Шарт қатынасын өзге синтаксистік
қатынас түрлерінен даралау
Қамзаева К.С. ф.ғ.к, доцент
Бекмағанбетова
Г.Ш. ф.ғ.к., аға
оқытушы
Ғалым Қ. Есенов шарт қатынасын айқындауда әлі де болса толық ескерілмей
келе жатқан жайлардың бар екеніне тоқталып: «Алайда бұл
бағыныңқылардың көптеген заңдылықтары
мен құбылыстары күні бүгінге дейін өз алдына
қазақ тіл білімінде арнайы сөз болған емес. Соның
салдарынан бұл мәселелердің зерттелуі жалпы
құрмалас сөйлем синтаксисінің аясында ғана
шектеліп келді» [1, 70 б.], – дей отырып, осы мәселеге байланысты келелі
пікірлерін айтады. Ғалым: «Шарт мағынасы бүтіндей
сөйлем бойынан көрінеді...», - дей отырып: «Ол әсіресе
бағыныңқы компонентте болады да,
басыңқыдағы амалдың орындалуына негіз ретінде
қолданылады» [1, 72 б.], - деп, тек бағыныңқы
сыңарды басты назарда ұстағанды жөн көреді.
Ғалым аталмыш мәселенің зерттелу жайына тоқтала келіп:
«Қазақ тіл білімінде шартты бағыныңқы
сөйлемдерді принципті негізде өзара саралау соңғы
кездерге дейін орын алмай келді. Оқулықтар мен ғылыми
еңбектерде және кейбір жеке мақалаларда, аталған
сөйлем жайында әңгіме болғанда,
басыңқыдағы істің орындалуы үшін
бағыныңқыға шарт қойылады деген сияқты
белгілі тұжырымнан әріге бармайды. Тіпті
бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдердің
арасындағы шарттық қатынас қандай дәрежеде болып
отырады, олардың баяндауыш формаларының байланысы қалай
түрленіп келеді, т.б. толып жатқан мәселелер назардан тыс
қалып келді» [1, 95 б.],-дейді.
Кейінгі зерттеулерде мәселе тіл біліміндегі әралуан
көзқарастармен байланыстырыла отырып, кеңірек ауқымда
қарастырыла бастағаны көрінеді. С.Ж. Тәжібаева
түсіндіруінде шарттылық қатынастағы
құрылымдар орыс тіл білімінің ізімен (Т.А. Колосова)
симметриялы және асимметриялы құрылымдар болып бөлінеді
де, асимметриялық құрылымдарда модустық мәндегі
вербалданбаған имплицитті құрылымдық элементтердің
болатыны айтылады [2, 208 б.]. Яғни, бұларда симметриялы
құрылымдағы сөйлемдердей емес, айтылым (план выражения)
және берілім (план содержания) әрекеттері құрамы
жағынан сәйкес келмейді, яғни берілімде бір құрылымдық элемент,
яғни модустық мәнді құрылымдық элемент –
көрінбей (вербалданбай), жасырын тұрады, бірақ ол
тыңдаушыға оңай түсінікті болады.
Жоғарыда келтірілген мысалдардағы 2, 3 сөйлемдер
табиғаты бұлардан сәл өзгешелеу екені көрінеді:
бұларда көру
мағынасы емес, айту
мағынасы жасырын тұр. Сондықтан да автор оларды: Ермек кітаптарын іздесе, олар кітап
сөрелерінде деп айтыңдар. Айгүлге телефон соқса, ол
сыртқа шығып кетті деп
айтыңдар – түрінде толықтырған.
Қалыптасқан көзқарас тұрғысынан келгенде,
бұларда шарттылық мағына айқын көрінбейді.
Бұлардағы басыңқы сыңардағы
іс-әрекеттер толықтырылған нұсқаларында, сырттай
қарағанда, бағыныңқыдағы
іс-әрекеттің нәтижелері тәрізді болып
көрінгенімен, негізгі нұсқаларында мұндай
шарт-нәтижелік сипат көрінеді дей алмаймыз. Ал негізгі талдау
нысаны болып отырған да сол –
алғашқы нұсқалары. Осындай құбылыс
автор келтірген орыс тілі дерегінен де айқын көрінеді: Если хотите пообедать, то столовая находится
налево.
А.К. Федоров шарт-нәтижелік сипаттағы байланыс
мағыналық және құрылымдық сипаттары
жағынан әр алуан типтегі құрмаластар сыңарлары
арасында бола беретінін, бірақ олардың бәрін бірдей
шарттылық қатынастағы құрылымдар деп
танудың негізі жоқ екендігін айтады [3; 207].
Біз жоғарыда айтылған жайлардан шарттылық
қатынастағы тілдік құрылымдарды ажыратудың
синтаксистік критерийлері әлі де толық айқындалмағанын,
шарттылық қатынастың өзге синтаксистік қатынас
түрлерімен өзара байланыс сипатының да әлі
теориялық тұрғыдан толық ажыратылмағанын
аңғарамыз.
Н.В. Ляпон еңбегінде шарт қатынасы жасалуының
қосалқы құрылымдары (не вербализованное теневое
сопровождение) сөз болады. Әдетте, шарттылық
құрылымның жасалуына өзі нақты вербалданбаса да,
берілген шарт мағыналы құрылымның контексті
арқылы көрінетін, осылайша шарттылық мәнді
айқындаудың жасырын бір жүйесі ретінде қызмет ететін
«көлеңкелі» логикалық құрылымды
аңғаруға болады. Біз мұны «көлеңкелі
контекс» деп атадық. Мысалы, Жаңбыр
жауса, жер көгереді - тәрізді шарттылық
құрылымның астарында Жаңбыр
жаумаса, жер көгермейді мағынасындағы
«көлеңкелі» контекст тұрады. Негізгі ойға
альтернативтік сипатта көрінетін осындай көлеңкелі
құрылымдар, автор пікірінше, шарттылық қатынасты
ажыратудың межесі ретінде танылады. Автор шарт
құрылымындағы сөйлемдердің жарыспалы
нұсқаларын (альтернативный вариант) екі түрлі сипатта
айқындайды: 1) айқын альтернатива (сильная альтернатива), 2)
әлсіз альтернатива (слабая альтернатива) [4, 23 б.].
Орыс тіл білімінде шарт, мақсат, себеп үшеуі шарттастық
(обусловленность) қатынасы ретінде біріктіріліп қарастырылатынын
айтқанбыз. Мұның негізгі себебі – олардың туындатушылық
сипатта (порождающее отношение) келетіндігінде, яғни
бағыныңқыдағы іс-әрекеттің орындалуынан
басыңқыда да жаңа бір іс-әрекет жүзеге асады.
С.А. Шувалова мұны тіл білімі дамуының ертерек кездерінде
(өткен ғасырдың 20-30ж.ж.-да) құрмалас
сөйлемнің пысықтауыштық қатынастағы
мүшесі ретінде сөйлеммүшелік тұрғыдан түсіндірілуімен
де байланыстырады [5, 32 б.], бірақ пысықтауыштық
қатынас құрамында шарт қатынасы айтылмайды.
Қалайда себеп, шарт, мақсат қатынастарының арасында
белгілі бір байланыс бар, ол жалпы жаратылыстық-болмыстық
және ментальдық құбылыстардың өзара
байланысынан, олардың тілде берілуінің, яки коммуникацияның
заңдылықтарынан туындаса керек: «себеп» дегеніміз «салдар», яки «нәтиже» ұғымымен,
«шарт» ұғымы да «нәтиже», «нысан» ұғымымен, ал
«мақсат» ұғымы «нәтиже», «амал» - ұғымымен
байланысты, жалғасты болады.
Біздіңше, шарт, себеп және мақсат
қатынастарының арасындағы байланыстың бір қыры
олардың жаратылыс-болмысқа қатысы тұрғысынан
айқындалатын тәрізді: мақсат-таза субъективті, яки адам
қатысы арқылы ғана болатын құбылыс, адам
ғана алдына мақсат қояды; себеп – ең әуелі
объективтік құбылыс, өйткені, субъективті, яки адам
арқылы, адамға қатысты болатын себептердің баршасы
кейінгі деп танылады және себептің субъективтілігі шарттың
субъективтілігіне қарағанда, бәсең, ол модальдық
сипаттарға бай емес; Ал шарт қатынасы – о баста себеп
қатынасы тәрізді жаратылыстық-болмыстық сипатта
болғаны айқын, бірақ кейіннен шарт қатынасы, негізінен,
адам арқылы айқындалатын болды да, обьективтілік және
субъективтілік сипаттарға бай болып, өзінің осы ерекшелігімен
өзге екі топтан бөлекше көрінеді.
Шарт қатынасындағы құрмаластарда таза шарт
мағынасы үнемі айқын көрінбей, көптеген
жағдайларда оның қосымша мағыналық
реңдермен (мезгілдік, себептік, қарсылықты, т.б.) астасып
келетіні туралы пікірлер осы бағыттағы зерттеулерден
бұрыннан-ақ белгілі. Ғалым Қ. Есенов бұл туралы
өзінің аталмыш еңбегінде Р.П. Рогожникова, М.А.
Асқарова, Қ. Сартбаев, А.З. Абдуллаевтардың орыс,
өзбек, қырғыз, азербайжан тілдеріндегі осындай
құбылыстар туралы пікірлерін келтіріп өткен. Мысалы,
қырғыз тілі деректерінің негізінде Қ. Сартбаев былай
дейді: «...часто строится придаточное предложение без четкого значения -
условно временное, условно – причинное и другие» [6, 136 б.]. Шарт қатынасындағы
құрылымдарды өзге мағыналық реңдермен
байланыстыра қарау үрдісі орыс тіл білімінде де бар. Т.А. Глущенко
да шарттылық қатынастағы құрмаластарды іштей
мағыналық ерекшеліктері тұрғысынан саралай келіп, 8
түрге бөледі: 1. собственно условное; 2. условно – временные; 3.
условно – причинные; 4. условно – уступительные; 5. условно – целевые; 6. условно – выделительные; 7. условно –
сопоставительные; 8. условно – вводные. Сондай-ақ, автор
құраушы сыңарларының орыс тіліндегі позициялық
жағдайына қарай, яки бағыныңқы
сыңардың препозициялық жағдайына қарай,
олардың түсіндірмелік, айқындамалық (изъявительный,
определительный) мағыналарды да білдіретінін айтады [7, 42 б.].
Орыс
тіл білімінде де кейінгі бірқатар еңбектерде шарт қатынасын
өзге синтаксистік қатынас түрлерінен ажырата
қарастырып, оларды даралай қарау мақсатындағы пікірлер
кездеседі. Мысалы, Л.Б. Кочерга-Бортэ, Н.И. Штыкало, В.Н. Медынская
еңбектерінде шарт және себеп қатынастарын ажырата
қараудың кейбір тәсілдері көрсетілген .
Қорыта
келгенде, грамматика ғылымының мақсаты – осы
қиындықтарды жеңе отырып, мағыналық
қатынастар сипатын айқындауда нақты өлшемдер табу,
олардың грамматикалық, лексикалық, т.б. көрсеткіштерін белгілеу.
Бұл, әрине, толық орындалуы қиын болғанымен, осы
деңгейге белгілі дәрежеде өте жақын бару басты
мақсат болып табылады. Құрылымдық тіл білімі
өкілдері бұл бағытта көптеген жұмыстар
жасағанын ескере отырып, ендігі міндет осы мәселеге
мағыналық, қызметтік (функционалдық) тіл білімі
тұрғысынан тереңдей бару деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және
қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер. – Алматы,
1969. – 191 б.
2. Тәжібаева С.Ж. Каузальные полипредикативные конструкции казахского
языка «сопоставительный аспект». – Новосибирск, 2001. – 312 с.
3. Федоров А.К. Трудные вопросы синтаксиса. – Москва: Наука, 1972. – 130 с.
4. Ляпон Н.В. Смысловая
структура сложного предложения и текст. (К типологий внутритекстовых отношении)
- М., 1986. – 380 с.
5. Сложные предложение (под редакции С.А. Шуваловой). – М.,1983. 200 с.
6. Сартбаев К. Основные вопросы синтаксиса
сложного предложения в современном киргизском языке. автореф. докт. дисс. М.,
1953. – 41 с.
7. Глущенко Т.А. Стилевая
дифференциация сложноподчиненных предложении условного типа в современном
русском языке. – Орел, 1986. – 235 с.
Түйін сөздер: Семантикалық өріс, коммуникативтік қатынас,
модустық мән, айқын альтернатива, әлсіз альтернатива,
«көлеңкелі» логикалық құрылым, шарттылық
қатынас, модальдық сипат, жаратылыстық-болмыстық
және ментальдық құбылыстар, туындатушылық сипат.