Набидуллин А.С.
№1 ЖОББМ Ағылшын тілі
пәнінің мұғалімі
Қазақстан, Орал
Жалпы орта білім беретін
мектептерде ағылшын тілін кешенді оқытудың ерекшелігі
Халықаралық
қатынастағы және әлемдік қауымдастықта
Қазақстанның алатын орнын белгілеуде Елбасы
«Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын ұсынып, жаппай
білім беру үдерісінде ағылшын тілін меңгертуді
қолға алуды тапсырды. Қазақстан халқына
жасаған Жолдауында Президент: «Қазақ тілі – Қазақстан
халқын біріктіру факторы. Орыс тілі – ұлтаралық
қарым-қатынас тілі. Ағылшын тілі – халықаралық
білім кеңістігіне ену тілі» - деген болатын. Ағылшын тілі
пәнін оқыту – мектептегі білім беру үдерісін бір
тармағы ретінде Елбасының «Бала тәрбиелеу –
болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл
мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге
ұмтылуымыз керек» - деген пікіріне тікелей қатысты.
Бүгінгі
таңда көпұлтты мемлекетте жүргізіліп отырған тіл
саясатының бір бағыты ретінде аталған мәдени жобаны
жүзеге асыруда жалпы орта білім беретін мектептердегі ағылшын тілі
пәнін оқыту тенденцияларының алатын орны ерекше.
Жалпы кешенді
оқыту екі ерекшелікпен сипатталады: 1) сабақ мазмұны
түрлі типтегі сөйлеу дағдыларының негізінде
коммуникативтік-сөйлеу шеберліктерін қалыптастыруға
бағытталады; 2) сабақ мазмұны практикалық
оқытудағы түрлі сөйлеу әрекеттерінің
өзара байланысын қамтиды. кешенді оқыту тілдік және
сөйлеу аспектілерін қамтиды. Кешенді оқытудағы тілдік
аспекті фонетикалы, лексикалық және грамматикалық құрылымдарды
қамтиды. Ал сөйлеу аспектісі тыңдалым, айтылым, оқылым,
жазылымнан тұрады.
Фонетикалық
аспекті қамтылу үшін мұғалім ағылшын
тілінің фонетикалық құрылымын, фонемалық
құрылысын, екпін жүйесін, ағылшын тілінің
ырғақтық ерекшелігін, интонацияны меңгеруі тиіс. Ал
лексикалық қорға келсек, сандық және
сапалық тұрғыдан сауаттылық қажет етіледі.
Және де мұғалімнің ағылшын тілінің
грамматикасына қатысты теориялық білімі мол болуы керек.
Мектептерде
ағылшын тілін оқытуда осы аспектілер толықтай қамтылмай
жататын кездер кездеседі. Мұғалім ағылшын тілін оқытуда
осы аспектілерді қамту үшін оқушы үшін
қиындық туатын тұстарға назар аударуы керек.
Айталық,
сөз – тілдің негізгі бірлігі, мағынаға ие және
белгілі бір сөздердің тобына (сөз табына) кіретін,
дыбыстық кешен (екпін арқылы ұйымдастырылған
дыбыстардың жиынтығы). Әрбір сөз табына өзіндік
категориялар мен қызмет тән. Тілді үйретуде
сөзге үлкен мән беріледі, себебі сөз – кешенділік
қасиетке ие. Оқушылар сөзді мұғалімнің
айтқаны бойынша естіп, сол арқылы дыбысты меңгереді. Сондай-ақ
сөздің графикалық бейнесін қабылдаған оқушы
сөзді көру және жазуы керек. Мұғалім
сөздің мағынасын семантикалық бір әдіс
арқылы ашып, оның қай сөз табына тиесілі екендігінен
ақпарат беруі тиіс. Сатылай оқыту жағдайында мұғалім
терминологиялық аппаратқа сүйенбей, сөздің
қандай сұраққа жауап беретін айтса да жеткілікті
болады.
Ағылшын тілін кешенді оқытуда лексика тілдік аспекті ретінде
төмендегіше анықталады:
1) ағылшын
тілін оқытуда қанша лексикалық бірлік меңгерілуі тиіс,
оның шегі, жалпы тілдегі лексикалық қордың саны мен
сапасы нақты анық емес;
2) қай
тілдің болмасын фонетикасы мен грамматикасын оқытуда жүйелі
байланыстар мен қатынастарды айқын көрсетуге болады, ал
лексикадағы жүйелелік мәселесі талас тудырады.
Лексикалық бірліктер басқа бірліктермен байланысқа және
қатынасқа түрліше түседі. Лексикалық
қордың көлемі үлкен және әралуан. Оны
жүйелеу өте қиын. Тілдің барлық лексикалық
қорын пайдаланатын адам жоқ. Оның үстіне тіл
көпмағынаналық пен кірме сөздердің
арқасында әрқашан толығып отырады.
Минимум – қарым-қатынас үшін қажет
сөздің саны. Лексикалық минимум тілге қатысты, ал
максимум оқушның жады мен оқыту үдерісіне
бөлінетін уақытқа қатысты айқындалады.
Лексикалық минимум өте қарапайым болуы міндетті емес, тілді
жоғары деңгейге тән лексикалық минимум болуы
мүмкін.
Ағылшын тілін оқытудың бастапқы деңгейінде
лексикалық қор аз болатыны белгілі. Мұғалім
лексикалық минимумның шегінен асып кетуі мүмкін, деген ол
артық кетуге болмайтын есінде сақтау керек. Тілдік аспекті ретінде
лексиканы меңгертуде грамматикамен тығыз байланыста жұмыстану
керек. Сөз сөз тіркесінің, сөйлемнің
құрамында кездесетіндіктен, оқушы жаңа сөзді
мәтінде қолдана білуі керек. Мұғалім лексикалық
бірліктерді грамматикалық мақсаттарға сәйкес
таңдай білу керек. Сонымен қатар жаңа сөзді
меңгертуде тура мағынасы беріледі, синонимдік және антонимдік
қатарлар айқындалады.
Жоғары сыныптарда ағылшын тіліндегі актив және пассив
лексикалық минимумды да ажыратқан жөн. Актив лексикалық
қордағы сөздер арқылы оқушы өз ойын
анық, дәл жеткізе білсе, пассив сөздерді ағылшын
тіліндегі мәтіндерді оқығанда, тыңдалым кезінде
түсінгені дұрыс.
Жоғары деңгейде сөздік қордың көлемі
кеңейе түседі, бұл әсіресе 9, 10, 11-сынып
оқушылары үшін маңызды. Осымен байланысты оқушылар
лексикалық қателіктерге бой алдырып жатады: сөздердің
аралас мағыналары, сөз тіркесін дұрыс құрамау,
синонимдік қатарды дұрыс таңдамау т.б. Қарапайым
лексикамен қатар кітаби лексикадағы сөздер кездесе бастайды.
Қазіргі қолданылып жүрген ағылшын тілі
оқулықтарында лексикалық минимумды әдіскердің
өздері таңдайды, дегенмен, әр мұғалім сол
лексикалық минимум неге олай таңдалғанын жете түсінуі
керек.
Грамматикалық дағдыны қалыптастыру – ағылшын
тілін кешенді оқытуда маңызды орын алады. Грамматикалық
дағдыны қалыптастыруда мынадай сапалар ескерілуі тиіс:
1. Дұрыс
орындау;
2. бейсаналылық,
яғни мазмұнын түсіне отырып, ойын жеткізе алу;
3. Орындау
жылдамдығы;
4. Тапсырманы
орындаудың тиімді жолы;
5. жаңа
материалды тез қабылдау (лексикалық қордың кеңеюі
дағдыны бұзбауы тиіс).
Ағылшын тілін оқытудағы
сөйлеу аспектісін – айтылым, тыңдалым, оқылым қамтиды. Айтылым
– қабылдау және сөйлеудің туу үдерісімен
байланысты. Барлық адамның сөйлеу ағзалары бірдей
болғанмен, перцептивтік және артикуляциялық база
түрліше. Ағылшын тілінің дыбыстарын айтуда сөйлеу
аппараттарының қызметі, олардың орны, қозғалысы
қазақ тілімен салыстырғанда әлдеқайда өзгеше,
мәселен, жекелеген дыбыстарды айтуда, сондай-ақ жазылуы бір
басқа, айтылу бір басқа жағдайлар – ағылшын
тілінің дыбысталуына тән ерекшелік болып табылады. Бұл
тұрғыда артикуляциялық база – сөйлеу
аппараттарының қызметі мен орнына қатысты болса, перцептивтік
база – дыбысталумен байланысты «бейнелерді» қамтиды. Айталық,
жазылуы әртүрлі болғанмен, дыбысталуы бірдей сөздер
кездесіп жатады: bad (жаман) - bat (жарқанат);
t, d, n, l, s, z, tʃ,
dʒ дыбыстарын айтуда
тілдің ұшы жоғары көтеріледі, бұл өз
кезегінде қазақ тіліндегі сәйкес дыбыстармен
салыстырған өзгеше айтылады. Сондай-ақ созылыңқы
дыбыстар да сөз арасында жиі кездеседі, яғни дыбыстың
созылыңқылығы сөз мағынасын ажыратуда
маңызды: [ ful ] толық - [ fu:l ] ақымақ, [ liv ]
өмір сүру - [ li:v ] қалдырып кету, [ kʌt ] кесу - [ ka:t ] арба т.б. ағылшын тіліне тән дыбыстық ерекшеліктің
бірі – қазақ тілінде жоқ дыбыстардың болуы. Бұлар
тіл ортасы дауыссыздары [ ð, θ ]. Мысалы: [ θik ] thick – қалың, [ θin ] thin – жұқа, [ ðei ] they – олар, [
ðis ] this – бұл т.б.
Тыңдалым – дыбысталып
жатқан сөйлеуді бір сәтте қабылдау және
түсінуге қатысты рецептивті қызмет болып табылады.
Тыңдалымды ағылшын тілін оқытуда пайдалану коммуникативтік
қызметтен басқа, көмекші, педагогикалық қызметті
де атқарады. Тыңдалым оқушының сөйлеу әрекетінің
дамуына стимул бере отырып, оқыту үдеріс дұрыс
басқаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ оқушы
тыңдалым арқылы жаңа тілдік, сөйлеу және
елтанымдық материалдармен танысып, сөйлеу әрекетінің
барлық түрлеріне қатысты дағдысы мен шеберлігін дамытады.
Тыңдалым оқушының жеткен деңгейінде сөйлеу
қабілетінің болуын, өзін-өзі бақылауды және
кері байланыстың тиімділігін көрсетеді.
Сөйлесім – күрделі
психофизикалық және психолингвистикалық
үдерістердің біріне жататын сөйлеу әрекетінің
түрі. Бұл тыңдалымға кері үдеріс. Егер
тыңдалым кезінде үдеріс қабылдау формасынан түсінуге
бағытталса, айтылымда үдеріс мазмұннан формаға
қарай жүреді. Айтылым бірнеше деңгейді қамтиды:
1. Бастапқы (мұғалімнің қатысуымен
сұрақтарға жауап беру);
2. Орташа (көрнекілік арқылы мәтінге сүйену);
3. Өзіндік (сөйлеуде күрделі құрылымдарды
пайдалану).
Оқушыларды қарымқатынас құралы ретінде
сөйлесімге баулу: а) бір-бірінен немесе мұғалімнен
қажет ақпаратын сұрауға; ә) өзіндік
ой-пікірлерін алмасуға; б) оқыған немесе тыңдаған
материалмен байланысты топтық әңгіме құруды; в)
күнделікті танысу, кездесу сияқты жағдаяттарды қалыпты
түрде қабылдау; г) сипаттауға, әңгімелеуге,
мазмұндауға, пікірталастыруға үйретеді. Бұл ретте
коммуникативтік дағдыға үлкен назар аударылуы керек,
яғни қарым-қатынасты бастау, өз серіктесіне
қарым-қатынастың жалғасын табу үшін стимул
беру.
Оқылым – сөйлеу әрекетінің рецептивті
түрі, ол жазылған мәтіндегі ақпаратты алуға
бағытталады. Оқылым, тұтастай алғанда,
оқытудың мақсаты әрі құралы болып табылады.
Оқытудың мақсаты ретінде кез келген стильдегі немесе
жанрдағы мәтіннен қажет ақпаратты бөліп алу шеберлігін
қалыптастыру, дамыту және жетілдіру болса, құрал
ретінде – түрлі жаттығуларды орындау, яғни жаттығуды
оқи отырып, тапсырманы түсіну. Сондай-ақ мәтіннің
мазмұнын айту үшін, ең алдымен, оны оқу керектігі
белгілі. Жалпы алғанда, оқылым – тілді меңгерудің бір
тәсілі, сөздік қорды көбейтудің
құралы; оқылым – грамматикалық құрылымдарды
есте сақтауға мүмкіндік береді; сол тілде сөйлеуге,
айтылымды жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Жоғары оқу орындарында
қолға алынған, көпшіліктің көкейінде
кредиттік жүйе деген атпен қалыптасып үлгерген Болон
жүйесі Европа мен Америкадағы аты шулы университеттермен тең
дәрежеде білім беруді мақсат етеді. Ағылшын тілін жетік
меңгерген әр маманға шетелдік тәжірибені еркін
меңгеруіне жол ашық. Бұл тиімділігі мен
артықшылықтары анықталып үлгерген
«Үштұғырлы тіл» мәдени жобасының мақсатына
саяды. Ағылшын тілінен кешенді сынақ тапсыру дайындығы
мектептен бастау алуы керек. Демек, оқыту үдерісіндегі кешенділік
мәселесі – ағылшын тілін оқытуда әр сабақта
қамтылып, жаңа білім беру жүйесіне сай жүргізілуі тиіс.
-