Cекция: филология

 

 

                                                                   Жуынтаева З.Н.,

                                                                  Караганда, Казахстан

 

ТАРИХИ ЖАЗБАЛАРДАҒЫ АНЫҚТАУЫШСЫЗ ТОЛЫМСЫЗ СӨЙЛЕМДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ СИПАТЫ

 

АННОТАЦИЯ

 

Мақалада орта ғасыр жазбалары тіліндегі анықтауышсыз толымсыз сөйлемдердің қолданылу сипаты сөз болады. Бұл мүшелердің түсірілу себебі контекстпен байланысты екендігі көрсетіледі. Анықтауышқа қатысты бағыныңқы сыңарлардың, яғни, сөз тіркесінің, сөйлемнің қатысы болатын жағдайлары көрсетіледі. Түсіп қалған сөйлем мүшелерін мәтін арқылы табуға болатындығы қарастырылады.  Сол сияқты контекстік құрмалас сөйлемдер жайы да айтылады.

 Тірек сөздер: анықтауыш, мәтін, контекст, синтаксис, толымсыз сөйлемдер, мәтінтүзімдік сипаты.

                              

І. Кіріспе. 

Контекст мәселесі қазақ тіл біліміндегі көкейкесті мәселенің бірі. Олай деуге себеп, контекстің тілдің қай деңгейінде болмасын қатысы бар. Тіпті, синтаксистің басты нысаны болып табылатын сөйлемнің шын сипаты да контекст арқылы  ғана  айқындалады. Мақаланың өзектілігі қазіргі тіл білімінде және қазақ тіл білімінде өзекті тақырып ретінде қаралып жүрген мәтін  лингвистикасы жайын қарастыру. Лексикалық, грамматикалық құрылымдардың мәтіндегі қызметі, қазақ тіл білімі үшін жаңа сала деп есептелетін функционалдық грамматиканың басты категориясы контекст құбылысын тарихи жазбалардан іздеу бүгінгі күнде өзекті де тың проблема болып отыр.

ІІ. Анықтауышсыз толымсыз сөйлемнің мәтінтүзімдік сипатын анықтап, мәтін байланыстыратын элементтердің жаңа қырларын, тарихи даму барысын талдау ғылыми мақаланың мақсат-міндеті болып табылады.

ІІІ. Толымды сөйлемдерде толымсыз сөйлемдерге қарағанда синтаксистік байланыс айқын, мағынасы неғұрлым тиянақты болады. Алайда толымды сөйлем ойды түсінікті етіп жеткізуде әрқашан икемді бола бермейді. Өйткені адам санасы үнемі толық сөйлемді қажет етпейді. Қарым- қатынас жасау үстінде әр сөйлемді толымды етуге тырысу көпсөзділікке әкеп соғады. Сондықтан адамдар қарым- қатынас кезінде толымды сөйлемдерден гөрі толымсыз сөйлемдерді жиі қолданады.  Мұның толымсыз сөйлемдердің ықшамдау, үнемдеу заңдарымен астасып жатқандығын байқаймыз. Мәтін деңгейінде сөйлем құрылысының ықшамдалуы әр уақытта сөз болып келеді. Контекстік толымсыз сөйлемдер бір-бірімен мағыналық байланыста болғандықтан, толымсыз сөйлем мағынасы да контекске тікелей қатысты.Контекст ондағы айтылған ойды толық түсінуге мүмкіндік береді. Қай сөйлем мүшесінің түсіп қалғандығына байланысты толымсыз сөйлемдерді мынадай топтарға бөліп қарауға болады: а) бастауышсыз, ә) баяндауышсыз, б) анықтауышсыз, в) толықтауышсыз, г) пысықтауышсыз.

Анықтауыш мүшенің қызметі де өзі тіркесетін сөздің лексика-семантикалық ерекшелігімен тығыз байланысты. Олар, негізінен, зат есімдерден немесе заттанған басқа сөз таптарынан болған мүшелермен атрибутивтивтік қатынаста болады да, өзі анықтайтын сөздермен интонациялық жағынан ыңғайласып, бір ритмикалық топ құрайды. Анықтауыштар – өзіндік лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар бірлік ретінде тұрақталған синтаксистік категория [1, 654].

Анықтауыштар сөйлемнің есімнен болған басқа мүшелерін анықтайды да, соған қатысты болады. Анықтауыштардың түсіп қалатын жағдайларын Ұ.Керімбекова “Анықтауышсыз толымсыз сөйлем” атты мақаласында былай көрсетеді:

 1.Негізгі ой анықталушы сөзге аударылып, ол ерекше екпінмен айтылғанда…

 2….анықталатын сөз субьектіге тән болса…

 3… алдыңғы сөйлемдерден белгілі болады.

 4. …оның алдыңғы сөйлемде жалпылық, белгісіздік мағынада келуімен байланысты. Олар көбіне күрделі сөздерден тұрады да, көрші сөйлемдерде аталғандықтан келесі сөйлемде басы артық сөздер қайталанбай түсіп қалады [2, 85-87-б.].

Біздің мақаламызға арқау болған Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың “Жами’ат-Тауарих” ескерткіші мен Әбілғазы ханның “Шежіре –и түркі” ескерткіштерінен алынған мысалдармен осы ойымызды дәлелдейік.

“Жами’ат-Тауарихтан”: 1. Қутула хан, аның оғлы Жочи хан ерді, Чиңгиз хан білә бірге ерді. 2. Ләшкәр білән. 3. Екінчі оғлы Алтан ерді. 4.Чиңгиз хан білән йағы лашты, бір йарашты. 5.Сөзіне уофа қылмады. 6. Йана йағалашты. 7. Бисйар турур (39). 

Аудармасы: Қутула хан, оның ұлы Жошы хан еді. Өз әскерімен Жошы ханмен бірге еді. Екінші ұлы Алтан еді. Шыңғыс ханмен жауласты, біресе жарасты, сөзіне опа қылмады және жауласты, хикаясы өте көп  (42).  Немесе “Шежіре –и түркіден”: 1.Шибан хан үшбу айтылған йұртларны йайлаб уа қышлаб олтұрды. 2.Тақы нече йылдан соң өлді. 3.Аның он екі ұғлы бар ерді…5. Екінчі ұғлы Баһадұр хан атасы орнында олтұрды (140). Аудармасы: 1.Шибан хан осы айтылған жұрттарды жайлап және қыстап отырды. 2.бірнеше жылдан соң өлді. 3.Оның он екі ұлы бар еді. ...5.Екінші ұлы Бахадұр хан атасының орнына отырды. Бірінші мысалдағы “Сөзіне опа қылмады” деген толымсыз сөйлемнің анықтауышы өзінен бұрынғы сөйлемнен көрініп тұр. Сөйлем “Чиңгиз хан ның сөзіне уофа қылмады” болып толығатын болса, екінші мысалдағы 5-сөйлем “ Шибан ханның екінчі ұғлы Баһадұр хан атасы орнында олтұрды ”болып толығады.

 Сөйлеу тұрғысынан, контекст тұрғысынан қарағанда, анықтауыш айтылмай тұрған толымсыз сөйлемде анықтауыш қана емес, анықтауышқа қатысты бағыныңқы сыңарлардың, яғни тұтас тіркесі, я сөйлемнің қатысы қажет болатын жағдайлар да кездеседі. Мысалы: 1.Атасы ол ма ни дан көрүб ерді біз нің қаумымызды мунуң дек оғлан һеч туғмады, һеч фарзанд йана келмегей, уа тақы қамал ға, тігсе біз нің арамызда му азум уа матабар болғай теді. 2.Жаһат аңа ат атамақ та кеңешті лер. 3.Ол оғлан бір йашар ерді. 4.Оғландын ауаз келді. 5.Менің атымны Оғуз қойыңыз теб. 6.Хазр турған бағайат ажаб қа қалды лар уа бамуж уб сөзі аның кім аср аршад хақ та аладын ерді. 7.Ол сабабдын Оғуз атады лар (20).

Аудармасы: 1.Атасы таңданып, біздің қаумымызда мұндай ұл (оғлан) ешқашан тумады, еш перзент және келмеді, тағы ержетіп кемелге келсе, біздің арамызда ол аса құрметті, ұлы адам болады, - деді. 2.Кейін оған ат қою үшін жиналып кеңес ашты. 3. Ол бала бір жаста еді. 4. Сәбиден хабар келді. 5. Менің атымды Оғыз қойыңыз деп айқайлады.  6.Жиналған адамдар шектен тыс қайран қалды, оған ғажайып сөзді айтқызушы алла тағаланың құдыреті еді. 7. Сондықтан оны Оғыз атап, есім берді (28). Мұндағы 4-сөйлем - анықтауышсыз толымсыз сөйлем. Оғланнан  қандай ауаз (хабар) келгенін кейінгі сөйлем толықтырады. Сөйлем “Оғлан дын менің атымны Оғуз қойыңыз теб ауаз келді” болып толығады. Бұнда олқылық сөйлем арқылы көрініс берген. “Шежіре-и түркіден” алынған мысалмен салыстырайық. 1.Түркістан бірлән Ташкендні сақласақ бізке йетер. 2.Мұхаммед жөкі мырза Берке сұлтан ның сөзі нің мағқұл еркенін білді (144). Аудармасы: 1.Түркістан мен Ташкенді сақтасақ бізге жетер. 2.Мұхаммед жөкі мырза Берке сұлтанның сөзінің дұрыс екенін білді. 2-сөйлемдегі қай сөзінің мақұл екенін бірінші сөйлем толықтырады. “Мұхаммед жөкі мырза Түркістан бірлән Ташкендні сақласақ бізке йетер деген Берке сұлтан ның сөзі нің мағқұл еркенін білді ” болып шығады.

 Сапалық анықтауыштың сөйлеудегі қызметі – белгілі бір контексте анықталып сипатталуға тиісті затты я құбылысты айқындап, сипаттап, нақтылау. Өйткені белгілі бір контексте белгіленген заттың я құбылыстың сапасы, белгісі т.с.с. сол бір сөйлемнің ішінде болмаса, оқырман/тыңдарман үшін ақпарат толық болмайды. Ондай мәліметті коммуникант контекстен я сөйлеу ситуациясынан іздейді [3, 126-б.] дегендей, біз де жоғарыдағы сөйлемнен осы жайды аңғардық.

 Мына сөйлемге көңіл аударсақ: 1. Бу Орда Жочи хан ның улуғ оғлы ерді. 2. Қаум Қоңқырат артақ атлығ хатун Жочи хан (ның( улуғ хатуны ерді. 3. Бу Орда андын туғды. 4. Жочи хан (ның) ләшкәрі нің йарымын билүр ерді. 5. Муңа та аллуқ ерді. 6. Уа тақы йарымыны Бату билүр ерді (115).              

Аудармасы: 1.Бұл Орда Жошы ханның үлкен ұлы еді. 2. Қоңырат қауымынан Сартақ атты хатун Жошы ханның үлкен хатуны еді. 3.Бұл Орда одан туды. 4. Жошы ханның әскерінің жарымын билер еді. 5. Бұған лайықты еді. 6. Және екінші жартысын Бату билер еді (87). Бұл жерде соңғы сөйлем былайша толығу керек: “Уа тақы ләшкәрінің йарымыны Бату билүр ерді.” Сонда 2-сөйлемдегі ләшкәрінің деген анықтауыш келесі сөйлемде ол сөзді қайталай бермес үшін түсіріліп қолданылған. Егер соңғы сөйлемді жеке алсақ, онда ненің йарымы (жартысы) екені толық айтылмаған болар еді. Ол контекст арқылы көрініп тұр. 1.Темүр шеих ның қаһары келіб кейінідін қуа барыб черікі йығылмасдын бұрұн йетіб ұрышты. 2.Тақы бастұрды да анда шаһид болды. 3.Һеч фәрзенді йоқ ерді (142). Аудармасы: 1.Темір шеихтың қаһары келіп, кейіннен қуа барып әскері жығылмастан бұрын жетіп соғысты.. 2.Тағы бастырды да онда қайтыс болды. 3.Еш пәрзенті жоқ еді. Бұл келтірілген мысалда да Темүр шеихның анықтауышын өзінен кейінгі сөйлемде қайталай бермес үшін түсірілген. Cөйлем  “ Темүр шеих ның  Һеч фәрзенді йоқ ерді ” болып шығады.

 1. Оғланлар ның атасы, ағасы келіб, ол Мунулун хатунны өлтүрді лер еділәр. 2. Мунуң оғлан ларын һәм өлтүр мей тынмас мыз теді лер. 3.Оғлан лары йазыға чықыб ерділер. 4. Йолун тосуб йолда секіз оғлын өлтүрді. 5.Тоқузунчы оғлын табалмады лар. (34)

Аудармасы: 1.Оғландарының аталары, ағалары келіп айтқан соң ол Мунулун хатунды өлтірді. 2. Мұның оғландарын өлтірмей тынбаспыз десті. 3. Оғландары әр жазда шығар еді. 4. Жолын тосып жүріп жолда сегіз ұлын өлтірді. 5. Тоғызыншы ұлын таба алмады. (39)  Бұл жердегі 4,5-сөйлемдер - толымсыз. Кімнің сегіз ұлын, кімнің тоғызыншы ұлын таба алмағандығы 1-сөйлемнен байқалады, яғни Мунулун хатунның деген меншіктік анықтауыштық сөз тіркесі арқылы сөйлем толымды болады.

ІҮ. Мақаланың жазу барысында тарихи-салыстырмалы, диахрондық, синхрондық, контекстология әдістері қолданылды. Осы әдістерді қолдана отырып, орта дәуірдегі тіліміздің дамуында болған жай-күйлерді аңғаруға, ондағы контекст мәселесін жан-жақты сипаттауға, оны қазіргі қазақ тілі фактілерімен салыстыруға мүмкіндік алдық.

Жазба ескерткіштің синтаксистік деңгейде мәтінтүзімдік сипатын ашу үшін толымсыз сөйлемдердің, атап айтқанда, анықтауышсыз толымсыз сөйлемдердің қасиетін ашып көрсеттік. Зерттеу нәтижесінде біз қарастырып отырған ескерткіш тілінде зат есімнен болған анықтауыштың түсірілуі жиі кездесетінін байқадық.

 

Ү. Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 783 б.

2.Керімбекова Ұ. Анықтауышсыз толымсыз сөйлемдер // Қазақ тілі мен әдебиет мәселелері.  7-шығуы. – Алматы, 1971.  – 83-88 - б.

3. Жакупов Ж.А. Қазақ тілінің функционалдық синтаксисі: филология ғыл. док. дисс. – Алматы:  1999. – 226 б.

4. Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1964. –244 б.

5. Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. – Қарағанды, 1998.  – 158 б.