Педагогические науки/ 3.Методические основы воспитательного процесса

Сүлейменова Ж.М., Асетова Ж.Б.

      Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

БҰХАР ЖЫРАУ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНІҢ ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘНІ

 

         Қазақтың этнопедагогикасының дамуында әдебиеттің қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай мол. Әдебиет – ұлтты ұлт етіп қалыптастыруда теңдесіз рөл атқаратын тәрбие құралы болып табылады. Оның ішінде халық ауыз әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының тәрбиелік мәні зор. Қазақ этнопедагогикасының қайнар бұлағы болып табылатын бұл халық ауыз әдебиеті үлгілері -  ұрпақтан ұрпаққа жалғасын үзбей жеткен баға жетпес құнды дүниелер. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Ендігі біздің мақсатымыз - осы дүниелердің этнопедагогикалық мәнін ашып, отбасы тәрбиесіндегі алатын орнын айқындау.

К.Ж. Қожахметова өз еңбегінде: «Халық даналығының ережелері, адамның әрекеттері мен қызметтерін оның мәртебесіне сәйкес: ата, әже, әке, ана, ұл, қыз, күйеу бала, келін деп реттеп қана қоймайды, сонымен бірге халық даналығының өсиеттерінде, әрбір рөлдің қызметі мен терең идеялық мағынасы сақталады» - деп атап көрсеткен. [1,145]

Халықтың ақылгөй даналарының бірі болған ХҮІІІ ғасырдағы жыраулар поэзиясының алыбы – Бұхар жырау мұраларына көз жүгіртсек, оның жыр-толғауларындағы отбасы тәрбиесінің жалпы мәселелеріне байланысты ойлары – жар таңдау, балаларды тәрбиелеу, отбасын құру – қазақ этнопедагогикасын және этнопсихологиясын толықтыратын құнды мұралар болып табылады.

Қазақ халқы – тектілікке аса ерекше мән беретін халық. Текті жалғастыру дәстүрі, барлық адамзаттың негізін, отбасылық қатынастардың негізін, ерлі-зайыпты өмірдің мәнін анықтайды. Жас жұбайлардың отбасын құрғаннан кейінгі халық алдындағы борышы – өмірге ұрпақ әкелу және оны тәрбиелеу. Осы орайда халқымыз отбасын құруға байланысты жар таңдау мәселесіне аса мән беріп, «Баланың жақсысы – нағашыдан» - деп, алатын жарының текті жерден болуын қалаған.  Бұхар жырау жырларында ол былайша көрініс табады:

Жал, құйрыға қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.[2,82] -деген афоризмге толы жыр жолдарынан  және мына бір толғауынан жырау ойының нақты дәлдігімен қатар тура жолды көрсеткен өмірлік бағытын байқаймыз:

Қатын алма төреден.

Қатын алсаң төреден,

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы мал жанды.

Төре берер ұл туса

Аузы кетпес парадан, [2,95] – дейді де

Жігіт жақсы бола алмас,

Алғаны жаман болған соң[2,74] – деп жақсы жардың ер адамның бақыты екенін түсіндіргісі келеді.

Халқымыз қазақ қыздарының жағымды сапалары ретінде мыналарды көрсетеді: нәзіктік, әдемілік, жұмсақ мінез, қарапайымдылық, жанашырлық, адалдық. Ал жыраудың жыр жолдарынан:

Қызда қылық болмаса

Құр шырайдан не пайда, [2,80] – деген жолдарды кездестіреміз. Бұл жыр жолдары арқылы астарлы сөздермен қыз балаға үлкен сын айтып тұрғанын байқаймыз.

Ұрғашының жаманы

Өсек дүкен құрғаны,

Құдайының ұрғаны.

Өсек пенен қайбатты,

Зина менен ұрлықтан

Бұрынғы өткен жақсылар

Онан да жаман десіпті, [2,97] - деп қыз балалар үшін, жалпы әйел қауымы үшін өсек сөздің жамандығын, артық екендігін өткір сөздерімен келістіре жырлайды. Бұл жолдардан қыз бала тәрбиесіне ерекше қараған халқымыздың  ақылына көркі сай қыз тәрбиелейтінін көруге болады.

         Қыз баланың өмірдегі ең үлкен мақсаты – ұрпақ жалғастырып, дүниеге бала әкелу екенін ескерген жырау былайша толғайды:

Бәйбішеге жарасар

Еміздіктеген сабасы,

Келіншекке жарасар

Емшектегі баласы, [2,81]- дейді де

Баласы жоқ қатыннан

Лақтаған ешкі артық, [2,74] - деп қатал сынға алады. Осы жыр жолдарынан халқымыздың ұрпақ жалғастығына өте үлкен мән беретіндігін және қыз баланың аналық борышы – бала тауып, өсіру, тәрбиелеу екенін аңғарамыз.

         Халқымыз ұл бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Бұхар жырау жігіттің жарлы болғанын қаламай:

Жарлы болған жігіттен

Бесіктегі бала артық,

Есіктегі ит артық, [2,74] - дейді. Бұл жолдар арқылы ер баланы еңбекқор, қайратты, шыдамды етіп тәрбиелеу қажеттігін түсінеміз.

         Қазақ халқында балалардың парызы – ананы құрметтеу, әкеге бағыну. Ата-ананы сыйлау, олардың ризалығын алу балалардың басты парызы. Жыраудың:

Сыйлай бергін көнені                                                                                         

Сыйламаған күң қылар

Өзін тапқан енені [2,96] және

Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда

Кімдер де кімнің белі бүгілмес, [2,91] -деген нақылдары бүгінгі күнде өз ата-аналарынан бас тартып, қариялар үйіне көш түзеген жастарымызға дәл тауып айтылған ақыл деп есептеймін.

         Сонымен қатар жырау өзінің «Он бір тілек» атты толғауында:

Тоғызыншы тілек тілеңіз

Төреңіз тақтан таймасқа,

Тоқсандағы қарт бабаң

Топқа жаяу бармасқа, [2,72]- дейді. Көргенді елдің баласы қариясын жаяу қалдырмасы анық. Қазақ халқы – ақсақалын сыйлаған, үлкенінің алдын кесіп өтпеген халық. Сонымен қатар осы тұста:

Оныншы тілек тілеңіз,

Он ай сені көтерген,

Омыртқасы үзілген,

Аязды күнде айналған,

Бұлтты күнде толғанған,

Тар құрсағын кеңіткен,

Тас емшегін жібіткен

Анаң бір аңырап қалмасқа, [2,73] - деп өзіңді туған анаңның тілеуін тіле дейді. Бала үшін анадан асқан жақын жан жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеп өсірген аналардың алдында кім болса да борышты.

Бұхар жыраудың адамды игілікке, әділдікке, ізгілікке тәрбиелейтін адамгершілік мәселесін көтерген нақылға толы толғаулары – оның ұрпағына қалдырған асыл қазынасы екеніне бірнеше мәрте көз жеткіздік.

Ал енді отбасындағы әке балалардың бір-біріне деген мейірімді қатынасын, сүйіспеншілігін тәрбиелеу, отбасы мүшелерінің арасындағы міндеттерді бөлуді тәрбиелеу негізінде отбасылық қатынастарды бекітеді. Бірлік пен ынтымақтастық қатынасы – осы екі сапа қазақ отбасын нығайтады деп есептеген Бұхар жырау өз жырларының бірінде:

...Бұл жалғанда бір жаман

Ағайынның аласы, [2,81]-  дей келе былайша толғайды:

...Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, [2,88] - деп бірлікке, татулыққа баулиды.

Бұхар жыраудың поэзиясы бүтін бір халықтың жан-дүние, таным-талғам иірімдеріне жалғасып жатқан құбылыс. Жырау шығармалары жеке адамның көріп-біліп, көкірекке түйгенінен әлдеқайда кең жатыр, оның шығармалары – тұтас халықтың сезім-күйі, ой-өрісі, тарихы мен тағдыры.

Жырау қарапайым сөздің сыры сезілмес, жымы білінбес шеберлікпен шендестіру арқылы ғаламат қуат күшін оятады. Жай ғана бір сөздің ұйқасы мен үйлесімінің арасына ол халқымыздың қайталанбас ерекшелігін, өзіне тән ұлттық тәрбиесін, тіршіліктің қария даналығын орнықтырады.

                                       

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қожахметова К.Ж. этнопедагогика (оқу құралы). Алматы, «Қарасай» баспасы. 2012, - 248б

2.      Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (хрестоматия). Алматы, «Ана тілі» баспасы. 1993, -176б