Т.САЛҚЫНБАЙҰЛЫ  ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ  ЖАНРЛЫҚ,    ТАҚЫРЫПТЫҚ   ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Айтбаева А.Е., Ермағанбетова З.Н.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Тұрымбет Салқынбайұлы он үш жасында Ырғыз өңіріне барып, атақты Алмат бидің ұрпағы, Самұрат пен Төремұраттың алдында жыр жырлап, олардан бата алған. Сыр өңірі ақын жырауларының арасында «Бала жырау» атағы тек қана Тұрымбетке тән болған. Оның өнерін Сыр өңірінің әйгілі биі, әділ сөздің хас шебері Пышанның Төребайы жоғары бағалап, қанатының астына алған. Жас жырауды қырандай баптап, үлкен сөз сайыстарына қосып отырған. Бұған Төребай бидің араздасқан екі елді бітістіріп, татуластыру мақсатында үш жырауды – Дүр Оңғар мен Жиенбайды  және Тұрымбетті шақырып алып, сөз салмағын  сарапқа салуы толық дәлел.

Тұрымбеттің әуезді әнін, сырлы термелерін, қызықты қисса, дастандарын тыңдап, естуге құмартып, алыстан ат артып келетін ағайындар мүлдем көп болған. Бұл  туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Атырауов «Замананың дүлдүлі еді» деген мақаласында: «Тағдыр мені Тұрымбет әкемізбен көбірек кездесудің, жырын, үнін, әуезін көбірек тыңдаудың сәтін келтірді. Оның бірінші себебі, ол кісімен рулас, ауылдас болдым. Жырау қонақ болған күні біздің үйге ауыл адамдары сыймай кететін. «Бала жыраудың дауысын тыңдаймыз» деп жұрт ерекше ынтығатын. Біздер ол кезде жас баламыз ғой, «Үп-үлкен кісіні бала жырау дейтін несі екен» деп таң қалатынбыз. Сөйтсек, ол кісі 13 жасында алқалы топ алдында жыр жырлап, «Бала жырау» атанған екен» [1].

Жастайынан жоқшылықты, ел ішіндегі таршылық жағдайды көріп өскен жырау кеңес дәуірін жырлауға да қызу үн қосады. Сол уақыт талабына сай теңдік алған кедейді, оған қол жеткізген Ленин көсемді жырға қосу барысында иінді сәтте өмір шындығын сол болмысында көрсетіп те отырды. Ол өзінің «Тұрыңдар, кедей, жатпаңдар» деген өлеңінде:

      

Тұрыңдар, кедей, жатпаңдар,

Еңбекті байға сатпаңдар.

Байдың құл боп қолында,

Қойының жүріп соңында,

Жалшы боп малын баққандар,

Бізге сәуле бар ма деп,

Көзінен жасы аққандар,

Жарлының таңын атырған,

Жауыздың күнін батырған,

Ленинді есте сақтаңдар[2,13],-

 

деп сол кезеңнің саясатына сай еңбекші бұқараны жаңа заманды орнату жолындағы күреске үндейді.

Ақынның байларды тәркілеу кезіндегі өлеңдерін  оқып қарасақ та  колхоздастыру дәуірінің суретін көреміз. Сонымен бірге амалсыздықтан туған мәжбүрліктің салдарынан сол заманды жырлауға тура келген сияқты.

 

Колхоздасқан халқымды,

Құттықтап айтам сөзімді.

Еңбекшінің бірі деп,

Сыйлайды жұртым өзімді,-

 

деп жырлады.

 Өлеңдерінің арқауы бұрынғы өткен Сыр сүлейлері, қазақ аулының болмысы, жаңа заман жайы болды. Кеңес үкіметін мақтап өлең жазғанымен ештеңеден тайсалмастан кемшіліктерін де айта білді.

              Тұрымбет Салқынбайұлының шығармашылығы негізінен екі дәуірді  қамтиды. Оның қазан төңкерісіне дейінгі дәуірдегі өлең-жырларында байлар мен алыпсатар қулардың залымдығы, заман тарлығы, ел мұңы, ауыл арасындағы ұрлық-қарлықтың жайы, ағайын бірлігі жырланады. Ақынның кейбір байлардың озбырлығын сатираның уытты тілімен түйреп отырғаны байқалады. 1908 жылы шығарылған «Есбол Аманбайға айтқаны» атты жырының туындауына мынадай себеп болады. Бірде туған апасы Жадыра «Аманбай бай азық таратып жатыр» дегенді естиді де, дереу інісі Молдабекті сол жаққа жұмсайды. Сонда бай: «Екі пұт астықты өнімімен ал, болмаса тайып тұр» дейді. Бұл жағымсыз әрекетті естісімен Аманбай  байдың шық бермес шығайбайлығын былай деп әшкере етеді:

 

Мақтапты Аманбайды малы бар деп,

Жабыны жауға мінбес жалы бар деп,

Бар болса  қара қоңы қазан аттың,

Ойлама бір қинауға жабығар деп.

Арғымақ арыса да  сыр бермейді,

Кеудеде болса шыбын жаны бар тек.

Жақтайды қаріп- қасер қайырлы ерді.

Жалғасып кем-кетігім табылар деп.

Етінің қызуы жоқ шаруаны,

Көр де қой семіз екен жануар,-

 

деп [2,14] оны жануарға теңеп келеке етеді.

 

«Бай құдама» өлеңінде:

Бай құдам бар деп мен жүрмін,

Қай құдам бар деп сен жүрсің?

Қатып-ісіп мен жүрмін,

Қатық ішіп сен жүрсің,-

 

деп сараң құдасын әжуа етеді.

 

Филология ғылымдарының докторы Т.Еңсегенұлы: «Атақты жыр жүйрігі атанғандар: Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіптердің ортасында ғұмыр кешкен, аталас ірі жыраудың бірі Тұрымбет жырау Салқынбайұлы. Оның туған топырағы Сыр бойындағы жыр күмбезін көтергендердің астанасы атанған Қармақшы ауданы. Әрі ол Балқы Базар шыққан тайпадан. Мұндай табиғат сыйлаған дарынды адамдардың ата-тегіне көз жіберсек олардың бойына ақындық таланттың қайдан қонақтағанын білуге болады. Мәселенің сол жағына назар салсақ, Тұрымбеттің ата-тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Шөмен-Шөмекей-Бозғұл-Қаратамыр. Қаратамыр руынан Дүр Оңғар сияқты ақын –жыраулар шыққанын атай кеткеніміз жөн» [3,100]  деп мол дерек береді.

Жыраудың өткен өміріне, ата-тегіне көз жібермес бұрын, ең бастысы оның артында қалдырған жыр-мұрасына назар аударған дұрыс. Ол «Талайды таңырқатқан жырау едім» термесінде өзі туралы, кәрілік жайлы:

 

Атандым жас күнімде бала жырау,

Жиында, талай топта, талай сынау.

Талайды таңырқатқан жырауыңның,

Қарт болып отырғаны енді мынау.

Барасың желдей зулап өтіп дәуір,

Етуші ем жарды кешіп, жатты бауыр.

Келмейді өткен өмір өкінгенмен,

Қарттарға шүкіршіліктен бар ма тәуір?

Кәрілік - асыл емес ететін пеш,

Еңбекті ойлай берсең етеді еш.

Көңіліңді жас терідей босатады

Қай кезде еске түссе жиырма бес [2,304].

 

Тұрымбет жастайынан өнерге құштар болып, қасиетті қара домбыраны бауырына басып, жастайынан бала жырау атанды. Ол домбыра тартудың шын шебері атанған.Соған сәйкес тыңдаушысына жағымды, мақпал дауысы болған. Ол ұзақ жырларды жырлаудан гөрі көбіне терме, толғау, тойбастар сияқты қысқа қайырымды туындыларды әсем әуезбен жеткізудің ерен жүйрігі болған. Атақты жыр жүйрігі Тұрымбет жырау жайында ғалым Т.Тебегенов: «Тұрымбеттің ел ұнатқан жырау болып қалыптасуына сол өңірдегі атақты өнер саңлақтары Дүзменбетұлы Жиенбай жырау мен «Тасбергеннің маңырамасы» деген өшпейтін атақ қалдырған әйгілі жырау Тасберген Құлманұлының да әсері болғаны сөзсіз. Өткен ғасырда Қармақшы өңірінде ғұмыр кешкен ақын-жыралар үлкен ас, тойға бірге қатысып, бірінен соң екіншісі жалғастырып жыр толғауды дәстүрге айналдырған»[4,14]. 

Егер осы пікірдің растығына бойласақ олар өнердегі бір-бірінің айшықты жетістіктерін, олқылау соққан тұстарын сөз арасында шын пейілмен білдіріп отырған. Оған мысал ретінде Кете Жүсіп, Тұрымбет, Жиенбай жырау арасындағы айтысты алуымызға болады.Тұрымбет жыраудың есімін елге кең жайып, даңқын көтеріп жіберген – оның зор ақындық қуатының молдығы. Әсіресе, ол күнделікті өмірде болған оқиғаны, көзімен көрген жайды ізін суытпай, шапшаң түрде жырмен жеткізудің таптырмас ұстасы атанған. Егер өмір болмысын табанда дөп басып, сол қалпында өлеңге айналдырса ондай өлеңдер халық арасына кең тарайтыны анық. Ақындық өнердің әралуан қырларын түсінген ақын көптеген өлеңдерін осы бағытта туғызған.

Тұрымбет жырау ұзақ толғау, термелермен қатар суырыпсалма айтқыштығымен, тапқыр ойлы өлеңдерімен ерекше көзге түскен. Өзі кедей, өзі өнерпаз жігіттің мына бір өлең жолдары да тар заманның әділетсіздігін көрсеткендей. Бір күні жыраудың үй орнына пайдаланып отырған баспанасы – қамыстан соққан кепесі өртеніп кетеді. Сонда ақын іштей налыс білдіргенімен, тағдырдың бұл тәлкегін күлкіге жеңдіріп:

 

Құдай-ау, бай сенің тамырың, танысың ба?

Кедейге мал жіберсең намысың ба?

Отырған көлеңкелеп көп көргенің,

Сондағы екі құшақ қамысың ба? –

 

деп жүре берген екен. Бұл жолдар Шал ақынның:

 

Кедейлік жабыстың ғой бала жастан,

Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа.

Аш белімнен құшақтап, айырылмайсың,

Көз танысың жоқпа еді менен басқа,-

 

деген өлең жолдарын еске түсіреді.

         Ақынның байлардың озбыр әрекетін әшкерелеп жазған өлеңдері «Бай құдасына», «Аманбай байға айтқаны», «Бір ісім болыс, билер келді ортаңа», «Болыстың реснейі Әлменбетке» тағы басқалары қазан төңкерісіне дейін ауыл өмірін шындық тұрғыда көрсететін көркем шығармалар болып табылады.

Ақынның бір топ өлең толғаулары жаңа заман тақырыбына арналған. Оның «Заманның жаққан шамымен», «Озбырлық заңы өзгеріп», «Топтастық кедей бірлесіп», «Өмір нұры»  т.б. бірнеше өлеңдері сол кездегі дәуір шындығын бейнелейтін қуатты жырлардың түйдегінен құралады.

Қалам иесінің бір топ өлеңдері отызыншы жылдардың орта  тұсындағы ел ішіндегі әділетсіз жайларға, ашаршылық пен қуғын-сүргінге, елдің намысы мен табысын аяққа басушы белсенді сымақтардың айла, әрекеттерін әшере етуге бағытталған. Әсіресе, бұл «Айттым сөз серлетпекке соңғы ұлыққа», «Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең», «Белсенді келінге» т.б. өлеңдерінде айқын көрініс тапқан. Ақын бұл өлең-жырларында халық атынан сөйлеп белсенді сымақтарға ашық үкім айтады. Елдің үстінен күн көріп, тойып, еркінсіген басшыларды ол:

 

Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең,

Жайыңды сендердің де жақсы білем.

Жұмыспен жұрт жұмылып жатқанында,

Тасалап жүресіңдер таптып күрең.

Еңбегін колхозшының қанамасаң,

Алар ма ең мыңдап сомға, қос-қос кілем,

Тұс киіз, жібек көрпе, парлап киім,

Жиғандай сонша дүние сен бір кім ең? –

 

деп батыл сынайды.

Ақынның сатиралық шығармалары қысқалығымен әрі көркем, өткірлігімен ерекшеленеді. Осы саладағы туындыларында адамгершілікке жат қылықтар – дөрекілік, еріншектік, екіжүзділік, сараңдық сияқты әрекеттер әшкерленеді.

Кеңес өкіметінің содыр саясаты талайдың басын тасша домалатып жатқан кезде ол «Белсенділерге» деген көлемді арнау өлеңін шығарады. Онда шаш ал десе бас алатын елдегі айдашап атқа мінерлердің озбырлық, надандық әрекеттерін:

 

Қарсы сөз сөйлегенді құртамын деп,

Қорқытып құр зәріңді жайма жұртқа.

Еркінсіп егесі жоқ дүниедей,

Тапқанға тегін олжа құр құнықпа.

Талайлар қор боп басы құрып кеткен,

Күшпенен көндірем деп елді ырыққа.

Нақақтан бәле жауып, бәлеқорлар

Талайды салды лайсаң сол қорлыққа.

Жарыместер жұрттан өзін зор санайды,

Баянсыз бес күн бастық болғандыққа,-

 

деп халықты қанаушылардың зұлымдығын тура бетіне басады.

         Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен Ұлы Отан соғысының ауыр күндері қарт жыраудың толағай домбырасы күңгірлеп шығады. Жауға деген өшпенділік кек оғы болып атылады. Шалқар жырдың көмбесі қайта ашылып, жыр алыбы Жамбылдың үніне үн қосқан қарт жырау Ұлы Отан соғысының қаһармандарына өзінің асқақ жырымен, ақсақалдық батасымен дем береді. Оларды жауға қарсы жігерлендіре түседі. Ақынның «Ақ бата», «Ер болсаң бекіт беліңді», «Жалғыз баласы Бекмаханды майданға аттандырарда айтқаны», «Жеңіс жыры», «Шат көңілден» т.б. өлең-толғаулары елдің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғауға аттанып, жеңісті жақындатқан қаһармандардың ерлік бейнесін, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін көрсетуге бағытталған өлмес мұралар болып табылады. Тұрымбет Жеңіс тойын тойлаған қарттық шағында да:

 

Арман жоқ жеңісті де көрді көзім.

Гүлденді қа         йта көктеп бау мен бағым.

Келгенше тілім енді жырлай берем,

Жақын деп қорықпаймын өлер шағым.

Өлсем де қабірімде тілеп жатам,

Елімнің бақыты мен болашағын,-

 

деп осылайша қарт жүрегінен жыр толғаған еді. Сыр дүлдүлінің өлеңдеріндегі өршіліктің мәні қандай терең еді десеңізші!

Т.Салқынбайұлының елді бірлікке, адамгершілікке шақырған ғибрат, өсиет сөздері де баршылық. Бұған оның Тау-Елібай елінде туған жерін сағынып жазған өлеңдері мен өсиет сөздерін жатқызуға болады.

Отызыншы жылдардың ашаршылығы, қуғын-сүргіні басталған қиын шақтарында Тұрымбет жырау сыр бойынан Өзбекстанның Тау-Елібай деп аталатын Тамды ауданына қоныс аударады. Осында бірнеше жыл бойы тұрады. Бірақ елмен байланысын үзбейді. Оның Сыр бойына кері қайтуға қанша әрекет жасап, талпынғанымен, сәті түспейді. Әрі мұндағы ағайын – туыстарды тастап кете алмай жүреді. Сөйтіп туған елін сағынып бұл Қармақшыда қалған сыйлас інісі, ақынжанды бауыры Сүлеймен баласы Ыспан қарияға  өлеңмен хат жазады. Ыспан қария мен Тұрымбет жыраудың арасындағы бұл өлеңмен хат алысу ұзаққа созылады. Ыспан қария мен ақынның арасындағы өлеңмен хат алысу – ағайындардың бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, адамгершілік қатынастарды қалыптастырудың жарқын мысалындай көңілге жылы әсер қалдырады. Осы ұзақ шығарманың соңғы түйінінде Тұрымбет жырау өзінің:

 

Қармақшының қаласы,

Жағалай біткен ағашы,

Сырдарияның сағасы,

Орман дария аман ба? –

 

деп жырлайды.

Тұрымбет жыраудың суырып салма ақындығымен қоса Оңғар, Жиенбай жыраулармен бірге ел татуластыру ісінде де өз орны ерекше. Төребай би Тұрымбеттің өнерін жоғары бағалаған. Бұған Төребай бидің араздасқан екі елді бітістіріп, татуластыру мақсатында үш жырауды – Дүр Оңғар мен Жиенбайды және Тұрымбетті шықырып алып, сөз салмағын салуы толық дәлел.

Төребайдың атақты жырауларды шақыртқанының мәнісі: ағайынды екі ел болыстық пен ауылнайлыққа таласып, бірін-бірі көрмей араздасқандарына үш жыл болған көрінеді. Арада барымта, ұрыс-жанжал болған. Бұл жағдай Төребайдай ел ағасын ашындырады, ол бірнеше рет барып билік айтса да олар тоқтамаса керек. Міне, өзі тоқтата алмаған дауды Төребай би үш жырауға болған жайды баяндап, әділ шешімін шешуді тапсырады. Жыраулар би сөзін үнсіз тыңдайды. Айтатын сөзді бір ұйқаспен  және бір адам айтқандай етіп, араздасушыларды бірлікке шақыруы керек. Өлең айту – бұларға сын. Би әдейі сынап отыр. Өнерпаз жыраулардың сөзі ғана бұл жанжалды баса алады. Жыраулардың ең үлкені Оңғар екен де, ең кішісі Тұрымбет екен. Сөз басы жасы үлкен дүр Оңғарға тиеді.

Оңғар жыраудың сөзі:

 

О, жақсылар, өтіңдер,

Екі жақты ойланып.

Өмір деген шоп-шолақ,

Ойласаңдар ойға алып.

Біреу – жарлы, біреу – бай,

Өткен жоқ ешкім бір қалып.

Бақытты біреу, бақытсыз,

Жүремін  деме құр қалып.

Болмаймыз ба біз ғаріп,

Халқым шебер сынауға,

Ер жеткізді ата-ана.

Уақытымыз біткенде,

Жүрмейік ойсыз бипарық.

Көріп кетіп, күз болып,

Жатармыз жерде, уа дарих,

Ерлерім, аз күн өмірде,

Сыйласып өтші жалғаннан

Атанбай жұртқа сөзі артық,-

 

дей келе өмірдің жалғандығын, аз ғана өмірде сыйласып өтудің, бірліксіз елдің тірлігі түзелмек емес, ағайынға туысқа әңгіме сөз болмай келісімге келуге шақырады. Жұртшылыққа әділдіктің, бірлік, татулық, сыйластықтың жолын ұсынады.

Тұрымбет жырау сол кездегі ел арасындағы алауыздықты айтумен бірге, ел ішінде лаңдай жайылған әділетсіздікті, дүниеқұмарлықты, екіжүзділікті айтып күйінеді. Мәтіннің әрбір жолына зер салсақ, қайталанбас жыр шумағын, таптырмас көркемдегіш құралдарға кезігеміз. Бірлігі кеткен елден сақта деген, дүниеге екі келу жоқ. Сондықтан ағайынның арасын ала қойдай бөлінуден сақ болуға үндейді:

 

Өлмек, тумақ ежелден,

Айтқан сөзім бұл анық.

Өлімнің жайын айттым деп,

Осы отырған аға-інім,

Қалмасын кеудең қабарып.

Қай жерде азар көрмейсің,

Әр істен жүрсең тазарып.

Көңілден аршып шеріңді,

Болғаның жақсы таза арық.

Сөйле-сөйле, тіл мен жақ,

Ұшатын құстай қомданып.

Хас жүйріктің белгісі,

Жай шабатын соң қалып.

Бір шұқанақ толмай ма,

Теңселсе теңіз қозғалып?

Неше бір ерлер өтіпті,

Артында нұсқа сөз қалып.

Отыратын жандар бар,

Би билігін қызғанып.

Маңайға жан жолай ма?

Отырсаңдар сызданып.

Басында бақыт тұрмайды,

Ат пенен атан жетектеп,

Жүрсең де жүйрік жорға алып.

Бір күні ғайып боларсың,

Кеткендей болып жоғалып.

Отырған осы ағайын,

Ақсақалдар құралып,

Келе алмайсың дүниеге,

Екі айналып, оралып.

Баста бақыт тұрғанда,

Өрттей жанып лаулалық.

Бассаң қадам ұмытпа,

Есіңде болсын тәубалық

Біткен кезде уақыт

Халық қазған қаумалап,

Жер ошаққа аунадық,-

 

дегенде төрде жантайып жатқан Төребай би ұшып түргеліп, қызып кеткені соншалықты:

Ой, пәле, Тұрымбетжан!  Мөңтендет, төтеле, бала, төтеле!- деп айқайлап жібереді. Сонда Тұрымбеттің екінші ырғаққа салып айтқаны мынау екен:

 

Әуреленбе, жігіттер,

Болдырам деп болмасты.

Дүние үшін шатасып

Егіскен жан оңбасты.

Ағайыннан шет болсаң,

Ерге бақыт қонбасты.

Өкінгенмен өткенге,

Орны оның толмасты.

Ренжіскен талайлар,

Қадірі кетіп қолдасты.

Құрмет деген зор бақыт,

Естілер, шатпа құр басты.

Сөзім жерде қалмасты,

Туысқандар бірлессе,

Демейді ешкім алжасты.

Бауырларың Тұрымбет,

Бірлік тілеп өмірлік

Қолдарыңа жармасты,-

 

деп Тұрымбет домбырасын тастай беріп, жедел жағалай отырған халықтың қолдарынан ала бастағанда, үйге кіре алмай далада есіктен сығалап тұрғандар лап беріп, ішке ұмтылады. Кім кімнің қолын алып жатқаны белгісіз, арыздасқан туыстар да шұрқырасып, көрісіп жатады.  Мына сәтті іске қуанған Төребай би жыраулар мен халыққа алғыс айтып, бұлақтай таза сөздердің көзін ашқан, екі туысты татуластырған үш жырауға үш нар мінгізіп, үш жібек шапан жапқан екен.

Толғаудың кәдімгі жыр үлгісінде еркін немесе шұбыртпалы ұйқаспен қиыстыруы ақындардың шын шеберлігін танытады. Ақындар «Айтатын сөздерін бір ұйқаспен  және бір адам айтқандай» етіп, араздасушыларды бірлікке шақыра білді. Ел шын қуанып, құшақ ашып қауышты.

1945 жылы Қызылорда қаласында Ұлы Жеңіс күніне арналып өткен республикалық айтыста орындалған құттықтау термесі үшін қарт жырауға ақбоз үй сыйға беріледі. Бұған «Мен келген Қармақшыдан қартың едім» деп басталатын атақты термесі куә. Бұл термені сонда жасы сексенге таяп қалған жыраудың сүйікті шәкірті Молдахмет Дабылов орындайды.

Бала жырау атанған Тұрымбет жетпіс сегіз жасында көз жұмарында Бозарқаштағы өз үйінің шаңырағына қарап жатып, жанында отырған іні- қарындастарына: «Қарақтарым-ау , мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы» - деп өсиет сөзін айтып кеткен екен. Жырау дауысының ерекше орындауынан «Шырқау дауысы» деген мақамы шыққан.

Қорыта келгенде, Тұрымбет Салқынбайұлының өмірге құштарлығы, адалдыққа ұмтылуы, ел өмірін жыр етуі оның әр өлең жолдарынан аңғарылады. Бала жырау атанған Тұрымбет Салқынбайұлының өлең-жырымен елін балаша мәпелегенін көруге болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Атырауов М. // Сыр бойы. 15 желтоқсан, 2007жыл.

2. «Пернедегі термелер» кітабы. 1965.

3. Еңсегенұлы Т. Сыр бойы ақын-жыраулары. Әдеби зерттеу.- Алматы: Білім, 2002.

4. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор. – Алматы: Білім, 2001.