фил, ғыл,кан. Жүнісова М.К.

                                             Қазақстан. Е.А. Бөкетов атындағы

                                                  Қарағанды мемлекеттік университеті.

 

                Қазақ әңгімелеріндегі лексикалық қолданыстар

 

Көркем сөз шеберлері өзіне керекті материалды халық өмірінен, халық тілінен алып пайдаланатындықтан, онда жалпыға ортақ біртұтас әдеби тілмен қатар диалектизмдер сияқты сөйлеу тілінің элементтері [1, 8 б.] де әңгіменің бастапқы және соңғы сөйлемдерінде кездеседі. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, орнымен қолданған жағдайда байтақ Қазақстанның кейбір өлкелері тұрғындарына ғана түсінікті жекелеген жергілікті сөздердің де өзіне лайық қызмет атқаратыны даусыз [2, 212 б.]. Академик Р. Сыздық: «Жазушы ұтымды сөз іздейді, образ іздейді. Нормадан ауытқыған элементтер тың, әсерлі болып көрінеді, ал жергілікті (астын сызған біз, – Ж.М.), көне, сирек, кейбір жасанды, кірме сөздер осы қатардан саналады», – деп [3, 87 б.] орынды, мақсатты пайдаланылған диалектизмдердің ұтымды сөзқолданысты мәтіндерде елеулі стильдік қызмет атқаратынын айтады. Мұндайда көркем сөз шеберлері «бейтаныстау соны сөздерден тың айшық, өзгеше орам» жасап, диалектизмдерді сөйлем мағынасына орай мәнмәтіндегі басқа сөздермен ұтымды жарастырып, көркемдік мақсатта пайдаланады: 1. Қас қылғандай биылғы күз аласат (М.Қ.,Е.қ.). 2. Наурыз айының алғашқы күндері. Жерде әлі алағат қар бар (Ж.Р.,Б.к.). 3. Кермалдасқан кер заман-ай! (Н.Қ.,Д.). 4. Совхоздың бас бухгалтері баласын үйлендіріп, кешелі-бері бұл ауыл той дүрмегімен қапылудатын (Б.Ш.,С.с.).

Асты сызылғандар – «стильдік статусы бар» диалектизмдер, белгілі бір авторлық мақсатта және басқа сөздермен үйлесе, жымдаса қолданылып, диалектілік мағынасы мәнмәтін арқылы білінбей де тұр. Сөздік бұларды былай түсіндіреді:

1. Аласат – диалект. Ойран, бүлік. (І т., 100).

2. Алағат – сын., диалект. Бір тегіс емес, ала-құла. (І т.,184).

3. Кермалдас – ет., диалект. Сөз таластыру, ерегісу, шекісіп қалу, керілдесу (ІҮ т.,635).

4. Қапылу – ет., диалект. Әбігерге түсу, асып-сасу (ҮІт.,32).

Бұлар әдеби нұсқалары бар сөздер болғанмен, жалпының қолдануына түспеген тың элементтік сипатына сай, жұмсалған сөйлемдеріне елеулі экспрессивті реңк беріп тұр.

Қолданыста сирек ұшырасатын «тың элементтігіне» қоса бұлардың мағыналық та, тұлғалық та ерекшеліктеріне қарай, мәнмәтіндерде лайықты қызмет атқара алатын лексемалар екені айқын аңғарылады. Бірақ, бұлардың соңғы сөйлемдерде жұмсалуы сирек ұшырасты: 1.Салт аттылар  қалың қарағайдың  етегін қырпулай жүріп бара жатты (Т.М.,А.). 2. Бәйге боздың ұйысқан жалы тізесін қағады. Үстіндегі науша бағбан мынау тұмсығымен жер иіскеп тырбанып жатқан жаяу тіршілікке қыр көрсеткендей бірте-бірте сағымға сіңіп жоғалған (Д.Д.,Ө.). 3. Шойқара, бас механик айтқандай, үлкен бір өмірлік мәселені дәнекерлеп тастағандай өзінің үйреншікті ортасына, сүйікті бұрауына қара жердің топырағын нән керзі етігімен аямай жаныштап, қойқаңдап тартып келеді (Б.Қ.,К.а.).

Сөздік бұлардағы қырпулай-ды «жиектеп, жағалап», ал науша-ны «ұзын бойлы, ашаң», нән-ді «үлкен, дәу, қомақты» деген мағыналарға ие сөздер деп түсіндіреді.

Белгілі қаламгер Ә. Кекілбаевтің «Бәйгеторы» әңгімесі былай басталады: «Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды».

Жазушының бұл анималды әңгімесінің негізгі қаһарманы жануар болғанмен, шығарма астарында адами мәселе тұр. Адам санасындағы тоғышарлықты батыл әшкерелеп тұрған туындының бастапқы сөйлемінде сүңкі сөзі диалектологиялық сөздікте түрі, кейпі деген мағынаны білдіреді деп берілген. Әрине, бұлармен салыстырғанда сүңкі сөзінің сөйлемдегі стильдік бояуы олардан әлдеқайда басым.

Кез келген көркем туынды – қаламгер идеясының жемісі. Осы идеялық мақсаттан туған көркем шығарманың адамға эмоционалды әсер етуі, жанын толқытып, көңілін баурап, рухани нәр беруі қаламгердің тіл байлығына, талап-талғамына, таланты мен дарынына, үздіксіз ізденімпаздығына т.б. байланысты. Сондықтан да көркем сөз шеберлері көрікті сөздерді айтар ойға, мазмұнға сай іріктеп, сұрыптап таңдап алады. Сонда ғана тіл шеберлері, «әрқашан пішін жағынан өнер тауып, мазмұн жағынан жаңалық аша алады».

«Фразеологизмдер – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі, өзінің көнелігі жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стильдік қызметі жағынан да бұларға тән ерекшеліктер бар» [4, 202 б.].

БС-лардағы фразеологизмдер сөйлемді мәнерлі ететін айшықты сөз ретінде қолданылумен қатар, ойды ықшам жеткізудің де құралы ретінде орынды жұмсалады:1.Жұрттың сендей баласы аспандағыны арбап, жердегіні жалмап жұлынып тұрады (Ш.М.,А.). 2. Дастарқан басындағы қонақтардың көтеріңкі көңіл ауаны жайыла бастады (К.А.,Ш.). 3. Қыран көзі бұларды анадайдан шалып қалып, Майра қолын бұлғады (С.А.,С.). 4. Бозайдар бұл ауылдан ірге ажыратқалы бері қырық жылға таяу уақыт өткен екен. (М.С.,С.).

 Қарастырған сөйлемдер жүйесінде жалпыға жақсы таныс «Мұртын балта шаппайды», «Қой аузынан шөп алмас» сияқты идиомалар мен көрер таңды көзімен атыру, аяқ астынан, табаны күректей т.т. тәрізді фразалық тіркестермен бірге, мына келтірілгендердей окказионалды не қандайда бір өзгерістерге түсіп (трансформацияланып) қолданылған тұрақты тіркестердің орын алуы, әрине, жарасымды.

Айталық, бірінші мысал – автор қаламынан туған окказионалды түзілім және ассонанс пен аллитерацияға (а-а, ж-ж) әрі ұйқасқа (арбап-жалмап) құрылған экспрессивті тіркестер, сонымен бірге әсірелеу (гипербола), метонимия түріндегі (аспан – Тәңірдің мекені, демек, аспанды арбауАлланы алдау; жер – байлық көзі, демек, жерді жалмау – «бар байлықтың қожасы тек бір өзі ғана бола қалу» деген мағынадағы бейнелі қолданылыстар. Бұлар адам жан дүниесіне күшті әсер ететін мазмұнда түзіліп тұр.

Өзге сөйлемдердегі «іргені аулақ сал, көтеріңкі көңіл ауаны, көзі шалып қалу» фразалық тіркестері де контекске лайықты жұмсалып тұр. Сөйтіп, бұл фразеологизмдерді сөйлемдегі ойдың оқырманға жатық та әсерлі қабылдануында тиімді стилистикалық қызмет атқарып тұр дейміз. Фразеологизмдердің СС-лардағы қолданысы: 1.Тып-тыныш жатқан ел азан-қазан болды (Д.И.,С.з.). 2. Отырған жұрт: «Бұндай да жауыздық болады екен-ау!» дегендей, жағаларын ұстады (Д.Р., А.о.). 3. «Қап, әттеген-ай! Оғы жоқ көсеуден қорқып қолға түсіппін-ау!» – дегенді ойлағанда, Молықбай өкініштен өртеніп кете жаздады. Іші удай ашыды (С.Б.,Ғ.).

Мазмұнынан да аңғарылып тұрғандай, бұл мысалдың үшеуі де оқиғалары сәтсіз аяқталатын әңгімелерден келтірілді. Сол сипаттарына лайық бұлар азан-қазан болу, жағаларын ұстау, өкініштен өртену, іші удай ашу сияқты жағымсыз мәнді тұрақты тіркесті сөйлемдермен түйінделіп тұр.

Қорытындылай келгенде, бұл тұстағы жасаған талдауларымыздан образдылықты күшейту ыңғайында әрі айтар ойды сөзбұйдаға салмай, мәнді де мәнерлі, қысқа оралыммен, яғни фразеологизммен, қайырудың маңызы зор, әрі мәтін синтаксисінің әсерлі түзілімінде атқарар функциясы ерекше.

Мақал-мәтелдерді зерттеушілердің: «Халық даналығының айнасы, оның тіл байлығының алтын қазынасы», – деп сипаттап, «олардың көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді» [5, 94 б.]; «Келелі ой мен кең мазмұн, даналық қорытынды мен ақыл-өсиет, ащы мысқыл мен жарасымды әзіл – осының бәрін өз бойына жинаған және оларды әрі ықшам, әрі көркем түрде шебер түйіндеген сан алуан мақал-мәтелдерді орынды жерінде пайдалана білудің орасан зор маңызы бар» [6, 179 б.], – деп атап көрсететінін айта отырып, сөйлемдерімізде осындай ғибратты пайымдаулармен басталған тұстардың да кездесуі аса сирек емес екені байқалды. Бұның себебі, ел тарихымен бірге жасасып келе жатқан терең ойдың құймасы тәрізді сөзі қысқа, ғибраты нұсқа мақал-мәтелдердің көркем сөзқолданыс жүйесіндегі қадір-қасиетінің тым ерекше екендігі. Талай ғасырлық ақыл-ойдың қазанында қайнап қорытылған мұндай құрылымдар, назарға бірден шалынумен қатар, қаламгердің жарыққа шығармақ ойын нақты да, дәл бейнелеуге айрықша қызмет етеді:

1. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген рас (Ә.Т.,С.). 2. «Ойыннан от шығады» деген ып-рас сөз екен (О.С.,Қ.ә.). 3. «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда – қазан» дегендей, осы күні жаңармаған, өзгермеген нәрсе жоқ  (Б.А.,Т.). 4. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді бала күнімізден естігенбіз (Қ.Ы.,Б). 5. «Келісіп пішкен тон келте болмас»  дегендей, үй ішіндегі елеулі мәселенің бәрін әжемізбен ақылдасып қана шешуді жұбайым Жібек екеуіміз әуелден әдетке айналдырдық (Б.А., Қ.б.).

Келтірілгендер – баяндалатын оқиға, іс-қимылдың жалпы мазмұнын алдын ала аңғарта алатын ретте, яғни өздерінің функционалдық қызметіне сай құрылған сөйлемдер. Сондықтан қаламгерлер бұлардың құрамына осы міндетіне лайықты келетін, аз сөзді, терең мағыналы әрі модальдық реңі де келісті келетін мақал-мәтелдерді таңдап пайдаланған. Мысалы, бірінші сөйлемдегі мәтел Сарманқұл деген азаматты кезінде дұрыс бағалай алмағандықтың өкінішін, екіншісіндегі «ойыннан от шығады» мәтелі «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген мақалды ескермей, парықсыз әзіл-қалжыңның салдарынан болған жамандықты дәл бейнелеуге арналып тұр.

Осылар сияқты, кейінгі мысалдардағы мақал-мәтелдердің де шығарма тақырыбына сай таңдалғаны, біздіңше, талас тудырмайтын ретте.

Бұл мақал-мәтелдердің мағыналарына ой жіберсек, шығармалардың әрқайсысының жалпы мазмұнының не жайында екенінен мағлұмат беретінін топшылауға болады. Демек, бұлар бір жағынан, сөйлем семантикасының әсерлілігін күшейтсе, екінші жағынан, оқырманға эстетикалық, рухани  тұшыным сыйлағандай ретте тұр.

Енді соңғы сөйлемдегі мақал-мәтелдердің қолданылысына мысалдар: 1. «Жоқ болсаң, бере алмайды», бар болсаң, көре алмайды»  дейтін ағайын осындай болады екен ғой, – деп ауыр күрсінді Қайсар (Қ.Ә. А.). 2. Қарасайдың Олжасы «Жақсыны көрмек үшін» деген, көрді. «Шіркін, мына шебердің өнерін ұрпақтар үйреніп, өрістете берсе, талай таң қаларлық бұйым істеп шығарар еді. «Өнерлі кісіге өлім жоқ» деген осы екен ғой», – деді (С.Б.,Ш.ш.а.т.). 3. «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі ғой, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі ғой» деп халық тегін айтты дейсің бе! (Б.С.,Ш.м.б.).

4. – Баптаушысы бабын тауып, басына мінген баласы келіссе, байтал да бәйге алады, – дейтін болды жұрт (З.А.,А.ш.).

Бірінші сөйлемдегі мақал кейбір ағайын-туыс адамдар арасында әлдеқалай байқалып қалатын келеңсіздікке байланысты қолданылып тұр. Кейіпкерге туыс қымбат, бірақ оның адамгершілікке жат мінез көрсетуі жанына қатты батады, қынжылтады, сондықтан да ол ауыр күрсінеді. Сөйтіп, автор оқиға шындығын өмір шындығынан қорытылған мақалды кейіпкерге ішкі монолог түрінде айтқызумен сипаттап отыр.

Төртінші мысалдағы мақал – автор жаңалығы. Бұнда бұрынғы: «Байтал шауып бәйге алмас» мәтеліне адамның өмір тәжірибесі негізінде түзету жасалған. Мақал «Ат жарыс» тақырыбына жазылған әңгімені аяқтап тұрған  сөйлемнің құрамына құрылымдық-семантикалық сонылығымен, стильдік лайықты қолданылысымен сәтті енгізілген.

Айта кетейік, сөздікте үшінші мысалдағы сөйлемнің баяндауыштары құрамында бұрын дүр шылауының («жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі дүр») қолданылғаны айтылады. Бұлардың бойында да тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіндері тұжырымдалып, олар ойды қысқа да бейнелі, мағыналы да көркем жеткізу қызметін атқарып тұр. Ойымызды тұжырымдай келе, әңгіме соңындағы бұл афоризмдерді де тиімді, ұтымды, жұмсалған дей отырып, «...лайықты пайданылған мақал-мәтел арқылы берілген информацияның адресатқа, оқырманға әсерлі жетуі, сайып келгенде, оны ойландырып, оның көңілінде түрлі ассоциациялар туғызуы, оның рухани деңгейін көтеріп, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосады», [7, 3 б.] – деген зерттеуші пайымдауын осындай тұстарға арналғандай көреміз.

 

                           

                            

                      Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қадырова Б. 1960-80 жылдардағы қазақ әңгімелерінің тілі: фил. ғылым. канд. диссерт. авторефераты. – Астана, 2005. – 29 б.        

2. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1983. – 456 б.

3. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1995. – 224 б.

4. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1987. – 352 б.

5. Балақаев М, Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. – Алматы: Зият Пресс, 2006. – 139 б.

6         .  Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 2003. – 496 б.

7. Кенжемұратова С. Мақал-мәтелдердің  синтаксисі: фил. ғылым. канд. диссерт. авторефераты. – Астана, 2002. – 29 б.