Заурбекова З.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Оқыту процесіндегі мотивацияның рөлі

 

Оқу процесінің сабақта, сабақтан тыс немесе өз бетінше орындалуына қарамастан, оқытушы мен студент көптеген талаптарға ұшырасады. Оларға сабақтың мақсаты, әдісі, ғылыми негізділігі, оқытудың проблемалары сияқты көптеген әрекеттерді жатқызуға болады. Дегенмен, осылардың барлығына негіз болатын тағы бір талапты ерекше атау қажет. Ол – оқыту процесіндегі мотивация.

Оқыту процесін екі қырынан қарастыруға болады: оперативті және мотивациялы. Оқыту процесінің оперативті қыры білімгерлердің болмысты тануға қажетті теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын дамытуды қамтиды. Бұл дағдыларды олар дайын схемаларды үйрену арқылы да, өз беттерінше оқу арқылы да меңгере алады. Динамикалық немесе стереотипті құрылымды схемалар деп аталатын бұл үлгілерді Т.Томашевский «систему действий, утвердившихся в субъекте деятельности» немесе «упрочившиеся результаты этих действий, схематичные картины или отражение действительности» деп көрсетеді. Адамзаттың кез келген әрекетіндегі қозғалыс күші, яғни, кез келген оқу түрі оның мотивациялық жағы болып табылады. Мотив организм белсенділігінің мүмкіндігі мен бағытын айқындайтын ішкі шиеленіс күйі ретінде анықталады. Білім берудің тиімділігі оқыту процесінде осындай ішкі шиеленістің көрініс табуына байланысты болады. Сондықтан да дидактикада оқыту процесін ұйымдастыруға белгілі бір оқу жұмысының оқытуда оң мотивтердің көрінуіне ықпал етуі тұрғысынан ерекше мән беріледі.

Бұрынғы дидактика мен ескі әдістемелерде оқытудың мотивациялық жағына жете көңіл бөлінбеді. Мұғалімнің бар ынтасы білім берудің техникасын жетілдіру мен оны меңгеруіне бақылау жасауға жұмсалады. Оқушылардың нашар үлгерімі анықталған жағдайда, оларға қанағаттанарлықсыз баға қою, сол сыныпта екінші жылға қайта қалдыру, стипендия бермеу немесе тіпті мектептен шығарып жіберу сияқты мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Мұғалімдердің күші оқытудың әртүрлі тәсілдерін қолдану мәселелері мен жастардың жеке проблемалары, оның мүддесі, мәдени өмірі, еңбек ортасы сияқты мәселелердің арасында қалып қойды. Ал, керісінше, жастардың қызығушылығының пайда болу жағдайына, оның ынтасының қалыптасуына жеткілікті көңіл бөлінбеді.

Мотив әрекетке іштей итермелейтін себеп, қандай да бір қажеттілікті қанағаттандыратын тілек болып табылады. Егер адамдардың басым бөлігінің өмірі аштық, шөл, ұйқы, қауіптен қорғану, жақсы көру сияқты алғашқы қажеттіліктермен шектелетін болса, онда бұл қателіктің едәуір үлесі тәрбиеге байланысты, ол адам бойындағы екінші қажеттілікті қалыптастыра алмаған. Ондай қажеттілікке өз ісіне және өзгелерге деген жауапкершілік, Отанға деген сүйіспеншілік, өмірлік ұстанымына берік болу, әсемдікті қабылдай алу, мәдениетті меңгеру сияқты қажеттіліктерді жатқызуға болады. Адам бойындағы екінші қажеттілікті қалыптастыру оқушылардың әлемді, өзін, қоршаған ортаны тануына бағытталған дағдыларын тәрбиелеуге мүмкіндік беретін оқыту нәтижесі болып табылады.

Ең әуелі дидактиканың ұйымдастыру формаларына ерекше көңіл бөлу керек. Ғалымдар ондай форманың үш түрін көрсетіп жүр: сыныптағы жұмыстар, үй жұмысы, сабақтан тыс жұмыстар. Бұл формалардың барлығы да қажет және әрқайсысының өзіндік құндылығы бар. Сыныптағы жұмыстар, әдетте, ерікті емес, көбірек мәжбүрлеу сипатында болады, сондықтан бұл жерде риясыз мотив туралы айту қиын.

Үй жұмысы жоғары деңгейдегі еркіндік пен дербестігімен ерекшеленеді, дегенмен ол да белгілі бір дәрежеде мәжбүрлеуге тәуелді. Ең жоғарғы дербестік пен еркіндікті сабақтан және мектептен тыс жұмыстар ғана қамтамасыз ете алады. Мұнда қызығушылық шеңберін таңдау көбіне жағымды мотивация арқылы жүзеге асырылады. Мектеп оқытудың жоғарыда аталған алғашқы екі формасының мәжбүрлеуінен мүмкіндігінше босату арқылы және сонымен қоса оқушылардың қызығушылығын дамыту арқылы қажетті мотивацияның кең өрісін жасай алады. 

Адам әрекетіндегі мотивациялардың түрлерін ажыратуға түрлі факторлар негіз бола алады. Мотивация туралы зерттеулерді сараптай келгенде, ондай әрекеттердің мотивтері төмендегі факторларға байланысты болады:

                         әрекетке қатысу сипатына қарай;

                         алдын ала келісілген әрекеттің мерзіміне қарай;

                         әрекеттің әлеуметтік маңыздылығына қарай;

                         белгілі бір әрекеттің, мәселен, оқу мотиві.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде өскелең ұрпақтың, яғни оқушылардың да, студенттердің де оқу әрекетінің мотивациясының проблемаларын білім беруді, әлеуметтік қоғамды, саясатты шексіз реформалау жағдайында, қоғамның көпқырлы рухани-ізгілік бейімінің  ауысымында зерттеу өзекті немесе пайдалы ғана емес, сонымен қатар, білім алушының қазіргі қоғамда болып жатқан, болатын процестер мен құбылыстардың психологиялық, әлеуметтік, мәдени-тарихи және саяси мәнін түсінуін қаматамасыз ететін өте қажетті талап та деп ойлаймыз. Сондай-ақ, бұл зерттеу қазіргі білім мен тәрбие жүйесінің стратегиялық міндеттерін белгілеу мен анықтау үшін де керек. 

Оқу әрекетіндегі «мотив» ұғымының «мақсат», «қажеттілік», «мұқтаждық», «тілек», «ынталану» сияқты ұғымдарға қатысты екенін естен шығармау керек. Жеке адамдардың өмірінде бұл ұғымдар үнемі өзара араласып тұрады және бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан бұл ұғымдардың жиынтығын «мотивациялық сфера» деп те атайды.  

Оқу мотивациясы жалпы мотивацияның білім саласындағы жеке түрі болып табылады. Ол басқа да кез келген мотивация сияқты өзіне, яғни білім саласына тән белгілермен ерекшеленеді: біріншіден, ол білім беру мекемесінің ерекшелігіне, типіне, профиліне байланысты анықталады; екіншіден, білім беру процесін ұйымдастырумен, оның артықшылығымен; үшіншіден, педагогтің субъективті ерекшеліктерімен, ең алдымен, оның оқушыларға, іске қатынасымен, сондай-ақ, оқу процесінің ерекшелігімен, оның орнымен және оқу жоспарымен. Оқу мотивациясы жүйелі процесс және оның негізгі белгілері: бағыттылық, тұрақтылық және өсіңкілік болып табылады.

А.К.Маркованың пайымдауынша оқу мотивациясы бір-бірімен жаңа қатынастарға түсетін және үнемі өзгеріп тұратын талаптар қатарынан тұрады. Мотивация – бұл оқушыға жағымды немесе жағымсыз қатынас қана емес, сонымен қатар мотивациялық сфера құрылымының күрделенуі мен олардың арасындағы жаңа толық, кейде қарама-қайшы қатынастардың пайда болуы. А.К.Маркова бұл сфераның құрылымының иерархиялылығын көрсетіп, оны білімге қатысты қарастырады да, оған оқуға деген қажеттілікті, оқу, эмоция, қатынас пен мүдденің  мәнін жатқызады [1].

Оқу мотивациясын екі үлкен категорияға бөлуге болады: Оның біріншісі – оқу әрекетінің мазмұнымен және оны орындау процесімен байланысты болса, ал екіншісі – адамдардың қоршаған ортамен кең көлемдегі қатынасымен байланысты. Алғашқысына танымдық қызығушылық, зияткерлік белсенділікке ұмтылушылық және жаңа шеберлікті, дағды мен білімді меңгеру жатады [2,37]. Сондай-ақ, В.Апельт оқытудың төмендегідей мотивтерін көрсетеді: әлеуметтік, танымдық, коммуникативтік және өзін-өзі қадағалау.

Білім берудің инновациялық, нанотехнологиялық жүйелері адамның жаңа типін қалыптастыруды талап етеді. Қазіргі қоғам ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерімен қатар бұрын белгісіз болған көптеген психологиялық, гуманитарлық проблемалармен де ұшырасып отыр. Сондай толғақты проблемаларының кейбірі, өкінішке орай, рухани мұраттардың құнсыздануы, жастардың терең жүйелі білім алуға құлықсыздығы болып отыр. Болашақ мамандығын таңдауда нақты мақсат қоймау да жиі кездеседі. Көптеген мектеп бітірушілер тек жоғары білім туралы диплом алуды ғана мақсат тұтып, өз болашағын уақытына қарай көрерміз деп ойлайды. Өкінішке орай, жоғары оқу орындары студенттерінің арасында өздері немесе ата-аналары таңдаған мамандықтардың ерекшеліктерін білмейтін, ешқандай мақсатсыз, оқуға ықылассыз жастар өте көп. Ондай студенттер сабақ барысында өздері ғана зардап шегіп қоймай, оқуға ынталы басқа студенттерге де зиянын тигізеді. Сонымен студенттік қоғамның кездейсоқ мүшелері мен білімге құштар жастар бір аудиторияда отырып білім алуға мәжбүр. Бұл – бүгінгі білім беру процесінің ең күрделі проблемаларының бірі. Педагогикалық мамандықтарда оқып жүрген студенттердің арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі олардың 70 пайызының болашақта мұғалім болғысы келмейтінін көрсетіп отыр. Сондықтан да олар сабаққа салғырт қарап, болашақ өз мамандығына деген еш қызығушылығы жоқ, жоғары білім туралы диплом алу үшін оқып жүр.

Студенттердің арасында оқу әрекетінің мотивациясын арттыру – қазіргі білім берудің негізгі проблемаларының бірі. Бұл проблема түрлі әлеуметтік себептерге негізделген: отандық педагогикалық дәстүрден ауытқушылық, акселерация процесінің нәтижесі (адамның физикалық жетілуі шапшаңдап, физикалық даму мен әлеуметтік толығу арасында едәуір айырмашылық пайда болды); білім беру жүйесіндегі басымдықтардың өзгеруі. Ақпараттар көлемінің тым артуы қазіргі қоғамды білімгерлердің практикалық қолданбалы білімін арттыру және жаңа ғылыми пәндер мен жаңалықтарды меңгеруі үшін гуманитарлық білімді қысқартуға негіз болды. Бүгінгі білім жүйесінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер кейінге ығыстырылып, техникалық, жаңа инновациялық, нанолабораториялық пәндер жетекші орындарға ие болып отыр. Алайда, қоғамның ізгілігін, адамгершілігін, тәрбиелігін арттыру мен жеке тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастыруға деген қажеттілік бізді білім берудегі дегуманизацияны және соның нәтижесінде пайда болған жеке адамның, тіпті жалпы қоғамның құлдилауы сияқты күрделі проблемаларды шешуге мәжбүрлеуде. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесіндегі гуманитарлық талаптарды қайта қарап, оны жетілдіру керек. Бұл проблемаларды толық, кешенді шешу педагогтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, отбасы мен психологтардың өзара тығыз ынтымақтастықтағы жұмыстарының нәтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін  екенін естен шығармау керек. Бүгінгі жастардың білімге деген қызығушылығын ояту, оларды оқуға мәжбүрлеу, үйрету, бір қарағанда оңай болғанмен, қоғам алдында тұрған – ең қиын міндеттердің бірі. Әлемдік дүниетанымды, ұлттық құндылықтарды, ізгілік мұраттарды, рухани қажеттіліктерді білмей тұрып, толық білімді болудың мүмкін емесін жастар саналы түрде түсінуге тиіс.

Қазіргі жастардың қызмет өрісі, әлеуметтік ортасы ауысқан жағдайда, олардың жаңа ортағы бейімделуі алдыңғы ұрпаққа қарағанда, әлдеқайда күрделі және ұзақ уақытты талап етеді.  Бұл тарихи, әлеуметтік және психологиялық факторлар мен құбылыстар сияқты т.б. көптеген негіздерге сүйенеді. Қазіргі жас ұрпақтың бойында оқу мен қызметке деген тұрақты да жағымды мотивация қалыптастыру жай ғана мақсат емес, ол жоғары сынып оқушылары мен арнайы және жоғары оқу орындарының студенттеріне психологиялық қызметтерді ұйымдастыруды талап етеді. Ол өз кезегінде жастардың ересектер өміріне сапалы да уақтылы араласуына мүмкіндік беріп, өмірдің түрлі жағдайларына дайындайды, жастарға психоэмоционалды, интеллектуальды және физиологиялық ауыртпашылық-тарды лайықты жеңуге көмектеседі. Бұл процесті жүзеге асыруда жастардың қоғамдық ұйымдары, әлеуметтік қызметтердің өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер ерекше рөлге ие бола алады. Үлкендердің жастарды әрдайым назарда ұстап, оларға қамқорлық пен бағыт-бағдар беріп отыруы міндетті түрде қажет деп ойлаймыз. Біздің ойымызша, бұл бағытқа айрықша көңіл бөліп, жастармен жұмыс істеу тәсілдерін әрдайым жаңартып, жетілдіріп отыру керек.

Жеке тұлғаның мотивациялық жүйесі сол адамның ішкі жан-дүниесі мен сыртқы мінез-құлқын көрсететін, оның қоғамдағы орны мен мәдени-рухани деңгейін анықтайтын аса маңызды факторлардың бірі екені даусыз. Мотивация адамзат әрекетіндегі, сондай-ақ болашақ кәсіби маман дайындау процесіндегі негізгі қозғалтқыш күш болып табылады. Сондықтан, студенттердің оқу-кәсіби әрекетіндегі мотивтер туралы мәселе ерекше мәнге ие.

Мотивтер ықпал етуге болатын мобильдік жүйе. Тіпті студент болашақ мамандығын саналы түрде өзі таңдамаған күннің өзінде, мотивтердің тұрақты жүйесін мақсатты түрде қалыптастыру арқылы болашақ маманға өз кәсібіне бейімделіп, кәсіби жетілуіне көмектесуге болады. Болашақ мамандығын таңдау мен сол мамандығын меңгеру процесіндегі мотивтер жүйесін зерттеу – оқудың мотивтерін толықтыруға мүмкіндік беріп, студенттердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға ықпал етеді. Оқу процесінің тиімділігі болашақ мамандығын меңгерудің мотивациясының қаншалықты маңыздылығына тікелей байланысты.    

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

                  

1. Гурова Р.Г. Современная молодёжь: социальные ценности и нравственные ориентиры // Педагогика. –М., 2000. №10. с.32-38.

2. Маркова А.К. Психология профессионализма. М., 1996.

3. Якобсон П.М. Психологические проблемы мотивации поведения человека. М., 1969.