ӘӨЖ 811.512.122:378.096

                                                                      Фил,ғыл,кан.доц.  Б.М.Айтбаева

                                                                      Оқытушы        З.З.Ордабаева

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ        ДИДАКТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ         

          Қашықтықтан оқытудың тұжырымдамалық негізі ретінде біз, бір жағынан, оқытудың кез келген түріне тән, екінші жағынан, оқытудың осы түрінің өзіндік ерекшеліктерін анықтайтын қағидаттар жиынтығын түсінеміз.

         Арнаулы әдебиетте ҚО жүйесін құрастырудың мынадай жалпы қағидаттары көрсетіледі:

         1. Қашықтықтан оқыту жүйесіндегі білім беру үдерісін жобалау кезінде педагогикалық ұстаным басымдылығы қағидаты.

         Бұл қағидаттың мәні ҚО жүйесін жобалауды теориялық тұжырымдамаларды, жүзеге асыру жоспарланған құбылыстардың дидактикалық үлгілерін әзірлеуден бастау керектігінде жатыр.

         Компьютерлендірудің жинақталған тәжірибесі педагогикалық жағы басым болған жағдайда жүйе неғұрлым тиімдірек болатындығын, дегенмен техникалық қамтамасыз етудің де маңызы үлкен екендігін атап көрсетуге мүмкіндік береді.

         Өте жоғары технологиялық құралдың өзі де оқытудың ұйымдастыру жағдайларын жақсартуға бағытталған техникалық жабдық екенін естен шығармау керек. «Қашықтықтан оқыту» тіркесінде «оқыту» сөзі басымдыққа ие және оқыту үдерісі мен оның нәтижесіне қойылатын талаптар ҚО-ның мақсаттылығы мен тиімділігін анықтайды. Сондықтан, егер ҚО жүйесі оқытудың психологиясы, дидактикасы мен әдістемесінің  кез келген озық әрекеттеріне дер кезінде және дұрыс ілесіп отырмаса, компьютерлік бағдарламалар құру мен техникалық қамтамасыз етуге кеткен шығындардың молдығына қарамастан, мамандар дайындаудың сапасы жағынан ұтылады.

         Мысалы, оқытуға жеке-дара қарау қағидаты білім алушының тезірек үйрену немесе оқыту бағдарламаларының неғұрлым күрделі нұсқаларына көшу мүмкіндіктерін есепке алады. Білім алушыларды бөлу оқытудың нәтижесіне байланысты жүргізілді. Соңғы жылдары бұл қағидат қазіргі заманғы педагогиканың жеке тұлғаға бағытталған оқытуға бұрылғанына байланысты біраз өзгерістерге ұшырады. Жеке тұлғаға бағытталған оқытудың басты ерекшелігі білім алушыларды жіктеу бұл нәтижелерді төмендетуге немесе көтеруге әкелетін себептерге байланысты жүргізіледі (білім алушылардың жеке-дара ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерімен байланысты себептер туралы әңгіме болып отыр).

         Білім беру мекемелерінде психологиялық қызметтің енгізілуіне байланысты білім алушыларды күшті, әлсіз және орташаға сырттай бөлу мен оларға бекіту мен бақылау кезеңінде күрделілігі әртүрлі тапсырмалар беруден оқушылардың жеке-дара ерекшеліктерін нақты есепке алу және дамудың жеке-дара траекторияларын диагностикалық негізде құруға ауысу басталды. ҚО технологиялары ғана ЖОО-лар жүргізе алмайтын жеке-дара оқытуға мүмкіндік береді.

         Бұл ҚО-ның екінші қағидаты – оқыту мазмұны, түрі мен әдісі қозғалысының икемділігі мен қозғалмалылығы қағидатының жоғары маңыздылығын көрсетеді.

         2. Икемділік пен қозғалмалылық қағидаты осы жүйе бойынша білім алушыларға дәріс мен семинар сияқты күнделікті сабақтарға қатыспай-ақ, оның орнына өзіне ыңғайлы уақытта қолайлы орында жұмыс жасау мүмкіндігін анықтайды. Бұл өзінің орныққан өмірін өзгерткісі келмейтін немесе өндірістен қол үзіп оқитын білім алушылар үшін өте маңызды. Осы қағидатты жүзеге асырудың оқытушы үшін де (кез келген құрлық, кез келген жағдай және т.б.), білім алушы үшін де (кез келген орын, кез келген уақыт,  кез келген жас және т.б.) рөлі зор.

         ЖОО-ға ҚО бойынша оқуға түсу үшін студентке білімі мен жасы тұрғысынан еш шектеудің жоқтығы икемділіктің тағы бір көрінісі болып табылады. Оқытудың ұзақтығы да шектеусіз. Әркім пәнді игеру мен таңдалған курстар бойынша тиісті сынақ бірліктерін алу үшін қажетті уақыт оқи алады. Білім алушы қажетті білімді қысқа уақытта алуына немесе студенттің мүмкіндіктеріне байланысты белгілі уақытқа созуына болады.

         Білім алушыға бұл қағидат білім алу немесе дағдылар мен машықтарды игеруді жеке-дара траекториясын таңдауды, құруды және жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Дәстүрлі түрде оқу үдерісінің сапасы мен тиімділігі оқытушы оқу материалын оқу үдерісінің нақты жағдайларына қаншалықты икемджеуіне байланысты деп саналады. Оған оқу материалының сапасы, білім алушылардың танымдық мүмкіндігі және т.б. жатады.

         Икемділік қағидаты материалдарды құрастыру мен ұйымдастыруда, топтарды құруда, түрлі студенттердің білім\нәтижелеріне қойыдатын талаптардың деңгейінде көрінеді. Оқытудың икемділігі турасында ҚО орталықтарының қызметін ұйымдастырумен байланысты жиі сөз болады. Мұндай икемділікті осы орталықтарда дәстүрлі түрдегі де (кітаптар, кеңестер), жаңа коспьютерлік және коммуникациялық технологияларға негізделген қашықтан оқыту түріндегі де түрлі оқу материалдарының көптігі қамтамасыз етеді.  

         Бұл қағидаттын негізіне, көптеген авторлар көрсетіп жүргеніндей, оқытудың мобильдігі қағидаты жатады. Ол білім алушыға өзінің білім бағдарламасын қажетті бағытта түзетуге немесе толықтыруға мүмкіндік беретін ҚО үшін ақпараттық желілер, білім мен дереккөздердің базасы мен банкісін құрудан тұрады. Сонымен қатар білім алудың басқа бағыттарына ауысуға мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін ақпараттық инварианттық білімді сақтап қалу талап етіледі.

         Икемділік қағидаты ҚО-ны өткізудің барлық кезеңдерінде: курс бағдарламасының құрылымын әзірлеу кезінде, оқытудың түрлі әдістері мен құралдарын үйлестіру арқылы нақты оқу үдерісін қалыптастыру кезінде басшылыққа алынуы тиіс қағидат болып есептеледі. Білім беру мекемелері оқыту технологияларын әзірлеуге кеткен күштері мен қаржыларын үнемдеу мақсатында ЖОО қолданып отырған компьютерлік бағдарламаларға сәйкес әзірленген ескі технологиялар шеңберінде көбірек қалуға тырысады. Нәтижесінде бағалы жабдықтың білім беру үдерісін жетілдіру ісіндегі пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен, ал оның қызметі бұрынғы дәстүрлі ақпаратпен және бақылау құралдарымен  қамтамасыз етуді толықтырумен шектеледі.

         Оқушыларды әлеуметтік өзгерістерге бейімделіп қана емес, оларды игеруге үйретуге бағытталғандығы бұл қағидатты қазіргі заманғы экономикалық жағдайда неғұрлым өзекті етеді. Онда білім алушылардың білм алу жолындағы одан әрі қозғалыстарының жеке-дара мүмкіндіктері қағидаты немесе жекеге бағытталған ұстаным қағидаты да жатыр.

         Бұл қағидатты жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-педагогикалық мәселелері дәстүрлі оқыту саласында да аз қарастырылған, Ал ҚО саласында бұл мәселелер мүлде зерттелмеген. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар бұл қағидатты жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады деп күтілуде. Әңгіме студенттің оқу үдерісіне икемделуі туралы ғана емес, әзірлеушіге немесе оқытушыға оқу курсын құрастыру мен практикалық тұрғыдан іске асыруды жеңілдету туралы да болып отыр. Осы ретте ҚО жүйесіндегі курстарды ұсынудың әдістемелік аспектілерінен гөрі оқыту бағдарламаларын әзірлеу үшін компьютерлік орта құру мәселесі көбірек сөз болып келеді.

         Бұл қағидаттар білім беру бағдарлары ретінде ХХ ғ. 90-жылдары ЮНЕСКО бағдарламаларындағы жұмыс бағдарлары ретінде халықаралық тұрғыдан мойындалды.

         3. Жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік мақсаттылық қағидаты орындалатын әзірлемелер мен жаңалықтар сәнге еліктеу немесе алынған техникаға оқу үдерісін сәйкестендіруге айналып кетпеу үшін ҚО жүйесін жобалау мен құру кезіндегі әрбір қадамның тиімділігін педагогикалық бағалауды талап етеді. Бірінші орынға техниканы енгізуді емес, оқу курстары мен білім беру қызметін тиісінше мазмұндық тұрғыдан толтықтыруды қою керек.

         4. Қашықтықтан білім берудің таңдалған үлгілері мен түрлеріне оқыту технологиясының баламалылығы қағидатына сәйкес оқыту технологиялары ҚО үлгілеріне балама болуы тиіс. Оқытудың ұйымдасқан түрлері ретінде дәрістер, семинар және практикалық сабақтар, имитациялық және іскерлік ойындар, лабораториялық сабақтар, өзіндік жұмыс, өндірістік практика, курстық және дипломдық жұмыстар, білімді игеруді бақылау. ҚО жүйесін ұйымдастыру үрдісінде оқытудың дәстүрлі түрлерінде кездеспейтін үлгілер қолданылуы мүмкін, сондай-ақ қажетті уақытта оған енгізілетін ҚО-ның жаңа үлгілері пайда болуы мүмкін. Майтын. Мұндай жаңа үлгілердің қатарына нысандық бағытталған немесе жобалық-ақпараттық үлгілер жатады.

         5. Білім алушының білім мазмұнын таңдау еркіндігі қағидаты. Бұл қағидатты жүзеге асыру кезіндегі басты талаптардың бірі мынадай: ҚО жүйесінің оқу курстары мен пәндерінің мазмұны РФ Мемлекеттік білім стандарттарының нормативтік талаптарына сәйкес болуы тиіс.

         6. Интегративтік қағидаты. Құрылып және енгізіліп жатқан ақпараттық технологиялар кәсіби білім берудің дәстүрлі жүйесіне жат элемент емес, оған табиғи түрде біріктірілген жағдайда ҚО жүйесі тиісті әлеуметтік және экономикалық әсер береді.

         Бүгінгі күні білім беру жүйесі ҚО-ның қалыптасу және даму кезеңін бастан кешуде. Бұл құбылыстың ұғымы мен мазмұны әлі де тұрақталған жоқ, оны жүзеге асырудың әдістемелік нұсқалары әзірленген жоқ, ал оны ұйымдастырудың негізгі әдістемелік қағидаттарын қалыптастыру бұрын әзірленген технологияларды енгізу ісінен қалып келеді. Педагогикалық қызметтің осы саласындағы эмпирикалық таным әлі де қателшіктерге толы.

         Қазіргі заманғы білім беру үдерісі негізінде студент пен оқытушы арасындағы байланыс жатыр, оның үстіне «адам-адам» саласындағы бұл байланыстың қосымша дидактикалық қызметіне сәйкес маңызы үлкен. ҚО тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, тиімді байланыс өзіндік жеке болуы тиіс, бірақ бетпе-бет болуы міндетті емес. Дегенмен бұл саладағы мамандардың көпшілігі әділдікке, тиімділікке және нақтылыққа қол жеткізу үшін ҚО бойынша оқу материалдарына ҚО-ны қолдаудың ұйымдастырушылық жүйесі ілесе жүру керек деп санайды. Байланыстың электрондық құралдарының пайда болуымен бұл қажеттілік төмендеген жоқ, тек ҚО-ны ұйымдастырудың тәсілдері ғана біршама өзгерді.

         7. ҚО бағдарламаларының негізіне алынған қашықтықтан білім беруде оқу материалын блоктық-модульдік ұйымдастыру қағидаты. Модуль дегеніміз – оқу мазмұны мен оны меңгерудің технологиясы біріктірілген мақсатты қызметтік түйін. Модульдерді қалыптастырудың негізі ретінде пәннің жұмыс бағдарламасы алынады. Әрбір жеке модуль белгілі пәндік сала туралы тұтас ұғым береді. Бұл тәуелсіз курс-модульдер жиынтығынан жеке немесе топтық (мысалы, жеке фирманың персоналы үшін) сұраныстарға жауап беретін оқу бағдарламасын құруға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламаларын құру кезінде білім алушының алатын білімге қоятын талаптарын да, оқытудың мазмұны мен үдерісіне қойылатын жалпы талаптарды да қанағаттандыруға мүмкіндік беретін курс-модульдер таңдап алынады.

         Оқыту мазмұны меңгеруі мақсатқа сәйкес жүзеге асырылатын аяқталған жеке кешендер (ақпараттық блоктар) түрінде көрінеді. Дидактикалық мақсат білім алушы үшін қалыптасады және тек білім көлемін ғана емес, оны меңгерудің деңгейін де қамтиды. Модульдер оқытуды субъект-субъект негізіне ауыстыруға, жеке оқушылармен жұмысты жақсартуға, жеке көмекті мөлшерлеуге, оқытушы мен оқушы қатынасының түрлерін өзгертуге  мүмкіндік береді.

         ҚО-ны жүргізу мен әдістемелік қолдауды ұйымдастырудың негізгі қағидаттарына ҚО-ны жан-жақты бағалау талаптарына қойылатын материалдың ҚО-ға «берілуі», білім алушының білім алу үдерісіндегі белсенділігі және т.б. сияқты ережелерді жатқызуға болады.

         Бұл аталғандардың барлығы жиналып келіп қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар негізіндегі ҚО үдерісіне біртұтас әдістемелік ұстанымды қамтамасыз етеді.

         Олардың теориясына сәйкес оқу материалының логикалық тұрғыдан аяқталған бөлігін өз алдына тәуелсіз тақырып санап, сабақ бағдарламасына еркін қоса беруге болады.

         Танымдық қызметті басқару элементі енетін модуль және оның негізінде жасалған модульдік бағдарлама модульдік оқытудың өзегі болып саналады. Модульдік білім дидактикалық бірліктерді күшейту тұжырымдамасына бағындырылған. Әрбір модуль теориялық және практикалық материал мен қосымша оқу элементтері салынатын негізгі оқу элементтерінен құралады.

         Қосымша элементтер ретінде:

         - модульдің мақсаттарын сипаттауға арналған элемент (басында орналастырылады);

         - түйіндік-жинақтаушы элемент;

         - әрбір модульді игерудің нәтижелілігін тексеру үшін түрлі тапсырмалардан тұратын бақылаушы элемент.

         Негізгі оқу элементтері өзектілік, теориялық, тапсырмалық, бақылаушы және әдістемелік блоктардан тұрады. Соңғысы студенттің оқу-танымдық қызметін басқару тәсілдерін көрсетеді.

         Оқу үдерісін дәстүрлі блоктік-модульдік ұйымдастыру бірнеше кезеңдер арқылы жүзеге асырылады:

         - студенттердің дайындық деңгейін анықтау, білімдеріндегі жиналған жетіспеушіліктерді айқындау;

         - мазмұны модульдің ақпараттық бөлігін қамтитын таныстыру дәрісі;

         - модульмен одан әрі жұмыс жасау жөніндегі нұсқаулық, модуль аясында материалды игеру алгоритмі;

         - модуль бойынша өз бетімен жұмыс жасау үшін қажетті барлық материалды студентке ұсыну (әдістемелік қамтамасыз ету);

         - студенттің модуль материалымен өз бетімен жұмыс жасауы;

         - әрбір оқу элементін балл түріндегі рейтингіге сәйкес осы жұмыстың нәтижесін бағалау (студенттің өзі де жүргізуі мүмкін);

         - күрделенген ағымдық бақылау;

         - кемшіліктер мен қателіктерді жою үшін көмек көрсету;

         - қорытынды бақылау;

         - модуль тақырыбы бойынша білімді жинақтау және жүйелеу.

         Модуль тапсырмаларын орындау студенттің өз бетінше жұмысын ұйымдастыру және оқытушының кеңесі, сондай-ақ шағын топтар мен жұптармен жұмыс арқылы жүзеге асырылады. Жұмыстың осы барлық кезеңдерінде тығыз кері байланыс ұсталады және өзін-өзі бақылау үшін барлық материал беріледі.

         Модуль бір пән аясындағы материалды күрделендіру, модуль шеңберінде бірнеше пән материалдарын біріктіру және студенттің әрекетін қиындату қағидаттарына сүйенеді.

         8. Коммуникативтік интербелсенділік қағидаты. Кең мағынада интербелсенділік ретінде кез келген субъектілердің әрекеттестігі және қолжетімді құралдар мен әдістерді қолдану түсініледі. Бұл кезде екі тараптың да диалогке белсенді қатысуы ұғынылады: сұрақ-жауап алмасу, диалог барысын басқару, қыбалданған шешімдердің орындалуын бақылау және т.б. Миллиондаған адамның бір-бірімен қарым-қатынасы үшін арналған телекоммуникациялық орта табиғатынан интербелсенді орта болып саналады. ҚО кезінде, ең алдымен, оқытушылар мен студенттер әрекеттеседі, ал бұл әрекеттестік электрондық пошта, телеконференциялар, шынайы уақыт тәртібіндегі диалог және т.б. сияқты түрлі телекоммуникациялық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Электрондық оқулықтар, желі бойынша ақпарат іздеу жүйесі және т.б. сияқты ҚО құралдары ретінде қолданылатын желілік ақпараттық қорлар да интербелсенділіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Интербелсенділік оқыту үдерісінің тұғырнамалық сипаттамаларының бірі - өзара әсерді бейнелейді. Ол коммуникациялық технологиялардың өзінің бағасы ретінде де, оқыту бағдарламаларының сапасы мен тиімділігінің өлшемдері ретінде де қарастырылады. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар (гипертехнологиялар, қолдан жасалған интеллект, мультимедиа, тақырыптық жүйелер және т.б.) негізінде оқытудың жаңа әдістерін дамыту интербелсенділік қағидатының жаңа формада жүзеге асырылуын көрсетеді.

9. Жеделдік қағидаты. Оқытудың жеделдігі және белсенділігінің стратегиялық бағыты ретінде А.А.Вербицкий «берілетін ақпараттың көлемін көбейту, оны сығымдау немесе оқылу үдерістерін жылдамдатуды емес, білімді игерудің дидактикалық және психологиялық жағдайларын жасауды, оған оқушының тек интеллектуалды деңгейде ғана емес, тұлғалық және әлеуметтік белсенділік тұрғыдан енуін» айтады, «бұл қосымша міндеттерді де шешуге мүмкіндік береді».

 

                                           

 

                                     Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Құрман Н.Ж. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері.-А.2008

2.     Қадашева Қ.Қ. Қазақ тілі:оқытудың тиімді әдістемелері.-А.2000