Айтбаева Айман Ералықызы

филология ғылымдарының кандидаты,доцент

Нахатова Жансая, К-13-1 оқу тобы студенті

Қорқыт ата атындағы ҚМУ  

 

 

Ф.Оңғарсынова поэзиясындағы қазақ әйелі

 

60-жылдары әдебиет әлемінің айрықша жанры – поэзияда адуынды жырларымен көпшілікті елең еткізген ақынның бірі – Фариза Оңғарсынова. Фариза поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз шеберлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, З.Ахметов, Х.Ерғалиев, М.Хакімжанова, Р.Нұрғалиев, Р.Сейсенбаев өрбіткен ғылыми бағам- тұжырымдарды  әдебиетші ғалымдарымыз жалғастырды.

 Сөз зергері Ғабит Мүсірепов Ф.Оңғарсынованың «Сұхбат» жинағына жазған алғы сөзінде: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік,батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін»[1,4].

Ғ.Мүсірепов айтқандай  көркем сөз майданындағы Фаризаның лирикасы қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние, баға жетпес қазына.   Шоқ-шоқ туындыларымен оқырман жүрегіне бірден жол тапқан, әйел затының әлемді бағындырған ұлы қасиетін, халқының намысы мен ар-ұятын, елдігі мен ерлігін семсер жырының басты тақырыбына өзек еткен Фариза жырлары туралы, Әйел ақындардың бастауы деп таныған Ә.Тәжібаев өз ойын былайша білдірген :«Фаризада халықтық рух бар, ол елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын»[2,18].

Ақындық қуат, құдірет-күшпен дүниенің о шеті мен бұ шетін, өткені мен кеткенін, келер болашағын, жоғалтқаны мен тапқанын жіті барлап отырар Оңғарсынованың сахнасы  - дала, кейіпкерлері – оның сан тарау тағдырлы адамдары. Жырларынан  Сарыарқаның сайын даласын да, кербез сұлу Көкшенің көркін де, Маңғыстау маңғаздарын да, құрыш білек еңбекшіні де, тұлғасы мен айбат-айбар берген қаламдас ағаны да табасыз. «Мен,-дейді ақын,-өз өлеңдерімді кім болса да түсінеді деп ойламаймын және жұрттың баршасына түсінікті болуға тырыспаймын да. Поэзиядан жанына ләззат алатын, өлеңнің әр жолына үңіліп, жүрегіне ұнаған тіркес-шумақтарды рахаттана астын сызып тұрып оқитындарға өлеңім ұнайды деп сенемін. Ондайлар сан жағынан көп болмауы мүмкін. Бірақ сол аз ғана топтың көңілінен шықсам өкінбеймін»[3]. Осы сөзден-ақ ақынның лирикасының тамыры тереңде жатқанын аңғаруға болады.

 Ақын лирикасындағы ерекше жырлағаны әйел-ана  тақырыбы. Басты лирикалық геройы –әйел. Тағдырдың талай тауқыметін көрген қазақ қыздарының тағдыры Фаризаның ақындық, азаматтық ой-парасатын танытатын кесек дүниелер. Әйел жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: «Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымда сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы"[3,184], – дей келе:

 

 Өз-өзіммен өртеніп барам жанып,

Жүректен жас ағады тарамданып.

Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса,

Ақтарылар алдыңда саған барып.

Жасқа ғана толады жанар налып,

Мен үшін тұр дүние қараң қалып, – деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді.

Енді бірде ақын:

 

Мезгіл бұршақ жаныңа салып таңба,

Қайратыңнан қайысып, налып қалма.

Сені іздейтін аға бар тарыққанда,

Інілер бар дем берер жабыққанға.

Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың,

Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда, – деп  өлеңімен елін аялаған ақын, өзін аялайтын қазақтай елі  бар екенін мақтан тұтады.

Қай халықтың алмасаңыз да, өзіне тән тарихы бар және тарихи тұлғалары бар. Фариза Оңғарсынова шығармашылық әлемінде айтпай кетуге болмайтын тағы бір кезеңді сала бар. Ол тарихи тұлғалар мен өз көкірегінде қорытқан тағдырлар арқылы дүниеге келтірген қазақ әйелдерінің галереясы. Сыртқы және рухани портреттері. Бұл портреттер  сұлулық пен сымбаттың, тартымдылық пен көркемдіктің, бақ пен сордың, мұң мен қуаныштың, үміт пен күдіктің, нала мен шаттықтың, көз жасы мен күлкінің, ашу мен сабырдың, көлеңке мен күншуақтың, кек пен кешірімнің бояуларымен салынған. Осы тұста ақынның  ғашығына қосыла алмаған Ақбөпе, ән еркесі Майра, қараңғылықтың құрбаны болған ақын Сараның  қазақ әйеліне тән сұлулығын, әдемілігін, бойдағы көркем мінез, рухани жан –дүниелерінің байлығын өрнектеген порттерін айтуымызға болады. Сол кезеңдегі әлеуметтік  теңсіздіктер мен алысып-арпалысқан,  оған налып-күйінген, бұлқынып-бұрқанған сезім шарпуларын кейіпкерінің өз сөзімен шебер жеткізе білді. Мына өлең жолдарына назар аударсақ:

Ақбөпе:

Құса боп өтсе, қыздары елдің сәні ме,

Халқым-ау, қалай төзгенің!

Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрі де,

Махаббатымнан өзгенің[4,171].

 

Сара:

Әділет кетсе хандардан,

Халқына шаттық аз шығар,

Жазықсыз көзден жас шығар,

Бірлігі тайып басынан,

Ірмекті сүттей ашыған

Абыройы елдің шашылар,

Жаулары таптап басынар[4, 32].

 

Майра:

Болғанмен жырым – жақұт, әнім – асқақ,

Алмастай өмірімнің әрі қашпақ, -

Шырқайтын сандуғаш үн сайрай алмай,

Жыр көшін бара жатса жабы бастап...[4, 85].

 

           Ақын тарихи тұлғаларға айналып кеткен Ақбөпе, Сара, Майралардың рухани портреттерін салып қоймай, сонымен бірге солардың көзімен сол бір заман мен уақыттың кескін-келбетін, дәлірек айтсақ, образын да сомдайды.

           Фариза сондай-ақ, есімдері «қос ішектен шығатын» бір үнге айналып кеткен, «алау көңілдері бозбаланың деміне емес, соғыстың жалынына шарпылған» аяулы Әлия мен Мәншүк жайында да жыр жазды. Соғыстың құрбандарына айналған, өмірін елі үшін арнаған, халқының амандығы үшін қыз да болса өз өмірін бәйгеге тіккен қос шынардың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі етті.

           Фаризаның «Жыр Анасы» өлеңі XX ғасырдағы әдебиет пен мәдениеттің белгілі қайраткері Мәриям Хакімжановаға арналған. Ол – ұлттың үш бәйтерегі, бес арысының айналасында жетілген, өлең әлемінде өз жолын айқындаған тұлға. Ақын «еліме ана боларға лайық сен ғана» деп бағасын берген. Мәриямды елінің ғана емес, өз анасындай көрді. Өлең өнеріндегі ұстазым деп құрмет тұтты. Ойымызды дәлдей түсу үшін, мына өлең жолдарына назар аударайық:

 

Айтқызбай іштей сезіп, жайды ұғасың,

Азабын біздің жолдың, сай, жырасын...

Шағылса менің тауым алғашқы боп,

Бір өзің қайғырасың.

Оп-оңай жеңіс бар ма, жарыс бар ма,

Соғады кейде жарға ағысты арна.

Анамдай қуанасың, қолым жетсе,

Аз ғана табыстарға[4,100].

Жыр барысында Мәриямдай қазақтың ақын қызының кеңес дәуірінің келеңсіздігіне, қоғамның алауыздығына, жоқтық пен жетімдіктің шырмауына, адамдарды арамза пейіліне жырымен қарсы тұрғандығын аңғарасың. Ақын жаны қанша қиналса да, оны «халқының жетеледі сенім таңы»деп болашақта әділдіктің жеңетініне жетелейді. Фариза халқының шаттанып, шабыттанып ақын Мәриямның тойын тойлап жатқан суреттерін ерекше сезіммен суреттеді. Аллаға мың сан шүкіршілік айтты.

           Кез-келген ақын екі жырының бірін ана тақырыбына жазады десек артық етпес. Себебі, ол - әлемнің қуаты. Ананың мейірімі мен махаббатының арқасында қанша адам өмірге келіп, мәнді ғұмыр кешті, қоғам қалыптастырды, ел қалыптастырды.  «Ана дауысы» , «Анамен қоштасу» өлеңі арқылы  құдіретті ананың баласына деген тілегін, арманын жеткізді. «Шаңырақ туралы жыр» өлеңі де шоқтығы биік туындыларының бірі. Қасиетті Құран кәрімде егер әйел, ана дәрежесіне жетсе, жаннатты оның аяғының астында деп түсіндіреді.

           Ғасырлар бойы Ислам дінімен сусындап шариғаттың шамын жаққан дана халқымыз әйел затына ерекше ілтипат көрсетіп көңіл бөлген. Оған дәлел адам өміріндегі асыл қасиеттерді ана сөзімен байланыстырған.

           Яғни, Жер –ана, Табиғат ана, тіпті байланыс дәнекері болған асыл тіліміздің өзін Ана тілі деп дәріптеген. Әр қазақ қызына ана болу бақытын жүрегімен тілеген Фариза ақынның лирикалық  кейіпкері тәтті сезім мен адал махаббаттан нәр алып, бүр жарған жемісі бөбегі бойына дарығаннан бастап, өзін мәңгі адамға балайды, өмірі жазға айналғандай, өзі ерекше сұлуланғандай, бойына қайсарлық дарығандай, жанарынан күн күлгендей сезімге бөленеді. Баласының өмірге шыр етіп келгені, күлгені, тәтті қылықтары, тыпырлап жүгіргені, атқа мініп, бәйге алғаны ананың бақыттан басын айналдырды. Бұл өлең ана үшін бөбегінен асқан бақыт жоқ екендігін, ананың балаға деген махаббатының адал, таза, пәк екендігін тағы бір дәлелдей түскендей.      

           Ақын өз анасы Халима Бөкейқызына талай жырларын арнады. «Анама», «Ана махаббаты» деген өлеңдері анасына деген сағынышынан туса керек. Анасының айтқан ақылдарын өмір бойына өзіне азық етіп, анасының берген тәлім-тәрбиесін бойына дарытып, өзінен кейінгілерге де үлгі ете білді. «Сырласу» өлеңі ана рухымен тілдесуі. Өмірде болып жатқан келеңсіздіктен, көрген тауқыметінен, шеккен азабынан қажыған ақын қыз анасының рухымен сыр шертіседі. Шын мәнінде оны түсінетін тек анасы ғана еді. Ана мен қызының диалогында тек мұң басым емес. Бірде өмірдің қызығына тоймай, рахаттанып жүргенін айтса, анасы оны  сәл басыңқырап қояды. Енді бірде, қатты қиналғанын айтса, анасы оның қайратын шыңдап, қарсы тұруға шақырады. Шақырып қана қоймай, талап етеді. Жыр соңында құлынын «халқына» , «тағдырға», «айдын кезген желкенге» «ең алдымен өзіне», «шуақ шашқан таңдарға» тапсырады. Бұл жырдан ақынның ана демеуіне шөлдегенін, ол шөлін тек рухымен тілдесу арқылы қандыратынын аңғарамыз.

           Фариза Оңғарсынованың әйел тақырыбына арналған келесі жырлар топтамасы өмірдің сәні мен мәніне айналған қыз-келіншектерге арналады. Ауылда «Еркем», «Көріктім» деп еркелететін, ауылға қыдырып барса төрге отырғызып, құдайындай сыйлайтын жеңгелеріне жыр арнады. Өлеңінде әрдайым сырласып, мұңдасып, құпиясын бөлісіп жүретін жеңгелеріне деген сағынышын жырлады. Жеңгеге арнаған жырларынан қазақтың қанына біткен жеңгеге тән сыпайылықты, әдептілікті, мейірімділікті, инабаттылықты, кішіпейілдікті аңғарамыз. Ең бастысы, халқымыздың салтына сай, қыз бен жеңге арасындағы алтын көпірді көреміз. Ол – алтын көпір – сыйластық көпірі. Ақын сонымен бірге артынан ерген өмірдің әр саласында жүрген сіңлілеріне де арнап өлең жазды. «Сіңлілерім» деген жырында жанына жақын сіңлілеріне апалық ақылын айтып, салиқалы ойларымен бөлісті.  Осы тұста ақынның «Қыз балаға бата» өлеңін айта кетейік. Фольклорлық сарын мен поэзияны  ұштастыра отырып жазылған бұл шығарма қаламгердің биік талғамы мен тілегін көрсетеді. «Қыз балаға батаны»   ақынның қазақ қыздарына қояр талабы десек артық айтқандық емес. Ол әрбір өсіп келе жатқан қазақ қызының бойынан «талдай бой», «сұңғыла ой», «жаздай жамал», «таңдай жанар», «нәзік жан» көргісі келеді. Қазақ қызы «анаға шуақ», «ағаға қуат», «елінің ары», «ақ орданың шамы» болса екен деп үміт етеді.  Қорыта айтқанда қазақ поэзиясында  әйелдер тақырыбын көтеріп, жан-жақты қырларын ашып көрсеткен Фаризаның  шығармалары  өшпес мұра.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              

1.                     Мүсірепов Ғ. Екі ауыз сөз. Ф.Оңғарсынова  Т.9.-133 б.-Астана,2004

2.                     Тәжібаев Ә.Фаризаны оқысам. Ф.Оңғарсынова  Т.9.-236 б.-Астана,2004

3.                     Сұхбат. Өлеңдер. Алматы:1983.-184.

4.                     Ф.Оңғарсынова  Т.3.-Астана,2004