П.ғ.к., И.С. Өтебаев

Е.А. Бөкетов атындағы  Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Г.К. Өтебаева

Б.Сүлейменов атындағы орта мектеп, Қазақстан

 

Технология пәнінде жобалауға үйретудің тәрбиелік мәні

Қазіргі күні Республикамыздың білім беру жүйесінде түбірлі өзгерістер жүргізілуде. Білім жүйесінде бірнеше нормативті-құқықтық құжаттар қабылданып, қоғамдық қарым-қатынастарды демократияландыру бағытына әжептәуір қадам басылды. Сонымен қатар, біздің республикамыз әлемдік еңбек нарығында бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды іздестіруде. Бұл тенденцияларды жүзеге асыруда жас ұрпаққа білім берумен қатар, оларды бағдарлай тәрбиелеудің де маңызы зор.

Сонымен, әлемдегі негізгі тенденциялардың біріне қоғамдық дамуды глобализациялау жатады. Оның негізгі бағыты ұлттарды, халықтарды, мемлекеттерді бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени кеңістікті әлемдік қоғам құру арқылы  жақындату, әлемнің әр түрлі елдеріндегі қоғамдық қатынастардың өзара әрекетін тығыз байланыстыру, әрбір елдің дамуын өзара қарым-қатынас орнату қабілеттілігіне тәуелді ету болмақ. Ал, елдің дамуына үлес қосып, дамытушы болашақ жас ұрпақ екеніне күмән жоқ. Ендеше оларды мектеп жасынан еңбексүйгіштікке тәрбиелеу керек.

Технология пәнін оқытуда – еңбек етудің алғышарттарын үйрену арқылы оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында, оқушыларға берілетін тәлім-тәрбие үрдісін жетілдіру, жұмыс мәдениетін, адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастарды жаңарту, еңбек біліктілігін қалыптастыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыру міндеттерін мұғалімге жүктейді. Жас ұрпақты қоғамдық өмірге, отбасындағы қызметке, кәсіпке даярлау, үнемі өзгеріп отыратын әлемде өмір сүретіні туралы түсінікті қалыптастыруды міндеттейді. Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Негізгі мақсатымыз – Қазақстанның әлемнің елу дамыған елдерінің қатарына енуі» делінген. Сол себепті, әр оқушыға оның қабілеттеріне сәйкес келетін білім беру өрісі қажет.

Адамға ең бірінші өмірлік қажеті – еңбек екенін уақыт дәлелдеуде.
Адам өмірі үшін аса қажетті, әрі өмір бойы тоқтаусыз білім беретін пән «Еңбекке баулу» бүгінгі технология оқу пәні үнемі жетілдіруде.
Біздің елімізде еңбекке үйрену – Ы. Алтынсарин 1887-1888 жылдары орыс –қазақ мектебін алғаш ашқанда басталған .
Оқушыларды кәсіпкерлікке, қазіргі заман талабына сай басқару, білу, ұйымдастыру, іске асыру жұмыстарына бейімдеу басшылыққа негіз болады.

Еңбек тәрбиесі – барлық тәрбиенің қайнар көзі. Ол арқылы жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеуді басшылыққа ала отырып жұмысты жүргізуге бағыттау қажет. Оқушылар әр түрлі әзірленген бұйымдарды зерттей отырып, баға берумен келешек кәсіби ісіне қажетті эстетикалық, ұлттық, этикалық және т. б. бағалы қасиеттерін өз бойларына қалыптастырады.

Технлогия сабағында оқушылардың іске икемділігі мен іскерлігі, өнерге, шеберлікке деген бейімділігі дамыта отырып қалыптастырылады. Оқушылар отбасында да тұрмыстың әр түрлі өнімді еңбекке қатысады. Баланың бойындағы сапалық қасиеттері, еңбекке қызығушылығы, табиғатты қорғауы, ұқыптылығы арқылы еңбек адамын көру. Қазіргі кезде білім беру кеңістігінде инновациялық үрдістердің бағыттарының бірі – мектепке бағдарлау болып табылады. Оқушылардың қызығушылықтары, қабілеттері толық ескеріліп, сол қажеттілікке сай тиімді жағдайлар жасалып, білім беріледі.

Оқыту мәселелерін бастамас бұрын, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беру керек. Өйткені тәрбиесіз білімді бала бойына сіңіру мүмкін емес.

Сабақ – оқыту мен тәрбиелеу үрдісінің негізгі формасы екенін ескерсек, оның мәнді өтуі мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Инновация – оны жеке түсініп, оқу үрдісіне енгізу – оқушылардың саналы да сапалы білім алудың бірден бір шарты. Инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу жаңа білім берудің бірден бір шарты. Саралап оқыту – оқушылардың туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке дамуының жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Ендеше оқыту үрдісінде оқытудың дәстүрлі емес сабақ түрлері мен жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, сабақтарда пайдаланатын негізгі әдістер оқушылардың көңіл күйіне, ынтасына, қабілетіне қарай, топпен, жеке оқушылармен жұмыс істеу, ойын элементтерін пайдалану арқылы жаңа біліктілікті оқушы бойына сіңіру қажет.

Балаларды еңбекке тәрбиелеу – қол еңбегі сабағынан басталады. Адам баласы туа сала емес, көре-жүре жетіледі. Бір адам еңбекке өте қабілетті болып өссе, енді бірі керісінше болады. Баланың жас шағында еңбек тәрбиесін дұрыс алуы немесе одан шет қалуы оның келешек өміріне үлкен әсер етеді.

Баланың еңбек тәрбиесін меңгеруі, қоғам үшін ғана емес, оның жеке басы, өз тіршілігі үшін де қажет. Еңбекті сүйетін адамның өмірінде реніш болмайды. Олар үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Отбасына еңбек тәрбиесін жүргізгенде, баланы белгілі бір мамандыққа бейімдей даярлауды ескерген жөн.

Егер бала отбасында еңбек тәрбиесін дұрыс алып шықса, мектепте іскерлікке үйрену оңайға түседі. Өйткені, отбасында алған еңбек дағдылары балаға түрлі мамандықты үйренген кезде жәрдемдесіп, оны игеруді оңайлатып отырады.

Бүгінгі таңда технология сабағын шығармашылық жобасыз елестету мүмкін емес. Жоба – әр түрлі бөлімдерден арнайы сызбалардан, суреттерден, жасалатын бұйымның технологиялық картасынан құралуы мүмкін. Ол бұйымдарды жасаған кезде есеп, экономикалық немесе экологиялық дәлелді түсінік хаттар да пайдаланылады. Жобаның бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Мысалы, өте күрделі жобаны оқушының өзі ғана орындауы шарт емес. Сондықтан жобаның кейбір бөлігі дайын күйде берілсе, кейбір бөлімін оқушы топпен, мұғалімнің немесе ата-ананың көмегімен орындай алады. Егер бір күрделі жобаны топ болып орындаса, әр оқушының үлесі алдын ала анықталуы қажет. Ол оқу жылының соңында өзінің орындаған шығармашылық жобасын оқушылардың және мұғалімнің алдында қорғайды.  

Жобаны қорғау барысында қолданатын бұйымның ішінен қандай затты таңдап алу, ол бұйым қоғамға, өзіне достарына және ата-анасына қандай пайда келтіретіні ескеріледі. Жобаның шығармашылық, ақпараттық, рөлдік, тәжірибелі бағдарланған, зерттеу сияқты түрлері бар. Жоба міндетінің қысқаша анықтамасын талдау керек (берілген бұйым кімге арналған, бұйымның қажеттілігі). Жобаны орындау барысында бірізділік сақталуы тиіс. Олар: іздену кезеңі, жобаның тақырыбын таңдау және жаңашылдыққа бет бұру, жоба тақырыбы туралы ақпарат жинау, жоба идеясы мен тақырыбы туралы сыныптастарымен және мұғалімдермен бірге талқылау, жобаның тақырыбы мен идеясын бекіту.

Шығармашылық жоба – әр оқушының жыл сайын мұғалімнің көмегімен орындайтын өзіндік жұмысы, басқаша айтқанда, технология пәні бойынша жүргізілген шығармашылық жұмыс. Сондықтан шығармашылық жобаның технология пәнінде алатын орны өте зор. Шығармашылық жоба арқылы оқушының ұлттық дүниетанымы, эстетикалық талғамы дамиды. Оқушылар санасына жас кезінен бастап еңбек етуінің қажеттілігін, маңыздылығын сіңіру, пайдалы іс жасауға, қандай іс болса да шын ниетпен және ұқыпты орындауға дағдыландырып, еңбек тәрбиесін жетілдіреді.

Оқытудың осындай идеяларын ұстанған сабақтарда оқушылар өз ойларын еркін айтатын болғандықтан, оларда түрлі пікірлер пайда болады. Олардың қандай да болмасын мүмкін қате немесе шала ойларын шыдамдылықпен тыңдап, оқушыларды сенімділікке бастау мұғалімнің басты міндеті.

Жас өспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады. Олар білім алушыларды еңбекке практикалық тұрғыдан даярлау. Білім алушының ынтасын және қабілетін дамыту еңбек тәрбиесіндегі жеке міндеттердің бірі.

Дамудың жаңа сатысына бағыт алған мектептің ең негізі өзегі мұғалімнің жеке басының ізденімпаздығы мен білімділігіне көп жағдай тәуелді. Жаңа технология жүйесінде проблемалық және іскерлік ойын арқылы оқытудың да маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оны шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге қызығуын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді.

Жалпы білім беру жүйесінде әр пән бойынша өзіндік жаңашыл ойларды, әдіс-тәсілдерді қолданған жөн. Әр пән мұғалімі жаңа технологияларды меңгеріп, пәнаралық байланыс, кірістіру сабақтарын кеңінен қолдану қажет. Себебі оқушы алған теориялық білімін іс жүзінде қолдана отырып, оны өмірімен, өзінің іс-әрекетімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алады.

Қорыта айтқанда, сабақты жоспарға негіздеп, жаңашыл әдістерімен жүргізу тиімді, яғни сабақты бір тип бойынша қалыптастырмай, оған заман талабына байланысты технологиялық әдістерді пайдаланып қызықты және жан-жақты тәсілімен өткізе алғанда ғана білімді жас ұрпақ тәрбиелеу жолдары кеңінен ашылмақ.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Көпербаев А. Оқушыны еңбекке баулудың тиімді әдістері // Ұлағат. - 2003. - №2. - 19-20б.

2. Әбдуәлиева Ш.. Халық қолөнері.- Алматы: Рауан, 1992.-120 б.

3. ӨстеміровК. Т.б. Технология Алматы: Атамұра, 2002.-176 б.