Жүнісова М.Қ., к.ф.н., доцент                   Е.А.Бөкетов атындағы  Қарағанды  мемлекеттік университеті

                                                      ( Қазақстан)

Бастапқы және соңғы сөйлемдердегі мақал-мәтелдердің қолданысы

Мақал-мәтелдерді зерттеушілердің: «Халық даналығының айнасы, оның тіл байлығының алтын қазынасы», – деп сипаттап, «олардың көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді» [1, 94 б.]; «Келелі ой мен кең мазмұн, даналық қорытынды мен ақыл-өсиет, ащы мысқыл мен жарасымды әзіл – осының бәрін өз бойына жинаған және оларды әрі ықшам, әрі көркем түрде шебер түйіндеген сан алуан мақал-мәтелдерді орынды жерінде пайдалана білудің орасан зор маңызы бар» [2, 179 б.], – деп атап көрсететінін айта отырып, сөйлемдерімізде осындай ғибратты пайымдаулармен басталған тұстары жиі кездеседі. Бұның себебі, ел тарихымен бірге жасасып келе жатқан сөзі қысқа, ғибраты нұсқа мақал-мәтелдердің көркем сөзқолданыс жүйесіндегі қадір-қасиетінің тым ерекше екендігі. Мұндай құрылымдар, назарға бірден шалынумен қатар, қаламгердің жарыққа шығармақ ойын нақты да, дәл бейнелеуге айырықша қызмет етеді:

Бастапқы сөйлемде жұмсалған мақал-мәтелдер сөйлем семантикасының әсерлілігін күшейтіп, кейінгі мәтінде айтылатын жайттың маңызынан, оқиғаның мазмұнынан жалпы хабар беріп тұрады: 1. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген рас (Ә.Тарази.Сарманқұл). 2. «Ойыннан от шығады» деген ып-рас сөз екен (О.Сәрсенбаев.Құрдастардың әзілі). 3. «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда – қазан» дегендей, осы күні жаңармаған, өзгермеген нәрсе жоқ (Б.Аманшин. Тост). 4. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді бала күнімізден естігенбіз (Қ.Ысқақ. Бөде). 5. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, үй ішіндегі елеулі мәселенің бәрін әжемізбен ақылдасып қана шешуді жұбайым Жібек екеуіміз әуелден әдетке айналдырдық (Б.Азнабай. Құла бие).

Келтірілгендер – баяндалатын оқиға, іс-қимылдың жалпы мазмұнын алдын ала аңғарта алатын ретте, яғни өздерінің функционалдық қызметіне сай құрылған сөйлемдер. Сондықтан қаламгерлер бұлардың құрамына осы міндетіне лайықты келетін, аз сөзді, терең мағыналы әрі модальдық реңі де келісті келетін мақал-мәтелдерді таңдап пайдаланған. Мысалы, бірінші сөйлемдегі мәтел Сарманқұл деген азаматты кезінде дұрыс бағалай алмағандықтың өкінішін, екіншісіндегі «ойыннан от шығады» мәтелі «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген мақалды ескермей, парықсыз әзіл-қалжыңның салдарынан болған жамандықты дәл бейнелеуге арналып тұр.

Осылар сияқты, кейінгі мысалдардағы мақал-мәтелдердің де шығарма тақырыбына сай таңдалғаны, біздіңше, талас тудырмайды.

Бұл мақал-мәтелдердің мағыналарына ой жіберсек, шығармалардың әрқайсысының жалпы мазмұнының не жайында екенінен мағлұмат беретінін топшылауға болады. Демек, бұлар бір жағынан, сөйлем семантикасының әсерлілігін күшейтсе, екінші жағынан, оқырманға эстетикалық, рухани  тұшыным сыйлағандай ретте тұр.

Соңғы сөйлемдердегі мақал-мәтелдер мәтін мазмұнының түйіні, сентенциясы ретінде келеді: 1. «Жоқ болсаң, бере алмайды», бар болсаң, көре алмайды»  дейтін ағайын осындай болады екен ғой, – деп ауыр күрсінді Қайсар (Қ.Әбіл. Ағайын). 2. Қарасайдың Олжасы «Жақсыны көрмек үшін» деген, көрді. «Шіркін, мына шебердің өнерін ұрпақтар үйреніп, өрістете берсе, талай таң қаларлық бұйым істеп шығарар еді. «Өнерлі кісіге өлім жоқ» деген осы екен ғой», – деді (С.Бегалин. Шын шебер аспап талғамайды). 3. «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі ғой, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі ғой» деп халық тегін айтты дейсің бе! (Б.Соқпақбаев. Шал мен бала). 4. –Баптаушысы бабын тауып, басына мінген баласы келіссе, байтал да бәйге алады, – дейтін болды жұрт (З.Ақышев. Ат шабыс).

Бірінші сөйлемдегі мақал кейбір ағайын-туыс адамдар арасында әлдеқалай байқалып қалатын келеңсіздікке байланысты қолданылып тұр. Кейіпкерге туыс қымбат, бірақ оның адамгершілікке жат мінез көрсетуі жанына қатты батады, қынжылтады, сондықтан да ол ауыр күрсінеді. Сөйтіп, автор оқиға шындығын өмір шындығынан қорытылған мақалды кейіпкерге ішкі монолог түрінде айтқызумен сипаттап отыр.

Төртінші мысалдағы мақал – автор жаңалығы. Бұнда бұрынғы: «Байтал шауып бәйге алмас» мәтеліне адамның өмір тәжірибесі негізінде түзету жасалған. Мақал «Ат жарыс» тақырыбына жазылған әңгімені аяқтап тұрған  сөйлемнің құрамына құрылымдық-семантикалық сонылығымен, стильдік лайықты қолданылысымен сәтті енгізілген.

Айта кетейік, сөздікте үшінші мысалдағы сөйлемнің баяндауыштары құрамында бұрын дүр шылауының («жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі дүр») қолданылғаны айтылады. Бұлардың бойында да тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіндері тұжырымдалып, олар ойды қысқа да бейнелі, мағыналы да көркем жеткізу қызметін атқарып тұр. Ойымызды тұжырымдай келе, әңгіме соңындағы бұл афоризмдерді де тиімді, ұтымды, жұмсалған дей отырып, «...лайықты пайданылған мақал-мәтел арқылы берілген информацияның адресатқа, оқырманға әсерлі жетуі, сайып келгенде, оны ойландырып, оның көңілінде түрлі ассоциациялар туғызуы, оның рухани деңгейін көтеріп, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосады», [3, 3 б.] – деген зерттеуші пайымдауын осындай тұстарға арналғандай көреміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Пірәлиева Г. Ішкі монологтің кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі: филол. ғ. канд. ... дисс. – Алматы, 1996. – 151 б.

2. Балақаев М, Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. – Алматы: Зият Пресс, 2006. – 139 б.

3. Шалабаев Б. Көркем проза тілі. – Алматы: Білім, 1994. – 125 б.         С.