тұлғалардың ерекшелігі талданады. Ойды білдірудің
негізгі формасы сөйлемнің құрамындағы
бөліктердің ешқайсысының басы артық болмайды.
Олардың әрқайсысының адам ойын нақты,
тиянақты жеткізуде өзіндік қызметі бар. Сондықтан да
синтаксисте сөйлемнің мағыналық жағы да
назарға алынады. Синтаксистік құбылыстардың сан
қырлығын сөз ете отырып Ж.А.Жақыпов синтаксистік
бірліктердің мынадай аспектілерде зерттелуін құптайды:
құрылымдық аспект, семантикалық аспект, коммуникативтік
аспект, логикалық аспект [1,15-29].
Сөйлемнің бұл төрт аспектіде толық
қарастырылуы үшін стилистикалық синтаксистің де
атқарары мол. Стилистика, синтаксистің теориялық
тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, адамның
айтпақ ойын тиімді жеткізудің жолдарын қарастырады,
синтаксистік құрылымдардың қолдану
заңдылықтары мен экспрессивтік сапасын айқындайды.
Экспрессивтік синтаксис ғылымда тілдің прагматикалық
аспектісін жан-жақты зерттеудің нәтижесінде дами бастады.
Синтаксистік құрылымдардың сан алуан синонимі болуы
мүмкін. Бір құрылым дәстүрлі,
қалыптасқан синтаксистік байланыстардың негізінде жасалып,
ешқандай экспрессивтік реңкке ие болмауы да ықтимал. Ал
кейбір синтаксистік құрылымдар ерекше экспрессивтілікке ие болады.
Және әрбір стильдің синтаксисінде өзіне тән
ерекшелігі болады. Бояуы мол өрнекті тіл үлгілерін көркем
әдебиет стилінде кездессе, ал ғылыми әдебиет ойдың
нақтылығын басты нысана етеді. Ал ауыз екі тілде синтаксистік
құрылымның тұрмыстық қарапайым
үлгілері мол. Стильдердің сан алуандығына қарамастан
олардың барлығының мақсаты – ойды анық,
ұтымды жеткізе білу. Бұл орайда біз сөзсіз экспрессивтік
синтаксистің көмегіне жүгінеміз. Ғылыми зерттеу
жұмыстарына көз жүгіртер болсақ, экспрессивтік
синтаксистің ауқымы өте кең. Қазіргі тіл білімінде
сөз етіліп жүрген зевгма, парентетикалық еңгізім,
асиндентон, парцелляция, сұрақ-жауаптық
құрылымдар, лепті сөйлем, аползиопезис, риторикалық
сұрақ, антиципация, сегментация, инверсия, эллипсис, зевгма, атау
сөйлем, қайталаудың түрлері (анафора, эпифора, анадиплозис,
симплока, параллелизм, полисидентон, хиазм), оқшау сөз сияқты
ұғымдардың барлығы да экспрессивтік синтаксистің
зерттеу нысанына жатады.
«Тілдің табиғатын толық ашу үшін оны сипаттап
жүйелеумен қоса, оның әрекет ету, жұмсалу
механизімін де қарастыру қажет. Осы мақсатты жүзеге
асыру үшін жұмсалымды грамматика тілдің өзін емес,
сөйлеуді зерттеу нысана етіп алады да, оны адамның ойлау
әрекетімен бір ғылыми кең астастықта қарастырады»
[2,90]. Мақсатты ойды дәлме-дәл айтуға қажетті
тілдік материалдарды орынды пайдаланудың маңызы зор. Ғалым
Қ.Жұмалиев: «Тілімізде жаман сөз жоқ, кінә -
сөзді орынды қолдана білмейтіндердің өзінде, әр
сөзге сөйлемдегі өзінің таңдаулы, талғаулы
орындарын дұрыс тауып бере білсе, жай сөздің өзі де
поэтикалық тілдің ролін атқарады» - дейді [3,60].
Тілдің қарым-қатынас құралы ретінде
қызмет атқаратын ең басты коммуникативтік тұлғасы
– сөйлем. Адам өз ойын тек сөйлем арқылы білдіреді
[4,5-6]. Сөйлем құрылымындағы элементтер басқа
сөздермен байланыса отырып синтаксистік қызмет атқарғанда,
сөйлем ішінде қалыптасқан белгілі бір орында тұрады.
Бұл жайлы С.Аманжоловтың еңбегінен мынадай жолдарды
кездестіреміз: «Қазақ тілінде сөйлем мүшелерінің
белгілі бір орны бар. Оларды қалай болса солай ауыстыруға болмайды.
Егер сөйлем мүшелерінің дағдылы орны ауысса,
олардың атқаратын қызметі мүлде өзгереді де,
бастауыш болып тұрған сөз басқа мүше болып
кетеді, анықтауыш та, пысықтауыш та, толықтауыш та солай.
Сондықтан қисынсыз, ретсіз, жігін таппай, ауыстыруға
болмайды» [5,148].
Сөйлемнің «теп-тегіс, жұмыр болуы» сөйлем
мүшелерін дұрыс орналастырумен тығыз байланысты. Сөйлемдегі
сөздердің орын тәртібін сөйлеуші
қалағанынша өзгерте алмайды, әрбір тілдің
өзіне тән ережелері болады. Бірақ тілдің
орныққан сөйлем мүшесінің әдеттегі орын
тәртібі кейде ауытқуы мүмкін. Мұны тіл білімінде
инверсия деп атайды. Сөйлемдегі мұндай сөз реттерінің
бұзылуы да белгілі бір заңдылықтарға бағынады.
Сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі екі түрлі
жағдайға байланысты:
1.
Сөйлемдегі сөздердің тұлғалық жағынан
бағыныңқылығын иә басыңқылығын
көрсетуші категория ретінде жүреді. Бұл грамматикалық
жағы.
2.
Сөйлемдегі сөздердің маңыздылығын көрсетуші
категория ретінде жүреді. Бұл семантикалық жағы
[5,149].
Біз инверсия жайлы сөз
қозғағанда семантикалық жағына баса назар
аударамыз, себебі экспрессивтік, мағынамен тығыз байланысты.
Инверсия нәтижесінде сөйлем құрамындағы
қандай да бір элемент ерекшеленеді де, оған экспрессивтік
реңк үстеледі. Егер қалыптасқан норма мақсатсыз
бұзылса, сөйлемде ешқандай экспрессивтілік байқалмаса,
ондай ауытқу инверсиялық құбылыс болып танылмайды.
Инверсияның экспрессивтік қызметі негізі прозада көрінеді. Ал
поэзиядағы ұйқас жасау мақсатында және
ырғаққа байланысты өлең
құрылымындағы сөйлем мүшелерінің орын
тәртібінің ауысуы, ол - өзі бөлек мәселе.
Өлеңде синтаксистік құрылым компоненттерінің орын
заңы прозамен салыстырғанда босаңдап, ұйқас пен
ырғаққа негізделіп кетеді.
Қазақ тілінде бастауыш сөйлемнің басында келеді де
баяндауыш бастауыштың ықпалымен жүреді және олар
бір-бірімен қиыса байланысады. Басқа сөйлем мүшелерге
қарағанда тұрлаулы мүшелердің орны берік.
Бастауыш сөйлем басында, ал баяндауыш сөйлемнің аяғында
келеді. Соған қарамастан бастауыш пен баяндауыштың
орнының ауысатын кездері де болады. Сирек те болса баяндауыш бірінші
айтылып, ой екпінін өзіне түсіруі мүмкін. Ол келді мен
Келді ол сөйлемдерін салыстырар болсақ, бірінші
сөйлемде ешқандай экспрессивтік байқалмайды. Ал екінші
сөйлемнің баяндауышы екпінді тілеп, іс-әрекет иесінің
сол істі атқарғандығынын шегелей түседі. Немесе
сөйлеушіні сол әрекетті асыға күткендігі
аңғарылады. Инверсияның бұл түрі негізінде ауызекі
сөйлеу мен жалаң сөйлемдерде кездеседі. Ал жайылма
сөйлемдерде назар аудару мақсат етілген сөз баяндауышқа
жақын тұрады. Ондай сөздерді қазақ тілінде ой
екпіні түскен сөз делініп жүр. Ой екпіні мен буын екпіні
бірдей емес. Буын екпіні сөздің ішіндегі белгілі бір буынға
түссе (қазақ тілінде негізінде соңғы
буынға), ал ой екпіні сөйлем ішіндегі баяндауышқа жақын
орналасқан сөз немесе сөз тіркесіне түседі. Мысалы:
Кеше
атасымен ауылға үлкен ұлы кетіп еді.
Үлкен
ұлы кеше ауылға атасымен кетіп еді.
Үлкен
ұлы кеше атасымен ауылға кетіп еді.
Үлкен
ұлы атасымен ауылға кеше кетіп еді.
Бірінші
сөйлемде ой екпіні бастауышқа түсіп, субъектіні
нақтылай түседі. Ал екінші сөйлемде ой екпіні
толықтауышқа түскен. Үшінші және төртінші
сөйлемдерде пысықтауыштар дараланып, ой екпінін иемденген. Ал
анықтауыш өзі анықтайтын сөздің алдында
ғана тұрады. Және анықталушы сөзге түскен
логикалық екпін анықтауышқа да түседі.
Баяндауыштың мұндай ерекше қасиеті сұраулы
сөйлемдер де байқалады. Сұрақ бағытталған
мүше баяндауышқа жақын орналасады да, екпін түсіріле
айтылады:
Кеше
кітапты сен оқыдың ба?
Сен
кеше кітапты оқыдың ба?
Сен
кітапты кеше оқыдың ба?
Анықтауыш өзі анықтайтын сөздің алдына
орналасатындықтан бұл заңдылыққа бағына
бермейді. Мұны аңғарған ғалым Р.Әмір
мынадай пікір айтады: «Сөз жоқ баяндауыштан басқа
мүшелер сұраулық форманы жеке ала алмайтын болған
соң, олардың орын ауыстыруы, баяндауышқа тақау келуі
оның іздеулі мүше екенін таныта алмайды, бұл коммуникативтік
мақсат солғын көрінеді. Осы дүдамалдықты жойып,
баяндауыштан басқа да мүшелердің альтернативті
сұрақ арқылы ізделуін анық білдіру үшін тіл
арнаулы амал жұмсайды» [6,64].
Ғалым ойын мынадай мысалдармен тиянақтайды: Сәулеш,
сен кімге ызалысың, маған ба? (Ә.Әбішев). Қырманға
неше қатынадың, бес пе?
Синтаксисте сөйлемдерді классификациялаудың ең негізгі
түрінің бірі –айтылу мақсатына қарай жүйелеу. Тіл
білімінде сөйлемдердің хабарлы, сұраулы, лепті,
бұйрықты деген үш түрін көрсетіп жүр.
Сондай-ақ сөйлемдерді мағынасына қарай болымды
және болымсыз деп те бөлеміз. Аталмыш әрбір сөйлем
түрінің өзіне тән құрылымдық
және интонациялық ерекшелігі бар. Соған қарамастан
бұл сөйлем түрлері бір-бірінің орнын алмастыруы мүмкін.
Мұндай құбылыс тіл білімінде транспозиция деп аталады.
Кең мағынада транспозиция - кез келген тілдік форманың
ауысуы. Транспозиция (латынша –орын алмастыру) терминінің қолдануы
жан-жақты. Синтаксистегі транспозицияның көрінуі
сөйлемдердің қызметтерін алмастыруына байланысты.
Мұндай алмастыру түрлерінің тіл білімінде бірнеше түрін
кездестіруге болады.
Хабарлы сөйлем коммуникация үстінде ерекше интонациямен
айтылып, сұраулық мәнге ие болуы мүмкін. Сұраулы
сөйлемдердің өзіне тән грамматикалық амалдарды
талғауы мағынасына, диалогтік жағдай үстінде
жұмсалу ерекшеліктеріне, яғни қызмет ерекшелігіне байланысты.
Сұраулы сөйлемдер диалогтің, сөйлеудің
ерекшелігіне сай әр түрлі құрыла береді. Кейде
сұраулы сөйлемдер алдыңғы сөйлемнің
лексикасын қайталау арқылы құрылады:
-Бұл кісілер қай елдікі?
-Сабындыкөлдікі.
-Сабындыкөлдікі?
-Иә, Сабындыкөлдікі. (Б.Майлин)
Бұл диалогтегі сұрақты білдіретін сөйлем тек
интонация арқылы жүзеге асып тұр. Оған шылаулар мен
сұрау есімдігі қатыспаған. Және мұндай
сұраулы сөйлемдер көтеріңкі дауыспен айтылып
сұраулық мағына мен бірге таңдану,
таңырқауды да білдіреді.
Кейде сұраулы сөйлем хабарлы сөйлемнің орнына
қолданылады. Мұндай хабарлы сөйлемдердің жай хабарлы
сөйлемдерден ерекшелігі кісінің ішкі сезімі бірге беріліп,
амалының жоқтығы, өтініші қоса айтылады.
Риторикалық сұраулы сөйлемдер транспозицияның
нәтижесінде хабарлы сөйлемнің қызметін атқарады.
Хабарлауға тиісті ой тікелей сұраулы сөйлем түрінде
баяндалады. Хабарлы сөйлемнің сұраулы сөйлемнің
формасы арқылы берілуі сөзге экспрессивтік өң беріп, ойды
мәнерлі түрде әсерлі етіп баяндаудың өте
ұтымды амалы. Мысалы: Сіз келіп қалдыңыз ба? деген
сөйлем сұраққа жауап талап етпейді,
сөйлеушінің таңданысын танытады. Қазір
оқымағанда, қашан оқисың? деген
сөйлемде де сөйлеуші мұны естіген адамның қазір
оқуының керек екенін ескерте, баса айтып тұр. Дауыс
ырғағы жай сұраулы сөйлемге ұқсас
болғанымен риторикалық сұраулы сөйлемдер ерекше
қарқынмен айтылады. Риторикалық сұраулы сөйлемдер
жауап талап етпейді, ол - сөйлеушінің ойын, сезімін әсерлі
жеткізу үшін қолданылатын тілдің ерекше тәсілі.
Риторикалық күмәндану, шүбә келтіру мүмкін
емес деген айрықша сенімділікті білдіреді. Мысалы:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын маған қарсы
кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде
желмін гулеген;
Жер еркесі желдің жөнін
кім сұрар?!
Бұл
берілген мысалдардан экспрессивтіктің таза синтаксистік табиғатын
көруге болады.
Интонацияның да қызметі де
ерекше экспрессивтік мәнге ие. Парцелляцияланған
құрылымдарда парцеллят екінші рема бола отырып, интонация
арқылы дараланады. Кейбір контексте сөйлемнің қызметін
сөздің де атқара беретін кездері болады. Мұндай
сөйлемдерге тіл білімінде сөз сөйлем деп атап жүр.
Қазақ тіл білімінде бұл мәселе Ш.Сарыбаевтың
қазақ тіліндегі одағайларды зерттеген еңбегінде айтылып
өтеді: «...одағайлар өз алдына сөйлем мүшесі бола
алмайды. Олар жеке тұрғанда сөз сөйлем
құрап, жеке сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалады»
[7,253 ].
Кейбір модаль
сөздердің сөйлем сияқты көрініс табатынын
аңғарған ғалым Е.Жанпейісов: «Диалогтік
сөйленісте сөйлем түріндегі сөз ретінде
қолданылады» - деген пікір білдіреді [8,570]. Бұл диалогте, атаулы
сөйлемдерде, парцелляция құбылысында жиі кездеседі.
Парцелляция француз
тілінің parselle-бөлік деген сөзі арқылы жасалған
термин. Яғни бір тұтас сөйлемді бірнеше дербес
фразаларға бөлшектенген түрін жасайтын тәсіл.
Сөйлеудегі парцелляция интонация арқылы, ал мәтінде тыныс
белгілері арқылы беріледі. Парцелляцияға түскен
бөліктерді парцеллят деп атайды. Парцелляция сөйлеу кезінде
экспрессия құралы ретінде пайдаланылады. Тіл білімінде
мәтінді тұтас қарастырғаннан бері парцелляция
құбылысы тіл білімінің өзекті мәселелерінің
біріне айналды. Зерттеушілердің көпшілігі парцелляцияны
экспрессивтік синтаксистің ауқымында қарастырып жүр.
«Қазіргі ағылшын тілінің теоретикалық грамматикасында»
парцелляцияны оқшауланудың ерекше бір түрі ретінде
қарастырады [9,227-229]. Мағыналық оқшауланған
элемент мүшеленіп жеке сөйлемге айналады дегенді айтады.
Қазақ тіл білімінде
парцелляция әлі толық зерттелген жоқ. Қазақ
тілінің лингвистикалық сөздігінде бейтарап сөз деген
терминмен беріліп жүр. Ал ғалым Т.Сайрамбаев мұндай синтаксистік
бөлшектерді қосалқы сөздер деп атап жүр [10].
Қазақ тіліне енді ене бастаған парцелляцияға мынадай
мысалдар келтіруге болады: Желіден аулақ аударайық...
Былайырақ! (Ғ.Мүсірепов). «Байтал» деген сөз
едігеге жағын пышақпен осып жібергендей көрінді. Бір емес,
әлденеше рет (М.Мағауин).
Ал, сөз сөйлемдердің
қатарын толықтыратын одағайлы және вокативті
сөйлемдерді А.А. Шахматов жай сөйлемдердің жеке бір
түрі ретінде бөліп қарастырады. Академик А.А.Шахматовтың
пікірінше вокативті сөйлемдерде жалғыз ғана мүше
болады. Ғалым вокативті сөйлемдердің үш түрін
қарастырады:
1)
кінәлау, ренжу, наразы болу, сөгу сияқты адамның ішкі
эмоциясын білдіретін сөйлемдер;
2)
таңдану, таңырқау, қуану сезімін білдіретін
сөйлемдер;
3)
тыйым салып, сөйлеушіні тоқтату үшін қолданылатын
сөйлемдер [11,85-86].
Вокатив сөйлемдердің
өзіндік құрылымы өзіндік ерекшеліктері бар. Олар
қаратпа сөйлемдер мен толымсыз сөйлемдерге ұқсас,
бірақ ажыратылатын белгілері де бар. Сөйлеу тілінде вокатив
сөйлемдердің кең лексика-грамматикалық базасы бар. Олар
заттың, құбылыстың бар екендігі туралы пікірді
мәнерлі және үнемді түрде көрсету үшін
қызмет етеді. Бұлардың жай қаратпа сөздермен
айырмашылықтарына тоқталатын болсақ, мынаны ескерген
жөн. Вокативті сөйлемдердің мазмұны қаратпа
сөздерге қарағанда кеңірек, жай бір сөздің
өзінен-ақ оның интонациясынан-ақ айтушының нені
білдіргісі келіп тұрғаны айқын сезіледі. Вокатив
формасындағы сөз сөйлем қызметінде қолдану
үшін интонациялық тиянақтылықтың қажеттігін
зерттеуші Г.Қ.Темірбекова да өзінің «Қазіргі
қазақ тіліндегі бір құрамды есімді сөйлемдер мен
сөз-сөйлемдер» атты диссертациясында атап көрсетеді.
Г.Қ.Темірбекова қаратпа сөз бен вокатив сөйлемдер
арасындағы айырмашылықтарға да тоқталады:
«Қаратпа сөздерді вокатив сөйлемдермен шатастырмауымыз керек.
Вокатив сөйлемдерді қаратпа сөзден ажырататын негізгі
белгілер мыналар:
-Қаратпа сөздер толық
аяқталған ойды білдірмей, қарсыластың назарын аударып
ғана қояды;
-Қаратпа сөздер сөйлем
мүшелерімен грамматикалық байланысқа түсе алмайды, ал
вокатив сөйлем бір құрамды сөйлеммен қатарласып,
арнайы өз орны бар, модальды реңк береді;
Вокатив сөйлем қаратпа
сөздермен контекст пен ситуацияға байланысты ерекшеленеді.
Біздің ойымызша, вокатив сөйлемдерді ұйымдастырушы
тұрлаулы мүше – есім сөз, ол тек вокатив формада тұрады.
Оның сөйлем мүшелеріне еш қатысы жоқ.
Мұндай сөйлемдер қарату, шақыру және басқа
да осы түсініктерге сай мағыналық реңктерді білдіреді»
[12,12-13].
Ғалым О.Төлегенов вокативті сөйлемдерді лептік
қаратпалы сөйлем деп, оларды мүшеленбейтін
сөйлемдердің қатарына жатқызады [13,169].
Сөйлемнің экспрессивтілігін күшейтуде вокатив
сөйлемдердің рөлі күшті. Вокатив сөйлемдер
өзіне тән интонация арқылы ажыратылады. Бұл
сөйлемдер ерекше дауыс ырғағымен айтылып ғана
қоймайды, оның қызметі әлде қайда кең.
Қазіргі тіл білімінде жазбаша және ауызша тілді мүшелеу,
құрлымына қарай бөлшектеу әлі толық
зерттеліп біткен жоқ. Қазіргі синтаксис сөйлемнің
ауқымымен шектелмей «мәтін», «күрделі синтаксистік
тұтастық», «абзац» сияқты ұғымдарды зерттеу
нысанасы ретінде қарастырып жүр. Мәтіннің
құрылымын біртұтас коммуникативтік бірлік ретінде
қарастыру оның құрылымы мен мағынасының бір
бүтін, күрделі синтаксистік бірлік екенін дәлелдеп берді.
Қазіргі тіл білімінде күрделі синтаксистік тұтастық,
прозалық шумақ, микротекст ұғымдарын жалпылап фразадан
үстем тұтастық (сверхфразовое единство) деп атап жүр.
Кейде жалпы тема деп аталып, шағын тема негізінде мағыналық
құрылымға бірігетін дербес жасалған
сөйлемдердің бір ізділігі деп түсіндіріліп жүр. Мысалы:
Біз, Бәйсейіт пен Ғалымжан және бес-алты ел жігіттері
− бәріміз отауға кіріп келдік. Бізді күтіп жатыр.
Жоғары, араластырып отырғызды. Жұрт отауды
дөңгелек айналып отыр... Бәйсейіт, Ғалымжан
үшеумізді де бірыңғай қатар, қыздардың
араларына отырғызған (С.Сейфуллин).
Фразадан үстем тұтастық арасындағы байланыс
теманың ортақтығын, алдыңғы сөйлемнің
кейінгіде өріс алуын, қайталама номинациялармен, парафразалармен,
синтаксистік және ритимикалық параллелизммен, фразадан үстем
тұтастық арасын бөлетін паузалармен қамтамасыз етіледі.
Фразадан үстем тұтастық сөйлем синтаксисі тұтас
мәтін синтаксисіне өтуін қадағалап, жетекшілік жасайды.
Ал сөйлем қалыптасқан, тарих тезіне түсіп
тұрақталған тіл категориясы ретінде мағынасы мен
құрлымы жағынан белгілі бір заңдылықтарға
бағынады. Және бір сөйлем жеке тұрып сөйлеушінің
барлық ойын әрқашан жеткізе бермейді. Ол өзіне дейінгі
немесе кейінгі сөйлемдермен семантикалық жағынан
логикалық тұрғыдан тұтасып келіп ойды айқын
білдіруі мүмкін. Кейде жеке бір сөйлемді жеке
қарастырғанда тиянақты ой да байқалмауы мүмкін
(мысалы, парцеляция). Кейде сөйлемнің, кейде фразадан үстем
тұтастықтың ауқымында соңғы
айтылғанды алдыңғы оймен байланыстыратын тіл бірліктері
болады. Мұндай тіл бірліктерінің жиынтығының жалпы
тілдерге ортақтығымен бірге жеке тілге тән
ерекшелігінің де болатынын ескерген жөн. Жеке сөйлемдер
арасындағы логикалық байланыс белгілі бір тілдік
құралдар арқылы жүзеге асады. Тілімізде мұндай
байланыстырғыш қызмет атқаратын элементтердің бірі –
қосалқы құралымдар. Қосалқы
құрылымдардың негізгі міндеті - логикалық ойлаудың
жүйелігін реттей отырып, сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру
және автор мен оқушының, сөйлеуші мен
тыңдаушының арасындағы қарым-қатынасты арттыру.
Демек, қосалқы құрылымдар сөйлем мүшесі
тәрізді сөйлем құрамындағы сөздермен
грамматикалық байланысқа түспегенімен, жалпы
сөйлемнің ой желісінен ажырап қалмай, байланыстырғыш
қызмет атқарады.
Кейбір еңбектерде қосалқы құрылымдар
«сөйлеуші хабарды алушыға ойды жеткізген де өз
көзқарасын бірге білдіреді» делінген [14]. Сонымен қатар
қосалқы құралымдарды модальділік категориясымен
байланыстыру да тіл білімінде орын алған.
Модальдік (ағылшынша modality ) дегеніміз - айтушының
көзқарасы тұрғысынан айтылған
нәрсенің мазмұнының шындыққа
қатынасы. Қосалқы құрылымдардың бірі
қыстырма сөздер модальділік аспектісі ретінде таныла алады.
Қыстырма сөздердің сөйлемде айтылған ойға
айтушының көзқарасын білдіретіндігі, сөйлемнің
модальдік мәнерін айқындайтындығы
қазақ тіл білімінде де айтылып жүр [5;106-136].
Соңғы кезде қыстырма сөздер мәтін контексі
деңгейінде қарастыру қолға алына бастады. Зерттеуші
Ж.А.Жакупов сөйлемдерді контекске бағындырудың өнімді
тәсілдерінің біріне қыстырма сөздердің
қолданылуын жатқызады да, оның қызметі көршілес
сөйлемдермен салыстыру барысында көрінетінін айтады [1;32].
Сөйлемнің экспрессивтілігін арттыруда да қаратпа
сөз бен қыстырма сөздің қызметі ерекше. Олар
сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік байланыста
айтылмағанымен, мағыналық байланыста жұмсалып, ойды
тартымды, әсерлі, дәл түсіндіруге үлкен қызмет
атқарады. Қаратпа сөздер әсіресе шешендік сөзде,
үндеуде, диалогті сөйлемде, кім үшін, кімге қарап, неге
арналғанын және сөйлеушінің ішкі сезімін
аңғарту үшін жұмсалады.
Қаратпа сөздердің түрлері де, сөйлемдерге
енгізетін мағыналық өзгерістері де сан алуан. Олардың
негізгілері мыналар:
1. Әй, ей қаратпа сөздері бар
сөйлемдер дөрекілікті білдіреді.
2. Бірқатар қаратпа сөздер біреуге жылы шыраймен жасы
кішіні жақын көріп жұмсағанда қолданылады.
3. Біреуді жақын көріп, сыйлы санап не еркелеп сөйлегенде,
кісі атын қысқартып Ақа, Сәке деп немесе інішек, апеке
ағатай деп айтады.
4. Жансыз затты қаратпа сөз арқылы атай сөйлеу
көркем әдебиетте жиі кездестіруге болады.
Парентетикалық еңгізімдерді ішінара тағы да
ұсақ сематикалық топтарға бөлуге болады.
Біздің басты мақсатымыз оларды мағыналық жағынан
айырмашылығын анықтау емес, экспрессивтік функциясын таныту. Бұл болашақ ізденісіміздің
нышаны болып қала бермек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Жакупов Ж.А. Қазақ тілі функциональдық
синтаксисі (контекст проблемасы). Филол. ғыл. докт. …
авторефераты: 10.02.02. -Алматы, 1993. -66 бет.
2.
Қапалбеков Б. Грамматиканы зерттеудің
түрлі әдістері // Қапалбеков Б. Ұлттан тілді алса
(мақалалар жинағы). –Алматы, 2006.
3. Ана тілім – ардағым. –Алматы: Қазақстан, 1990. -168 бет.
4.
Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі
құрмалас сөйлемдер синтаксисі. –Алматы: Санат, 1995.-176 бет.
5. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің
қысқаша курсы. -Алматы:
Санат, 1994. -320 бет.
6. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем
синтаксисі. -Алматы: Санат, 1998.-192бет.
7.
Сарыбаев Ш.Ш. Қазақ тілі грамматтикасы. І
бөлім. –Алматы, 1967. -360 бет.
8. Жанпейісов Е. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. -310 бет.
9.
Иванова И.П., Бурлакова В.В., Почепцов Г.Г.
Теоретическая грамматика современного английского языка. –Москва,1981. -360 с
10. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі
қазақ тілі. -Алматы: Санат, 2003. -240 бет
11. Шахматов А.А. Синтаксис русского языка. –Ленинград, 1941. -620 стр.
12. Темірбекова Г.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі бір
құрамды есімді сөйлемдер мен сөз сөйлемдер.
Ф.ғ.к.ғ. дәрежесін алу үшін дайындалған дисс..
–Алматы, 2002. -108 бет.
13. Төлегенов О. Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модальды
және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. -Алматы: Мектеп,
1968. -180 бет.
14. Арнольд И.В. Семантическая структура слов в современного английского языка.
Ленинград, 1973. -325с.