З.Н.Ермағанбетова
ф.ғ.к., аға оқытушы
А.Қ.Оразова
магистр, аға оқытушы
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік
университеті
ШОҚАН ХАТТАРЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Кеңестік
зерттеушілер мен қазақ ғалымдарының
көпшілігінің еңбектеріне сүйенсек, журналистикадағы жанр түрлерін
негізгі үш топқа бөлеміз: хабарламалы, талдамалы, көркем-публицистикалық.
Ал бертіндегі (тәуелсіздік алған тұс пен қазіргі
кезең) жақын және алыс шетел және қазақ
публицистика зерттеушілері мәселен, бағанды (колонка), одан кейін
жанрлар араластығынан тұратын журналистік зерттеуді, т.б. жеке жанр
ретінде бөлек қарастыруды ұсынады. Осындай тың пікірлер
нәтижесінде дәлелденіп, өзінің ойып орнын алған эпистолографияның
бастауы болатын – хаттың да өзінше жанр ретінде қоғамда
орны бар десек, қателеспейміз. Белгілі ғалым
Р.Сыздықованың және де басқа көптеген
ғалымдардың ғылыми дәйегіне жүгінсек,
эпистолярлық жанрға жеке адамдардың күйкі
тіршіліктерінің мәселесіне арналған хаттар легі
жатқызылмайды, оған тек қоғам
қайраткерлерінің сол қоғамның іріп-шіріген,
адамзатқа жат проблемалар қозғалған, әлеуетті
мәселелер көтерілген публицистикалық дүниелері кіреді. Бұл
тұрғыда сөз қозғаған зерттеушілер
Е.Прохоров, Н.Соколов, П.Карасев, Р.Сыздықова, Қ.Жұмалиев,
Қ.Бекхожин, Б.Жақып, т.б. сөз зергерлері хаттың адам
өмірінде алатын орнының маңыздылығы мен
қоғамдық ой мен пікірді қалыптастырудағы орасан
зор күш екендігін атап өтеді. Ежелгі грек хаттарынан
эпистолярлық жанрдың ең алғашқы үлгілерін
табатындығымызды бұрынғы мақалаларымызда айтқан
болатынбыз. «Ал қазақ даласындағы жеке адамдардың
бір-біріне жазысқан хаттарының қарлығаштарын
19-ғасырдың 30-жылдарынан табамыз». Ғалым Р.Сыздықова
бұл кездегі хаттарға «Махамбет Өтемісұлының 1839
жылы әр жерлерде бой көтерген қозғалыстардың
қолбасшы батырларына арнап жазған хаттарын» жатқызады [1, 257].
Қазақ
қоғамында Ы.Алтынсарин ағартушылық қызметімен,
А.Құнанбаев қара сөз және өлең
өрімінен пәлсапалық ойлар өруден алдына жан
салмаған көрегендігімен ең бірінші ауызға ілініп,
ойға оралар болса, олардың қатарында саяхатшы, суретші,
этнограф, фольклорист-зерттеуші, түйіндеп айтқанда әмбебап
ғалым ретінде Ш.Уәлихановтың да есімі қатар аталады.
Шоқан салған сара жолдың тарам-тарам өрімінің сан
тараулы болғандығына оның еңбектерін парақтай
отырып көз жеткіземіз. Мектеп қабырғасында оқыған,
университет табалдырығын аттаған, ғылым-іліммен
айналысқан әрбір қазақ баласы оның
Ыстықкөл, Құлжа, Қашқария туралы
жазған жолсапар очерктерін тұшына оқып, қаршадай
жігіттің мол ілімі мен парасаттылығынан тәлім алды. Оның
туған жерге деген сағынышынан өріліп түскен ойлары мен
хаттары, боямасыз бай рухани сезімнен салынған суреттері әрбіріміздің
көңіл түкпірімізден орнын алды.
Ғалымның
эпистолярлық жанрға негіз болатын хаттары сан алуан. Бұл
жайында зерттеуші М.Фетисов: «Эпистолярное наследие Чокана Валиханова не
сохранилось полностью: до нас дошло только два десятка его писем. Но все они за
очень редким исключением представляют документы большой историко-литературной
ценности, в которых отчетливо выражен публицистический характер, и отличаются глубокой
идейностью и широким социальным диапазоном... Новаторство Чокана Валиханова в
эпистолярном жанре состояло в том, что он сумел придать ему публицистическую
силу и остроту»,- деген ой айтады [2, 215]. Ғалымның бұл
тұжырымына қосыла отырып, Шоқанның профессор
И.Березинге, П.Семенов-Тян-Шанскийге, Н.Курочкинге, Г.Колпаковскийге,
А.Майковқа, К.Гутковскийге, Ф.Достоевскийге, Г.Потанинге және
өмірінің ең соңғы сәтінде әкесіне
жазған аманат хатының небір өзекті мәселелерге,
қазақи ұрпақ тәрбиесіне арқау
болғандығын аңғаруға болады.
«Публицистика
да – сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем
әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе
жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы»,-
дейді зерттеуші ғалым Б.Жақып [3, 91]. Сол публицистиканың бір
тармағы болып саналатын хаттың Шоқан
шығармашылығында өзіндік ерекше орны бар. Олай деуімізге
себеп те жоқ емес. Оның батыс пен шығыс өлкесін аралап,
салыстыра, салғастыра жүріп тапқан небір ойлары мен
дүниетанымдық көкжиегі жоғарыда аты аталған адресаттарға
жазған хаттарында көрініс тапқан. Шоқан өз
хаттарында қазақ даласының күрделі проблемалары мен
өмірдің ащы шындығын шегіне жеткізе баяндап, туған
елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Оның
барлық хаттарында дерлік сыпайылық, жанашырлық, өзгеге
деген қамқорлық есіп тұрады. Осыған орай
Шоқанға да орыс жазушылары мен саяхатшылары асқан ілтипат
көрсетіп, жазған хаттарында үнемі Шоқанның есіне
еуропаша білім алған бірінші қазақ екендігін, оны жақсы
көретіндіктерін салып отырған. Мәселен,
Ш.Шыңғысұлы ресейлік досы Достоевскийге былайша хат жазады: «...Сізбен
бірге Семейде өткізген азғана күн маған сондай тамаша
әсер етті. Ендігі менің бір ойым сізбен тағы да бір кездесу.
Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға
шебер емеспін. Менің Сізге қандай берілгендігімді және сізді
қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де
білесіз». Ал хат қолына тиген Ф.Достоевский оған деген
өзінің мейірбан көңілін төмендегідей
жеткізеді: «Мейірман достым! Сіз мені
жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура
айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта
да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім
түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған
талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай
берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін
шығарсыз, қымбатты Уәли хан, бұл туралы 1 кітап жазсаң
да, ештеңе жаза алмайсың. Сезім мен құштарлық
дегенді түсіндіруге болмайды... Сізбен күймеде тұрып
қош айтысқанда, бәріміз күні бойы көңілсіз
болдық. Сізді бүкіл жол бойы еске алдық»,- деген
жүрекжарды сөздерінен-ақ Шоқанның қаншалықты
жан-жақты, ғылымда да, былайғы өмірде де
қаншалықты әмбебап болғандығын аңғару
қиын емес [4, 50-51]. Ал И.Березинге жазған хаттан
Шоқанның асқан білімдар, ұлтының нағыз
жанашыр ұлы және оның терең зеректігін
байқауға болады. Ол өз хатында сонау Еділ мен Жайық
бойын, Әму мен Сырды жайлаған қазақтың шығу
тегі мен оны билеп отырған хандардың шежіресін
алдыңызға жайып салады: «Орыс хан, Құйыршық,
Барақ хан, одан соң әз Жәнібектердің
ұрпағын» сөз етеді [5, 79]. Ол мұның бәрін
фактілі деректермен сөйлете отырып, қазақ хандарын орыс
патшаларымен салыстыра талдайды. «Қырғыз-қайсақ» деп
кеміте сөйлеп, қазақ деуге «аузы бармайтындардың»
көбейіп тұрған заманында мұндай нәрселерді
басқа емес, сол елдің өкіліне айтып, хат жазысу үлкен
ерлік демеске шараң жоқ. Көп достарының бірі А.Майковқа
Шоқан былай деп хат жазады: «Менің туысқандарым
ұлттық та, таптық та ескіліктің шырмауында.
Әсіресе, даңққұмарлығы бірден көзге
шалынады. Осыған қарап-ақ, олардың өздерін өздері
жоғары бағалайтыны, ақыл-естіміз деп түсінетіні
өз-өзінен белгілі болар. Демек оларға айтылған
ақыл-кеңес намысына тиіп, бұрынғыдан да гөрі
асқынта түсері анық. Көппен жалғыз алысуға
шама келмесін түсіндім, шындық қанша қасиетті
болғанымен, адасқанның алды жөн бола береді екен,
әсіресе, уақыт солай етіп тұрса амал жоқ»,- деп
таусылған құйрықты жұлдыздай жарқ еткен
қазақ перзентінің осы бір хатының біртуар талант Абай
атамыздың: «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма»
немесе «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген
ойымен астасатынын жазбай танисыз.
Шыңғысұлы
қазақы тәрбиені қастерлей отырып, еуропаша ілім-білімді
үйренуден, оны сахара даласына танытып-таратуды өзінің алдына
мақсат етіп қояды. Соншалықты ізденудің, ата-анадан
жырақта жүріп араласқанның арқасында қол
жеткізген орыс достары арасындағы нәзік жіпті – достастықты
үзіп алмауды да ойлайды. Оған ғалымның А.Майковқа
жазған мына бір хатынан үзінді келтірсек болады: «Енді Сіздер
туралы, Петербор жайлы, менің петерборлық достарым жайында
айтайық! Достоевскийлер не істеп жүр? Олар сирек жазатын болды,
бірақ оған өзім де кінәлімін, өйткені сирек жауап
қайтарамын. Журналдарының жағдайы қалай? «Жалғасы
бар» деулеріне қарағанда, жақсы болу керек. Өз арамызда
айтқанда, мен солардың негізін, халықшылдығын
жөнді ұқпаймын, біресе славяншылдықтың иісі
аңқиды, біресе шектен асқан батысшылдықтың иісі
шығады. Бітісу байқалмайды немесе бітісу қолдарынан келмей
жүр. Менің ойымша, екінің бірі, не батыс үлгісімен түбірінен
қайта құру керек, не
ескіден айырылмай, тіпті ескі сенімнің өзін де пайдалану керек.
Қытайлар секілді «ортаны ұстану» енді жарамайды» [4, 53].
Шоқан
Уәлиханов еңбектерінің шоқтығы биік
дүниелерінің ішінде оның хаттары да ауызға бірінші
кезекте алынады. Себебі, Шоқан өзінің халық
алдындағы қандай да бір болмасын, игі жұмысы болса да оны
хаттап, айналасындағы өзі риясыз досым деп таныған
адамдардың барлығына дерлік жазып отырған. Оның
қайсыбір эпистолярлық дүниесін алсақ та, өз халқының
мұң-мұқтажын күйттейді, өзінің
қарақан басының емес, қалың
бұқарасының қамын жейді. Қаршадай
қазақ жігітінің халқы дегенде қара күші бар
екендігін байқаймыз. Ол өзінің өмірінің
соңында әкесіне жазған хатында: «... Қажыдым,
күшім бітті, қан-сөлім кетіп, құр сүйегім
ғана қалды, кешікпей жарық дүниеден кетермін.
Менің аяулы туыстарыммен, достарыммен көрісуді тағдыр жазбай
тұр. Бұл менің ең соңғы хатым. Қош
болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым»,- дей
келе, Шоқан әкесіне соңғы аманатын тапсырады: «Жетісуға
келіп, бейшара Айсараны (әйелі) елге алып қайтыңыз, оны
қараусыз қалдырмаңыз» деген аяулы ұлдың
қимас та, өкінішке толы хаты оның эпистолярлық
мұрасының соңғы нүктесі еді [4, 59].
Қазақ
ұлтының, оның мұңы мен зарын айта білген
хаттардың озық үлгілеріне жатқызуға болатын
эпистолярлық дүниенің қатарында Ы.Алтынсарин мен
Ш.Уәлиханов хаттарының алар орны ерекше. Біз сөз етіп
отырған ғұлама Шоқанның хаттары –
қазақ эпистолярлық публицистикасының көш басында
тұрған таптырмас туындылар. Бұлай деуімізге негізіміз де бар.
Мәселен, оның хаттарын елеп-екшеп, оның өзіне тән
ерекшелігін саралар болсақ, мынадай қорытындыға келуге болар:
1. Хаттардың деректілігі (күні, айы, жылы, қай жерден
және қай жерге жіберілгендігі, т.б.);
2. Фактілер дәлдігі
(қандай мәлімет келтірсе де нақты жер-су атауы,
адамдардың есімдері жинақы, ұғынықты түрде
беріледі);
3. Ықшамдылығы (шұбалаңқы сөздер
тіпті де кездеспейді десе болады);
4. Турашылдығы (көңіл-күйін жасырмай білдіреді,
соған орай әңгімелесушісінен де соны сыпайы талап ете біледі);
5. Қырағылығы (өзі байқаған,
бағамдаған жәйттерді білдіруге шебер, білгісі келген
мәселесін сұрауда да аса сыпайылық танытады);
6. Өзі мен халқының құқын терең
білетіндігі (мәселе шенеунектер мен феодалдардың жүгенсіздігі
мен озбырлығына тірелген кезде ол әр кезде бұқараның
жағына шығады, үнемі сыпайы сөйлейтін жігіттің
бұл тұрғыда өзіндік характерін байқауға
болады);
7. Жоғары мәдениеттілігінде (үнемі үлкенмен де,
кішімен де тіл табысады, таласу-тартысу фактісі кездеспейді).
Тізе берсек, мұндай мысалдарды көптеп
келтіруге болады. Біз Шоқан шығармашылығын, оның
эпистолярлық мол мұрасын тағы да бір оқи отырып,
осындай тұжырымдар жасадық.
Атап өтетін жайт, Шоқан хаттарын сараптай
отырып, мынадай мәселені айтпай кетпеске болмас: қазіргі
бұқаралық ақпарат құралдарында, оның
ішінде көбінесе мерзімді басылымдарда аға тұтып, дуалы
аузынан шыққан титтей сөзге де ел ұйып, тыңдайтын
кейбір қоғам қайраткерлерінің бір-бірінің
адресіне туралап тұрып жазып та, айтып жатқан ғайбат
сөздерге толы хаттарын көргенде, Шоқан, Ыбырай алдында бас
игің келеді. Үнемі қарапайымдылық пен сыпайгершіліктен
аспай, өз ұлтының алдындағы патриоттық парызын
қарызындай қабылдап, асқан ұлтшылдық рухта
қандай да болмасын қиындық пен қызықты нардай
болып көтере білген арлы ұлдың 30 ғана жас жасап,
артында өшпес те өлмес кемел дүние қалдырған
тұлғалық мінездемесі мұнымен бітпек емес. Ал оның
эпистолярлық мұрасының әрқайсысы – өз
алдына шоқтығы биік, тарихи да, тәрбиелік маңызы бар асыл дүниелер.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. –Алматы:
Ана тілі, 1993. –257
2. Фетисов М. Зарождение казахской публицистики. –Алматы: Каз. гос. изд-во худ. литературы,
1961. –215
3. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –Алматы:
Қазақ университеті, 2007. –91
4. Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы.
Алматы: Толағай групп, 2010. –50-51
5. Валиханов Ч. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы:
Жазушы, 1961. –79