Айнакулова Ж.Е.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕГІ ЛИРИКАНЫҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ

 

Лирика – адамның дүниетанымы мен көзқарасынішкі сезімі, сүйініш-күйінішімен ұштастыра жырлау және ешкімге ұқсамау.

Лирикадағы елгезек сезім мен сыр жайын, бұлардың жинақылығы мен мөлдірлігі туралы айтқанда, өлеңнің өзін қимылсыз, статикалық әлденеге айналдырып алмау жағын қараған жөн. Рас, лирикадағы әрбір сөз  – ақынның бір сәтке жалт еткен нұрлы ойы, сол бойда жарқ етіп, тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі. Бірақ бұл осы қалпында өзгермей, құбылмай қатып тұрып қалады деу қате. Бұл сөз басқа бір жаңа сазға ұласады, сөйтіп, қимыл-қозғалысқа көшеді, лирикадағы адамның жан диалектикасы дегеннің өзін осылай түйсіну керек.

Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Ақын оқшау образ жасап, оқырманға «содан үйрен, не жирен» дегендей тенденциямен ғана тынбайды, оған тура өз басындағы сезім мен сырды тұтас көшіре салады. Сонда ақын көкірегіндегі сезім – оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр – оқырман сыры болады да шыға келеді [1, 310-311].

Лирика өзінің табиғатында сезім мен ойдың поэтикалық нәтижесі ғой. Бірақ көркем туындының тарихы адамның сезімі мен үнемі тікелей қарым-қатынаста болуы себепті уақыт өзіне тән эстетикалық норма талап етуі заңды құбылыс. Біз осы жанрды зерттеу саласында оны үнемі ескеріп отыруға тиіспіз. Өнердің спецификалық ерекшелігі дейтін де негізгі қасиетінің құрамды бөлігі десе де болғандай.

Осы тұрғыдан үңілгенде қазіргі қазақ лирикасының эстетикалық арсеналдары қандай? Бұл сауал – поэзия, өнер зерттеушілерін ойландыруға тиіс қазіргі әдебиеттану ілімінің ең көкейтесті сауалдарының бірі деп ойлаймыз. Әрине, бұл жеңіл сұрақ емес. Өйткені өнерде жетістікті санмен өлшейміз бе, сапамен бе? Әлбетте, сапамен деп бірден жауап береміз, ал сол сапа дегеннің өзін өнерде қалай салмақтаймыз. Мәселен, өлеңнің құрылыстық жағынан ба, көркемдеу құралдары тұрғысынан ба, мазмұн тереңдігімен бе, әлде сұлулыққа ара-қатынасы жағынан ба? Мұның бәрі бір ақынның бойынан табылуы да мүмкін, әр ақынның даралық ерекшелігіне шағылып кетуі де мүмкін.

Ақынды әр уақыт ой теңізіне шомылдырып, жүрегіне жыр, жанына нұр құйып отыратын дүниелердің бірі – табиғат. Сұлу да сырлы табиғат қанша адам жырласа да қазынасы ортаймақ емес. Қай ақын-жазушы болмасын, өзін табиғаттың перзентімін деп санаған. Табиғаттың бояуларынан нәр алған, күркіреген күннен үн алған, сылдырап аққан өзендерінен сыр алған Табиғат ақындардың жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың шақпақ оттарының бірі. Бірақ адамсыз жалаң табиғат – жансыз дене секілді.

Жалпы өмірде адам айтпаған сөздер, адам салмаған суреттер, адам шырқамаған әндер жоқтың қасы. Барлығын адам шарлап өткен, барлығына ой жіберіп талай рет айтып кеткен. Бірақ шын өнердің қасиеті соның бәрін жаңа ғана айтылғандай, бұрын көзге шалынбағандай етіп жаңғыртып, жасартып беруінде.

Өмірде қатып қалған ештеңе жоқ, барлығы да өзгеріп отырады, идея да жаңарады. Сондықтан да әдебиетте стандарт болмайды. Сонымен, қазіргі қазақ поэзиясында поэтикалық көркем персонаж мүсіндеу жайы қалай.Белгілі ақынымыз Қадыр Мырзалиев бұл туралы өте жанды пікір айтқан: «Ал, егер бүгінгі бірқатар жырларымызда бір жетпесе, өмірдің өзін білу, әсіресе еңбек адамдарының қат-қабат жан дүниесін білу жағын жете меңгермегендіктен, жетіңкіремейді. Кәнеки, өмір есігін енді-енді ғана ашқалы тұрған жасөспірім бозбала жігітке, жаңа-жаңа бой жетіп келе жатқан қарындас – қыздарымызға үлгі-өнеге боларлық қандай әдеби кейіпкерлеріміз бар. Расын айтсақ, ондай поэтикалық көркем персонаждар жоқ» [2, 4].

Лирикадағы ең таласты мәселенің бірі – ондағы эстетикалық дәрежеде сомдалған образдың автордың өз басымен ара-қатынасы, яғни лирикалық бейненің ақынның өз тұлғасымен дәлме-дәл түсуі немесе айырмашылығы қай дәрежеде деген сұрақ. Гегел: «Лирикалық туындының орталық «персонажы» оны жаратушының өзі, ең алдымен, оның ішкі әлемі»[3, 501], – дейді. Лирика туралы пікір айтқан философ, әдебиетіміздің қай-қайсысы да ақынның сол жеке сырларының жалпы адамдық сипатының талассыздығына қол қояды. Лириканы «таза лирика», «қолданбалы» (прикладная) лирика деп бөліп тастап, бұл жерде «қолданбалы» деп Некрасовтың мағынадағы лириканы айтып отыр, «идеалды» лириканың модельді сипаттарының байымдаушы орыс философы, ақын, әдебиет сыншысы В. Соловьевтің өзі де лирикада адам жанының ішкі сұлулығы дүниенің объективті мазмұнымен үндесетіні, сол жалпыға тән мағына-мазмұнның жеке сана арқылы көркем қолданылатынын жазады [4, 35].

Лирика – белгілі бір уақыт пен ортаның жемісі, сол орта мен уақыт перзентінің көңіл-күйі, жан тебіренісі. Оның бойындағы барша қасиет-қадірі нақты мезгіл рухы, дәуір мазмұны айқындамақ. Ендеше бүгінгі лирика – заманымыздың рухани өмірінің, сезім әлемінің, ой дүниесінің көрікті суреткері екендігі даусыз.

Лирикадағы автордың жеке басы, ақынның өз сезімін білдіруінде шешуші роль атқаратынын естен шығаруға болмайды. Бұл арада эпостағы сияқты лирикада да автор позициясы сақталатынын, тек көрнеу ерекшелігі жанр талабына сай өзгеше болатынын басшылыққа алған жөн. Жалпы, өлеңде ақын шеберлігі ғана емес, ақын мінезі де танылатыны белгілі. Сырт қарағанда, ақын алуан тақырыпқа түрлі өлең жазғандықтан, онда бір-бірінен мүлде бөлек, әр қилы образ бар тәрізді көрінуі де ықтимал. Әйтсе де ақын белгілі бір өлеңінде мұңаюын, енді бірде шаттануын, тағы бірінде сүйсінуін, не ұнатпауын басқаша жырласада, сол түрлі жағдайда әрекет еткен  лирикалық «Меннің бәрін біріктіретін ортақ сипатты да байқауға болады. Демек, ақын әр жағдайдағы әр түрлі сезімді жырлайды, әрі соның бәріне бір позицияда қарайды десек, лирикалық қаһарманның біріктірушілік ролін ашамыз. Осы орайда лирикалық қаһарманның белгілі бір ақын өмірінің барлық кезеңде бір деңгейде, бір қалыпта бола бермейтінін, қайта көбіне өсу, өзгеру үстінде танылатынын ескерген жөн [5, 39]. Сонымен бірге лирикалық қаһарманның өсіп, өзгергенде де бұрынғыға қатысы жоқ, мүлде бөтен болып, соның арқасында көркейе түсетінін ескермеуге болмайды. Лирикалық қаһарман мен автор арақатынасын белгілеу үстінде сол қаһарманға деген заман, уақыт әсерін қағыс қалдырмаймыз. Белгілі бір тарихи жағдайдың суреткер шығармашылығына әсеріне талдау жасау үстінде, біз ақынның өз сезімін білдіруімен бірге, өз заманындағы мың-миллиондардың мұң-мұқтажын, сана-сезімін қоса қамтитыны туралы да қағидаға тірелеміз. Сөйтіп ақынның жеке басының сезімімен бірге, мыңдардың сезімін жинақтау нәтижесінде де, лирикада типті бейне де жасалуы мүмкін. Бұл арада ақынның құбылыстың бар қырын қамтуды көздемейтінін (ол мүмкін де емес), қайта соның ең мәнді дегенін іріктей білуі шешуші роль атқаратынын ескерген жөн.

Жалпы поэзияға тән қасиет – айтылып, баяндалып отырған нәрсе жайлы ұғым, түсінік беру емес, оны бейнелі түрде сипаттау, суреттілік десек, осы ерекшелік лирикалық өлеңдерден айрықша байқалады.

В.Г.Белинский «Поэзияны тегіне және түріне қарай жіктеу» деген еңбегінде лирика хақында былай дейді: «Поэзияның өзге шығармалары секілді лирикалық шығарма да ойды сөзбен жеткізеді, бірақ ол ой тікелей бой көрсетпей, адамның дүниені сезінуі арқылы аңғарылады да, ол туғызған елес-көріністі белгілі, үйреншікті  ұғымдармен айқын, анық етіп айтып беру қиынға соғады. Мұның өте-мөте қиын болғандығын – таза лирикалық шығарма суреті - картина тәрізді, алайда  ондағы негізгі нәрсе – картинаның өзі емес, біздің көңіліміздегі ол туғызған сезім».

Сондықтан өлең сөз сезімге толы, мейлінге әсерлі, көркем, бейнелі болып келеді. Өмірді көркемдік жолмен қабылдап, сезіну, эстетикалық, ақындық сезім, айрықша эмоционалдық, сезімталдық – поэзия тілінің  басты ерекшеліктерін, міне, осылар белгілейді. Өлең тілінің бейнелі, көркем, кестелі болып келуі поэзиядағы ой-сезімнің әсерлі көркемдігін, бейнелілігін, сұлулығын танытады.

Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға бейімділік – өлең тіліне ең бәр тән қасиет. Алайда суреттеу, баяндаудың көрнекілігі, дәлдігі, нақтылығы көркем образ жасау мақсатына сәйкес келіп, суреттеп отырған құбылыстың типтік ерекшеліктерін де айқын, анық қамтуға тиіс. Атап айтарлық тағы бір жай – жалаң дерекке әуестік, жадағай сипат – ерекшелік қуу поэзияға, оның табиғатына мүдде жат. Поэзияда не нәрсенің   болсын дараланып, жекеленіп көзге   түсетін  ерекшеліктері  өмір құбылыстарының, адамның мінез-әрекетіне елеулі сырларын, маңызды жақтарын, ішкі қасиеттерін танытатын, аңғартатын болғандықтан алынады. Өлең тілінің көп ерекшеліктері поэзияның ең негізгі, басты қасиеттерінен өрбиді, яғни олар поэзияға бірден-бір тән дүниені эстетикалық, ақындық сезіммен қабылдау өзгешелігіне сәйкес қалыптасады.

Әдебиеттің басқа да жанрлары сияқты, поэзияда да әр дәуірдің өзіндік шындығын, даму беталысын, адамдардың тіршілік тынысын көрсетеді. Жеке адамның сезім күйлерін, психологиялық әрекеті мен ондағы өзгерістерді танытуға лирикалық поэзияның орны ерекше. Лирика – ақын идеясының, заман тенденциясының айқын көрінісі. Лирик ақын оны адам сезімінің ішкі тыныстарынан танып түсінеді, образын бейнелейді. Сондықтан да лирика тарихи және философиялық шындықты жырлайды.

 

Әдебиет

1.       Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 310б.

2.       Жүсіпов К. Өлең - сөздің патшасы. - Алматы: Жазушы, 1991. – 4б

3.       Гегель Г.В. Эстетика. – Москва, 1969.- 501б.

4. Соловьев В.С. Стихотворения. Эстетика. Литературная критика. – Москва, 1990. -35 б.

5. Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың  поэтикасы. – Алматы, 1976. - 39б.