ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕП БЕРУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР НЕГІЗІНДЕ КӘСІПОРЫННЫҢ ЕСЕПТІК САЯСАТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

Аязбекова Ж.С. аға оқытушы

Жамбыл-гуманитарлық техникалық университеті, Тараз қаласы

 

Кәсіпорынның есептік саясаты жетекшінің бухгалтерлік   есепті   жүргізу  және  қаржылық есеп  беруді   ашу  үшін қабылдаған тәсілдер жиынтығын көрсетеді. Есептік саясатты құрастыру үшін   негіз қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары болады. Есептік саясатты  құрастыру қызметінің жағдайларына  қарай бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп беруді ұсыну үшін   негіз  ретінде  қабылданған әрбір стандарттағы ұсынылған әдістердің біреуін таңдау болып табылады.

Қаржылық  есеп   берудің  ескертулер бөліміндегі есептік саясатта қаржылық есеп беруді дайындау үшін пайдаланған бағалау негізі және қаржылық есеп беруді дұрыс түсіну үшін маңызды қажеті бар есептік саясаттың әрбір нақты мәселесі туралы ақпараттар ашылады.

Қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына сәйкес есепті саясат ұйымдардың қаржылық есеп беруді дайындау және ұсыну үшін пайдаланылатын нақты принциптер, ережелер, жолдар, мүмкіндіктер жиынтығы деп анықталады.

Есептік саясатты құрастыру үшін негіз ретінде бухгалтерлік есептің стандарттары алынады, олар шаруашылық операциялардың активтердің меншікті капиталдың, міндеттемелердің, кызмет нәтижелерінің альтернативті тәсілдеріне мүмкіндік береді. Есептік саясатты құрастыру әрбір стандартта ұсынылған тәсілдерді тандау, оларды кәсіпорын қызметінің жағдайына қарай негіздеу және бухгалтерлік есепті  жүргізу қаржылық есеп беруді ұсыну үшін негіз ретінде қабылдау болып табылады.

Есептік саясат кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері үшін бірдей болады, ол қаржылық есеп беру көрсеткіштерінің салыстырмалы болуына жету мақсатында және консолидацияланған қаржылық есеп беруді дайындау, туынды және тәуелді кәсіпорындармен негізгі компанияның қаржы шаруашылық қызметінің жағдайлары мен ұқсас операцияларды біркелкі етіп көрсету.

Есептік саясатты құрастыру үшін кәсіпорын басшысы жауапты болады. Бүгінде, әрбір кәсіпорын Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретінде тіркелсе, өзінің есептік саясаты болуы тиіс, ол олардың қызмет ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылады.

Кәсіпорынның  есептік  саясатында  мәселелердің  екі тобын ажыратуға    болады:  ұйымдастырушы-техникалық  және әдістемелік. Есептік саясатқа ұйымдастырушы-техникалық бөлімді міндетті қосу Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру» Заңынан шығады. Бұл бөлім көлемі бойынша жеткілікті үлкен және бірінші кезекте бухгалтерлік ақпараттың ішкі пайдаланушылар үшін қызықты екенін көрсетеді.

Ұйымдастырушылық-техникалық  бөлімге мыналар кіреді: жалпы нұсқаулар, есептік жұмысты ұйымдастыру, бухгалтерлік есептің нысандары және ақпаратты өндеу технологиясы, бастапқы құжаттар және құжат айналымын ұйымдастыру, ішкі бақылау және мүлік пен міндеттемелерге түгендеу жүргізу тәртібі.

Әдістемелік бөлім шаруашылық субъектінің есептік саясатының негізгі  әдістемелік мәселелерінен тұрады.

Қазақстанда   1997   жылдан   бастап   есептік  саясаттың   қалыптасу тәртібі, мақсаты,  қызмет саласы, оның ашылуы бухгалтерлік есептің «Есептік саясат және оның ашылуы» стандартында анықталған.

Меншіктің әр түрлілігі, кәсіпкерліктің ерекшеліктері және басқа да, жағдайлар субъектілерге халықаралық тәжірибедегі сияқты өз бетінше есеп түрлерін қажетті әдістерді таңдауға мүмкіншілік береді.

Есептік саясатты тіркеу кезінде келесі талаптарға негізделеді:

- есептік саясат барлық құрылымдық бөлімшелермен қолданылады жеке балансқа бөлініп шыққандарды қоса. Оның негізінде өз қызметін жақын болашакқа жалғастыру жорамалы жатыр;

-  шаруашылық қызметінің жағдайлары қай кезде болса, сол есептік мерзімде есепке алынады.

Кәсіпорынның есептік саясатын таңдауы мен негіздеуіне келесі негізгі факторлар әсер етеді:

- меншік нысаны мен құқықтық-ұйымдастырушылық нысаны (жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ашық акционерлік қоғам, жабық акционерлік қоғам, өндірістік кооператив және т.б.);

- салалық қызметінің түрі (өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік, ауыл шаруашылығы және т.б.);

- қызметінің көлемі, жұмысшылары мен қызметкерлерінің орташа тізімдік саны және т.б.;

- салық салу жүйесімен арақатынасы (әр түрлі салық түрлері бойынша жеңілдіктер немесе салық төлеуден босату, салық мөлшері және т.б.);

- қаржы-шаруашылық қызметін дамыту стратегиясы (ұйымның экономикалық дамуының ұзақ мерзімдік перспективасының мақсаттары мен міндеттері, инвестициялардың жұмсалу бағыты, келешектегі мәселелерді шешудің тактикалық тәсілдері);

- ұйымның ақпараттық қамсыздандыру жүйесі (оның тиімді әрекетіне қажетті барлық бағыттары бойынша);

- материалдық базасының болуы (компьютерлік техника мен басқа да оргтехника жабдықтарымен қамсыздандырылуы, бағдарламалық-әдістемелік қамсыздандыру және т.б.);

- кәсіпорындағы бухгалтер мамандарының (қаржы бөлімі қызметкерлерінің) біліктілігі және басшылардың экономикалық батылдылығы, ынталылығы мен тапқырлық деңгейі.

Кез-келген кәсіпорынның өзінің қызметін іске асыру үшін таңдап бекіткен есеп саясаты толықтылық, уақыттылық, сақтық, қарама-қайшылықсыздығы мен орындылық талаптарына сай болу қажет.

Есептік саясат кәсіпорында бірнеше жыл бойы қолданылады. Кәсіпорынның  қабылданған есептік саясатының тағайындалуы бірінші кезекте оның жұмысы туралы толық, объективті, нақты ақпарат алуға арналған. Мұндағы ақпарат оған қызығушылық танытатын субъекті мен шаруашылық байланысы бар және байланыс орнатуды қалайтын барлық пайдаланушыларға қажет. Осыған байланысты есептік саясатты таңдау кезінде басшылыққа алатын талаптарға келесілер жатады: толықтық, сақтық, мазмұнның формадан артықшылығы, қарама-қайшы еместігі рационалдық және т.б. осы талаптарға сәйкес қабылданған есептік саясат кәсіпорындағы бухгалтерлік есеп жүйесінің бүтіндігін қамтамасыз етеді.

Есептік саясат келесі жағдайларда түзетілуі мүмкін:

-  қайта құрылым кезінде (бірігу, бөліну, қосылу);

-  иелері ауысқанда;

-  Қазақстан Республикасының заңдылығы өзгергенде немесе бухгалтерлік есептің нормативті реттеу жүйесінде.

Сол кезде кез-келген өзгертулер негізделген болуы тиіс және есептік саясат кезіндегі тәртіппен рәсімделеді. Есептік саясатты қабылдаған кезде шаруашылық субъект операцияларды көрсетуге қажетті белгілі өлшемдерді белгілеу қажет.

Есептік саясатқа койылған барлық талаптарды орындау шаруашылық өмірде кездесетін маңызды өзгерістер пайда болуы белгілі қиындықтарды тудырады, ол бухгалтерлік есепті нормативтік реттеу жүйесінде де болады. Есеп тәсілдерін таңдаудағы еркіндік және есептік процесті артық тәртіпке келтіруді жою субъекті алдында оның мүддесі мен сыртқы ақпарат пайдаланушылар мүддесі арасындағы оптималды қатынас табу проблемасын қояды. Есептік саясатты құрастыру және іске асыру кәсіпорындағы бухгалтерлік есепті жүргізумен байланысты және мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап қолданыста деп саналады.

Заңдылық өзгеруіне байланысты емес есептік саясаттағы өзгерістердің салдарын қарастыру қажет, олар басқа да көптеген дамыған мемлекеттердегідей құндық түрде бағалануы тиіс. Мұндай бағалауды  бухгалтерлік есептің өзгертілген тәсілдерін қолдану күніне тексерілген мәліметтер негізінде жүргізу тиіс.

Сонымен қорытындылай келе дұрыс құрылған және дәл орындалған есептік саясат айып пұл төлеуден құтқарады (салық органдары мен бюджеттен тыс қорлар), сонымен қатар зиянды азайтып бизнестің тиімділігін жоғарлатады. Есептік саясат пен есептік процестерді автоматтау арасы нағыз байланыста екені анық, себебі қажетті ақпарат көлемін ұлғайту қажеттілігі пайда болады. Сондықтан, есептік саясат басқарудың нақты құралы және басқарушының ұтымды көмекшісі болып табылады.

Ұйымдардың түсініктеме жазуларында жыл бойы орындалған жұмыстар бойынша жасалынған қаржылық талдаудың мәтінімен қатар бухгалтерлік қорытынды есеп туралы шығарылған шешім және таза табысты бөлу тәртібі жазылады. Сонымен қатар осы түсініктеме жазуда кәсіпорынның келесі жылға қабылдаған есеп саясаты (егер оған, яғни есеп беру жылына өзгерістер енгізілген болса) жазылады.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Әбдішүкіров Р.С., Мырзалиев Б.С. Бухгалтерлік есеп. Оқу құралы. 1 кітап. Алматы: «Нұр-пресс», 2008ж.

2. Нұрсейітов Е.О. Ұйымдардағы бухгалтерлік есеп. Оқулық құралы. Алматы: «LEM» баспасы, 2009ж.

3. Толпаков Ж.С. Бухгалтерлік есеп: Оқулық – Қарағанды, «Қарағанды полиграфиясы» АҚ, 2009ж.