Әлеуметтік құндылықтардың динамикасын педагогикалық талдау

П.ғ.д., профессор, Б.К.Момынбаев, п.ғ.к. Ж.М.Есиркепов

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

 Өскелең ұрпақ тұлғасын қалыптастыру қоғамның даму диалектикасына, адамның өмірдегі жағдайына, тәрбие сипаты мен бағытына байланысты. Сондықтан педагогикалық ғылым мен білім беру, тәрбие мекемелері қоғам дамуының маңызды құқықтық және идеалогиялық нормаларына, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер сипатына дер кезінде бағдарлануы тиіс.

Ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылықтар динамикасына қоғамның құқықтық және идеологиялық негіздеріндегі, әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалар ықпал етеді. Зерттеу үрдісінде оқушылардың әлеуметтік құндылықтар динамикасында төмендегі факторлар елеулі рөл атқаратынын анықтадық:

- ауыл өмірінде білім беру, дәрігерлік қызмет көрсету, демалыс, спорт, мәдениет т.б. салаларында кемсітушілік саясатының кейбір элементтерінің болуы;

- ауыл өмірінің дәстүріне қайшы келетін, қала және батыстық өмір үлгілерінің дендеп енуі;

- бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да факторлардың ауыл өміріне, отбасы-тұрмыстық жағдайына, ауылдың әлеуметтік көрінісіне әсерінің шектеулі мүмкіндіктері;

- ұлттық мүдде, ұлттық ойлау, сананың едәуір өсуі, ұлттық өнер, театр, көркем өнердің дамуы.

Ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылық динамикасын талдай отырып, олардың қазіргі кезде дербестігі, тәуелсіздігі едәуір жоғары деңгейде екенін атап көрсетуге болады. Олар өзінің қоршаған ортаға жеке көзқарасын батыл әрі ашып айтады, оларда ұлттық мақтаныш сезімі күшті дамыған. Қазір ауыл оқушыларының дүниетанымы, қоршаған ортаға, өмірге, қызметке көзқарастары қарама-қайшылықты әлеуметтік кең. Олар білім, мәдениет, еңбек, кәсіби қызметтің маңыздылығын бағалауға сын көзбен қарайды, олардың жан дүниесі өте сезімтал, шектен тыс агрессивті. Осы қасиеттердің бәрі ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылық динамикасының сипаты мен бағытын айқындайды.

Тәжірибеде, қазіргі ауыл оқушыларында өз құрбыларымен, ересектермен, педагогтармен қарым-қатынаста қиындықтар жиі туындайтынын көрсетеді. Бұл мәселелер біздің пікірімізше, әлеуметтік құндылықтардың өзгеруіне байланысты.

Сауалнама зерттеулері барысында, қазіргі ауыл оқушыларында нарықтық бағыттағы мамандықтарға қызығушылық едәуір өскенін анықтадық (2008 ж. 23-25%, 2009 ж. 70-75%). Алайда олардың нақты нарықтық мамандықты таңдауы елеусіз, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласын қосқанда 38-45%-ды құрайды. Мұндай жағдай көптеген ауыл мектеп түлектерінің психологиялық шарасыздық пен өмір жолын таңдауға дайын еместігін, болашақ нарықтық мамандықтарға мемлекеттік кепілдіктің болмауы, мектепте оқу кезінде оқушылардың қазіргі нарық элементтері мен механизмдерімен жеткілікті таныс болмауымен байланысты деп есептейміз. Бұл факторлар мамандық таңдау, азаматтық көңіл-күй, халықтың әл-ауқаты сияқты әлеуметтік құндылықтар динамикасына негативті әсер етеді.

Бүгінгі таңда ауыл оқушыларының ауылшаруашылық өндірістік еңбектен оқшаулануы айқын бола бастады. Бұл ауыл оқушыларының көз алдында агроөнеркәсіп секторындағы еңбектің маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығы төмендеуімен байланысты.

Бұл келесі факторлармен байланысты:

- ауылшаруашылық техникасы, құрал-жабдықтар мен материалдық құралдардың елеулі бөлігінің физикалық және моральдық тозуы;

- ауыл өндірісінің материалдық-техникалық базасының жаңа әлеуметтік және өндірістік объектілер құрылысымен салыстырғанда артта қалуы;

- өндірістік тауарлармен салыстырғанда ауылшаруашылық азық-түліктер мен тауарларға баға тұрақтылығының болмауы, агроөнеркәсіп кешен өнімдерінің көтерме және сатып алу бағасының төмен болуы, оларды өткізу қиындықтары.

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуметтік-экономикалық саласындағы қазіргі жағдайы ауылдың моральдық-психологиялық ақуалын, материалдық және рухани өмірін, әлеуметтік статус ара қатынастарын күрт өзгертті. Қазірде көптеген әлеуметтік құндылықтар (ұжымшылдық, келешекке сенім, сенімділік, өмір мақсаттары) ауыл оқушыларында бұрынғыға қарағанда аз пайдаланады. Ауыл оқушыларында осы құндылықтардың маңыздылығының жойылуы өсуде. Мысалы, ІХ-ХІ сынып оқушылары толтырған (150 жуық) сауалнамаларды талдағанда сұралған оқушылардың елеулі бөлігінде 75% жуық) мәдениет, өнер, өмір салты, қарым-қатынас, киім киісі мен пішіні, мінез-құлық, іс-әрекетте батыстық бағдар басым. Оқушылардың жауаптарын талдаудан  құндылық бағдарға көшу көрінісі шығады. Ауыл оқушыларының әлеуметтік құнды қажеттіліктері кестесінде жоғарғы жолда «ақша», сосын асыл бұйымдар, қымбат киімдер, бейне және аудиотехника, автокөліктер тұр.

Нарықтық экономика жағдайында ауыл оқушыларының санасында материалдық жағдайдың бірінші тұруы әбден түсінікті.

Мектеп оқушыларының өмір жоспарлары динамикасы бүгін тікелей қазіргі қоғам өміріндегі объективті әртүрлі шектеулер мен жұмысқа орналасу проблемаларымен тікелей байланысты. Оқушылар арасында романтиикалық мамандықтарға қызығушылық төмендеуде, өйткені болашаққа сенімділік жоқ.

Эксперимент мектебін бітірушілер арасында ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылықтар динамикасын талдау үшін сауалнама жүргіздік. Зерттеу барысында 130 тоғызыншы және 80 он бірінші сынып оқушыларына сауалнама жүргізілді. 9-сыныпты бітірушілердің 70-75%-ы мен 11-сыныпты бітіруші түлектердің 65-70%-ы алдағы өмір жолын таңдауда мақсаттары айқын, қалғандарын бұл мәселе тіптен ойландырмайдығы анықталды.

Мектеп оқушылары өмірлік жол таңдауға өзінің көзқарасын негізінен үш себеппен түсіндіреді:

1. Нарықтық мамандықтарға қызығушылықтың өсуі (фермер, кәсіпкер, банк ісі, ауылшаруашылық өнімдерін шағын кәсіпорындар мен цехтарда өңдеуші т.б.);

2. Мектептен кейінгі кәсіптік білім, жұмыссыздықтың өсуімен байланысты алған мамандыққа сәйкес жұмысқа тұру қиындықтары. Мысалы, 2007-2008 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша КТУ бітірушілердің 65-70%-ы, орта арнаулы және жоғары оқу орындары түлектерінің 55-60%-ы алған мамандығы бойынша республика көлемінде жұмысқа орналасқан.

Мектеп бітірушілердің сауалнама жауаптарының 60-65%-ы ауылшаруашылық мамандығын қаламайтынын көрсетті. Бұл фактор қазіргі ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылықтар динамикасының сипаты туралы растайды.

3. Бірден кәсіпкерлік және коммерциялық қызметке баруға дайын оқушылар санының өсуі. Бұл қажеттілікті әскерге шақырылып не отбасын құрғанға дейінгі қысқа мерзімде өз бетімен жақсы табыс тауып, материалдық жағдайын жақсарту мүмкіндігімен байланыстырады.

Сонымен, ауыл оқушыларының мамандық таңдау, өмір жоспарларымен байланысты әлеуметтік құндылықтарының динамикасын талдау, соңғы жылдары олардың сапаларында, қажеттіліктерінде және қызығушылықтарында елеулі өзгерістер болғаны анықталды. Ауылшаруашылық еңбегі бүгінгі таңда оқушылардың рухани және материалдық, қаржылық, қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Ол «қосымша жеңіл» табыс табуға мүмкіндік бермейді. 65% ұлдар мен 70-75% қыздар, ауылшаруашылық мамандықтарының болашағы жоқ деп есептейді. 

Қоғамның динамикалық және тұрақты өсуі ең алдымен білімдегі жеке және қоғамдық мүдделердің үйлесімі негізінде қамтамасыз етіледі. Жалпы, арнайы, кәсіби білімдер, оларды жүйелі толықтыру, кеңейту, тереңдету әр ауыл оқушысымен саналы түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Өмірдегі білімнің рөлі мен маңызы, ұлттық мүдделердің, идеялар мен дәстүрлердің дамуы жайлы сауалнама сұрақтарына жауап бере отырып, оқушылар негізінен, білімнің жоғары деңгейі оларға не беретіні жайлы ойды басшылыққа алады. Сауалнамалар талдау, оқушылардың 72%-ы жаратылыстану мен гуманитарлық пәндерді терең және берік меңгере отырып білім маңыздылығын ең алдымен жоғары жалақы алу, әлеуметтік жағдайын жақсарту, қызмет баспалдағымен тез өсу, т.б. байланыстыратынын көрсетті. Оқушылардың 23-25%-ы ғана, білім өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіруге, ұжымда көшбасшы болуға көмектесетінін атап өтті.

Сауалнамалар сұралған мектеп оқушыларының 65%-дан астамы ұлттық сана-сезімді, ойлауды дамыту деңгейін, ұлт болашағына үмітті тек біліммен байланыстырды.

Бүгінде өмір мектеп оқушыларынан білім, еңбек, ұлттық мәдениетке өзінің құндылық бағдарын оятуды талап етеді. Мысалы, үздіксіз білім, біліктілік жоғарылату, өзін-өзі жетілдіру, өндірістің заманауи техникасы мен технология негіздерін меңгеруге ұмтылу, халық дәстүрлерін, ұлттық идеяларды жаңғырту қажеттілігі т.б. мұндай талап, нарықтық экономика жағдайында өмір сүру, бәсекелестік, тартыс, жарыс ұйымдарымен тығыз байланысты.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ауыл оқушыларының көңіл-күйлері әрдайым оптимистік және ізгілікті сипатта болмайды. Олар өмірге деген сенімділікті жолғалтады, болашақ перспективасына сенбейді. Болашаққа сенімнің болмауы, оқушылардың болып жатқан әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерге көзқарастарын, сондай-ақ өмір бағдарлары мен жоспарларын өзгертеді.

Жүргізілген зерттеулер, қазіргі таңда ауыл оқушыларының қоршаған әлеуметтік әлеммен, табиғатпен қатынас сипаты, мазмұны, технологиясы өзгергенін көрсетті. Мысалы, қазір оқушылардың ата-аналармен, жақын туысқандарымен қарым-қатынасы, 60-70 жылдардағы түлектерге қарағанда өз өзектілігін жойды.

Қазіргі оқушылар мектептегі көптеген ресми шаралардан оқшауланған. Олар мектептегі және мектептен тыс тәрбие шараларына қатысуға құлықсыз (ойын-сауық, демалыс кештері, би кештерінен өзге т.б.). Оқушылардың ауылдық кітапхана, оқу залдарына баруы күрт төмендеді. Мұны белгілі объективіті себептермен түсіндіруге болады. Мысалы, ауыл кітапханаларына бірнеше жылдан бері заманауи ғылыми-көпшілік, көркем әдебиеттер түспейді, олар мектеп оқушылары мен жастарға арналған мерзімді басылымдарды жаздырып алмайды. Ауылдық жерлерде кинотеатрлар жабылған (90% жуық).

Қазіргі ауыл оқушыларының жақсы оқу, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін марапаттауларға көзқарасы өзгерген. Олардың көпшілігі (56-60%) педагогтар мақтауы, алғыс хаттармен марапаттауына мән бермейді. Мұның бәрі, қоғам ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап көптеген ұлттық рухани құндылықтарды елемеуінен туып отыр. Нәтижесінде ауыл  оқушылары өмір идеясын, болашаққа ұмтылысты жоғалтты.

Ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылық динамикасы ерекшеліктерінің бірі оларға ересектер тарапынан (ата-ана, мұғалімдер, тәрбиешілер т.б.) қарым-қатынастың ашық қанағаттанбауы. Бұл олардың тапсырма, ескерту, талаптарға наразылығынан көрінеді. Осы жағдайда еркін қарым-қатынас үшін ауыл мектеп оқушылары өздеріне социум іздейді, өздерінің ересектерден тәуелсіз екенін көрсеткісі келеді.

Ауыл оқушыларының әлеуметтік құндылықтар динамикасына дін және оның саналуан әдет-ғұрыптары әсер етеді.

Қазіргі жағдайда дін біртіндеп қоғам өміріне кіруде. Мысалы, зерттеу барысында ҮІ-ХІ сынып оқушыларының 15-20%-ы өздері немесе ата-аналарымен бірге мешітке барып, Ұлы Отан және Ауған соғысында қайтыс болған жерлестерінің ескерткіштеріне барып тағзым етеді.

Сонымен, адамдардың дүниетанымдық ұстанымдары мен әлеуметтік құндылықтары түбегейлі қайта қарастырылып жатқан кезде, адамның қоғамдағы орны, оның өмірдегі рөлі өзгереді, ауыл оқушыларының құндылықтары да елеулі өзгерістерге ұшырайтындығы дәлелденіп отыр.