Кадыров Б.К.

 

ЖҰМЫСШЫ КҮШІ МИГРАЦИЯСЫНЫҢ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ТИГІЗЕР ӘСЕРІ

 

PhD Докторы, Қазақ қаржы-экономикалық академиясы, «Экономика» кафедрасының меңгерушісі

 

Дүние жұзінде белсенді түрде жүріп жатқан өндірістің ин-тернационализациясы жұмысшы күшінің интернационализациясымен қатар жүруде. Еңбек миграциясы халықаралық экономикалық қатынастардың бір бөлігіне айналды. Мигратциялық ағымдар бір елдер мен аймақтардан екінші елдер мен аймақтарға бет алуда.

Еңбек миграциясы белгілі бір проблемаларды туындата отырып жұмысшы күшін қабылдайтын және оны шетке шығаратын елдер үшін белгілі бір артықшылықтарды қамтамасыз ететіндігі белгілі.

Халықтың жаппай миграциясы XX ғасырдың екінші жартысында әлемдік қоғамдастықтың өміріндегі ерекше құбылыстардың біріне айналды.

Жұмысшы күші митрациясының екі түрлі себебі бар:

- экономикалық сипаттағы;

- экономикалық емес сиптаттағы.

Экономикалық емес сипаттағы себептерге мыналар жатады: саяси, ұлттық, діндік, нәсілдік, отбасылық және тағы басқа.
Экономикалық сипаттағы себептер жекелеген елдер дамуының әр түрлі экономикалық денгейіне сәйкес туындайды. Осы экономикалық сипаттағы еңбек миграциясы елімізде басымдық танытып, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде шешімін табуды қажет ететін бірсыпыра проблемаларды туындатуда. Елімізде 90-шы жылдары ерекше басымдық танытқан сапалы, интелектуалды жұмысшы күштерінің шетелдерге кетіп, керісінше заңсыз арзан жұмысшы күштерінің еңбек нарығымызға көптеп келе бастауы алаңдатуда. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай сияқты елдердің Қазақстанға миграциялық экспансиясы ауқымды масштабқа ие болуда, мемлекетімізде еңбек күшінің сапасы төмендеп, әлеуметтік-гигиеналық, криминогендік жағдайлар ушығуда.

Миграциялық деңгейi жағынан алғанда, қазiр Қазақстан алпауыт АҚШ-тың өзiн басып озды. Бiрiккен Ұлттар ұйымы таратқан соңғы мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздегi мигранттар саны американдық көрсеткiштерден 7 пайызға артық көрiнедi. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiндегiлер 2015 жылға қарай Қазақстандағы қосымша еңбек күшiне деген қажеттiлiк 500 мың адамға жетiп, жыл сайын орташа есеппен алғанда, 60 мың адамға көбейiп отырмақ.

Әрине приоритетті емес салаларда арзан жұмысшы күшін пайдалану дамыған елдердің (АҚШ, Батыс Европа) тәжірибесінеде көптеп қолданылыды, олар лас, ауыр, жоғары біліктілікті талап етпейтін жұмыстарды иммигранттар мен заңсыз келімсектерге қалдырған. [1]

Дегенмен, ел экономикасы бұдан ұтылуда, қомақты салық мөлшері мемлекет қазынасын айналып өтуде.

Сонымен қатар, Қазақстандағы жүздеген, мыңдаған мигрантты мемлекет есебiнен елдерiне қайта апарып тастау салдарынан республикалық бюджет қомақты шығын шегуде.

Жұмыс атқарылмай жатқан жоқ, атап айтар болсақ Еңбек және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу қарастырылды. Яғни, жеке тұлғалар қарамағында еңбек етуге келетін шетелдік жұмысшымен еңбек келісімшарттары жасалады. Ал Салық кодексі еңбек мигранттарына жеке табыс салығын салу тәртібін реттейтін нормамен толығады. Бұл ретте көшіп-қонушы жеке еңбек салығы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (3 мың 236 теңге) алдын ала төлем жасайды. Бұл рұқсат берілетін әрбір айға төленеді деп болжануда. Аталған салықтық норма енгізілсе, бюджетке түсетін болжамды қаражат жылына 4 пен 6 млрд. теңге шамасында жоспарланады екен.

Бұндай норма елімізге визасыз тәртіппен келетін ТМД азаматтарына, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарының басым бөлігін құрап отырған Орталық Азия өңірі елдеріне  бағытталады. Ал рұқсатнама 1-3 айларға беріліп, кейіннен ұзартуға жатады. Ал Қазақстанда болатын ең жоғары мерзім 1 жыл. Бұл ретте еңбек мигранттарымен рұқсатнама бойынша еліміздің жеке тұлғаларында үй шаруашылығында, құрылыс жұмыстарына қызметтер көрсету туралы еңбек келісімшарттары жасалады.[2]

Сонымен, қатар 2012 жылдың тамыз айының алғашқы онкүндігінде елімізде арнаулы науқан барысында 6425 заңсыз еңбек мигранты заңдастырылса, Қазақстандық жұмыс берушілерден осында жұмыс істеп жүрген 7199 шетел азаматын легализациялау туралы өтініш келіп түскен. Оның 78%-ын (5013 адам) Өзбекстан азаматтары, 11,2%-ын (722) - Қырғызстан, 3,8%-ын (245) - Тәжікстан, 2,5%-ын (159) - Ресей азаматтары, 4,5%-ын (286 адам) басқа елдердің азаматтары құрайды. Осындай іс-шараларды бір реттік науқан емес, кешенді түрде, жүйелі өткізіп тұрудың нәтижелігі жоғары екндігі айқын.

Жоғарыда аталған өзгерістер, еліміздегі заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыруға, олардың келуіне бақылауды күшейтуге тиімді тетік қалыптастырады. Екіншіден, еңбек мигранттарының салығы есебінен бюджет түсімі артады. Еңбек мигранттарының қызметі «көлеңкелі экономикадан» шығарылып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі. Ең ақыры еңбек көші-қоны бойынша нақты статистика алып, осы рыноктың жағдайын сараптауға серпін береді, болжам жасап, еңбек нарығын дамытуға жағдай жасайды.

Қазiргi кезде Қазақстандағы жұмыссыздардың басым бөлiгi жоғары бiлiмi мен белгiлi бiр мамандығы жоқ, қарапайым жұмысшылар екенi белгiлi. Яғни, iшкi еңбек нарығы сырттан келетiн қосымша жұмыс күшiне кенде емес. Солай бола тұра, көршiлес елдерден келетiн заңсыз мигранттардың көпшiлiгi қара жұмысқа жегiледi. Мұның себебi, жат жұрттан келетiн заңсыз мигранттар жалдаушылар берген болмашы жалақыны қанағат тұтуға бейiм әрi мәжбүр. Оның үстiне, заңды түрде тiркелмеген, еңбек шартын жасаспаған шетелдiктердiң жұмыс берушiлерден әлеуметтiк тұрғыда жағдай жасау дегендi әсте талап етпесi анық. Мұндайда зиян шегетiн – iшкi еңбек нарығы, күнгейi емес, көлеңкесi «гүлденген» отандық экономика, екi қолға бiр күрек таппай қиналған қарапайым азаматтар.

Елбасымыздың ұзақ мерзімдік «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет.

Шектес елдерден келіп жатқан көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек.

Перспективалық міндет ретінде біздің алдымызда шетелдік еңбек нарықтарына көптеп кетіп қалмауы үшін отандық білікті мамандарға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.

Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшін жаңа тәжірибе болмақ.[3]

Көрсетілген іс – шаралармен қатар үкімет келесідей мәселелерге де басым түрде назар аударуы тиіс деп ойлаймыз:

- елімізде жұмыссыз ретінде тіркелген (көлемі шамамен әр жылда 450-600 мың аралығында сақталуда) тұлғаларды еліміздегі жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламалары шеңберінде тиімді жұмыспен қамтуды жетілдіру, яғни, бос жұмыс орындары мониторингін жүргізу, заңсыз жұмысшы күші келімсектерін құрықтау есебінен жұмыс орындарына орналастыру, екі жақты тиімді жалақы саясатын жүргізу арқылы, қазақстандық жұмыскердің әлеуметтік жағдайын көтеру;

- студент - жастардан құралған еңбек отрядтарын дамыту (әсіресе құрылыс, күрделі жөндеу, ауылшаруашылығы салаларында), қоғамдық еңбек бөлінісіне көптеп тарту арқылы болашақта еңбек адамын тәрбиелеуге ықпал ету;

- қылмысы ауыр емес түзеу мекемелеріндегі азаматтарды қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру, оларға болашақта белгілі бір қызмет түрі бойынша өтілінің болуын (стажы) қамтамасыз ету, еңбек ақы түрінде қаражат табуына мүмкіндік жасау, жаңа мамандық бойынша машықтанып, біліктілік алуын қамтамасыз ету (құқықтық статистика көрсеткендей елімізде басым түрде бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны белгілі, қылмысы ауыр емес тұлғалар еңбегін қоғамымыздың әртүрлі салаларында пайдалану нәтижелігі жоғары болары сөзсіз).

Осындай қоғамдық жұмыстарға тарту, арнайы біліктілікті талап етпейтін қызметтерді атқаруға жұмылдыру жалпы ел экономикасы үшін тиімді: біріншіден, отандық еңбек нарығы өз азаматтарымызбен толығып, заңсыз жұмысшы күшіне тосқауыл болады, екіншіден  жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастырудағы бұның әлеуметтік – экономикалық, саяси - идеологиялық маңызы жоғары, үшіншіден, жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден – бір тиімді бағыты болары анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. «Заңсыз мигранттар ұлттық қауiпсiздiкке, демографияға, экономикаға төнген қауiп» Н.Жоямергенқызы., www.turkestan.kz.

2. «Еңбек мигранттарынан салық жиналмақ» ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қ. Тыныбеков. 13.11.2012ж.

3. ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы 14.12.2012 ж.