А.Кайпбаева

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ

Тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к.,

Шешендік сөздердегі фразеологизмдер-этномәдени  мазмұнды  сақтау көздері

     Тіл – жанды процесс. Ол үнемі қозғалыста болады. Фразеологизмдердің барлығы да өз басынан даму кезеңін өткізген. Кез келген тұрақты  сөз тіркесі осы өмірге келгеннен бері мағына жағынан да, форма жағынан да ұштанған, қырланған.

         Ә.Т.Қайдардың пайымдауынша, тұрақты тіркестер – тілдің мазмұндық жағынан ғасырлар бойы дамуының нәтижесі, сол себепті олар адам баласын қоршаған ортаның небір күрделі тұстары жайлы деректі бейнелі, ұғынықты, әсерлі, ықшам түрде жеткізе алу қабілетіне ие [1-25].Тұрақты тіркестердің пайда болуы мен қалыптасуының арасында халықтың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі, көрген-білгені, көңілге тоқығаны мен белгілі тарихи оқиғалар, наным-сенімдер, әртүрлі жағдаяттар жатады. Адам баласы дүниетаным көкжиегінің көлеміне қарай өзі таныған зат, құбылыс атауларын салыстыра, ұқсастыра, теңеп-таразылау арқылы бейнелі атау жасайды (ит арқасы қиянда, түйе үстінен сирақ үйту, көзді ашып жұмғанша т.б.), ал тарихи оқиғалар, жағдаяттар сол оқиға атауымен бейнелі мағынада (Күлтөбенің басында күнде жиын т.б.) сақталады.

     Ғылымда кейбір фразеологизмдер кенеттен, өз - өзінен пайда болған деген тұжырымдар, болжамдар бар. Оны адам миындағы кейбір психикалық құбылыстармен байланыстырады. Бұл – фразеологизмдерге тән құбылыс.

     - Әй, Атақозы! Ойда қалмақтың, қырда қазақтың малын қоймасаң да алғаның бойыңа жұқпаған екен – ау! – дейді.

 Әдеттегі «ас сіңбеді» мағынасын беретін «бойға жұқпау» фразеологизмі [2, 527б] тоғышардың байыған үстіне баюды көздеген пиғылын әшкерелейді. Грамматикалық тұлғасына келсек, есімше формалы етістікке е көмекші етістігін тағы да есімше формасында (е - кен) беріп, ау демеулік шылауы арқылы эмоциялық бояу үстеп,жаманнан жирендіріп,жақсыға бағыттап тұрғаны аян.

       Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, Мен арық болмай, кім арық болады?- депті. Халықтық қолданыстағы «түн ұйқысын төрт бөлу» [2, 527б] фразеологизмінен ананың туған баласы үшін түн ұйқысын сан рет бұзатынын түсінеміз. Автор бұл фразеологизмнің мағынасын сақтап, «тоғыз» бен  «тоқсан» сан есімдері арқылы экспрессивті мәнін күшейтіп,ананың теңдеусіз ұлы қасиеті арқылы ұлттық құндылықтарды түсіндіретіндей. Көсемше формасындағы «оянып», бірінші жақтағы «толғанамын» деп, «тоғыз» бен  «тоқсан» сан есімдері арқылы экспрессивтік мәнін күшейтіп тұр. Көсемше формасындағы «оянып», бірінші жақтағы «толғанамын» етістіктері де фразеологизмге қосымша мән үстеген. «Тоғыз ойланып, тоқсан толғануды» авторлық окказионалды қолданысқа жатқызсақ қателеспейміз.

         Түзге шықсам батырмын, Үйге келсем қатынмын. Қатын ауру, бала жас, Тары түйіп жатырмын. Менің атым Мұнасып, жүрем десең, жол ашық...Фразеологизмдер басқа шығармалар түріне қарағанда шешендік сөз үлгілерінде аса өнімді жұмсалады. «Түзге шығу» фразеологизмін «сыртқа шығу», «далаға шығу», «ел аралау» деп ұғуға болады[2, 525б].Автор шартты райдың жұрнағын  (са) бірінші жақтағы жіктік жалғауын қосу арқылы өз жайын баяндап қана қоймай, кедейлікті, шарасыздықты, әр қилы сезім астарын түрлі эмоциямен білдіру арқылы оқырманның жан дүниесіне әсерін тигізе отырып жаңғырта  жұмсаған.

      Нар түйенің белгісі – Қабырғасын сөгіп қазы алса, Бақырмайды деп еді. Нағыз туған асыл ер Қасірет – қайғы тартса да, «Ах!» - ұрмайды деп еді. Әдетте,  фразеологизмдердің тұлғалық, құрамдық және ішкі орын тәртібінің тұрақтылығын оларға тән жалпы заңдылық деп көрсетеміз, бірақ бұл қатып қалған құбылыс емес, белгілі бір шарттылыққа бағынатын заңдылық. Халықтық қолданыстағы «аh ұрды» фразеологизмі «өкінді, қатты опық жеді» деген мағынада қолданылады [2, 72б.]. Бұл жерде «аh ұрмайды» деп алып, - ма жұрнағын қосу арқылы болымсыздық мағына беріп, эмоциялық реңк үстеп тұр.

      Қара жерді жамандама, Кіретұғын көріңді. Қауымжұртты жамандама, Көп табады мініңді. Білгендерді жамандама, Басшы болған піріңді. Бұны да авторлық окказионалды қолданысқа жатқызсақ қателеспейміз. Халықтық қолданыстағы «көпке топырақ шашпа» деген тіркес «көпшілікті айыптама» мағынасын білдіреді [2, 282б.]. Бұл тіркестің мағынасын «қауым жұртты жамандама» деген жолдардан ұғамыз. Мүлдем басқа сөздерді жаймалап қолдану арқылы автор жоғарыда көрсетілген мақалдың мәнінде жақсылыққа үгіттеп тұр.

           Қатынды теппе аяқпен, Баланы ұрма таяқпен. Қатынды тепсен – сағы сынар, Баланы ұрсаң – бағы сынар. Қатын ашынса – қатты айтар, Бала ашуланса бетің қайтар. «Сағы сынды» - беті қайтты, мойып қалды [2, 447б.], «беті қайтты» - көңілі қалды, тауы шағылды, қарқыны басылды [2, 117б.] деген мағыналарда қолданылады. Автор осы шумақтағы ұйқасын тауып тұрған  «сағы сынар», «бетің қайтар» фразеологиялық тіркестерін  - ар есімшелі жұрнақтарымен керегіне жаратқан.

    Қайтып кірер есігіңді қатты серпіп жаппағайсың, Қайтып көрер досыңа қайрылмастай сөз айтпағайсың. Автор халықтық қолданыстағы «қайтып кірер есігіңді қатты жаппа» мақалына «серпіп» сөзін енгізген. Басқаша айтқанда, дистакт – сынамалап сөз ендіріп, жаңа сөз қосу арқылы фразеологиялық тіркесті өз керегіне жаратқан.

      Жаман адам мақтанса, Жақсыны жағасынан алдым дер. «Жағадан алды» «қылғындырды, кеңірдектен алды» деген мағынада жұмсалды[2, 173б.]. Автор халықтық қолданыстағы «жағадан алды» фразеологизміне сынамалап (жақсыны) сөз ендіріп, көмекші етістігін (дер) қосып, оқырманға тигізер әсерін күшейтіп тұр.

       Өз ағасын тағалап, Кісі ағасын жағалап... Халықтық қолданыстағы  «өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалайды» деген мақалды көсемше формалы (тағалап, жағалап) етістіктері арқылы поэтикалы өлең үлгісіне түсіреді.

       Ей, есі кеткен есер қойшы! Менің шешемнің шешесі Бұл жігіттің қайын енесі, Сонда біздер несі? Әкесі мен баласын шатыстыра әзілдеген аңқау қойшы ұялып қалады. Ал осы мысалдағы «есі кеткен» фразеологизміне тоқталсақ «ақылы аз, алаңғасар» дегенді білдіреді. Грамматикалық тұрғысынан қарастырсақ есімше тұлғасындағы (кет-кен) етістіктен жасалған.

        Бұл дүниеде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді. Халықтық қолданыстағы «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» фразеологизмінің формасына да, мағынасына да еш өзгеріс енгізілмей         жұмсалған.

        Тыңдаушысыз сөз жетім, Жоқтаушысыз қыз жетім. Бұл да халықтық қолданыстағы формасы мен мағынасын сақтап қолданылған.

       Көшерімді жел білді, қонарымды сай білді, соны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақсың ба? – деп қаңбақ атынан ханға айтылатын
Жиреншенің тұспалдауында халықтық қолданыстағы «ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі» деген мақалдың басында билігі жоқтың шарасыздығын ұқтыратыны анық болса да, бұл сөйлем сұрау түрінде келіп, сұраушыға салмақ салып тұрғаны байқалады. Грамматикалық тұрғыдан қарасақ,етістіктері ауыстырылып, етістіктері әуелі тәуелденіп (көшерім, қонарым), онан кейін табыс септігінің жалғауын қабылдап, «біледі» етістігінің қайталануынан мағына аясы кеңейіп тұр.

        Қазақ  халқы да қазіргі заман әуеніне үйлесе өмір сүреді,алайда ғасырлар бойына жасалып қалыптасқан өрнекті,гауһар тастай ғажайып ой маржандары, тұрақты сөз тіркестері арқылы жеткен дәстүрлі мәдениет іздері ескірмейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                 Қайдар Ә.Т.Қазақ тілінің өзекті мәселелері.

Алматы: Ана тілі. 1998. 314б.

2.                 Кеңесбаев І.К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1977, 712б.