Исабекова А.Е.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІНІҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ РӨЛІ

 

Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасында  «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мәселесіне ерекше мән берілген.Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу үздіксіз білім беру жүйесінің бастапқы буынын іске асырушы-тәрбиеші маман болып табылады  Жаңаша  оқыту  үрдісін  ұйымдастыру,   жаңа  білім мен дағдыны меңгерген,  шығармашылық  қабілеті жоғары,  дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Балабақша тәрбиешісі - арнайы дайындығы бар және педагогикалық іс-әрекетпен кәсіби айналысатын тұлға. Оның негізгі міндеті – мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үдеріс ұйымдастыру, кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру. Осыған орай, қазіргі таңда балабақша тәрбиешілеріне келесі бірыңғай әдістемелік талаптар қойылады: педагогикалық және психологиялық деңгейін көтеру; оқыту мен тәрбиелеудің ең соңғы жаңа педагогикалық технологияларын зерттеп меңгеру және оны өзінің кәсіптік жұмысында қолдана білу; өз білімін көтеруге, шығармашылықпен жұмыс атқаруға ынталандыру; балалар табыстары мониторингісін жасау және оны диагностика қоюдың қазіргі тәсілдерін меңгеріп, қолдана білу; авторлық бағдарламалар, оқу құралдарын, мақалалық ізденістер жасауға ұмтылдыру; тәрбиешінің педагогикалық-кәсіптік оң көзқарастарының және құндылықтарының қалыптасуына жағдай туғызу.

Жаңа заман тәрбиешісі – бұл сауатты маман, бағдарламаны және әдістемелік шараларды анықтай  алатын білімді адам. Бұл бала және оның ата-анасымен тіл табыса білетін, қиын ситуациядан шыға білетін жақсы  психолог.

Тәрбиешіні үнемі алға талпынып, жас ұрпақ тәрбиесіне белсенді араласуға, балалар арасында беделді болуға міндетті. Оның адамға, балаға деген сүйіспеншілігі мол. Моральдық жағынан биік болуы, мамандығын жақсы көруі шарт.

Қоғамды жан-жақты дамытатын  өндіргіш күштің негізгі тұлғасы-адам,сондықтан  адам факторына ерекше мән беріледі.Қоғам дамуы мен адамның  жеке басының дамуы бір-бірімен  тығыз байланысты.Қоғам адамды қаншалықты дәрежеде жетілдірсе,жетілген адам қоғамды  соншалықты дәрежеде дамытады.Тәрбиесіз  қоғам қоғам болудан,адам адам болудан  қалады.Материалдық және рухани байлық жасап,қоғамды дамытатын-адамдар. Ал,адамдарды соған дайындап,тәрбиелейтін-тәрбиешілер.Олай болса,тәрбиеші-қоғам мен қоғамды,ғасыр мен ғасырды жалғастыратын буын.Тарихты  жасайтын-халық,халықтың көзін ашып,көңілін  оятатын,саяси қырағылыққа, сенімділікке, адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа ,бауырмалдыққа, Отаншылдыққа,азаматтыққа  баулитын тәрбиеші-ұстаз.Біздің еліміздің мектепке дейінгі мекемелерде, балалар үйлерінде, мектеп-интернаттарда, ұзартылған күн тобы бар мектептерде, кәсіптік-техникалық оқу орындарында, еңбек колонияларында тәрбиеші тағайындалады. Тәрбиеші тәрбиеленушілердің күнделікті оқу-тәрбие жұмысын,демалыс  уақытын ұйымдастырады.

Ал бөбекжай мен балабақша тәрбиешісі мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейді,мектепке даярлайды,отбасына көмектеседі.

Қай кезде болса да алдыңғы  қатарлы ойшыл адамдар тәрбиеші еңбегін жоғары бағалап,оның қоғамдағы  рөлін құрметті де маңызды деп  санаған. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: "...тәрбиеші өзін өткен мен болашақтың арасында тірі дәнекермін, шындық пен жақсылықтың құдіретті жауынгерімін деп біледі және ол өз ісінің сырт қарағанда қарапайым екендігін, бірақ тарихтың ұлы істерінің бірі екендігін, бұл істен көптеген ұрпақтар нәр алатынын түсіндіреді" деп жазды. Тәрбиеші-ұстаздың адам өміріндегі  рөлі туралы халқымыздың классик  ақыны Абай:

Ақырын жүріп анық  бос,

Еңбегін кетпес  далаға,

Ұстаздық еткен  жалықпас,

Үйретуден балаға...

десе, славянның ұлы педагогы Ян Амос Коменский:"Мұғалімнің атқаратын қызметі өте құрметті.Әрі тамашалығы соншалық,күн астында мұндай қызмет жоқ"-деп бағалаған.

Тәрбиеші балалардың жақын досы болуы керек, ал еркелетуге сақтықпен қарағаны жөн.Тәрбиеші өз талабын жүйелі, табандылықпен жүргізіп, өз ісіне ыждағатты , ұқыпты болуы қажет. Бала тек адамның жеке басының тікелей тигізетін әсері арқылы ғана тәрбиеленеді.Тәрбиешінің өнегелі істері мен тәлім-тәрбиесінің адам өміріне әсері,ықпалы зор. Мысалы: Ұлы Отан соғысы батырының біріне:"Сіздің мүсініңізді туған ауылыңызға орнатамыз", дегенде, ол: "үкіметтен мүсінді маған өмірдің сырын,мағынасын ашып берген мұғаліміме орнатуыңызды сұраймын" деп жауап қайырған екен. Бұл мұғалім өз шәкіртінің жүрегінен өшпес орын алғанын дәлелдейді.

Тәрбиеші-баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие  өнегесінің бастаушысы, бала қиялын көкке  самғатып арманын  көкке  ұсындырушы басты тұлға.

Тәрбиеші ұстаз жан  жақты жетілген білімді, халық  дәстүрін, әдеп-ғұрып пен  салт-сана  ерекшеліктерін кәсіби түрде  меңгеру керек. Осы ерекшеліктерді  меңгерген  жағдайда ғана баланың  танымдық, шығармашылық қабілетін  дамытып оқуға деген қызығуын  қалыптастыра алады.

 

Әдебиеттер тізімі.

1. Меңжанова  «Мектепке дейінгі педагогика»

2. Қ. Жарықбаев, Серғазы Қалиев ″Қазақ тәлім-тәрбиесі″. Алматы, ″Санат″  1995ж

3. Н.М.Аксарина. Сәбилік шақтағы балаларды тәрбиелеу. Алматы, 1982 ж

4. ″Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасы″ , Алматы, 1987ж

5.К.НКрупская. Мектепке дейінгі тәрбие туралы. Алматы 1988ж

6. Наурыз. Жаңғырған салт-дәстүрлері,Алматы, 1991ж

7. С.В.Мухина. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы. Алматы, 1986ж

8. Қ.Ә. Меңжанова. Мектепке дейінгі балаларды көркем әдебиет арқылы тәрбиелеу,     Алматы,1987ж

9. Б.Б. Баймұратова. Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшеліктері. Алматы,   1970 ж