история

П.ғ.к. Е.С. Аяған, м.ғ.к. Г.Б. Дуанбекова,  г.ғ.к.  А.Б. Абилова,         

г.б.м. Р.С. Дуванбеков,  г.б м. Т.К. Абилов

Карагандинский государственный университет

 

Жәңгір ханның медицина және құқық салаларын дамытудағы саясаты

 

1838 жылы ханның басшылығымен Торғұн өзенінің маңында ханның жаздық көшетін жайлауы деп аталатын, Саратов  қаласынан 130 шақырым жерде жеміс-жидек  бау-бақшасын өсірген болатын. Осы жерде Жәңгірдің ағаштан салынған пешсіз тоғыз үйінің екеуі  екі қабатты болған.

Бұдан басқа ханның өз үйлі ауылдары болғанын 1834 жылы, Владимировкаға жол жүріп бара жатқан шаруа Маггиев ғажап екенін таңғалып айтқан. Үй салу ставкада бастапқы уақытта  сылбыр жүргізілді, ол тек 1842 жылы тезірек дамып, 1846 жылы 89 үй салынды, оның 41 үйі қарапайым қазақтікі.

Жәңгір Ордада медициналық бөлімдер салуға көңіл бөлген.  Оның көзқарасы 1825 жылы 10 сәуірде, №282 Орынбор  әскери губернаторына жазған хатында  анық айтылып, ол мынадай мазмұнда болған: «көмекші дәрігерлер тек менің тұрғындарым мен далада көшіп жүрген көшпенділерге  ғана қажет емес, оған қоса, осындағы казак командирлері орналасқан жердегі қол астындағы халыққа пайдасы тиер еді». Ол аурудан зардап шеккендердің азабын жеңілдетіп, емхананы салуды қолға алып, оған қоса  дәріхана ашу, фелдьшерлерді оқытуды, оспа салып егуді, ауруға көмектесу үшін барлық қажеттілікті енгізіп, бірте-бірте медицина ережелерін пайдалану жолдарын іздейді. Осыған қоса кейбір қауіптерді ескерту, мал ауруынан, жұқпалы асқынулардан қорғану үшін ғылым ережелеріне сүйенуді жолға қойған. Осы қойылған мақсатқа жету үшін Жәңгір өте жақсы чиновник, барлық медицина ғылымы бойынша маман, акушерлік пен мал дәрігерлік саласы бойынша  маман, С-Петербург медициналық хирургиялық академияның емтиханынан, аттестациясынан өткен, тәжірибесі мол адамдар іздеген. Ханның сұрауымен Астраханда тұратын дәрігер Х.И. Кельц келген болатын. 1830 жылы ханның басшылығымен Орынбор әскери губернаторының штаб бастығына Жәңгір хат жазған. Ол онда вице-канцлер граф Нессельрафаны Ордаға дәрігер етуді сұрап, оған ішкі аурулардан емдеуден басқа хирургиялық операцияларды және акушерлік жолдардағы ауруларды анықтап дәрі-дәрмектерге ерекше ақша бөлуді жеткілікті ойластыруды сұраған. Бірақ ордада хан ауырухана ашуға үлгермеген [1,2]. Дәрігерлер мекемесінде арнайы медицина мамандарын жіберудегі өтініштерінен халыққа қызмет ететін дәрігерлік орталықтарды ашуға көптеп көңіл бөлгенін, Орынбор губернаторынан  медициналық мекемелерді Ордада ашу үшін рұқсат беруді  сұрағандығынан мәселені мемлекеттік деңгейде шешуді ойлағанын көреміз.  Жәңгір Ресейдің ықпалымен Ордада  медицина саласының жоғарғы маманды қызметкерлерін шақырып, хандықта халық үшін медицина салаларын ашып, онда жаңа Европада өркендеген  медициналық қызмет көрсету түрлерінің негізін Ордада қалыптастыруға тырысқан.  Дегенмен  медицина саласын дамыту мәселелерін шешіп, кейбір мәселелерді шешуге, жүзеге асыруға үлгермеді. Сонда да болса Бөкей Ордасында тұңғыш рет жаңа медицина салаларының негізін Жәңгір хан  салған деуге толық негіз бар. Өйткені халықты ауру жолдарынан сақтау үшін, Жәңгірдің барлық мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік деңгейдегі озық саясаты болған.

Хан қысқы және жазғы маусымдарда көшпелі салтты ұстанған. Қыста ордада отырса, жазда Торғұн жайлауында қоныстанып, мал шаруашылығымен қоса бау-бақша шаруашылығымен айналысқан. Жайлауды тұрақты маусымды қонысқа айналдырып, сәулетті үйлер, хан сарайын салып көркейткен. Сондықтан халық толық отырықшылыққа  айналған жоқ. Түгел отырықшылыққа айналса, қазақ халқы үлкен дағдарысқа ұшырап, салт-дәстүрлерінен айырылған болар еді.  Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысқан бай қазақ, оның ішінде Жәңгірге көп малды бір жерде ұстап отыру мүмкін емес еді. Хан мал шаруашылығын өркендетудің басты жолы маусымдық көшу екенін білді, оның экономикалық және климаттық жақтарын жете меңгерді. Хан ордасында және жайлау қоныстарында исламдық имандылыққа көңіл бөліп, мешіт салдырып, тұрғындарды сауаттылыққа, имандылыққа шақырды. Содан Жәңгірдің барлық қоныстарға мешіт ашып, сауаттылығын ұлттық сана-сезімінде мұсылмандық имандылықты қалыптастыруға тырысқан. Ордада ұлттық сәулет өнерінің орыс зерттеушілерін таңғалдырған үлгі жобаларын салдырған.

Бөкей Ордасында Жәңгір хан тұсында хан соты, билер соты институттары сақталынып келген болатын. Жәңгір хан билерді (судьяларды) өзі таңдап сайлап отырған. Жәңгір хан сот реформасын жасап, белгілі салаға айналдырған [3]. А. Еврейновтың айтуынша, Жәңгір хан қазақтар арасында соттық істерді жергілікті қазақтың әдет-ғұрып заңдарымен қаулы етіліп соттық істерге жататын қазақтардың барлық дауларын қорытындылап шешетін шариғат заңдар жинағы деп аталатын қаулылар жинағын жасаған [4]. Жәңгір мемлекеттік деңгейде сот жүйесін жасау арқылы қазылар институтын құрған. Ұлттық құқықтық әдеп-ғұрып жүйесін ұстанған Жәңгір хан Ресейдің сот жүйесінен тәуелсіз болды. Жәңгір хан Ресей  империясына тәуелді болғанымен, қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып құқықтарын, Бөкей Ордасындағы  халық арасында әуелсіз ұлттық сот пен би, қазылар мен шариғат заңдарын енгізіп жүргізгенінен қазақ елінде тек шариғат заңдарды сақтап қоймай, мұсылмандық имандылықтың халық арасында сақталуына  негіз болды.

Жәңгір хан ғасырлар бойы келе жатқан хандық билікті сақтай білді. Хандық билікті Ордада бір жүйеге келтіріп, орталықтанған аппарат реформаланғанда ұлттық ерекшеліктерге үлкен мән берді. Хандықта хан билігін күшейтіп, беделді ақсақалдар мен зиялы қызметкерлерді  маңайына жинай білді. Сондықтан Бөкей Ордасында басқару жүйесін реформалаудан бастады.  Ұлттық басқару жүйесін хандықта қалыптастырған. Хандық билікте ұлттық мәжіліс жиналыстарын құрып, қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ырымдар мен тыйымдарды, ұлттық мәдениетті Бөкей Ордасындағы басқару жүйесінде сақтай білген. Сол кезде хан, лауазымды қызметкер, сұлтандар, старшиндар, т.б сол кездегі қымыз ішу дәстүрін қазіргі замандағы лауазымды чиновниктерге, министрлерге, қызметкерлерге өте керемет үлгі өнеге болып, сол кездегі өнеге тәжірибесін қазір үлгі тұтып жүзеге асырса, прогресс болар еді. Жәңгір хан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты өте керемет құрметтеген.

Жәңгір хан мен Бөкей Ордасындағы сұлтандардың өз мөрлері болды. Жәңгір ханның Қазан университетінің құрметті мүшесі болып сайланды, оны  осы туралы басылып берілген диплом көшірмесі айғақтайды [5]. Бөкей Ордасынан араб, парсы, түркі тілдеріндегі деректемелік құжаттар жиналып, Қазан университетінің ғылыми қорына  тапсырылды.  Оны жинақтауда Жәңгір ханның еңбегі ерекше еді. Сол қолжазбалардың  ішіндегі ең елеулі атты құжаттың ілім, білімдік құндылығы ескеріліп, Қазан университетінің 1844 жылы бір ғылыми кеңесі отырысының шешімімен Жәңгір Бөкейұлына профессор атағы беріледі. Қазақтың ханына осындай лауазым аттестаты дүние жүзі ғалымдары  мойындаған математик, университет ректоры Николай Иванович Лобачевскийдің қолынан  табыс етілуі халқымызды Қазан төңкерісіне дейін түгелдей дерлік сауатсыз санау большевиктік сандырақ екенін байқатады [6]. Жәңгірдің өз басының зеректігі, шығыстың көне кітаптарын оқып, құндылығын терең түсінгендігі оларды Қазан университетіне табыстағанынан белгілі болады.

Шынына келгенде Жәңгір өз заманында замандастарынан ойы көш ілгері озық тұрған тұлға. Қазақ хандарының ішінде өркениетке аса зейін қойған, жұртын білім мен ғылымға жеткізуді мақсат еткен  Жәңгірдей билеуші жоқ екені шындық. Өзі ешбір арнайы оқу, білім жүйесін бітірмесе де үнемі білімін көтеріп, тіпті Қазан университетінде болып, онда қазақ халқының арғы-бергі тарихы туралы әңгімелеп, пікір айтып сол үшін университеттің құрметті мүшесі атағына ие болды.

Ханның орысша, немісше, парсыша, арабша сөйлеп және бұл тілдерде жаза да білуі, оның Қазан университетінің профессоры К. Фукспен, неміс ғалымы Гебельмен, А. Харузин, И. Иванов, И. Казанцев сияқты ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы аса көрнекті ағартушы ғалымдармен тығыз байланыста болуына мүмкіндік жасады. Ханның өз заманындағы алғыр ойы, білімі, парасаты бұл ғалымдарды шынайы таңдандырып, таңырқатып, оған деген олардың ерекше бір ықыласты көзқарастарын қалыптастырғанын байқатады. Мәселен, 1889 жылы А. Харузин Мәскеу университетінде оқыған дәрісі жарияланған очеркінде Жәңгірдің ақылы асқан, адамгершілігі және әділдігімен танылған жарқын тұлға ретінде үнемі қазақтардың жанында жүретінін айтады. «Ол өз халқының әдет-ғұрпын берік ұстады, өз жұртында ол көшпелі қазақ, ал ғылыми ортада – ғалым. Оның пікірі мен лебізін  жұрт  аса зейін қойып тыңдайды. Ол ағарту ісін қолға алып, шығысты зерттеу ізденістеріне белсене қатысты. Сондықтан Қазан университеті оның білімін және қажеттілігін бағалай отырып, оны өзінің құрметті мүшесі етіп алды», - дейді 1853 жылы «Москвитянин» журналында А. Перешко. Өкінішке орай, Жәңгірдің ұлтымыз үшін талай игі істерге бастаушы болғанын біреулер біледі, ал қалың көпшілік білмейді [3]. Дегенмен, «тасқа басылған сөз тарихта өшпейді» деген, Жәңгірдің еліне істеген игі істері, ел басқару  реформаторлығы турасында деректер баршылық, мұрағат құжаттар да сақталған.

Зерттеу барысындағы зерттеу нәтижелері анықталды:

Біріншіден,  Кеңес одағында Жәңгір хан тұлғасы және оның іс-әрекетіне теріс баға берілді. Ал енді ғылыми талдау жасалып, тарихи шындық анықталып, ғылыми айналымға жіберілді.

Екіншіден, Жаңа  өркениетті этнопедагогикалық құндылықтар негізінде хандық билікті, билер мен қазылар соты тәуелсіз болған, саяси әлуметтік-экономикалық және мәдени-ағартушылық салаларды реформаларына тұжырымдама жасалынды. 

Үшіншіден, Жәңгірдің жеке басының иман жүзді, инабаты, кішпейіл, үлкенді сыйлай білетін, өте адал, әділ, ұлттық спорты және спорттық ойындарды ойнайтын, дала қазақ  ауыз  әдебиетін жақсы білген, саясатты меңгерген, туған-тусқандарына бауырмашыл болған, елінің салт- дәстүрін, әдеп-ғұрыпын мықтап ұстанған ғұлама ғалым болған.  

Әдебиеттер

1. История Букеевского ханства 1801-1852 г.г. (сборник документов и материалов). - Алматы: Дана- Пресс, 2002. - С. 8-9.

2. Букеевской орде – 200 лет. Изд. из 6 книг. Книга 2. - Алматы: Өлке, 2001. - С.9.

3. Г.К. Мукатаев  хан  Жангир. Великий  преобразователь  степи. Санк Петербург.-2001.С.143.

4. Өмірзақов Ә. Ресейге қосылғаннан не ұттық. - Алматы: Санат, 1999. - Б.86

5. Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. - Алматы: Наука, 1982. - С.121-127.

6. Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. - Алматы, 1993. 20 б.