Секция: филология

                                    Турсунова Мархаба Ахметкалиевна

                                                     Караганда, Казахстан

 

ТҮРКІ  ТІЛДЕРІНДЕГІ  САН  ЕСІМНІҢ  ҚЫСҚАША СИПАТЫ

ҚарМУ, ф.ғ.к., доцент

 

Аннотация

Мақалада қазіргі түркі тілдеріндегі сан есімнің сипаты көрсетуде көне жазбалар тіліндегі сан есімнің көрінісі сараланып, аталған мұралардағы сандық ұғымды білдіретін сөздерге, сан есімнің жұрнақтарына тоқталған.

Сан есімнің қазіргі түркі тілдеріндегі сипатын ашуда семантика-морфологиялық принциптеріне қарай бөлінетін топтарына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысының ерекшеліктерін көрсеткен. Бұл тұрғыда күрделі сан есімдерге байланысты өзгешеліктер, чуваш тілінде реттік сан есім жасауда –меш, тува тілінде –кы, -ки аффикстерінің қолданылуы, көне түркілік жинақтау сан есімінің –ағу/-егу жұрнағы негізінде қалыптасқан жұрнақтардың түркі тілдерінде әр түрлі орнығуы, бөлшектік сан есімдердің құрамындағы сөздердің бірінші сыңары шығыс немесе жатыс септіктерінде болуы сияқты нақты-нақты ерекшеліктерді дәлелді мысалдармен көрсеткен. Мысалдар көне жазбалардан, ал қазіргі түркі тілдеріндегі сипатын беруде қыпшақ, қарлұқ, бұлғар, оғыз, ұйғыр-оғыз, қырғыз-қыпшақ тілдерінің мысалдары пайдаланылған.

Тірек сөздер (ключевые слова): түркі тілдері, тарихи-салыстырмалы зерттеу, салыстырмалы грамматика, салыстырмалы морфология, сан есім;

І. Кіріспе

Түркі тілдері бір негізден тарағанымен, қазіргі өмір сүріп отырған туыстас тілдерде фонетикалық-лексикалық, грамматикалық тұрғыда өзгешеліктері мен айырмашылықтары орын алатыны сөзсіз. Себебі әр тілдің даму, қалыптасуында ерекшелік кездеседі және ол сол тілдің заңдылығына қатысты болуы мүмкін. Бұл мәселелер тарихи-салыстырмалы зерттеулерге негіз болады.

Түркі тілдерінің барлығында да сан есімдер заттың немесе заттық ұғымды білдіретін сөздердің санын, ретін, мөлшерін білдіру үшін қолданылады. Сан есімдер өзінің лексика-грамматикалық функциясы бойынша түркі тілдерінде бәріне де ортақ. Бұл сан есімдердің ерте дәуірден-ақ жалпы түркі тілдік қасиетке ие болғандығын дәлелдейді. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі сан есімдердің қолданылуын қазіргі түркі тілдермен салыстырсақ, жалпы тектестік сақталғандығы байқалады.

Қазіргі түркі тілдерінде сан есімнің мағыналық топтарына қатысты ерекшеліктер де, ұқсастық пен айырмашылықтар да бар.

ІІ. Мақсат-міндеттері

Түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеулерінің мақсаты түркі тілдері, олардың жалпы сипатын, жеке түркі тілдерінің өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты қарастыру, түркі тілдерінің классификациясы туралы мәлімет бере отырып, қазіргі түркі тілдерінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық сипатын ұғындыру, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралау, тілдің дамуына байланысты ерекшеліктерін түркі жазба ескерткіштерімен салыстыру арқылы меңгерту.

Түркі тілдері сөз таптарының бірі сан есімді басқа түркі тілдерімен салыстыра зерттеу тілдердің ортақтығы мен ерекшелігін, жеке тілдерге қатысты ішкі заңдылықтардың сипатын көрсетуге септігін тигізеді. Қазіргі түркі тілдеріндегі сипатын көрсету арқылы жазба ескерткіштердегі қолданысын, даму тарихын, қазіргі тілдердегі айырмашылықтарын саралауға болады.

ІІІ. Негізгі бөлім

Түркі тілдеріндегі сан есім – көне ескерткіштерден келе жатқан сөз таптарының бірі. Сан есімге салыстырмалы-тарихи зерттеу жүргізу барысында аталған сөз табының мағыналық топтарының жасалу жолдарына қатысты елеулі өзгерістерді көруге болады.

Сан есімнің жалпы сипатын, жасалу жолдарына байланысты фонетикалық, грамматикалық өзгешеліктерін М.Томанов [1, 2], Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов [3], А.Есенқұлов [4], Ф.Е.Исхаков [5], Б.А.Серебренников, Н.З.Гаджиева [6], Ә.Нұрмаханова [7]  еңбектері арқылы салыстырып ерекшеліктері мен ұқсастықтарын, өзгешеліктерін көрсетуге болады.

Көптеген түркі тілдерінің грамматикаларында семантика-морфологиялық принциптеріне қарай сан есімдерді түрліше бөледі. Қазақ, қарақалпақ, ұйғыр тілдерінде сан есімдер алты, өзбек тілінде жеті, түрікмен тілінде екі түрге бөлінеді. Сол сияқты гагауз тілінде үш, қарайым тілінде төрт, татар тілінде беске бөлінеді. Сан есімдердің есептік сан мен реттік сан түрлері барлық түркі тілдерінде мағынасы мен атқаратын қызметі және жасалу тәсілдері бойынша бірдей. Ал басқа түрлері бірінде аталса да, екіншісінде аталмайды, оның үстіне жасалу тәсілдері де біраз өзгеріске ұшырағандығы сезіледі.

Есептік сан есімдер көне түркі тілінде жұрнақсыз-ақ дара (бір, ікі, отуз, сегизон) және күрделі (бір он, беш йегірмі, ікі қырқ) болып ескерткіштерде қолданылса, қазіргі түркі тілдерінде есептік сан есімге қатысты фонетикалық ерекшеліктерге қоса, кейбір ондық атауларының бірлік атауларына байланыстылығы көрінеді. Мысалы: 3 – үч (әзерб., қырғ., түрікм., ұйғ.), уч (өзб.), оч (тат.), үш (қаз., тува, шор, қ-қалп.), үс (як., хақ.), виссе (чув.); 7 – едди (әзерб.), еди (түрікм., түрік), жиде (тат.), чеди (тува), етти (құм., өзб.), сэтте (як.), четти (шор), сичче (чув.), жеті (қаз., қ-қалп., қырғ.), ете (башқ., ноғ.); 9 – доггуз (әзерб.), туңқиз (өзб.), тоңқұуз (ұйғ.), докуз (түрікм., түрік), таххар (чув.), тоқуз (як.), тоғыс (хақ.), тос (тува), тоғыз (қаз, қ-қалп.), туғыз (башқ., тат.); 30 – үш он (с.ұйғ.), үжен (тува), тоуз (әзірб., қырғ., құм., түрік, түрікм.), оттуз (ұйғ.), уттиз (өзб.), одус (алт., шор), отыз (қаз., қ-қалп., ноғ), утыз (тат., баш.қ), ватар (чув.); түртон (с.ұйғ.), дөртен (тува), қырық (басым тілдерде қолданылады және фонетикалық варианттарымен); елу, эллик, еліг (басым тілдерде), биэс уон (якут), пісон (с.ұйғ.), бежен (тува); жетон (с.ұйғ.), чеден (тува), дьетен (алт.), йетмиш (әзерб., құм., түрік., түрікм., өзб.), иәтмиш (ұйғ.), етпис (ноғ.), етмеш (башқ.), жетпіс (қаз., қ-қалп.), жетимиш (қырғ.), ситмел (чув.).

Реттік сан есім көне түркі тілінде есептік сандарға –ынч, -інч, –нчы/-нчі, -ынчы/-інчі, -унчы/-үнчі, -нті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалған: екінті, үчінч, бісінч, онынч, бірінчі, екінчі, төртүнчі, үчүнчі т.б. 

 Қазіргі түркі тілдерінде реттік сан есімнің жұрнақтары қазақ тілінде –інші, -ыншы (бірінші, алтыншы); құмық тілінде –инчи –ынчы, -юнчю (-үнчү) –үнчу, -нчи, -нчы (экинчи, уъчюнчю, доъртюнчю); татар тілінде –енче, -ынчы, -нче, -нчы (беренче, икенче, алтынчы); түрікмен тілінде –инжи, -ынжы, -үнжи, -унжы, -нжи, -нжы (биринжи, икинжи, үчүнжи); башқұрт тілінде –енса, -ынсы, -нсе, -нсы (беренсе, икенсе, өсөнсе); чуваш тілінде –меш (перремеш – бірінші, иккемеш – екінші, виссемеш – үшінші); якут тілінде –ис, -ыс, -ус, -үс, -с (сүүс, тыһыннча); тува тілінде –кы, -ки, -чы, -чи, -ку, -кү, -гу, -гү (бирги, йинчи, тоску) түрінде қолданылады.

Көне түркілік реттік сан есімнің жұрнақтарының қазіргі түркі тілдеріндегі сипатында фонетикалық өзгешеліктерді есепке алмағанда, чуваш, якут, тува тілдері көзге түседі.

Жинақтық сан есімнің көне түркі тіліндегі жұрнағы ретінде -егү (бірегү, икегү, үчегү) жұрнағын айтсақ, қазіргі түркі тілдеріндегісінде көнелікті фонетикалық өзгерістерімен сақтағандары да, жаңаша қолданыстары да бар. Қазақ, ноғай, түрікмен тілдерінде –ау, -еу (біреу, екеу, үшеу); ноғай, құмық тілдерінде -ав, -ев (бирев, экев, учов); қырғыз тілінде оо, өө (бирөө, экөө, үчөө); якут тілінде -ыа, –ыан, –йақ (алтыа, алтычан, алтау-ақ); тува тілінде –елээн, -алаан, –елээ, -алаа (үжелээ-үжелээн; бежелээ-бежелээн); шор тілінде –ала, -еле (пежеле, ужеле); өзбек тілінде –ов (биров, эков); ұйғыр тілінде –үлән, -лән (үчүлән, бешүлән иккилән); чуваш тілінде -ан, -ен (иккен, таваттан) түрінде қолданылады.

Қазіргі түркі тілдерінде топтық сан есімнің жұрнақтарын қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек  тілдерінде –дан, -ден, -тан, тен (екіден, бирден, учтадан); башқұрт, татар, құмық, түрік, ноғай тілдерінде –шар, -шәр, -ар, -әр, –сар, -сер, -ар, -ер (унар, икешер, алтышар); хақас тілінде -лар, -лер, -ар, -ер (пірер, кілер, алтылар); якут тілінде –лыы, -лии, -луу, -лүү, -тыы, -тии, -туу, -түү, -дыы, -дии, -дуу, -дүү, -ныы, -нии, -нуу, -нүү (биирдии, икилии, үстүү) ретінде топтап көрсетуге болады. 

Болжалдық сан есім көне түркі тілінде есептік сан есімдерге –ча, -че жұрнағы жалғану арқылы жасалса, қазіргі біраз тілдер сол жұрнақты сақтағандығы байқалады.

Атап айтсақ, болжалдық сан есімнің жұрнақтары –даған, -деген, -лаған, -леген, -таған, -теген, -дап, -деп, -лап, -леп, -тап, -теп; –дай, -дей, -тай, -тей қазақ, татар, башқұрт, ноғай тілдерінде (ондаған, йөзләгән, меңләгән, уьшевлеген, алтавлаган, онавлаган); –ча, -чә, -ча, -че қырғыз, хақас, якут, түрік, татар, өзбек, әзербайжан (отысча, он писче, йүзләрчә); –лап/-ләп башқұрт тілінде (унлап, утызлап, йөзлап); –тача, -ларча, -лаб өзбек тілінде (мингларча, унлаб, юзлаб) болып келеді.

Қазіргі түркі тілдерінде бөлшектік  сан есімнің жұрнақтары бірінші сыңары шығыс септікте, екінші сыңары атау түрінде қолданылу қазақ, башқұрт, татар, қырғыз тілдеріне (өчтән ике (2/3); йөздән биш (5/100)) және бірінші сыңары жатыс септікте, екінші сыңары атау түрінде қолданылу түрік, әзербайжан, құмық тілдеріне (үчдә ике (2/3); йүздә беш (5/100)) тән болса, изафет түріндегі қолданыс тува, шор, құмық, хақас тілдеріне (үштүң ийизи (2/3), дөрттүң үжү (3/4); четтининь алтызы (6/7)), баяндау түріндегі қолданыс құмық, алтай, тува, шор тілдеріне (еттини эки боьлуьп бир пай (3 ½), бирни етти ярып, бир пай (1/7), дөрт боьлуьп бир пайын алдым (1/4)) тән екендігі көрінді.

ІV. Қорытынды

Сонымен, қазіргі түркі тілдеріндегі сан есімнің қысқаша сипатын тарихи-салыстырмалы, диахрондық, синхрондық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, төмендегідей қорытынды жасауға болады:

1. Қазіргі түркі тілдерінде сан есімнің мағыналық топтарына қатысты ерекшеліктер де, ұқсастық пен айырмашылықтар да бар. Мысалы, бүкіл түркі тілдерінің ішінде өзбек тіліндегі есептік сан есімдер -та жұрнағы арқылы да жасалады. Яғни, басқа түркі тілдеріндегідей жұрнақсыз да, -та жұрнағы арқылы да қолданылу бар: бир-битта, уч-учта, турт-туртта, беш-бешта.

2. Қазақ тілінен ерекшелік ретінде ұйғыр-оғыз тобындағы кей тілдердегі 20, 30, 40, 50 сандарын білдіретін сөздер 2, 3, 4, 5 сан атауларының негізінде пайда болғандығын айтуға болады: Ійгон (20), үжон (30), тортон (40) т.б.

3. Реттік сан есімге қатысты ерекшелікті чуваш, тува, тофалар тілдерімен байланысты айтуға болады, себебі аталған сан есімнің жасалуына барлық түркі тілдерінде –нч (варианттарымен) жұрнағы қызмет етсе, чуваш тілінде бұл тұлға –меш жұрнағы, ал тува, тофалар тілінде –қы жұрнағы арқылы беріледі.

4. Топтық сан есімдер түркі тілдерінің бәрінде бірдей қолданыла қоймайды. Сан есімнің бұл түрі қазақ, қарақалпақ, өзбек, ұйғыр, башқұрт, құмық, ноғай, татар, хақас, чуваш, якут сияқты тілдерде ғана кездеседі.

5. Бөлшектік сан есімдерге қатысты ерекшелік олардың сыңарларына (яғни, бірінші немесе екінші компонентіне) қатысты болып келеді. қазақ тіліндегі сөздердің бірінші сыңары шығыс септікте, екінші сыңары атау түрінде қолданылып, бөлшектік сан жасаса, бұл башқұрт, татар, қырғыз, ұйғыр тілдеріне де тән болып келеді.

6. Ал түрік, әзербайжан, құмық т.б. тілдерде сөздің бірінші сыңарындағы сөз жатыс септігі болып келеді. бұл тілдің тарихына байланысты құбылыс, яғни жатыс септігнің шығыс септік орнына жүру кезеңіне сәйкес келеді.

 

V. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.          Томанов М. Қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 264 б.

2. Томанов М. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 190 б.

3. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.  – Алматы: Мектеп, 1971. – 272 б.

4.    Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар.                                – Алматы, 1976. – 239 б.

5. Исседования по сравнительной грамматике тюркских языков. Часть вторая. Морфология.  – Москва: Изд. АН СССР, 1956. – 334 с.

6.    Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно- историческая грамматика тюркских языков. – Москва: Наука, 1986. – 302 с.

7. Нұрмаханова Ә. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы.                             Алматы: Мектеп, 1971. – 288 б.